22 Маусым, 2010

ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН

784 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Журналист жолда жүргенде 3. Алтайымнан айналдым Қазығұрттан қарадым. Алтайымнан айналдым. Дедік. Деп едік. Сіздің тілшіңізге тас-қын болған Шығыс Қазақстанға барып қайту туралы тапсырма берілгенде, Қазығұртта, “Нұқ пайғамбардың кемесі” кешенінің түбінде тұрғанбыз. Мемлекеттік рәміздер күнінің қарсаңы-тұғын. “Киелі Қазығұрт” қоғамдық қоры мен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқар­масы бірлесіп, керемет мереке өткізіп жатқан. Қазығұрттың тепсеңіндегі арнайы сахнада Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік Елтаңбасының авторы, Астана­дан әдейі шақырылған мәртебелі мейман Жандарбек Мәлібеков сөйлеп тұрған. “Мынау – шаңы­рақ. Мыналар – кереге­лер. Жетпіс уық – өмір мен күн көзінің сәуле­лері. Мынау – босаға. Астындағы – табал­дырық. Елтаңбамыздың екі жағында – алтын қанатты, ай мүйізді ақбоз пы­рақтар. Үлкен қауырсындар – ата-баба-лар, аға ұрпақтар. Кіші қауырсындар – жас өскін, жаңа ұрпақтар...” деп толқыған. Қазығұртыңызға қалтафон арқылы жедел жеткен тапсырма таңырқатқан. Сіз­дің тілшіңізді. Қойын дәптеріміздің ішкі мұ­қабасы кең-байтақ Қазақ елінің кар­та­сы­­-тұғын. Алтай жаққа көз тастап, қиял­­ға шомдық сол сәтте. “Қазығұрттан қара­дым. Алтайымнан айналдым”, – дедік күбірлеп. Сол күні ұшаққа билет алған ек. Қалбатау қарғынының іздерімен көп жүрдік. Тарбағатай тағылымына қанық­тық. Ендігі жолымыз Өр Алтай мен Төр Алтайға түсіп тұрыпты. Түс ауа тарғыл-тар­ғыл тауларды артқа тастадық. Оң бүйі­рімізден Бұқтырма теңізі байқалған. Бұлаңыта бұлдырап. Бірсін-бірсін айқын­далған. Жа­қын­даған. Алғашқыда сұсты­лау, суықтау сезілген. Бірте-бірте жылуарланған. “Сағат төрттегі паромға үлгереміз. Жақ­сы болды”, – деді Әлібек Қаңтар­байұлы. Бергі беттен арғы жағаға дейін паромыңыз жарты сағаттан астам уақыт жүреді екен. Жеті шақырымды. Паром­ның шайханасындағы орыс қыздары шырайлы һәм шуақты. Пісте майға самса қуырып жатыпты. Нұржан Қуантайұлы биік терезеден бұйра толқын­дарға көз тастайды. Ойлы. Өзінің өлеңін­дегідей: “...Ақ көбік толқын, қай жерде ту­дың? Тереңінде ме теңіздің. Елжіреп жат­қан жағаны жудың. Елесін таппай көп іздің”, – дейтіндей. “Одар күтіп тұрған сияқты”, – дейді қара көзілдірікті Қаңтар­байұлы. Әлекеңнің әдеті: олар демейді, одар дейді. Бұлар демейді, бұдар дейді. Бір өзі – бір диалектілік аймақ секілді. “Одар” шынымен-ақ күтіп тұр екен. Ка­тонқарағай ауданының әкімі Серік Зайнул­дин мен мәслихат хатшысы Дүйсен Брали­нов мырзалар. Аудан орталығы Үлкен­нарынға жеткенше тасқын жайы тілге тиек етілді. Бұқтырмаңыз кешірек таси­ды. Ұлы өзеніңіз мұнар-мұнар тау­лардан, мұздықтар­дан басталар. Ақайрық, Қапас қатпарлары­нан. Әуелгіде ені елу метр. Келе-келе жетпістен жүзге жетер. Бара-бара жүз елу метрден асып та кетер. Жол-жөнекей жүзде­ген салалар қосылар. Ойсып пен Ақбұлақ, Барынду мен Черно­вая, Каменка мен Жазаба, Жаңатаң мен Өрел, Сарқырама мен Күркіреме, Сарым­сақты мен Бұланты деп жалғаса берер. Катон­қарағайдың көлдері де көп. Қара­көл, Қамыстыкөл, Алакөл, Ма­ралды­көл, Ара­санкөл... Мемлекеттің жәр­де­мі­мен былтыр бірталай іс тындырылыпты. Тас­қын­ға тос­қын қою жөнінде. Өткен жылғы мау­сым айында Бұқтырма бөтенше буырқаныпты. Мұз кептелген. Бірталай үйді су алған. Бірталай жердің жолы шайыл­ған. Сонда облыс әкімі мен Төтенше жағдайлар министрі келген. Ха­лықпен кездескен. Тез арада тоспа-тоған салуға 21 миллион теңге, жол жөндеуге 53 миллион теңге бөлінген. Мал-мүлік шығындарын өтемекке қажетті қаржы қарастырылған. Былтыр және биыл талай-талай тоспа-тоғандар, бөгет-бөген­дер бой көтермегенде ше, алыстағы Ар­ша­ты­дан бастап, беріректегі Балғын, Үлкен­нарын, Ақсу, Сенное, Қайыңды ауылдарына қатты қауіп төнетін еді. Серік мырза әңгімелеп отыр. Оралхан Бөкейдің ауылы Шыңғыстайдың жаны­нан бұлғақтап ағатын Бұқтырманың бойын бекітуге және тау селіне тосқауыл қоймаққа ЖСҚ жасалып, 27 миллион теңге қаржы бөлу туралы ұсыныс бері­ліпті. Аудан тара­пынан. Әлібек Асқаров­тың ауылы Ақмарал­дың жанынан алқы­нып ағатын Быструшка өзенінің арнасын кеңейтіп, ескірген көпірді жөндеуге де ЖСҚ жасалып өткізілген. Катонқарағай ауылында Катунка өзенінің арнасын кеңейтпек ләзім. Қызыл судың қаупі үлкен. Оған он миллион теңге керек. “Былтыр және осы көктемде салынған бөгеттер абырой болды, әйтпесе, – деп ой­ланып қалады Серік Зайнулдин. – Биыл да көп қиындықтарды бастан кештік. Қардың қалыңдығын қайталамай-ақ қояйын. Наурыздың он жетісінен он сегізіне қараған түні Сөгір – Печи авто­мобиль жолында адам шошынарлық қар көшкіні түсті. “Қазселденқұтқару” мем­лекеттік мекемесінің мамандары көш­кін көлемінің 45350 текше метрден асқанын анықтады. Бұл – біреуі ғана. Одан кейін қаншама көшкіндерді көрдік. Аққайнар мен Берел ауылдарын су басты”. Бұл кезде бұрынғы Большенарым, бүгін­гі Үлкеннарын кентіне жеткенбіз. Бердібек Сапарбаев бұл ауданға былтыр алғаш келгенде қызық бопты. Аудан орта­лығының көркіне қатты қапаланыпты. Серіктің Ка­тон­­қарағайға әкім болғанына көп уақыт өте қоймаған ғой. Сонымен не керек, Сапар­баевыңыз: “Мынадай да орта­лық бола ма? Мен сендерді Оңтүстік Қазақ­­стан облы­сы­ның Созақ ауданына апа­ра­йын. Шолақ­қор­ған дейтін орталы­ғын көр­се­тейін. Он­дағы табиғат жағдайы, ондағы қиын­дықтар осы жердегіден он есе күрделі. Мыналарың ұят. Бір ай мер­зім берем. Абай атамыз айт­қандай, істі қалай бастаған­дарыңа қарап қаржы бөлем”, – дейді. Бір айдан соң қайта соғады. Сапар­баев. Бұл кезде Серік Зай­нулдиніңіз зада тек­тілігін танытып, за­йыр­­лы болжам­пазды­ғын аңғар­тып, бірта­лай тірліктерді бастап үлгерген. Зәу­қайырда ойынан шықпаса, орнынан алуды діттеген облыс әкімі әрлене ба­стаған, зерленіп үлгер­­ген орталыққа қарап, қуанып қалады. Күледі. “Біраз нәрсені талқандап тас­таған­сың ба?” – дейді. Аудан әкіміне. Зайнул­ди­ніңіз сас­пайды. “Беке, өзіңіз қар­жы қарас­ты­рамыз деген соң...” деп, күміл­жіген кейіп таны­тады. Қазір қараса­ңыз, Үлкен­нарын­ның орталық алаңы мұқым-мүлде басқа­шалан­­ған. Теп-тегіс күйге түп-түгел жет­­кізіліп, тол­айым-тұтас асфальт­тал­ған. Алаңның айналасы ерекше ернеутас­тармен (бордюр) бәдізделген. Үй-жайлар­дың қас­беттері өңдене өзгерген. Гүлзарлар жасалған. Әсіресе, Мәдениет үйінің іші де, сырты да заманауи талаптарға толық сай келердей сапалы жөнделіп, орталық алаң­ның көркін арттырған. Катонқарағайыңызда он үш ауылдық округ бар. Елу төрт елді мекенді қамтиды. Елу екі мектеп бар. Катонқарағай ҰБТ-дан үш жылдан бері бірінші орында. Аудан бойынша 78 мың қой-ешкі, 40 мың­нан аса ірі қара, 7 мыңға жуық марал мен теңбіл бұғы, 10 мыңдай жылқы, 5 мың­нан аса шошқа өсіп жатыпты. Омарта шаруашы­лығы да жаман емес. 8 700 ұя ұсталады. Егіндік жері 70 мың гектар. Оның 20 мыңына бидай, 33 мыңына күн­бағыс, 15 мыңына мал азығы дақыл­дары, 1270 гектарына картоп егілген. “Басты мақсатымыз – туризмді дамы­ту, – дейді Серік мырзаңыз Алтай тау­ларына қарап қойып. – Ең күрделі мәсе­ле – жол. Теңдесі жоқ Тәңірсу дей­тін ара­сан қайнары тү-у түкпірде. Мұзтау жақ­та. Елу километр жол мүлде нашар. Респуб­ликалық, облыстық деңгейде деп есепте­летін трассалардың өзі сын көтер­мейді. Ал аудандық маңыздағы жолдар 85-жылдардан бері жөндеу көрмеген. Қазір өз күшімізбен қамдастырып жатырмыз. Жиырма жеті шақырымын ретке келтірдік”. Катонқарағай ауданындағы жол бой­ларынан дәмханалар мен қымызханалар­ды жиірек байқайсыз. Үкімет қымыздың әр литріне алпыс теңгеден субсидия төлей­тін болыпты. Былтыр 28 қымызхана жұмыс істеген екен, енді 35-ке жетпекші. Киіз үйлер тігіле бастапты. Ағаш үйлер салынып жатыпты. Зайнулдин әкім болып келгелі алға жылжыған тірліктер аз емес екен. Тоғыз жерде мал бордақылау алаңы ашылыпты. Бір кило етіңізге тоқсан теңге­ден субсидия төленеді. Көктемгі егіс­ке мемлекет тарапынан 83 миллион теңге бөлініпті. Шаруа қожалықтары үшін үлкен көмек қой бұл. “Қалталы азаматтардың қайырымды болғанына не жетсін, – дейді Серік. – Осыдан екі жылдай уақыт бұрын әкім боп тағайындалдық емес пе? Катонға. Осында саяхатқа шыққан екі досқа кезігіп, танысу­дың сәті түсті. Біреуі Ақтаудан, екіншісі, Алматыдан екен. ҚазМУ-де бірге оқыған екен. Алтайды жақсылап көрмек екен. Жан-жақты білмек екен. Мықты-мықты кәсіп­керлер екен. Қыдырды. Қатты қызық­ты. Нәтижесі не болды дейсіз ғой? Екі жылдан бері “Екі дос” атты демалыс және емалыс орнының құрылысы қызу жүріп жатыр. Екеуі 350 миллион теңге қаржы шығарды. Марал шаруашылығын сатып алды. Панты өнімдерімен емдеуге. Мау­сым­ның екінші онкүндігінде іске кіріседі деп отырмыз. Ертең барып көресіздер ғой”. Аудан аумағындағы құрылыстың қар­қы­ны қуанарлықтай. Бұрын орталық бол­ған Катонқарағай кентінде жобалық құны екі миллиард теңгелік керемет аурухана салы­нып жатыпты. Еуропалық стан­дартқа сәй­кес. Алдағы тамыз айында пайдалануға беріл­мек. Өрел ауылында құны 824 мил­лион теңгелік, 320 орындық ғажайып мек­теп бой көтеріп келеді. Зай­нулдиніңіз Зай­саннан осында келгеннен кейін баяғы­да ұстағанның қолында, тісте­геннің аузын­да кеткен мәде­ниет ошақта­ры мен балабақшаларды қай­таруды қолға алды. Оңай емес, әрине. Көп ұзамай-ақ 23-тің 16-сын тегін қайтаруға қол жеткен. Соңғы екі жылда үш балабақша ашылды, он тоғыз мектеп, үш клуб пен үш балабақша күрделі жөндеуден өтті. Жұртшылықпен, қатардағы, қара­пайым жандармен, тізгін ұстаған жетекші жігіт­термен шүйіркелессеңіз, талай-талай жәйт­терге қанығасыз. Қақаған қыс ызға­рын сезінесіз. Аса ауыр болған айлар, ал­ты-жеті метрге жеткен қар, алпыс градус­тан асқан аяз оралып кеп қалғандай күй кешесіз. Басшылықтағы байыптылар­дың бірі Қали­хан Байғазыұлы бүй дейді-ай: “Білесіз бе, жеті ай қысты ойға са­лыңызшы. Алты метр қар. Қырық үш градус суықтық. Бір күн емес. Екі күн емес. Бір ай емес. Өткен қыста ше, төрт ай бойы сөйтті ғой. Белгілі бір нүктелерде алпыс бірге жетті. Әсіресе, қырық үшті ойласам, әлі күнге дейін шүйдем шыңыл қағады-ай. Бүгін де – қырық үш. Ертең де – қырық үш. Апталар бойы. Айлар бойы... Ығырың шығып, зығырданың қайнайды. Алайда, сен басшы­сың. Саған сенім артылған. Елге бас-көз болмаққа міндеттісің. Деп, қайралып, тірлікке кірісеміз ғой, баяғы. Жолда қалып қойған автобусқа асыға аттанасың. Алпыс бала үсуге таяу. Аудан орталығына асығыс жеткізесің. Жылындырасың. Тамақ ұйым­дастырасың. Орналастырасың. Қыс бойы осылай. Ал термометрге қарағың келмейді. Қырық үш градус... Аяз...”. Қалихан Байғазыұлы – кәнігі аңшы. Темір тормен қоршалған қораның бір бұры­­шын бытырлата үзіп, олай да былай ысырып, қырылдай қорбаңдап кіріп, малды қырып, жапырып жүрген қос аюды қақ маңдайдан атып құлатқан Қалиха­ныңыз осы. “Біздің бұл өңірде өмір сүру оңай емес. Айттым ғой, жеті ай қыс. Көк­тем мен жаз және күз қосылғанда, бес ай­ға кейде жетеді, кейде жетпейді. Бес ай түгелдей келесі қыстың қамымен өтеді. Әсіресе, шөп шабу мен тасу және жинап алу кезінде алтайлықтардың бір-біріне қарауға, тіпті сәлемдесуге мұршасы жоқ. “Ассалау” дейді. “Әлекім” дейді. Толық айтып тұруға, мойын бұруға мүмкіндік кем”, – дейді Қали­ханыңыз қалжыңын араластырып. Ертеңіне ертелете аттандық. Алтайдың қойнауларына қарай. Мәслихат хатшысы Дүйсен мырза мен әкімнің орынбасары Қайырхан Сәдуов жол бастады. Кішіна­рын ауылындағы қайтарылған балабақша мен клубты көріп қуандық. Тап-тұйнақтай балабақшаның меңгерушісі Гүлмира Сая­қованың шаттығында шек жоқ. Айнала-төңіректі түгел гүлге бөлеп үлгеріпті. Майемер ауылынан ары қарата қайран Алтай құшағына қысып ала жөнелер. Нарын өзенін әлсін-әлсін кесіп өтерсіз. Көпірлер арқылы. Шығысқа қарай өрлей түсерсіз. Сол жағыңыздағы жатаған таулар тықырлау тартар. Ал оң жағыңыз – Ал­тайыңыздың Алатау сынды сілемдері. Бұй­ра-бұйра ақ­шаң­­қан бұлттар қалқиды-ай. Ақша бұлт­тардың астында қарлы шыңдар зораяр. Сап-салқын, жеп-жеңіл желемік желбірей елбі­рер. Еңістеу етектегі жазықтар жап-жасыл шал­ғынға айнала бастаған. Алтын жалат­қандай ақсары, сар­шанақ гүлдер, түйірт­пектер жайнаң қаға­ды. Қайда қарасаң да. Қайырхан: “Сол жақтағы таулар мен жота-жондар, қырат-қырлар ну орман, қарағай-қайың, қалың тайга болған. Сіз қай­ран қалып отырсыз-ау? Бұл – әбден сел­­діреп, тозған­дағысы ғой”, – деді. “Ал­тайдың қасиеті де көп, қасіреті де қалың, – деп күрсінді әріптесіміз Әлібек Қаңтар­байұлы. – Әне, анау ойпаңдағы Солдатово селосы. Сол жақтағы. Ал оң жақтағы Өрнек ауылы”. Өрнек десе, Өрнек екен. Ғажайып көрі­ніс. Қара сөзбен жырлаған Оралхан Бөкей прозасының құдіретті әуені қалықтап жеткен құлаққа. Қаңтарбайұлы Әлібек һәм осы Катон­қарағайда, Топқайыңда туып-өскен. Қара­самырсын деген шатқалды көрсетті. Бүр­кітті деген шыңды көрсетті. Пахомов деген чекисті атып кеткен банды Балта­байды тілге тиектеді. Әмбеге белгілі Әбді­керім ақынмен бірге арғы бетке өткен. Тәркілеу мен ұжымдастырудың тұсында. Үш әріптің адамдары Әбдікерім ақынды у беріп өлтірген. Ал Балтабайдың аты Қы­тайда да аңызға айналған. Одан соң бар­шамыз Оспан батыр туралы ой бөліскен болдық. Бұрынғы Медведка, бүгінгі Белқарағай ауылы ойпаң белдің астында қалып барады. “Мына тауда қарақат, мойыл, бал­қарағай, таңқурайдың түр-түрі, бүлдір­геннің бірталайы, шырғанақ өседі. Қазір бәрі бүрленіп, гүлденіп, түйіндеп жатыр. Бірақ одарды (олар демейді) қызықтауға, күзде теріп, жинап алуға катондықтардың қолы тимейді. Шөп шабудан, пішен жинаудан, мал-жанның қам-қарекетінен”, – дейді Қаңтарбайұлы. Оған Оңдасын тиіседі: “Қайдам, әйтеуір ауызды қу шөппен сүрте бересің ғой”, – деп. Сәл тепсеңдеу тұстағы сайдың күне­сін­де дарбаза тұрыпты. Онда “Катонқа­рағай мемлекеттік ұлттық паркінің тұқым бағы” деп жазылған екен. Бұрылдық. Тұқым бағына кіре бере қатты-қатты қуанып кете­сіз. Көшеттердің кесте-кесте күйінде көз ұшына дейін тізіліп тұрғанын көріп. Жүре­гіңіз атқақтайды. Төр Алтай­дың келешегі, кенеркөгі кесте-кесте кө­шеттер арқылы аңғарылатындай. Қа­сыңызға Қасымбеков Бөленхан келеді. Күлімсірей сәлем береді. Жүйек-жүйек, жүлге-жүлге жасылкөк көшет­тер планта­цияларының арғы шетіне көз жетпес. Орта тұсында қыз-келіншектер жүріпті. Өңдейді. Жетілгендерін жөндейді. Кесте-кестелерден қазып алып, десте-дестелеп жинайды. Қылқан жапырақтылар­дың түр-түрі жыпыр-жыпыр етіседі. Тұп-тұнық, тап-таза, мөп-мөлдір мыңдаған там­шы­лар жалт-жұлт жайнайды. Қылқанды­лардың қылтиған бойларынан. “Тұқым бағының аумағы 58 гектар, – дейді Бөлен­хан мыр­заңыз. – Мынау – Сібір шырша­сының қатарлары. Жайырақ жетіледі. Баяу­лап өседі. Екі жылда 10-12 сантиметр боп тұр ғой, міне. Уақтылы, ықыласпен қонды­рылса, бір метрден асқан соң заулайды. Жиырма екі түрлі жеміс-жидек көшеттері де бапталады бізде. Жақында Ресей Мемдума­сының депутаты Владимир Кузнецов деген кісі кеп кетті. Бұрын Новосибирскіде губернатордың орын­басары болған екен. Катонқарағайдың көшет бағына қатты қызықты. Тіпә-тіпә, тіл-көзің тасқа дедік”. Көшеттер әлемінің әсерімен Топ­қайың­ға топ ете түскенімізді Бүркітті бұла­ғына тірел­генде ғана білгендейміз. Мұнартың­қыра­ған Маятекше, қарауы­тың­қыраған Қырық­құдық былайырақ қалған. Оң жақ­тағы шоқылар тұп-тұтас аққайың. Жоғары­рақта сыңсыған са­мырсын. Тау-таулардың арғы аңғарлары­нан ақ жайлау­лар, Сарыал­қадай саржай­лау­лар басталар. Күршіміңізге дейін керіліп-созылар. Деседі. Төменіректе Топқайың ауылы. Ауылдың арғы бетінде Ақтасты жайлауы. Сәл күшы­ғысқа таман Қоң­қай тауы. Қалиханыңыз қатырып, Орал­­ханыңыз опырып жазатын Қоң­қайы­ңыз осы. Топқайыңда қазақ проза­сының қара­нары Қалихан Ысқақтың қарашаңы­рағы бар. Қайырылдық. Келіні Қорлан қасымыздағы Қаңтарбайұлын та­нып, бірден қалжыңға басты. Қуантайұлы Нұржан екеуміз Қалихан ағамыздың жалаңаяқ жүр­ген жерлеріне құмарта, қызыға қарай­мыз. Сүт қатқан шәй мен қолдан жабылған ақ ұлпа бөлке нанды соғып отырғанымызда, қаламгер ағамыз­дың інісі Сайлауханның ұлы Айдын келді. Тұп-тура Қалағаңның жас кезін көрген­дейміз. Айдынның келіншегі Ақгүл шәй құйып отыр. Қорлан: “Сайлау­хан құдаларына кетіп еді, Ұлан жаққа”, – деп қояды. Айдын: “Атам (Қалихан Ысқақ­ты айтады) мен Дәмеш апам Дидахмет ағаның тойынан кейін келетін болды”, – деді масаттана сөйлеп, маңдай терін маңыз­дана сүртіп. Сарымсақтыдан өте бере Катонқара­ғай кенті басталар. Ауыл әкімі Амантай Балта­баев күтіп тұр екен. “Бұрын, кеңес тұсын­да КГБ-да істеген, подполковник шенінде зейнетке шыққан” деп еді Әле­кең жол-жөнекей. Әбекеңнің түсі суықтау шығар десек, жып-жылы көрінеді. “Мынау Орал­хан Бөкей оқыған мектеп”, – дейді. Аң­тарыла таңырқаймыз. “Анау Оралхан Бөкей еңбек жолын бастаған баспахана мен аудандық газеттің бұрынғы үй-жай­лары”, – дейді Амантай. Қайы­рылып қарай­мыз. “Тасқаланы”, “Сара­танды” жаз­ған Дидахмет те көп жүрген жерлер ғой. Катонқарағайда жеті мың адам тұра­ды, шаруа қожалықтары екі жүзге таяу. Тым ұсақ. Ірілендіруге әрекет жоқ емес. Үш жүз гектар егістік жермен, қой, ірі қара, жылқы, марал өсірумен қарекет етеді. “Бізде бидай пісіп үлгермейді. Бірақ баяғыда, тың игеру ұранымен талай жерлер аяусыз тілгіленіп, жабайылықпен жыртылған”, – дейді Аман­тай. Үш орта, екі орталау мектеп бар екен. Катонқа­рағай кентінде. Төңірегінде Қабыр­ға, Жаңаүлгі, Шыңғыстай, Мойылды сын­ды ауылдар тұр. Катонқарағай – бұ­рын­ғы аудан кіндігі. Қазір де солай сезіледі. Біз жа­ңа­­дан салынып жатқан ғажайып ауру­хананы, осы өңірдің түлегі, кәнігі кәсіпкер Ертай Кешімбаевтың көмегімен көмкеріліп, жайнап үлгерген, жасөспірім­дер мен бала­лар игілігіне икемделген жаңа саябақты ара­ладық. Ауыл әкімі: “Қуаныш­тарымызға қуан­ғандарыңызға, Төр Алтайдың түкпіріне келгендеріңізге рах­мет. Бізде ғана емес, бү­кіл облысымызда, елімізде жемісті жұмыс­тар жасалып жатыр. Жасампаздықты жүрек­тен қозғап жазғандарыңыз жөн ғой”, – деп қояды. Жүрек шіркін “түм-түп, түм-түп, түм-түп” деп, Бұқтырмадан бетер бұлқынар. Шыңғыстайдың тастақтау, тарлау көше­сінің бірімен жүріп өтіп, Оралхан­ның қара-шаңырағына да жеттік. Ақ­қайыңдар тебірене тербеледі. Қарағайлар қалқаяды. Шыршасы тұр шым-шым ойға түсіп. Қаламгер мүсіні қарауытыңқырап қапты. “Мем­­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты О.Бө­кей­дің мұражай үйі” деп жазыпты маң­дайшаға. Алайда, атқарылар жұмыстар аз емес. Шешілмеген түйіндер жетерлік... Қи­май-қимай қоштастық. Оралханның Шым­кентте шаттанған шақтары, шын сүйінген сәттері, кейде кербұғыдай кекіре­йіп, еріндерін қайшылайтыны, Созақты апталап аралаған күндері көз алдымызға келеді. Шыңғыстай ауылының ортасындағы, әйгілі Әбдікерім болыс салдырған мек­тептің орнын бір байқап өтпекке бардық. Қара­қошқыл, қалқайған дарбазасынан басқа тамтық жоқ. Қаңтарбайұлы да осында оқы­ған екен. Іргетастардың қал­дықтарына қарап, қараторы жүзі күреңітіп кетті. “Тоқ­сан жетінші жылы жаны ашымастар, қайырымсыздар қиратты ғой, әттең-ай, әттең!” – деп жанарына жас алды жүрегі нәзік журналисіңіз. Күңі­реніп, күреңіте­тін­дей-ақ. Тарихи мектепті сақтап қалуға әб­ден-ақ болатын екен. Мың жылға мойымас қызыл қарағайдан салынған екен. Тал­қандап, бұзудың өзі оңайға соқпаған. Бұл алтын ұяда ала­шыңыздың ардақты ақыны Сұлтанмахмұт сабақ берген. “Жұрт ұйқыда, мен ояу” деп жыр жазған. Бір ғасыр тұрған мектеп әлі талай ғасырға шыдар еді. Өрел ауылынан Берел жақ бетке асарсыз. Бұқтырма арқылы. Аспалы ағаш көпірді, одан темір көліктердің селкілдей жүріп өткенін алғаш көріп, бастан өткер­мек те оңай емес. Жамбыл ауылы­ның әкімі Бейімбет Балаев жымияр. “Қо­рық­п­аңыз, суға қарамаңыз”, – деп жұбатар. Берел қорғаны, Берел обалары тура­сында көзіқарақты оқырман жан-жақты хабардар. 1998-1999 жылдары қазақ-фран­цуз экспедициясы қазба жұмыстарын жүр­гізген. Оған Бельгия, Италия, Ресей, сынды елдер­дің ғалымдары мен маман­дары қатысқан. Айтулы археологымыз Зейнолла Самашевті білесіздер. Сол қаз­ба­лар кезінде керемет жаңалық ашылған. Отыздан астам обаның қатарындағы он бірінші ғибадатхана-кесенеден осыдан екі мың бес жүз жыл бұрын жерленген сақ кө­семінің және бір әйелдің денелері та­был­ған. Он үш пырақ қоса көмілген екен. Мәңгілік тоң қабаты мұқият еске­ріл­гендіктен, жылқылардың еті бұзылмай сақ­талған. Төрт пырақтың алтын қанат­тары мен ай мүйіздері қолдан өрнектелген екен. Бұрын бірер басылымнан байқасақ та, қазбаға қатысқан Дүйсен мырза өз аузымен айтқанда ше, мүлде басқаша естіліп, бөлекше әсерленеді екенсіз. Кенет осы жаққа аттанардағы Қазығұртыңыз, көгілдір сахнадағы Елтаңбаңыз, оның авторы Мәлібековтің мәліметтері, қос пырақтың алтын қанаттары мен ай мүйіздері елестеп өтті. Берел қорғаны түбінде тұрғанымызда. Мінекиіңіз, “Тоң басқан обалар кере­метінің” орындары осында. “Анау ағараң қағып, ақжонданып мұнартқан Шындығатай. Бергі бау­райында Аршаты ауылы бар”, – деді Әлібек Қаң­тарбайұлы күрсініп. Сол жақ­ты сағынып тұрған секілді. Шындығатай жайында шабыттана жазатын Асқаров Әлібегіңіздің бір дүниесіндегі: “Кең-байтақ қазақ жеріне, қазақтың тәуелсіз еліне күн алдымен осы Шындығатай жақтан шығады”, – деген сөздері келді құлағымызға. Берел қорғанынан сәл беріректе, Бұ­лан­ты бұлағының бойына таман қорық-мұра­жай негізі қалана бастапты. Ағаштан сәндеп салынған үш үй бітіп қапты. “Берел мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-мұра­жа­йы” деп аталар, ашық аспан астындағы ға­жа­йыпқа айналар бұл кереметке Ерен Жұма­ғұловтайын ереніңіз жетекшілік етіп жүріпті. Ерен десе Ерен. Ұлттық паркті бас­­қар­ған. Талай-талай туристерді Мұзтау жақ­қа бастап барған. Небір-небір ақиық ақын-жазушы­ларға жолбасшылық жасап, Ал­тайыңызды армансыз аралатқан. Қай қалам­герді ата­саңыз-дағы, рахаттана күледі: “Ой, ол менің досым ғой”, – деп мақтанып қояды. Бұланты бұлқан-талқан. Жағасына жақындауға жасқанасыз. “Бұлақ аталған­мен, қиқарлығы қиын, – дейді жергілікті Жамбыл мектебінің директоры Әлібек Аманов. Бұның бойында он көпір бар еді, төртеуін тасқын әкетті. Кемпіртауды кемерлейтін жол жабық. Шұбарағаш ауылына атпен ғана қатынаймыз”. Кешке қарай Ерен Жұмағұловтың жұмысшыларымен қоштасып, жолға шыққанбыз. Бұқтырманың екпіні күшейе түскен. Аспалы ағаш көпірмен абайлап өтіп бара жатқанымызда, жағадағы ауыл­дың тоғай жағын су басқанын байқадық. Жігіттер жөңкіле ағып келген ағаштарды жағаға шығарып, көпірдің аузында кезекшілікті қырағы атқарып жүр. Түн ортасына таянғанда Топқайыңға тиіп тұрған “Екі дос” демалыс орнына жеткенбіз. Әлі толық бітпеген бір үйінің тақта төсектеріне құлай-құлай кетістік. Ерте оянсақ, айнала-төңіректе тірлік қызып жөнелген. Бас-көз боп жүрген Күлшария Аб­дулова мен Бейсен Жолдин: “Маусым­ның ортасы ауа пайдалануға береміз, марал мүйізінің моншасы мен сорпасына түсуге келіңіздер”, – деп қояды. Қызықтырып. “Он бес күн ертерек шығыпсыз іссапарға. Марал мүйізінің қалай кесілетінін көрер едіңіз”, – дейді Қайырхан мырза. Үлкеннарында қарбалас. Берел қорға­нына байланысты үлкен жиын өтпекші. Бір аптадан кейін. Таяу күндері Астанадан он шақты адам жетпекші. Әрине, жай қыды­рып келмес. Іргелі істерге іздер ашар, мәністі мәселелер шешер. Аудан әкімі күректей қолын ықыласпен ұсынып: “Тәңірсу жақты бір барлап, пысықтауға бара жатырмын. Ар­шат­ты айналып қайтармын. Бұқтыр­маның бас жағын барлап. Келіп тұрғай­сыз­дар”, – деді. Әлібек Асқаровтың “Алтай. Ал­тын бесік, ата жұрт” атты керемет кітап-аль­бомын тарту етті. Таба алмай жүрген тәбәрік тектес туынды-тұғын. Қатты қуандық. Бұқтырма теңізінен бері өтіп келеміз. Паром жиегінде төрт-бес нәуірзек торғай отыр. Көңілді. “Сүт-сүйт, сүт-сүйт, сүт-сүйт” де­ген нәзікеш үн-әуендері естіледі. Төбе­мізден топ-топ қарлығаштар ұшады. “Нәуір­зек пен қарлығаш баршылық екен-ау, биыл Оңтүстікте онша көрінбеп еді”, деп ойладық. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев уәдесінде тұрды. Бесінші күні, қайтар сәтімізде асықпай қа­былдады. Бекең сонда бүй деді: “Тас­қын­ға тосқынды айтасыз ба? Ол – Елбасы­­мыздың, елді­­гіміздің, бірлігіміздің нәтижесі. Он тоғы­зыншы наурыз күні шұғыл түрде қаржы бөлінді. Ақша бөлу машақаты белгілі ғой. Үкімет мүшелері, министрлер келді. Төтен­ше жағдай минис­трлігінің мың жарым маманы күні-түні тыным таппады. Қаншама қыруар техника жұмылдырылды. Бүкіл ел кө­мектесті. Тілек қосты. Оңтүстік Қазақ­стан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, тағы басқа да облыстар. Астана, Алматы қала­лары. Бәрі-бәрі. Әс­керилердің жәрдемі, тікұшақтар... Тарбағатай тауының ішінде алты жүзге жуық қыстау бар. Екі ай бойы қар құрсауында қалды. Босанатын әйел­дерді тікұшақтар тасыды. Үржарда да, Күршімде де, Зайсанда да. Ең қиыны – жолдардың жабылып қалуы. Алпыс жеті күн бойы боран соғып тұрды. Облыс аумағында 11,5 мың шақырым жол бар. Төрт ай бойы температура қырық градус­тан төмен түспеді. Қардың қалыңдығы 5-7 есе артық болды. Апта сайын бүкіл облыс­ты тікұшақпен түгел барлап шығатынбыз. Шығыс Қазақстан бойынша 143 гидро­тех­никалық құрылыс салынған. Тоғандар, тоспа­лар, бөгеттер, бөгендер, тағысын-тағылар. Мал шығыны Абай, Абыралы, Тарбағатай, Зайсанда көбірек болды. Бес жылға жеңіл­дікпен несие беріліп жатыр. Екі пайызын алушы өтейді. Бес пайызын әкімдік төлейді. Несиені ақшамен емес, малмен береміз. Ақшалай алған қазақ дүрілдете той жасап жіберіп, малсыз қалуы мүмкін. “Парыз” қорын құрдық. Төрт жүз миллион тең­гедей қаржы түсті. Түркістанда да сөйтіп ек қой, есіңізде ме? Оңтүстік­тегі­дей “Ту­ған жерге тағзым” акциясын жал­ғас­­тыр­дық. Елді көркейтуге септеседі. Ал “Туған жер – алтын бесігім” акциясы бойынша жүйелі түрде ақын-жазу­шыларды, өзге де өнер қайраткер­лерін, дарынды жастарды шақырып тұрамыз. Халықтың мәдени-рухани деңгейін биік­те­туге, ұлттық рухты оятуға өзгеше әсер етеді...” Облыс басшысы ойланып қалды. Әкім­дік ғимаратының алдындағы Абай­дың алып тұлғасына көз тастады. Сонсоң Шығыс өңірінің келешегі жайында әсер­лене әңгімеледі. “...Мен Сапарбаев туралы жақсы әңгіме естимін. Облыс басшылығы елдің жағдайын жақсы түсініп отыр, қолға алынған шаруалар жалғасын табады деп сеніммен айта аламын”, – деген еді Президентіміз осы өңірді аралағанда. Қай ауданға, қандай ауылға барсаңыз-дағы, кіммен сөйлессеңіз-дағы, облыс әкімі хақында тек жақсы әңгіме естисіз. Алаш ардақтылары айтқандай ғой. Қазақ үшін ұлтқа жаны ашитын қайраткерлер керек. Қашанда да. Қай кезде де. Қай өңірде де. Облыстық “Дидар” газеті жазғандай, “Авгийдің атқорасын” тазалау Бекеңнің маңдайына жазылыпты. Шығыс­қа жаңа леп әкелу үшін он есе артық жұмыс істеу керек болды. Сапарбаев ел сенімінің, Елбасы сенімінің үдесінен шығып жүр. * * * Ұшақтан талай-талай таулар көрінеді. Деп-демде ақ бұлттардың арғы жағында қалған Алтай жақты аңсап, сағынып үлгергендейміз. Қазығұрттан қарадым. Алтайымнан айналдым. Дедік. Мархабат БАЙҒҰТ, Суреттерді түсірген  Оңдасын Елубай.