28 Қаңтар, 2015

Туғанбайдың  түріктері

573 рет
көрсетілді
47 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДА АНК 2015Қиын кезеңде – соғыс жылдарында жер аударылып келіп, ауыл адамдарымен бірге ауыртпалықтарды еңсеруге жұмылған, сөйтіп қазақтармен бір туғандай болып кеткен түрік ағайындар туралы Әлемнің Түркия секілді беделді де күшті мемлекетімен қатар Орталық Азия респуб­ли­­­­каларын, Ресей, Германия секілді бір­қатар басқа алып елдерді мекен етіп, тірлік кешіп жатқан үлкен ұлттың мейлі шағын ғана бір бөлігін болса да кішкентай ауылымызға меншіктеу қаншалықты дұ­рыс болатынын қайдан білейін, бірақ Еменов­тер­дің, Жұмаевтардың, Оджахлиевтердің, Раджабовтардың тегін естісем болды, бұлардың біздің ауылдың түріктері, біздің ағайындар екені бірден ойға оралады. Олардың түріктер екенін әбден кейін білдік, өздері ақырын ғана айтып жүргенімен, түрік екендерін ашық айта бастағаны еліміздің тәуелсіздігін жариялауына байланысты болды. Әйтпесе, көкем Өзібектің қатарластары, достары Ибрагим мен Исмайылдың, Әнвар мен Әнсардың, Ләтив пен Афиздың ағалық қамқорлығын көріп жүргенде, ағаларым Әбдіқайым мен Бәкеңнің достары Міләдімнің, Абдолдың, Асанның, Үсеннің арттарынан қалмай, соларға еліктеп баққанда, Нәжіп атаның қызы Сәниямен бірге оқығанда, Теміраз даданың оғыланы Халетпен күліп-ойнап өскенде оларды әзербайжандар деп білдім. Апам екеуміз Шаймерден ағалардың үйіне барғанда Назли жеңгем қолдан қайырған сарымайын қойып, балаларынан тығып ұстайтын тәттілерін салып, әпкесіне шай бергенде арнайы сатып алынған радиоладан Бакуден берілетін музыка ойнап тұратын. Әлде ол кездегі қабылдағыштар Ыстам­­бұлды ұстамайтын, әлде олардың өздері де әзербайжандармыз деп сенгені болар. Ауылдағы түріктердің еркек кіндіктісінен қазіргі жасы үлкені Ілияс Жұмаев ағамен кездесіп, біраз жайға қанығып едім. – Аға, осы сіздер әзербайжандар емес, түріктер екендеріңізді бұрыннан білуші ме едіңіздер? – Үлкендер жағы оны жақсы білдік. Бірақ дауыстап айтпайтынбыз, дұрысы – айтқызбады. Біздің Фрунзе ауылынан басқа жаққа баруға құқымыз болмады. Менің жасым жеткенде рұқсат сұрап, паспорт алу үшін Талғарға барғанмын. Құжат толтырып отырған әскери жігіт қырсығып: «Сен пас­портсыз да жүре берсең болар еді», дейді. «Сельсоветтегі ағай тәртіп солай деп жіберді», деп жатырмын. Басқалар қажетті құжаттарын өздері толтырса, бізге, біз сияқтыларға әскери киімдегілер толтырады екен. Жазып болып, қол қоюға бергенде байқадым, ұлты дегеннің тұсына әзербайжан деп жазыпты. «Бізді Кавказдан жер аударғанда түрік деп көшіріп еді, мұнда келгенде әзербайжан деп көрсеткенің қалай?» деп едім: «Жұмаев, сен осы тұрғаныңда Сібірге кеткің келмесе, үндемей қолыңды қой», деді. Ауылға келген соң үлкендерге айтып едім, олар өзара ақылдасып: «Балаларымызға обал жасамайық, әзербайжан болып-ақ жүре берсін», десті. Қазақ пен қырғыз немесе қазақ пен қарақалпақ секілді түрік пен әзербайжан екі ұлт қой. Өзіміз білсек те балаларға айтпадық. Алғаш түрікпіз дегенді ашық айтуы­мыз, сен ол кезде бала едің ғой, 1958 жылы ауылдағы түріктер, Мардан Еменов әулетінен басқалары, түп көтеріліп, Әзербайжанға кететінімізде болған. Екінші рет 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастары Алматыда көтеріліске шыққан кезде айтылды. Колбиннің көтерілісті қанға бояуы біздің ішіміздегі толқуды да басып тастады. Бірақ, білесің ғой, сонда сол көтерілісті Қазақстанда қолдаған тек түріктер болатын. Үшінші рет ашық айтуымыз және толық мойындалуымыз Қазақстан тәуелсіз ел болған соң жүзеге асты. Сол тұста қолайсыз бір жағдай болды. Бұл кейбір менің қандастарым жағынан да, сондай-ақ бірен-саран қазақ ағайындар тарапынан да орын алды. Соны ойласам, жаным ауырады. Кей түрік жігіттері тәуелсіз болып, мәз-мейрам жүрген қазақтармен бірге біз де тәуелсіз болдық деудің орнына, жарты ғасыр бойы, нақтысы 47 жыл қазақтардың езгісінде жүргендей, Мәскеу Алматыны қалай қақпайлап ұстағанындай, дауыстарын қаттырақ шығарып жіберді. Мұндай жағдай қазақтарға ұнай қоймады, содан кейбір жігіттер түріктерді көшіру керек деген сияқты сөздер айтып қалды. Біріншіден, не үшін көшуіміз керек? Екіншіден, қайда көшуіміз керек? Мен осында ержеттім, осында үйлендім, балаларым­ның бәрі осында туды, қазір өмірдің әр саласында жұмыста. Қолдан келгенше еңбек етеді, Қазақстанға, қазақтарға адал. Мен жарайды, ептеп Кавказды білермін, ал бұлар өмір бойы осында ғой. Олардың жалғыз мекен-жайы, жалғыз ел-жұрты – Қазақстан. Жаңа айттым ғой, 1958 жылы түріктер бір жел сөзге сеніп, түп көтеріле көшкен. Сонда біреулер баяғы Месхет жаққа барамыз деп шықты ғой. Ал ол жақта біздің аталарымыз бен әкелеріміз күндіз-түні бел шешпей, кетпен шапқан, жалдар мен төбелерді тегістеп, егіншілікке қолайлы еткен, мал өсірген. Ол жерлерге біз кеткен соң-ақ грузин шаруалары қоныстанды емес пе? Біз бара қалғанда, кім жерін бере қойсын, төбелес шығады, қан төгілер еді. Оны айтасың, грузиндер месхет түріктерін танымаймыз деп шықты, ал әзербайжандар өздері сыйыспай жатқанда, соншама адамды қалай қоныстандырсын? Ілияс ағаның көзіне жас келгендей болды. Ақырын ғана қолымен сүртіп қойды. Мұны Мұғдеттің мектептегі мұғалима қызы, құлағы ауырлау еститін қарияға менің сұрақтарымды түсінікті етіп қойып отырған Катина Жұмаева да көрді. Жуырда ғана сүйікті баласы Мұстафаның қайтқаны есіне түсті ме, әлде бауыр басқан Месхетиядан қалай көшірілгендері ойға оралды ма екен?.. 1999 жылдың ақпанында редакциямыз Алматыдан жаңа астанамыз Ақмолаға көшкен. Сол жылдары вокзал басында көшіп жатқандардан гөрі шығарып салушылар көп болатын. Біз мінетін вагонның тұсында да адамдар көп еді. Біреулер көңілдене әңгімелесіп тұрса, біреулер туыстарымен қимай қоштасып жатыр. Сондай кезде жас түрік жігіті келіп амандасты. «Менің атым – Мұстафа, сіз туралы ағам Мұрат айтып еді. ҚТЖ-ның жолаушылар тасымалы жағында жұмыс істеймін. Жолсеріктеріңізге тапсырдым, күн суықтау болып тұр, от жағып, купелерді жылытып қойды», дейді. Мұстафаны кейін де талай рет көріп, әңгі­­­­ме­лескенбіз. Жақсы інім болып кетіп еді... 1943 жылдың қара күзі қысқа ұласатын шағында күн түнеріп тұрып алды. Күндегі әдетімен ерте тұрған Ілияс түске таман талғажау ететін наны мен айранын салып қойған дорбаны алды да, қойлары мен сиырларын ауыл маңындағы жотаға қарай айдай жөнелді. Ауыл тыныш сияқты. Аурулығына байланысты жуырда ғана майданнан оралған Мардан қарияның әйелі Сұлтан апа да қойларын бұған қосу үшін шығарды. Әдәлат тәте кішкентай Әнсарын арқасына таңып, жалғыз сиырын айдап шықты. Ілиястың сиырларына қосты да, үйіне қайтты. Ауылдың шетіндегі қорғанда үлкендер жатыр. Мұнда бұрынырақ әкесі Мақсутты, жуырда анасы Чешмиді жерлеген. Екі баласы – інісі Айдар екеуі топырақ салды. Ауылдан ұзай бергені сол еді, биік төбені қиялай салынған жолмен 5-6 әскери жүк мәшинелері ауылға келіп тоқтады. Солдаттар түсіп, үйді-үйге жүгіре жөнелді. Сәлден кейін-ақ әйелдердің айғайлап жылағаны естіліп, ауыл үсті шаң-шұң болды да кетті. Ілияс үйіне қарай жүгірді. Келсе, есіктің алдында інісі жылап тұр. Үйдегі анау-мынау жүктерді аулаға шығарып қойыпты. «Барлық түріктер бүгін көшесіңдер дейді, заттарды буып-түйіп аулаға қойыңдар, арттарыңнан жібереміз дейді». «Қойларды, сиырларды қайтеміз?» «Оларды алуға болмайды екен». Осы кезде әкесі Мақсуттың інісі Мәжит ағасы келді. «Аға, малдарды алуға болмаса, мен осында қалайын». «Қой, Ілияс, бірге кетеміз, басқалар соғыстан қайтқанда мен не деймін? Мал барған жерден де табылар, аман болайық». Сөйткенше болған жоқ, жүк мәшинелері әр үйдің маңына тоқтап, солдаттар шал-кемпірлерді, әйелдер мен балаларды мәшинелерге тией бастады. Әйелдер шашын жайып, дауыс салып жылады. Ауылдың шет жағында күйеуі мен баласы соғысқа кеткен ауру кемпір тұратын. Екі солдат сол кейуананы сүйретіп жете беріп, тастай салды. «Кемпір өліп қалды». Ілияс жота жаққа қарап еді, қойлар мен сиырлар жайылып жүр екен. Сәлден кейін ауылдың шеткі үйлерінен өрт шықты. Өртеніп жатқан тастан салынған үйлер емес, артынан жібереді деп аулаға жинап қойған жүктер болатын. Ешкім кері қайтпасын дегендері екен. Мәшинеден секіріп түсіп, жүктеріне жүгіре беріп еді, винтовка дүмінің желкесінен тиген ауыр соққысы мұрттай ұшырды. Ескі сандықтың түбінде әкесі мен шешесінің бірге түскен суреті бар еді. Алғызбады. Екі солдат аяқ-қолынан алды да, кузовқа лақтыра салды. Айдар жылай бастады. Бұлардың жүгіне де от қойылып, жаңағы сүйретіп әкелген кемпірді сол отқа тастапты. Мұны кейін інісі айтқан. – Аға, сонда ешқайсыңыз ештеңе демедіңіздер ме? – Не дейміз оларға? Бір кездері Месхе­­­тияның біраз жеріне түріктер қоныстанған дейді. Советтер кезінде Тбилисиге қарадық. Соғыс басталғанда бас көтеретін жігіттер майданға алынды. Біздің Жұмаевтардан Камал Мәулітоғлы, Шавкат Мәжнүноғлы, Алы Нидайоғлы, Торын Нидайоғлы, Бинали Нидайоғлы, Байран Бураноғлы, Абдул Бураноғлы, Аджикарим Бураноғлы, Агалы Бураноғлы, Шабан Амидоғлы, Мажилис Муратоғлы, Сулейман Муратоғлы, Пашалы Кайяоғлы, Тәмәл Тәәроғлы, Камал Тәәроғлы, Мұстафа Муртазаоғлы, Агалы Шадыманоғлы, Теміраз Мәжитоғлы, Хуршут Мәулітоғлы, Нәжіп Жұмаев – барлығы 20 адам соғысқа кетті. Еменовтерден Мардан, Ахмет, Әбу майданға кетіп, жер аударудың алдында ғана Мардан аурулығына, ал немере інісі Әбу қолынан жаралануына байланысты соғыстан қайтқан. Кім бас көтереді, анау-мынау деген, қашпақ болған кейбіреулерді сол жерде атып кетті. – Содан бәріңізді пойызға отырғызды ма? – Теңіз айналып жүрмес үшін кемеге салды. Біраз жүзген соң неміс самолеттері бомбалай бастады. Әйелдер Сталинді де, Гитлерді де қарғап, балалар жылады. Бізді қорғаушы екі катер самолеттерді атқылай бас­тады. Бір кемеге бомба түсіп, күл-талқаны шықты. Оған мінген түріктер айғайлап, аспанда самолеттер гүрілдеп, сұмдық болды. Біз мінген кеменің жанынан бомба жарылып, ауып қала жаздадық. Қасымыздағы катерден атқылап, жаңағы самолетті өртеді. Жауынгерлер де айғайлап жатты. Сонда Нәжіп қария пулеметте отырған Кермаштың әкесі Адил екенін көріпті. Айғайлап екеуі қол бұлғасыпты. Сөйткенше болмай, самолеттер енді катерді бомбалауға кірісіпті. Сол бомбалардың бірі жаңағы катерге түсіп, ержүрек жауынгерлермен бірге Адил Раджабов та опат болыпты. Кермаш пен інілері, қарындасы кейін әкелерін іздестіре бастағанда, яғни қырық жылдай өткен соң Нәжіп қария болған жағдайды айтып беріпті. Балам-ау, мен мұндай азапты көрген емеспін. Жүк вагондарға мал сияқты тиеді, стансаларға тоқтағанда пешке аздап от жағып, ауқат бергенсиді. Күн суық, қарттар мен балалар жаурап, ауруға ұшырады. Көп кешікпей балалар өле бастады, шалдар да көз жұмды. Тоқтаған жерде солдаттар келеді де, сүйретіп апарып, сыртқа тастай салады. Әр жерге тоқтап, көп жүрдік. Қазақ жеріне ілінгенде ғой, пойыз солтүстікке жүре ме, әлде шығысқа бет ала ма деп үлкендер қатты мазасызданды. Содан шығысқа қарай қозғалғанда шүкіршілік жасады. «Қазақтар – мұсылман халық, құдайымыз бір, құранымыз бір», десті. Ал көп білетін кейбіреулер айтты: «Қазақтар да біз сияқты түркілер, қор болмаймыз», деп. Сонымен, бір айдан артық жолға кетіп, 1944 жылдың басында Жетіген деген стансадан түсірді. Арнайы әскерилер мен билік өкілдері біздерді аудандарға, ауылдарға бөлді. Еш жаққа баруға болмайтынын, арнайы адам апта сайын түгендеп тұратынын айтты. Сонда Жұмаевтар, Еменовтер, Оджахлиевтер, Раджабовтар Іле ауданының Фрунзе атындағы колхозына бөлінді. Бізді күтіп тұрған үш-төрт өгіз арбаға әйелдер мен жас балалар отырып, қалғанымыз жаяу шұбырдық. Арбаларды айдап келген Наурызбай, Әбзәкір ағалар және екі бала еді. Жолда тоқтап, от жағып жылындық. Арбакештер әкелген нанды жеп, ауқаттандық. Күн еңкейе ауылға жеттік. Шағын ғана ауыл болып көрінді. Кеңсенің алдында біраз адам тұр екен... «Қырманда жұмыс қыста да бір тоқтамай­тын, молотилкамен астық бастырамыз, темекінің жапырағын жіпке тізіп, кептіреміз, – деп бастайтын әңгімесін апам. – Бір кезде бәрімізді кеңсенің алдына шақырды. Барсақ, жадау-жүдеу, киімдері жыртық-жыртық, аяқтарына шоқай киіпті, кейбір балалардың аяқтарын ескі-құсқымен орап қойыпты. Әйелдері беттерін көрсетпейді екен, орамалдарымен жауып алыпты. Әзербайжандарды алғаш көруіміз. Мұсылмандар деген, бірақ бір қарағанда сығандар шығар дескенбіз. Колхоз бастығы Әкімжан аға үлкендермен қол алысып амандасты. – Жолдастар, біздің колхозға Грузия шекарасынан көшірілген әзербайжан ағайын­дар келіп тұр. Қандай күйде екенін көрдіңіз­дер. Қалғанын кейін нақтылай жатамыз. Қазір екі егіс бригадасына бөлеміз. Бүгін-ертең орналассын, содан кейін жұмысқа шығамыз. Жаңадан келген әйел жолдастарға ескертемін, қазақ әйелдері паранжа кимеген, бетін бүркемеген. Оншақты әулет поляк ағайындар бар, екі-үш орыс семьясы бар, қалғанының бәрі қазақтар. Мен колхоз бастығы ретінде бәріңізден өтінемін, жоқ, талап етемін, беттеріңізді ашып жүріңіздер. Әлі-ақ қазақтармен туыс болып кетесіздер, – деп алған колхоз председателі бригадаларға бөле бастады. Ілияс аға ауылға келген түріктерді атай бастады. Еменовтер немере ағалы-інілі үшеу екен – Мардан, Ахмет, Әбу. Төртіншілері басқа пойызға мініпті де, Жетіген ауылына бөлініп кетіпті. Мардан мен әйелі Сұлтан жеті баласымен – қыздары Назли және Әсиямен, ұлдары Яйя, Халет, Ибрагим, Исмайыл және Исрапилмен келіпті. Ауылға соғыс біткен соң жеткен Ахметтің Сардал, Әнсар, Міләдім, Асан, Үсен деген ұлдары бар болатын. Қалған ұл-қыздары осында туған. Кішілері Әбудің Фируза деген қызы мен Абдол деген ұлы келді, тағы екі ұлы мен екі қызы Фрунзеде өмірге келіпті. Еменовтер бірінші бригадаға бөлінді де, қыста бос тұрған балалар бақшасына қоныстанды. Екінші бригадаға бөлінген Оджахлиевтер мен Раджабовтарды бастап келген Қощы қария мен әйелі Асма апаның Гүләлі, Биналы, Паша, Афиз деген ұлдары, ал Раджабовтарда Кермаш, Эмдиша, Памбух, Ләтив болған. Қалғандары өмірге осында келді. Жұмаевтар ағайынды төртеу болатын. Үлкендері Мақсут пен оның әйелі Чешми Кавказда қайтыс болған. Балалары Ілияс пен Айдар Жұмаевтардың екіншісі Мәжит пен әйелі Нәзәннің қамқорлығында екен. Мәжиттің өз баласы Теміраз және інісі Нәжіп майданда жүрген. Сондықтан қарияның қамқорлығында Нәжіптің әйелі Бәллай мен балалары Ислам мен Әнвар, қызы Ұғрия және Теміраздың әйелі Әдәлат бар еді. Жұмаевтардың төртіншісі Мәуліт пен әйелі Лейла бір баласы Мұғдетпен келген, ал екі ұлдары Камал мен Хуршут майданда болатын. Камал соғыстан қайтпады. Жұмаевтардың және бір аталас туыстары Муртазаның әйелі Әдәлат пен баласы Әнсар бригадир Әбіттің ескі үйіне, Мұғдет әке-шешесі үшеуі қойшы Сыбанқұлдың ескі тамына кіреді. Қалғандары ауылдағы қазақтардың қоржын тамдарының бір-бір бөлмесіне орналасыпты. – Соғыс кезі ғой, балам, қазақ ағайын­дардың өздері де жүдеу тұрады екен. Соған қарамастан, барымен бөлісті, көрпе-жастығын берді, бір таба нанды бөліп жедік. Алдымен жұмысқа әйелдер шықты. Әдәлат, Шухрат, Асылы, Бәллай, Гүлбатон, Назли жұмыс істеді. Қырманда бидай сапыруға, тұқым тазалауға еркектер де шықты. Бригадиріміз Қара Нүсіп колхоз бастығына айтып жүріп, бізге сауу үшін ешкілер бергізді. Азын-аулақ бидаймен қарайласты. Солай көктемге де іліктік. Балаларыма ылғи айтып отырамын, қазақ – бауырың деп, қазақтар бізді қорлаған жоқ, балаларымыз дос болды. Сондықтан тез бауыр басып кеттік, осыннан туыстар таптық. Қазақтармен құдандалы болдық... Апам негізінен құдалары Мардан, Ахмет, Әбулерді жақсы білетін. Еменовтер бірінші бригадаға бөлініп, егістік жер көлемін ұлғайту қажет болғанда Лепті-Қарасу жағын игеру үшін Есікті өзенінің сол жағалауына көшкен еді. Алғашқы үйлер жар жағалай салынған жертөлелер болатын. Соның үшеуіне әзербайжан ағайындар кіріпті. Жеке өзім үшін түріктер-әзербайжандар дегенді алғаш естуім төрт-бес жасымда болуы керек. Ол кезде Есікті өзенінде су көп болатын да, жаздайғы өміріміз осы өзеннің бойында өтетін. Шомылудың көңілді бола түскені қарамыздың көбейгенінен болуы керек. Үйлері дәл жардың басындағы Әбу атаның Абдол, Ахмет атаның Міләдім, Асан және Үсен деген балалары бізге өзеннің та­йыз жерлерімен жүгіріп жарысуды, қуаласпақ ойнауды үйреткен. Өздері биіктігі үш-төрт метрдей болатын жардан қорықпай суға секіре береді. Әбдіқайым мен Бәкеңнен кішірек мені олар да еркелетіп, «шожық-шожық» десіп, қастарынан қалдырмайтын. Күн дәл төбеге көтеріліп, ойынымыз қызған кезде басына дәке сияқты ақ орамалын жамылып Әбу атаның әйелі Баттон апам жертөледен шығады. Бәріміздің мәз бола ойнап жүргенімізді қызықтап біраз тұрғаннан кейін: «Шожықлар, бурия гел, бурия гел» деп шақырады. Барғанда бәрімізге кішкентай күлше наннан береді. Етегіне салып әкелген күлшелердің соңғысы маған тиеді. Ол кісі және мені қасына ұстап қалып, көлеңкесіне тұрғызып, күлшені жегізеді. Сосын жалаңаш құйрығыма «бара ғой» дегендей ақырын ұрып қояды. Мұндай күлшелерді кейде Ахмет атаның әйелі Рәбия апам тарататын. Әбден сусорды болып, қарынымыз ашқандықтан ба, әлде апалардың мейірімді алақандары басымыздан сипағандығынан ба, сол күлше нанның дәмі айрықша болатын. Кейін ауылда оқып жүргенде мектептен қайтқанда жолдағы Тұтқышбай атаның әйелі Күлшебала апамыз алдымыздан жеті күлше алып шығатын. Сол бала күнгі дәм қайтадан санада жаңғырып сала беретін. Қазір әйелім Жақан электр плитаның астыңғы қыздырғышына осындай күлше нан пісіреді. Қара нан ғана жеуге рұқсат етілгендіктен, маған біреуі тиеді. Баяғы Есіктінің бойындағы Баттон апам үлестіріп, ең соңғысын жегізетін күлше нанның дәмі аузыма келеді. Сонда кешке қарай анамызға Баттон апам күлше нан бергенін айтатынбыз. «Сендердің қарындарың ашпасын дегені ғой», дейтін апам. Ал кейін есейген кезімде апам күле отырып, сол кемпірдің Абдолын, ал Рәбия апаның Асаны мен Үсенін әкеміз Смайылдың емдеп, аман өскенін жеткізген. Осыны Ілияс ағаға айтып едім, күлді. – Сенің әкең мені де емдеген, – деп бас­тады ол. – Екінші бригадада, Нүсіп ағаның қол астында істеймін. Наурызбай екеуміз жер жыртамыз, бидай орамыз, бауларды қырманға тартамыз, ал күзге қарай балалармен бірге Жетіген стансасына бидай тасыдық. Біз келген соң, оның үстіне майданнан жаралы болған солдаттар қайтты, адам күші көбейді ғой, егістік көлемі еселеп ұлғайды. Тамақ ішуге ғана отырамыз, әйтпесе тыным жоқ. Еңбеккүнге ақы жазады екен, бірақ оның бәрін салыққа ұстап қалады. Сондағы бар табатынымыз – жыл соңында еңбеккүнге беретін бидай. Соның өзіне мәз боламыз. Алғашқы қыста қатты ауырдым, ыстығым көтеріліп, түспей қойды, жұтқыншағым ауырып, мең-зең болып жүремін. Нәукең: «Ауылда Смайыл деген тәуіп бар, соған көрін», деді. Әкең трудармия дегеннен денсаулығы жарамай келіпті. Өңі жүдеулеу екен... – Түр-түсі есіңізде ме? – Былай сұңғақ бойлы, беті сопақтау келген, сенің бетіңнің дөңгелектігі, бетіңдегі шұбарыңа дейін шешеңе, Күләш тәтеге тартқан, ал әкелеріңе ағаң Байжұман келіңкірейді, беті жұқалтаң, шоқша сақалы бар болатын. Көзі өткір екен. Тамағымды қарады, тамырымды ұстап, басын шайқады. «Дұрыс келіпсің, енді кешіксең кәріп болғандай екенсің, – деді де оймақ сияқты кішкентай ыдысымен төрт түрлі дәріден өлшеп, шүберекке орап берді. – Бүгін кешке ішетін дәрі өте күшті, оны дұрыс ауқаттанған соң ішесің, үйдегі барыңды жамылып жат. Сен Мәжиттің үйіндесің ғой, кіші шешең Нәзәнге айт, қорықпасын, түнде мазасыз боласың, ертең үйіңде бол, дәрілеріңді іш, бүрсігүні жұмысыңа шыға бер». – Ертең жұмысқа шықпасам болмайды. Бригадир ұрсады... – Жүр қазір Қаратоған жаққа барайық, өзім айтып түсіндіремін, – деп бірге жүрді. Ауылдан шыға бергенде Қара Нүсіп қарсы жолықты. Сен ол кісіні көріп пе едің, өте сұсты адам болатын. Қазір айқайға басатын шығар деп едім, Смайылды көріп, атынан түсіп амандасты. Соған қарағанда, оны да емдеген болар деп ойладым. Кейін білсем, туыстықтары бар көрінеді. Нүсіптің әйелі Мақаш Өтемістен тарайтын қыз, ал сенің әкең – Өтемістің ағасы Өтештен қалған ұл екен, сонда Нүсіп күйеубаласы болғаны ғой. Рұқсат беріп, үйге келген соң айтқан дәрісін іштім. Түнде денем от болып жанып, сандырақтап шығыппын. Нәзән тәтем қатты қорқып, түнде Смайылға барыпты. Сондағы айтқан сөзін ол кісі ылғи есіме салып жүретін: «Сен, хатун, қорықпа, інің жазылады, бұл аурумен енді ауырмайды, бір жазатайым болмаса, ол жүз жасайды», депті. «Смайылдың айтқаны келсін, жүз жаса», деп кеткен ол кісі қайтыс боларында. – Содан кейін ешқандай жазатайымға ұшыраған жоқсыз ба? – Бір рет іш құрылысымда бірдеңе болып, Мұстафа балам теміржолдың больницасына апарып, операция жасатқан. Кейін жазылған соң өзім іздеп барсам, бір сары бала отыр екен. Хирургімді сұрап едім, ол КНБ-ның больницасына ауысыпты. Сен кімсің деп сұрадым, сенің балаң екен. «Сізге жасалған операцияны білемін, дәрігеріңізге айтайын, күтініп жүріңіз, жүз жасайсыз», деді балаң. Көріп тұрсың ба, бір менің тағдырыма әкең де, балаң да араласыпты. Мен жазылған соң біздің түріктердің үлкені де, кішісі де Смайыл тәуіпке қаралатын болған. Соғыс біткен соң бірінші бригаданың адамдары Есіктінің сол жағалауына көшіп, сендер сонда туғансыңдар. Сол жақта жүргенде ғой, Смайыл бір өзі бүткіл Еменовтермен соғысатыны. Әкең шақар болатын, бұл жағынан ағаң Өзбек көп ұқсаған. Қалай болғанда да барша түріктер оған қарыздармыз. Өзі ештеңе сұрамайтын, әркім қолда барын ұсынатын. Кейде Есіктінің бо­йынан шөп шауып, түсіріп беретінбіз. Сен білуің керек, Шаймерден ағаларың Назли қызды алып қашқанда Еменовтердің үш әулиеті де көтеріліп, оған Жұмаевтардан қосылып, алдарына келген Шаймерденнің әкесі Молдағали кісіні есіктерінен кіргізбей қойғанда, Молдекеңнің айтуымен ауылдың бастықтары жұмысына адам жіберіп, Смайылды алғызды. Әкең айтты: «Ай, Мардан, Ахмет, Әбу ақсақалдар, Молдағалидың баласы – менің де балам. Шабамын десеңдер, міне, менің басымды шабыңдар. Әйтпесе, мұнда келгендеріңізге бес жыл болыпты, екеуі соғыс кезінен бері бірге жұмыс істеді, бірін-бірі жақсы білетін болды. Сендер қазір балаларыңа қазақ қызын алғызбайсыңдар, бірақ кейін солай да болады. Ауылдың үлкен молдасы дастарқан жайып отыр, ашуды ақылға жеңдіріңдер, дастарқанды аттап кетпеңдер, бар мұсылман баласы дастарқан басында пәтуаға келген». Сол сөзге тоқтап, қазақ пен түріктер құда болдық. Ал Смайыл білген болуы керек, кейін көрнекті актер Әнуар Молдабековтің Құралай деген қызын менің балам Мәмедке беруін сұрап, құданың алдына барған адаммын мен. ...Біздің ауылдың түріктерінің әйелдері өте инабатты. Кішкентай ұл бала келе жатса да алдын кеспейді, өтіп кетуін күтіп тұрады. Ал енді ашуға мінсе, оларды тоқтату еш мүмкін емес. Ұл балаларының өжет болып өсуіне сол аналары көбірек үлес қосатын секілді. Бала кезімізде кешке қарай Мардан атаның жер тамы жаққа жиналамыз. Күн бата бергенде Сұлтан апам қызарып сөніп бара жатқан күнге қарап тұрып: «Сталин, өл, өл, өл!» дегенді үш рет қайталап айтатын. Мұны Әбіт бригадирдің қорқытқаны да, күйеуі Мардан шалдың өтінуі де қойдыра алмаған. Сталинге қарата айтылған лағнетте месхет түріктерінің көрген қасіреті мен билік тарапынан тартқан қорлығы көрініс беретін. Аурулығы да болған шығар, бірақ Сталинді Сұлтан апам сияқты аналардың қарғысы құлатқандай болады да тұрады. – Соғыстың соңғы жылдарында Фрунзе атындағы колхоз дүрілдеп тұрды, балам, – деп жалғастырды әңгімесін Ілияс аға. – Егістік көлемі ұлғайды, ауылда кәрістер аздап күріш өсірді, овощ өсірді, егістікпен, қызылшамен қатар темекі егілетін. Соның бәрінен тәп-тәуір өнім алынатын. Колхозшылар өткізетін май, сүт тағы бар, жылы киім де жөнелтеді майданға. Әкімжан бастық өте жақсы кісі еді, ал бригадирлер апшымызды қуыратын. Ол кезде бірін-бірі аңдып қалған заман еді ғой. Сәрсейітті жұрттың көбі жамандайды, мен де мақтай қоймаймын. Бірақ пленде болған оны аңдушылар көп болатын. Өз жаны үшін ол әйелдердің қойны-қонышынан бидай дәндерін қағып түсіретін. Әлде сол кезге сондай тәртіп керек пе еді. Менің балам Мұратты Гүлбатон Құрөзектен өте бере туып қалған.  Сен өзің де емшектегі кезіңде қылшаның басындағы балағанда жататынсың. Күләш тәте жас келіндерін жіберіп, қарататын. Жұрттың бәрінің майдан үшін деп жан аямай еңбектенуінің арқасында колхозымыз озат болды. Әрине, қазақтармен, поляктармен бірге түріктер де бел шешпей жұмыс істеді. Нүсіп ағамыз ылғи: «Сендерді маған берген құдайдан айналып кетейін» дейтін. Соғыстан кейін ауылға ЧТЗ деген тракторлар келіп, Городецкий мен атын ұмытып қалдым, бір орыс кісі жүргізген. Сенің шешең Городецкийдің сменшігі болған. Жыл сайын жағдай жақсара берді. Еменов Ахмет соғыстан бірден ауылға келді. Балалары біреулер арқылы хат жазғызып, оны Алматыдан салыпты. Әбудің інісі Али Абидоғлы жаудың төбесінен талай рет жай түсірген әскери ұшқыш болған. Бір рет ауыр жараланып, жазылған соң қайта аттанған. Ерлікпен қаза тапты деген қағаз келіпті. Ал Жұмаевтардан үшеуі ғана Нәжіп, Теміраз және Хуршут, онда да бір жылдан соң, алдымен Месхетияға барып, одан қайда кеткенімізді білмей, іздестіріп, сұрастырып жүріп тапқан ғой. Ал соғысқа қатысқан Жұмаев Мизам біздің ауылға кейін келген. ...Бұрынғы Фрунзе, қазіргі Туғанбай ауылында «Өлгенде көрген бір қызық» деген сөз бар. Бұрындары өліп қалғаннан кейін несі қызық екен дейтінмін. Сөйтсем, өлдік-талдық дегенде жеткен қызығымыз деген мағынада екен ғой. Бала кезімізде көкем Өзібектің қатарластарынан ересектеу Ілияс Қоспаев, Тұртай Ақпаев, Қазтай Сейсенбинов секілді ағаларымызға көп еліктейтінбіз. «Осылай болып өссем, осылай киінсем» дейтін үлкендеріміздің бірі Мұғдет аға болатын. Бала кезден жұмыс істеп өскен ол пысық еді. Үйдегі шаруаға да, колхоздың төменгі сатыдағы шолақ етектерінің қызметіне де үлгеріп жататын. Үлкендердің бәрі оның жақсы болып өскенін айтатын. Мектепке бармай тұрып-ақ кейде апама ілесіп, қылшаға баратынбыз. Бәкең сол кезде екінші класқа көшкен, маған қарағанда әлдеқайда пысық. Қылшаны сиретуге, жалғыздауға апам оны қолайлы санайтын. Менің еруім Бәкеңнің көңілін аулау үшін болса керек. Міндетім – қалың шөптің көлеңкесінде тұратын арнайы ыдыстан ожауға құйып, апам мен Бәкеңе су тасу. Сондай кездерде әдемі атқа мінген келісті жігіт – Мұғдет аға келеді. Атын балаған жақта қалдырып, жұмыс істеп жүргендерге араласып кететін. Қызылшашылар күн тас төбеге көтерілгенде балағанға жиналып, әркім үйден әкелгендерін ортақ дастарқанға салып, шай ішеді. Біз каналға шомылуға кетеміз. Ал Мұғдет аға шақырайған күннің астында Памбух қызбен әңгімелесіп, екеуі жұмысты жалғастыра беретін. Кешке ауылға жаяу қайтып келе жатқанда қазағы бар, әзербайжаны бар барлық әйел Памбухты ортаға алатын. – Памбух, мына жігіт келгіштеп кетті, тойдың ауылы көрініп қалды ғой деймін... – Сенің жеңгең жақсы, айтпайды ғой, әйтпесе Кермаш дадаң біліп қойса, сазайыңды берер... – Сен Мұғдетке келісіміңді бермесең, басқа қыздар қағып кетер... Сұңғақ бойлы, талдырмаш келген сұлу қыз үндемейді. Үндемей құтылады. Бір күні «Мұғдет үйленіпті, Кермаштың қарындасы Памбухты алыпты» деген хабар бүкіл ауыл­ды дүр сілкіндірді. Үлкендер жағы ауылда жақсы бір отбасы пайда болғанына қуанысқан. «Ертең шабаш болады екен» дегенде манағы «Өлгенде көрген бір қызықты» айтысып, бүкіл ауыл жиналған. Апам көрші келіндерін, өз қатарларын ертіп шыққанда біз де ергенбіз. Әйелдер жағы алдымен Зылиха тәтемнің үйіне бас сұқты. Осындағы ауызғы бөлмеде аппақ көйлек киіп, басына орамал жамылған Памбух тәтем тұр екен. Иіліп, сәлем салды. Кейін балалар бөлек кіргенде де тәтем күліп тұрып, бізге де иілген. Өзімен бірге жұмыс істеп жүргендерді көрген ол көзіне жас алды. Апамдар: «Қой, Памбух, жылама, адам бақытына жылай ма екен», деп бетінен сүйген. Былай шыға бере Нұрқия тәтем: «Әпке-ау, әзербайжандарда жас келінге ешкім қолын тигізбейді деуші еді, біз бетінен сүйіп жатырмыз», деді. «Е-е, бұлар келгелі бері он жыл болды, әлдеқашан біздің ауылдың қызы болып кетті», деп күлді апам. Ал жолдың қарсы бетіндегі Найман кісінің есігінің алды үлкен алаң болатын. Төр жақта дауылпаз қағып, сырнай тартып, сыбызғыда ойнаған музыканттар тұрды. Ортада асаба болуы керек, «Шабаш! Шабаш!» деп жар салып жүрді. Біз әзербайжаны бар, қазағы бар қаптаған балалар алаңды қоршай отырдық. Ортаға қаншама ер-азамат шығып, қолдарын ұстасып, әдемі билеп жүрді. Біраздан кейін дастарқан жайылған үйлерден шықты білем, Молдаш, Ұлан, Нұрбай, Қазтай, Оразхан ағалар да әзербайжандардың қатарына тұрып, билей жөнелді. Музыка жеделдеп, ортада ұлттық киімдеріндегі кәсіби бишілер қалғанда олар иықтарына біздерді отырғызып алып биледі. Осы шабаш кезінде біздің ауылдағы түріктерден басқа Жұмаев пен Еменов дегендер Алматыда да, Талғарда да, Қаскелеңде де, Жетігенде де бар екенін естіп, таң қалғанмын. Және бір қызығы – жан-жақтан келгендерден жаңа үйленіп жатқандарға кім қанша сом әкелгені «Пәленше бес мың сом берді! Шабаш, шабаш!» деп хабарланып тұрады екен. Сол әкелген ақшадан болар, майда бір сомдықтарын біздерге таратып кетеді. Мен солай үш сом жинағанмын. Бір кезде ортаға ұлттық киімдерін киген Мұғдеттің туыстары – Хуршут, Ілияс, Айдар, достары Гүләлі, Яйя ағалар шығып, тәп-тәуір билеген. – Ілияс аға, сол тойда сіз де билеп едіңіз ғой... – Балам-ау, ол кезде жас болатынбыз. Оның үстіне біз Кавказдан көшірілгендер емес, жер аударылғандар едік. Бақылауда жүрдік. Соғыс кезі. Кейін де қаншама жыл бел шешпей жұмыс істедік. Сол он жыл бізге бәрін ұмыттыруға тиіс еді. Бірақ, халық қанында бар әдет-ғұрпын, салт-санасын ұмыта ма! Және сол той қашаннан бергі бір бой жазуымыз еді ғой. Қазіргі жастар тойларда тиіп-қашып солай билейді. Әйтпесе, бәрі өзгеріп барады емес пе? Бұрын қазақтар да той жасағанда ешқандай әнші жалдамай-ақ, өздері бірігіп ән сала беретін. Қазір бәрі тойға концерт көруге немесе әрі-бері ­майысып, бүгінгіше билеуге барады. ...Мен Талғардың қазақ мектебінде 9 ­класта оқып жүргенімде демалыс күндері ­интернатта қалатынмын. Апамдар қойда болды да үлкен каникулдар болмаса, бір-екі күнде малды ауылға жетіп үлгермейтінмін. Сондай бір сенбіде қаланың орталығындағы кітап дүкенінен шығып келе жатып, Мұғдет аға мен Памбух тәтемді кездестірдім. Ауылдағы бозбала біткеннің бәрі Мұғдет ағаны жақсы көретін. Үлкен кісілерше қолымды ұсынып амандастым. – Памбух, бұл біздің ауылдың жігіті, қой­шы Өзібектің кіші інісі, – деді Мұғдет аға. – Иә, мен оны қылшадағы кезінен білемін. Күләш әпкемнің ұлы ғой, – деп тәтем бір қолын менің кеудеме тигізіп, сәл басын иіп, әдемі амандасты. – Мына СХТ-ны бітіріп, диплом алған бетіміз ғой. Жүр, көпірдің арғы бетіндегі ресторанға барып атап өтейік, – деп аға бізді ресторанға бастады. – Таңертең бірінші автобуспен шыққан­быз. Ағаң жөнді ауқаттана алмаған, – деп тәтем мән-жайды түсіндірді. Сөйтіп, алғаш рет ресторан дегенге кіріп, ағаның дипломын атап өткенбіз. Тәте екеуміз лимонад іштік, аға аздап арақтан алып отырды. Артынан екеуін автостансаға дейін шығарып салдым. Кетерімде Мұғдет аға қарсы болғаныма қарамастан, үш сом берді. «Ұялма, өзімізсің ғой», деп тәтем де өтінді. Бұрын ескі Іледен өткенде базардағы дүкенде істейтін Әлила әпкем: «Ақшаң бар ма еді?» деп үш сом, бес сом беріп қоятын. Басқа бөгде адамдардан ақша алған емеспін. Тәтемнің «өзімізсің» дегені ұнап, сол үш сом бойымды жылытып, көпке дейін қалтамда жүрген. – Ілияс аға, осы ауылда тұрып жатқан­дарыңызға жетпіс жылдан асып барады екен. Қазақтар мен түріктер әлдеқашан туысқан болып кеттіңіздер. Қалай дегенде де біздің ауылдың түріктері басқа жерлердегі ағайындарға қарағанда өзгеше бауырмал. Әлде маған солай көріне ме? – Балам-ау, ол енді біздің Фрунзе, қазіргі Туғанбай ауылының табиғатына байланыс­ты қалыптасқан, тәрбиеленген қасиет қой. Ауылдағы қазақтар өте бауырмал болатын. Бүгінде олардың ұрпақтары сол қасиеттерді бойларына сіңіріп, сақтап келеді. Соған қарай түріктер де қазақшыл, көпшіл болды. Бүгінде марқұм болып кеткен Ұлан мен тірі жүрген Яйяның достығы қандай еді. Хуршут пен Молдаш нағыз қардаштар болатын. Естаева Зылиха мен Бәллай кісі жақын құрбылар ретінде есте қалды. Ауылда­ғы барша қазақпен мен де жақсы қатынас­та болдым. Жаңа өзің көңіл айтқан Мұста­фа балам қайтыс болғанда жұмыс орнынан кел­гендерден былай, ауылдың оны білетін барлық қатарластары Алматы мен Талғардан, Есікті мен Қаскелеңнен келді, жылап келді. Жүрегім қан жылап тұрды, дегенмен баламның осыншама көп достары болға­нына шүкіршілік еттім, балам еліміздің кәде­сіне жараған азамат болғанына тәубе дедім. Былтыр күзде Алматыға, үлкен ресто­ран­ға үйлену тойына бардым. Жұмаев Мұғдет­тің кенжесі Сулейман жүріп-жүріп, аяқтан­ды ғой. Жұмаевтардың қариясы ретін­де отырдым. Бәрі келіп амандасып жатыр, түрлерінен танып тұрмын, ауылдағы қа­зақтардың балаларын, немерелерін. Тойда түріктерге қарағанда қазақтар көп болды-ау дедім. Бір кездері Наурызбай мен Нәжіп, Әбзәкір мен Мардан, Қасым мен Теміраз, Ахмет пен Әліқұл, Әбу мен Смайыл бастаған ағайыншылдық дәстүрін Кермаш пен Айнаш, Гүләлі мен Оразхан, Хуршут пен Ерміш сияқты ондағаны іліп әкетсе, бүгінде оны ­ауылдан жан-жаққа тарағаны бар, осындағысы бар жүздегені жалғастырып келеді. Сен естіген боларсың, баяғыда түріктер Әзербайжанға көшпек болғанда, біз Жетіген стансасында 3-4 күн состав күтіп жатқанбыз. Келесі күні Молдаш Оспанов келе қалды. Ауылға кетіп бара жатқан мәшинені стансаға бұрғызып, бізге келіп амандасты. Ауылда науқан біткен бе, солардың біріне байла­нысты жүрген болар деп қойғанбыз. Бір кезде екі қой сойып, қазан-ошағын көтеріп, көк-сөгі мен қауын-қарбызын толтырып, екі жәшік арақ салып, бір мәшине жігіттер келді. Артынан Әбдіхан Тойбаев, Ерміш Жөтеев бастаған тағы бір тобы жетті. Сенесің бе, балам, фрунзеліктер Жетіген стансасының ба­сында шығарып салу тойын жасады. Мұны көрген басқа түріктер: «Мұндай ауылдан кетіп нелерің бар?» деп таң қалысқан. «Қиналсаңдар, қайтып келіңдер», деп қалды. Содан қайтып келгенде ауылдың ортасын­да бір бұқа сойып тұрып, екі күн той қылғанбыз. Балам, біздің де көңіліміз сондай. Әзер­байжандар қабылдамағанға еш қапа­лан­бадық. Үйлерімізге ешкім тимепті. Келдік те кірдік, үш-төрт ай демалыста болып орал­ғандай, жұмысымызды жалғастыра бер­дік. Бұл – менің өз елім, өз Отаным. Біз – Қазақ­станның түрігіміз, Туғанбайдың түрігіміз. Сен – оқыған адамсың. Ал мен – қара­пайым еңбеккермін. Үлкен сөздерді білмеймін. Меніңше айтсам, біз қиындықта да, қуанышта да бірге жүрген ағайындармыз, сол арқылы бейбіт еңбек етіп жатқандармыз. ...Біздің ауылдың түріктері дегенде Баттон, Рәбия апалардың күлше нан үлестіріп, басымыздан сыйпаған мейірімділігі, Сұлтан апаның Сталинді қарғаған қайсарлығы, Сардал және Әнсар ағалардың қос ат жеккен арбаның үстінде тік тұрып, ызғытып бара жатқаны, мектепте оқыған кездегі Міләдім, Абдол, Асан және Үсендердің басқа балаларға тигізбейтін қамқорлығы көз алдыма келеді. Мардан және Ахмет аталардың, Хуршут және Әбу ағалардың кетпен шапқандағы жіті қимылдары, Нәжіп ата мен Теміраз даданың әбден қартайғанша есек арбамен төмен жақтан томарлар алып келе жататындары,  Бәллай, Асылы, Гүлбатон, Памбух тәтелердің ауылдағы жұмыстың кез келген түріндегі оза шауып кететіндігі, Ілияс ағаның бастарын көтере алмай, майыса ырғатылып тұратын бидай, арпа өсірген, Гүләлі ағаның атты кісінің бойынан асатын жүгері жайқалтқан, Кермаш ағаның дәмі тіл үйіртетін дарбыздары теңкиіп-теңкиіп жататын диқаншылықтары мақтаныш туғызады. Яйя, Паша ағалардың трактор, комбайн жүргізген механизаторлығы, Эмдиша, Афиз, Ләтив, Халет, Исрапил ағалардың мәшинені күтіп ұстап, жүргізу шеберліктері еске түседі. Қазақстан тарихын керемет білетін, қатардағы мұғалімнен оқу ісінің меңгерушісіне дейінгі жолдан өткен Әнсар ағаның білімдарлығы, Мұғдет ағаның кез келген қиын түйінді шеше білетін жақсы ма­­­­ғынасындағы пысықтығы, Ибрагим аға мен әйелі Тамара Гаврилова-Еменованың ауылда тұрып-ақ қалада жұмыс істеуге болатынын кейінгі жастарға ұғындырған іскерлігі ойға оралады. Ал қазіргі жастардың арасында сантүрлі мамандықтың иелері жүр. Теміраз даданың баласы Алы Акпар қажылыққа барып келсе, жарықтық Қощы қарияның шөбересі Байрам сауатын Әліппемен ашқан. 1944 жылдың басында ауылға келген елуге жетпейтін түрік ағайындардың бүгінгі немерелері мен шөберелерін қосса, мыңнан асып кететіні анық. Олардың балаларын ауыл мектебінде оқытуға беруі, жас отбасыларға жеке үй салып жатуы, жастарды шаруа қожалықтарына бейімдеуі, Гюлнара Афизқызы сияқты қыздары мен келіндері егізден бөпе тапса, жаңа түскен келіндерін ауылға әкелуі осында орныға беретіндігін танытса керек. Үлкен бір ұлттың кішкентай ғана бөлшегі екенін сезінген, білген біздің ауылдың бүгінгі ұрпақ түріктері алдыңғы толқын ағалары секілді өздерінің бақыты мен қызығын, яғни өмірлік мүддесін осыннан тауып отыр. Ержұман СМАЙЫЛ.