Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Finprom» дерегі бойынша, биыл қаңтар-тамыз аралығында «Wildberries» алаңында отандастарымыздың тапсырысы өткен жылғы кезеңге қарағанда 2 есе өскен. «Ozon» маркетплейсі де физикалық сату көлемін биыл 12 есе арттырыпты. Халықаралық маркетплейстердің кең өріс алуына сатып алушылардың белсенділігі ғана емес, логистиканың дамуы да әсер етеді. Мәселен, «Wildberries» компаниясының біздегі ірі қалаларда 3 ірі логистикалық орталығы бар, қазір Астана мен Алматыда тағы 2 орталық салынып жатыр. Алпауыт алаңның баспасөз қызметінің мәліметінше, тапсырыстарды беру пункттерінің (ТБП) саны өткен жылы 8,9 есе көбейген. Биыл тамызда 2023 жылдың желтоқсанының соңымен салыстырғанда тағы 52%-ға өсіпті.
2024 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, «Ozon»-дағы тапсырыстарды беру пункттерінің саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 есе өскен.
Былтыр елдегі электрондық сауда нарығы рекордтық деңгейге жетіп, 2,4 трлн теңге болды. Яғни 24,2%. Транзакциялар саны 84,1%-ға өсіп, 90,2 млн-ға жуықтады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, маркетплейстер арқылы сатылған тауарлар жалпы электрондық сауда көлемінің 72,4%-ына шамалас, бұл шамамен 1,8 трлн теңгеге пара-пар. Ал отандық ұйымдардың өз сайттары арқылы сату көлемі әлдеқайда аз. Бар болғаны – 672 млн теңге.
«PwC Kazakhstan» компаниясының зерттеу қорытындыларына сүйенсек, 2023 жылы электрондық сауда өсімінің негізгі қозғаушы күші тағы да халықаралық маркетплейстер болған. Олардың сатылымы 3,7 есе өсіп, жергілікті маркетплейстер сатылымды 1,7 есе арттырған. Негізі маркетплейстерге тек сатып алушылар ғана емес, кәсіпкерлер де үлкен қызығушылық танытады. Өткен жылы «Wildberries»-те отандық сатушылар саны 45%-ға өсті, ал «Ozon»-да сатушылар саны 4,6 есе артқан. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып отыр.