Мектеп • 08 Қазан, 2024

«Жайлы мектеп» – сенімді болашақ

136 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі білім бе­ру стан­­­­дарттарын жаңар­­ту, инфра­құры­лым­­ды жақ­сарту және оқу­шы­­ларға қолайлы ор­та қа­лып­тас­тыру мақса­тын­да «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынған-ды. Қанатқақты жоба аясында салынған білім ошақ­тарының бір­ша­масы оқу­шыларды қабы­л­дап үлгерді.

«Жайлы мектеп» –  сенімді болашақ

Жайлы мектептердің салынуы мен пайдалануға берілуі еліміздің білім саласындағы маңызды кезең. Себебі кейінгі жылдары мектептегі орын тап­шылығы, ауыл мен қала ара­сындағы алшақтық, апатты жағ­дайдағы мектептердің кө­беюі мәселесі өзекті бола түсті. Президент соңғы жолдауын­да «Осы өте маңызды жұ­мысты «Самұрық-Қазына» қо­ры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атса­лысуға тиіс. Депутаттар да ор­тақ істен шет қалмайды деп ой­лаймын. Үкімет жайлы мектеп­терді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек», деп маңызды тапсырма берді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде 2024 жылдың соңына дейін 208 жайлы мектепті пайдалануға беру жоспарланса, екінші кезеңде 2025 жылдың соңына дейін 151 мектеп салу жоспарланған.

Ал биыл 1 қыркүйектен бері 21 «Жайлы мектеп» жұмысын бас­тап кетті. Оның ішінде Аста­на қаласында 9, Қарағанды қала­сында 1, Ақмола облысында 4, Ал­маты облысында 3, Алматы қала­сында 1, Жамбыл облысында 1, Қызылорда облысында 1, Түр­кістан облысында 1 мектеп пай­далануға берілді.

Ұлттық жоба бойынша салын­ған мектептердің сыйымдылығы 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орынға арналған. «Жайлы мектептің» жай мектептен атап айтар артықшылықтары да көп.

Біріншіден, жайлы мектептер­дің ауданы қарапайым типтік мектептерден 15-20 пайызға кең, ал техникалық жарақтандыру үлесі 4 есе артық.

Екіншіден, спорт залдардың саны да көп. Мәселен, 300 орын­дық мектептерде 1 үлкен спортзал, 600 орындық мектептерде 1 үл­кен және 1 кіші спортзал бар. 900 және 1200 орындық жай­лы мектептерде 1 үлкен және 2 кішкентай спортзалдан қарастырылған. 1500 орындық нысандарда 1 үлкен және 3 кіш­кентай зал болса, 2000-2500 орын­дық мектептерде 2 үлкен және 2 кіші спортзал бар.

Үшіншіден, ерекше балаларға арналған кедергісіз орта жаса­лып, пандустар, лифттер, арнайы дәретхана бөлмелері мен ин­клюзивті білім беру кабинеттері жасақталған.

Төртіншіден, әр қабатқа ауыз су бұрқағы қойылып, әр оқушыға жеке заттарын сақтайтын шкаф қарастырылған.

Бесіншіден, барлық жайлы мектеп біркелкі етіп салынған. Қаладағы және ауылдағы оқу ошақ­тары бір-бірінен сыртқы жағынан да, ішкі жабдықталуы бойынша да ерекшеленбейді.

Алтыншыдан, білім ошақтары озық STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтарымен жабдықталған.

Жетіншіден, мектептер ең заманауи бейнебақылау, кіріп-шығуды бақылау жүйелерімен қам­тамасыз етілген. Ғимараттар өрт қауіпсіздігі, санитарлық және бас­қа да талаптарға толық сай келеді.

«Жайлы мектеп» жобасы Қазақ­стандағы білім беру жүйесі­нің жаңаруында маңызды рөл атқарады. Мектептерде жасалған жайлы жағдай оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытатыны, оқуға деген ынтасын арттыратыны анық. Жоғарыда атап өткеніміздей, білім ордаларында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады.

«Жақында ашылған 103 мектеп жайлы мектепте балалардың, білім алушылардың, жалпы жұмыс істеп жатқан педагогтердің қауіпсіздігіне қатысты шаралар бірінші жолға қойылған. Яғни баланың кіріп-шығуын қадағалайтын ішкі-сыртқы бейнекамералар бар. Расында да жобаның талаптарына сәйкес бала қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Сондай-ақ бала тәрбиесі де – негізгі мәселе. Қазіргі кезде «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша да іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр», дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмагүл Мұсабек.

«Жайлы мектеп» жобасы ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды да назардан тыс қалдырмаған. Оларға арнайы сынып бөлмелері бар.

«Бұл мектептің басқа мектептерден ерекшелігі балаларды әрі қарай дамытуға арналған құрал-жабдықтармен толық жаб­дықталған. Оқушылар сы­нып­тағы заттарды қолымен ұстап, тү­сін анықтап көре алады. Мысалға, бізде сөйлемейтін не­месе тілінде кемістігі бар балалар болуы мүмкін. Оларға тү­сін ажыратып, санын көзімен көріп, қолымен ұстатуға барлық жағ­дай жасалған және біздің бас­ты мақсатымыз ерекше балаға ерек­ше қолдау көрсету», дейді 103 жайлы мектептің инклюзивті білім беру мұғалімі Мадина Сағындық.

«Жайлы мектептердің жағ­дайы ауылда да, қалада да бірдей. Бұл үне­мі сапасы қаладағы білім ошақ­тарынан қалыс қалып қоя­тын ауыл мектептері үшін зор қуа­ныш. Мәселен, пайдалануға берілген 21 мектептің 8-і ауылда орналасқан.

«Өткен жылы өзіміздің кішігі­рім ауылымызда астаналық мектептерден ешбір жері кем емес осындай заманауи, әдемі мектеп ашылады деп елестете де алмап едік. Енді, міне, немерем жаңа мектептің табалдырығын аттады. Ел болып қуанып жатырмыз», деді Қараөткел аулының тұрғыны Гүлнұр Аманова.

Ал Алматы облысы, Қарасай ауданы, Долан аулының тұрғыны Абылай Шаймерден «Жайлы мектеп» жарқын болашақтың кепілі екеніне сенім білдірді.

«Бұрын балалар бастауыш сыныпты жабдықталмаған үй секілді ғимаратта оқыған еді. Мына мектепті көріп қуанып жатырмыз. Шынында басталғаннан бері көріп жүрміз. Сыртынан келіп қарап кетеміз. Немеремді осы мектепке орналастырсам деп жүр едім. Балам қазір осында бесінші сыныпта оқып жүр. Мұнда барлық мүмкіндік бар екен. Ішінде де, сыртында да жақсы жұмыстар жүріп жатыр. Әлі де жақсы болады деген ойдамын. Осы жайлы мектепке армандап келіп отырмыз. Балалар жан-жақты дамитынына сенеміз», дейді ауыл тұрғыны.

«Жайлы мектеп» жобасының тағы бір маңызды аспектісі – саламатты өмір салтын насихаттау. Жаңа мектептерде спорттық, мәдени, шығармашылық іс-шараларға арналған кеңістіктер ұйымдастырылып, оқушылардың дене шынықтыруы мен рухани дамуы үшін мүмкіндіктер артады. Спорттық алаңдар, асханалар, демалыс аймақтары балалардың денсаулығын сақтау мен әлеуметтік ортада өзін-өзі дамытуына жағдай жасайды.

«Жайлы мектептің» жүзеге асуы білім беру саласындағы өзге­ріс­тердің бастамасы. Бұл жоба білім беру жүйесін жаңартып, сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.