Үстіміздегі оқу жылының басында, Алматының алтын күзінің жаймашуақ бір күнінде университетімізде “Садықов оқулықтары” атты айрықша мазмұндағы ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған еліміздегі көрнекті ғалымдар, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, бүгінгі күннің өзекті проблемалары төңірегінде баяндамалар жасады. Бұл көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрметті ректоры Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовқа арналған ғылыми басқосу еді.
Халқы үшін адал қызмет атқарған азамат есімін ардақтау – ұлтымыздың аса қастерлі мінезі. Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Тоқмұхамед Сәлменұлы біз үшін, міне, дәл осындай қадірлі тұлғалардың бірі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің соңғы ширек ғасырға жуық тарихы осынау қайраткер азаматтың есімімен тығыз байланысты.
Жаратылысынан іскер, қолға алған ісіне адал, ұйымдастырушылық қабілеті айрықша осынау жанның бүкіл саналы ғұмыры еліміздегі жоғары білім жүйесін өркендетуге, республика мәдениеті мен экономикасына қажетті білікті мамандар даярлау ісіне арналды. Еңбек жолын Алматы құрылыс техникумында қарапайым оқытушы болып бастаған ол республикамыздың жоғары және орта білім министрінің орынбасары, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы саналатын іргелі оқу орнының ректоры дәрежесіне дейінгі ғибратты да жемісті жолдан өтті.
Қандай қызметте жүрсе де, әсіресе республика жоғары білім министрінің орынбасары болған жылдары Тоқмұхамед Сәлменұлы жоғары білім жүйесін жан-жақты дамытуға, жаңа заманға сай жаңаша көзқарастағы білікті мамандар даярлауға бағытталған озық технологиялық әдіс-тәсілдерді өмірге дендеп ендіру мәселелерін жүзеге асыруды әрдайым өзінің басты мақсаты санады. Республика жоғары оқу орындарында оқылатын пәндер арасындағы құрылымдық – логикалық және пәнаралық байланыстарды жолға қоюдағы еңбегі осынау қажырлы еңбек пен мақсаткерліктің айқын жемісі еді.
Ғалымдық және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Т.Садықов республикадағы жоғары білім берудің ұлттық жүйесінің дамуына, оның мазмұны мен сапасын кешенді түрде жетілдіруге, озық үлгідегі жаңа технологияларды оқу үрдісіне тереңдеп енгізуге, еліміздегі жоғары мектептің Болон процесіне белсенді түрде қосылуына айрықша үлес косты.
Академик Т.Садықовтың іскерлік, ұйымдастырушылық, қайраткерлік қабілеті әсіресе, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін басқарған жылдары айрықша жан-жақты қырынан көрінді. Ол 1987-2008 жылдар аралығында 21 жыл аталған университеттің ректоры болды. Бұл кезеңде Тоқтар Сәлменұлы өзінің бойындағы шығармашылық таланты мен іскерлік қарым-қабілетін мейлінше жарқыратып көрсетті. Өмірлік бай тәжірибесі мен терең біліміне сүйене отырып, Тоқтар Сәлменұлы педагогикалық оқу орнының болашақ келбетін айқын бағдарлап, перспективалық даму бағыттарын дәл белгілей білді. Соның арқасында сол бір қиындау кезеңдерден оқу орнын абыроймен алып шығып, оның әлемдік білім кеңістігіне жан-жақты араласуына, аяғын нық басуына қол жеткізді. Бас-аяғы шағын бірнеше факультеттен тұратын педагогикалық институтты классикалық үлгідегі университет дәрежесіне көтерді. Оқу үрдісінде озық тәжірибелер қалыптасты, студенттер саны молайды, мамандар сапасы жақсара түсті. Жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес университетте жаңа мамандықтар, жаңа факультеттер ашылды. Елімізде алғашқылар қатарына халықаралық дәрежедегі мамандар, дипломаттар мен заңгерлер даярлау ісі қолға алынды.
Университет қызметінің ең маңызды принципі – білім берудің биік сапасына қол жеткізу. Осы жолда тер төккен университет ұжымының еңбегі жеміссіз болған жоқ. Білім беру ісіндегі жоғары жетістіктері үшін оқу орны Қазақстан Республикасы Президентінің жоғары марапатына ие болды, “Сапа саласындағы жетістіктері үшін” 2007 жылғы “Алтын сапа” белгісін жеңіп алды. “Еуропалық сапа” және “Біртұтас Еуропа” сыйлықтарымен марапатталды. Ал 2007 жылы Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қоюы университеттің халықаралық кеңістіктегі биік беделін айғақтай түсті.
Өмірін ұрпақ тәрбиелеу, маман даярлау ісіне түгелдей арнаған академик Т.Садықовтың қоғамдағы, әлеуметтік ортадағы орны айрықша кең тынысты болды. Ол ең алдымен халқымыздың жүріп өткен жолын зерделеген зерделі тарихшы ғалым болды. Ол гуманитарлық ғылымдар саласында бірқатар ғылыми мектептер мен бағыттардың бастауында тұрды. Атап айтқанда, ғалымның ұйытқы болуымен еліміздегі өтпелі кезеңде мемлекеттік және саяси құрылымды жетілдірудің, қазақ халқының тарихи-мәдени тұрғыдан алғандағы тарихи келбетін сақтауының, халықтық мұраны қастерлей білудің, жоғары білім беру жүйесін модернизациялаудың өзекті мәселелерін зерттеу бағыттары пайда болды.
Қоғамдық ғылымның қай саласына араласса да, ғалым Тоқмұхамед Сәлменұлының жүрегіне ең жақын тақырып жоғары білім беру саласын жетілдіру мен дамытудың ғылыми негіздерін айқындау, жеке тұлға қалыптастыру проблемалары, жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениеті, тұтастай алғанда республикадағы жоғары мектеп жұмысын ізгілендіру мәселелері болды. Ғалымның пайымдауынша, оқу үрдісі студенттің тек жекелеген пәндер бойынша білім жинақтауына ғана емес, ең алдымен интеллектуалды тұлға тәрбиелеудің кең көлемді жүйесін қалыптастыруға бағытталуға тиіс. Содан да болар, Т.Садықов өзінің ғылыми еңбектерінде жоғары мектеп жүйесін ізгілендіру процесіндегі тәрбиелік жұмыстардың рөліне айрықша мән беріп отырады.
Осы заманғы жоғары оқу орындарында студент жастардың дүниетанымы мен ойлау қабілетін қалыптастыруда бұл мәселелердің қаншалықты маңызды екені баршаға мәлім.
Ғалымның жеке өзінің қаламынан 200-ден аса ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер, іргелі проблемаларға арналған 30 монография дүниеге келді. Мұның қай-қайсысы да республикадағы тарих, саясаттану, педагогика ғылымдарына елеулі үлес болып қосылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Садықов ғылыми кадрлар даярлау жүйесін қалыптастыруға да аса мол еңбек сіңірді. Әсіресе, республика жоғары оқу орындары жанындағы ғылымды өркендетуге, олардағы диссертациялық кеңестер жүйесін дамытуға айрықша назар аударды. Саясаттану ғылымы саласындағы тұңғыш диссертациялық кеңесті де Абай атындағы университет жанынан ашып, оған өзі ұзақ жылдар бойы жетекшілік жасады. Академик Т.Садықовтың ғылыми басшылығымен диссертация қорғаған 30-дан аса ғылым докторы, 100-ден аса ғылым кандидаты бүгінде саясаттану, тарих және педагогика ғылымдары саласында белсенді де жемісті еңбек етуде.
Академик Т.Садықов респуб-ликадағы жоғары білім жүйесін дамыту мен жетілдірудің ғылыми негіздерін терең зерделеуді мақсат еткен іргелі зерттеу бағдарлама-ларына жетекші болды. Бұл бағдарламалар бүгінгі таңда өзінің оң нәтижелерін беруде. Т.Садықовтың басшылығымен үздіксіз білім беру және жоғары білім жөніндегі аса маңызды мемлекеттік тұғырнамалар дүниеге келді.
Халқымыздың тамыры тереңде жатқан тарихи қазынасын зерттеу мен жинау бағытындағы мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жан-жақты жұмыстар да академик Т.Садықовтың назарынан тыс қалмады. Ғалымның ұйымдастыруымен бірнеше халықаралық ғылыми форумдар өткізілді. 2005 жылы өткен “Қазақстанның мәдени мұрасы: жаңалықтар, проблемалар, перспективалар” атты халықаралық симпозиумға әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар келіп, баяндамалар жасады, солар арқылы халқымыздың құнды мұралары барша әлемге паш етілді.
Республикадағы академиялық ғылымды дамыту, жалпы іргелі ғылымды ұйымдастыру ісіне де ол айрықша үлес қосқан ғалым. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының гуманитарлық ғылымдар бөлімшесін басқара жүріп, еліміздегі экономикалық ахуал, ғылым мен мәдениетке көзқарас өзгеріп жатқан кезеңде академиялық ғылымның статусын көтеру, ғалымдардың еңбегін бағалау мен ынталандыру мәселелеріне қатысты өз тұжырымдарын ұсынып, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіре дамытуға ерекше еңбек сіңірді.
Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қарау, өзіне де, өзгеге де талап қоя білу, әріптестері мен шәкірттеріне деген адалдық пен әділдік қасиеттері академик Т.Садықовтың қоғамдағы орнын әрдайым мәртебелі биікке көтеріп тұратын. Өзінің адамгершілігі, терең білімі мен биік беделінің арқасында ол 19 жыл бойы Алматы қаласындағы Ректорлар кеңесін басқарды. Кеңестің әр мәжілісінде білім беру саласындағы түрлі теориялық және қолданбалы мәселелер, ғылым – білім – бизнес салаларының интеграциясы жайында өзекті мәселелер қозғалып, пайдалы пікір алмасулар болатын. Осының бәрінде де академик Т.Садықовтың ұйымдастырушылық қолтаңбасы айқын көрінетін.
Өзінің іскерлігімен ой түйіндеп, болашақты болжай білу қабілетінің арқасында Т.Садықов еліміздегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алматы қаласы бойынша сенімді өкілі бола жүріп, еліміздегі президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізудегі, сондай-ақ “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің мүшесі әрі партияның Алматы қалалық бөлімшесін басқарудағы еңбегі оның қайраткерлік тұлғасын мейлінше айқындай түсті.
Адамзат тарихындағы ең мәртебелі мамандық – жас ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі таңда, тәуелсіз Қазақстан жағдайында ұрпақ тәрбиесіне, мамандар даярлау ісіне айрықша мән беріліп отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арналған жолдауларында әсіресе, білім беру жүйесін мейлінше жетілдіру, болашақ мамандардың интеллектуалдық дәрежесін көтеру бағытында білім ордаларының алдында тұрған міндеттер әрдайым саралап айтылып келеді. Бұл тұрғыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қоғамымыздағы атқарар міндеті аса салмақты. Сексен жылдан астам уақыт бойы еліміздің экономикасы мен мәдениетін көтеруге қажетті мамандар даярлап келе жатқан білім ордасы осынау тарихи уақыт аралығында талай-талай жауапты кезеңдерді бастан өткерді.
Міне, осынау тарихи кезеңдерде оқу ордасының тізгінін ұстап, уақыт сынына қайсар жігерімен үйлесе қызмет атқарған ардагер ағаларымыздың есімдерін бүгінде ардақтап еске аламыз. Сондай қайраткер тұлғалардың бірі – профессор Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықов.
Өмір ақиқатына жүгінсек, қоғам дамуының күрделі кезеңдерінде өз ісіне берілген, қандай қиындық болса да қайыспай қарсы тұра алатын азаматтарға артылар сенім де, жүк те жеңіл болмаса керек. Тоқмұхамед Сәлменұлы басшылық еткен кезең де университетіміздің тарихи шежіресіндегі күрделі жылдар болғаны анық. Солай бола тұра қай кезеңде де академик Т.Садықов өзінің азаматтық, ғалымдық, ұстаздық, қайраткерлік тұлғасымен танылды. Оның бүкіл саналы ғұмыры Қазақстандағы жоғары білім жүйесін жетілдіруге, университеттер жанындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға, ғылым мен білімді ұштастыра отырып өркендету мақсатына бағытталды.
Бүгінде университетімізде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың есімі мен қызметін қастерлеп есте сақтау бағытында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылды. Академиктің өзі ұзақ жылдар басқарған Қазақстан тарихы кафедрасына қайраткер ғалымның есімі берілген. Үздік оқитын студенттерге академик Т.С.Садықов атындағы стипендиялар тағайындалған. Жыл сайын ғалымның туған күні қарсаңында “Садықов оқулары” атты ғылыми-теориялық конференция өткізіп тұру дәстүрі қалыптасып келеді. Сондай-ақ, университет тарихы мұражайынан академикке арналған арнайы бұрыш ашылған болса, үстіміздегі жылдың мамыр айында Т.С.Садықовты еске алу мақсатында футболдан республикалық турнир ұйымдастырылып, оған еліміз жоғары оқу орындарының бірнеше командасы қатысты. Бұл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрметті ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың есіміне деген зор құрметтің бір белгісі болса керек.
С.ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.