«Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС – «Solidcore Resources» (бұрынғы атауы – «Polymetal») халықаралық алтын өндіретін компанияның болашаққа бағытталған жобасы. Оның аясында автоклавты тотықсыздандыруды қолдану арқылы айрықша төзімді, құрамында алтыны бар концентраттарды қайта өңдеу бойынша әмбебап кешенді салу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Өңдеу үдерісінің қорытынды кезеңі – доре қорытпасы. Мамандар болашақ комбинат Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей гидрометаллургиялық өндіріске айналады деп болжайды.
«Негізі доре қорытпасын алу өте күрделі тәсілдерден тұрады. Концентраттарды айырып алуды қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін. «Төзімді» кендерде, концентраттарда микронды алтын сульфидтарға (минералдар — пирит пен арсенопиритке) капсулданған. Мұндай алтын ұсақтау үдерісін қанша жүргізсеңіз де, нашар айырылады. Құрамында көміртек бар қосымша заттарға қатысты «екі мәрте төзімді» терминін қолданамыз. Себебі бұл жағдайда алтын көміртекпен ұсталып қалуы мүмкін. Сондай-ақ бұл алтынды айырып алу кезінде оның үлесінің төмендеуіне әкеледі. Біздің комбинаттың жобалық цехы сульфидті минералдарды жоғары температурада және қысымда оттегімен бұзуға негізделген, яғни автоклавты тотықсыздандыру және сіңдіріп, сілтісіздендірудің гидрометаллургиялық технологиясы таңдалды. Технология қоршаған ортаға әсерді төмендете отырып, әртүрлі заттық құрамдағы сульфидті материалдармен жұмыс істеуге, жоғары өндіру деңгейі бар әртүрлі кен орындарынан алынған жоғары көміртекті «екі мәрте төзімді» сульфидті концентраттарды тиімді қайта өңдеуге мүмкіндік беретін әмбебап ерекшеліктерді қамтиды. Ал автоклавты тотықсыздандыру – төзімді кендерді қайта өңдеуге арналған әлемдегі экологиялық тұрғыдан ең қауіпсіз технология. Жоба инвесторы – «Solidcore Resources», инвестиция сомасы шамамен 800 млн доллар», дейді «Ертіс гидрометаллургия комбинаты» ЖШС бас директоры Арман Бейсембинов.
Өндіріс орны «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасады. Келешекте облыс экономикасына елеулі пайда әкеледі деп күтіледі.
«Заманауи жоғары технологиялық өндіріс шамамен 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, комбинаттағы бірқатар үдерісті қамтамасыз етуге мердігерлік ұйымдарды тарту жоспарланған. Ал бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын ашуға жағдай тудырады. «Solidcore Resources» компаниясы өзі орналасқан аумақтың әлеуметтік тұрақтылығын қолдау мақсатында инвестиция құюға да әрдайым ынталы. Топтың Қостанай мен Абай облыстарындағы кәсіпорындары бірнеше жыл бойы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық деңгейін жақсарту жұмысы нәтижелі жүргізіп келе жатыр. Жаңа спорт залдары ашылды, көпбалалы отбасыларға баспаналар сатып алынды, медициналық жабдықтар мен медикаменттер сатып әперілді. Елді мекендердегі бақтар абаттандырылып, шалғайдағы ауылдар интернетпен қамтамасыз етілді. Осы тарапта Ертіс-Баян өңірі де назардан тыс қалмайтыны анық. «Solidcore Resources» әлеуметтік саладағы оң тәжірибесін жалғастыруды көздеп отыр», деді А.Бейсембинов.
Қазір «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында компанияның атына жер пайдалану құқығы ресімделген. Автоклавты жеткізу іс-шаралары басталып, электрмен, сумен жабдықтау техникалық шарттары алынды. Комбинат өкілдері инженерлік инфрақұрылым мен жүретін жолдар үшін қосымша жер учаскелерін ресімдеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтады. Цехтың нақты қашан салынып бітетіні әзірше беймәлім.
Арнайы экономикалық аймақта жұмысын бастаған өндірістер мүлік, жер салығынан, кеден бажынан, сондай-ақ корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан босатылады.
Павлодар облысы