22 Маусым, 2010

ЗАМАНДАСҚА ХАТ

4093 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Сәлеметсіз бе, замандас! Біз бір-бірі­міз­ді көрмесек те бір ғасырда, бір қоғамда өмір сүріп келе жатқан адамдармыз ғой. Сон­дықтан бір-бірімізге сәлем жолдап, амандық білісіп жатуымыздың артықтығы болмас деймін. Әр үйдің әкесі болады. Әке балаларына қам­қорлық жасайды. Балалар әке қам­қор­лығын ұмытпай, өмір бойы естерінде сақтап өтеді. Сол сияқты мемлекет те – бір үй. Оның Президенті – ел әкесі. Мен бұл хатымда сол Президент – әкеміз жайында сөз қозғап, сізбен пікір бөліссем деймін. Әрине, мен сізден жауап талап етпеймін. Сізге өз ойымды ғана айтпақпын. Замандас ретінде өзіңізге жан сырымды ақтармақпын. Әдетте мен әкімдерге хат жазуға жас­қа­на­мын. Олар мені біле ме? Білсе, айтқан сө­зімді місе құрлы көре ме? Мұрнын шүйі­ріп, жауапсыз қалдыра сала ма деп қор­қа­мын. Өйткені, мен оған адам деп жазып, адам­ша жауап алсам деп ойлаймын. Жауап бер­­­месе, жаным жасып, мүсәпір болып қа­ла­мын. Мәселен, бір облыстық әкімге хат жаз­­дым. Жаздым емес, қолма-қол тапсырдым. – Ойланайық, жауабын кейін аласыз, – деді ол. Мен бір жыл күттім. Жауап болмады. Қайтадан хат жаздым: “Сізден бір жыл бойы зарығып хабар күтіп отырмын”, деп. Содан кейін ол өзі емес, бір департаменті­нің бастығына: “Өтінішіңіз орындал­майды”, деген жауап жібертті. Мен мұңайып қалдым. Бір жас бала­ның жайдақ жауабын жіберткенше, сол жауапты әкімнің өзі айтса болар еді ғой. Немесе телефон соғуына. Мен оның әке­сіндей кісімін. Әкесінен де үлкенмін. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген атағым бар. Атағы бар маған осылай қараған әкім атағы жоқ, қатардағы қарапайым адам­дар­ды көзіне іле ме? Ал Президенттің өнегесі бұдан өзгеше. Президент қайтыс болған атақты адам­дар­дың отбасына газет арқылы көңіл айтады. Қай­ғымен қан жұтып отырған қаралы адам­дарға кімнің де болсын көңіл айтқаны медеу. Ал Мемлекет басшысының өзі көңіл айтып жатса, ол отбасына медеу де, демеу де ғой. Кешегі Қызылағаш оқиғасы бүкіл елге мәлім болды. Сонда Нұрекеңнің қайғыға душар болған жұртқа тебірене көңіл айтуы, көңіл айтып қана қоймай, Қызылағаш ауылының үйлерін жаңартқызып, қалаға ұқсас етіп жіберткені қандай ғажап оқиға болды десеңші! Нұрекеңнің демеуі деп отырғаным міне, осы. Мен тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі алғашқы кездесуде Президентке ұлы Абайдың: Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – де­ген өлеңін: “Осы сөзді өмір бойы жады­ңыз­дан шығармаңыз, Нұреке, жұртқа сен­бе­ңіз, өзіңіздің ақылыңызға сеніңіз”, деп хатқа жазып берген едім. Президент менің осы тілегімді үнемі аузынан тастамай айтып жүрді. Айтқанын аяқ астында ұмытып қала­тын­дар көп. Қазіргі бірсыпыра шенеунік­терге бұл бұлжымас заң болып кеткен. “Жарайды, істейміз”, дейді. Істемейді. Істе­мегеніне ұялмайды, ұялмақ тұрғай қызар­майды. “Қызармайтындар” көп. Олардың аттарын атап тауысу қиын. Ал Президент айтқанын ешқашан да ұмытпайды. Президент Назарбаевтың жақсылығын жалпақ жұрт – жеті жасар баладан жетпіс­те­гі қартқа дейін біледі. Халық іштей ай­қын сезініп, жан жүрегімен түсінеді. Түсін­ген­діктен әртүрлі авторлардың оны орын­ды-орынсыз мадақтай беруін жұрт жарат­пайды. “Назарбаевты өзіміз де жақсы көре­міз. Бізді санасыз, саңылаусыз көре ме бұлар?” деп іштей ренжиді. Сондықтан Президент Назарбаевты қайта-қайта мақтап, мадақтай берудің қажеті жоқ. Оның орнына: Тұңғыш Президент Назарбаевты жүрек­те сақтай білу керек. Оның халық үшін қызметін жақтай білу керек. Ел үшін еткен ерен еңбегін ақтай білу керек! Мен осылай ойлаймын. Өмір болған соң әртүрлі биік лауазым­ды адамдардан құттықтау хаттар алып тұрамын. Мәселен, биыл мені Жеңістің 65 жылдығына байланысты 9 мамыр күні үйіме телефон соғып 137 адам құттықтады. Бәрінің де аты-жөнін күнделігіме түртіп қойдым. Бұлардың көпшілігі өз оқыр­ман­дарым, қарапайым адамдар. Солардан басқа 10-15 адам жоғары лауазымды кісілер. Олардың ішінде рес­пуб­ликамыздың Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Парламент Мәжілісінің Төраға­сы Орал Мұхамеджанов, республика Ұла­ны­ның қол­басшысы генерал-лейтенант Абай Тасбо­латов, Бас прокурор Қайрат Мәми, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және басқалар бар. Ал Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан әр мейрам сай­ын үзбестен құттықтау хат алып тұрамын. (Өйткені, мен Сенат Төрағасы Тоқаевтың Отан қорғаған жауынгер, жазушы әкесі Кемел Тоқаев марқұммен дос болдым ғой. Ке­мел десе, кемел еді жарықтық). Пре­зи­дент Нұрекеңнің өзі Жаңа жыл сайын жылы лебізді құттықтау хаттар жіберіп тұруды ешқашан ұмытпайды. Бұл ыстық ықыластары үшін аталған бауырларымның бәріне шын жүректен алғыс айтамын. Басшылардың халықтың біз сияқты қарттарын мереке- мейрамдармен ұмытпай құттықтап отыру дәстүрі бұрын бізде бар ма еді, замандас? Жоқ болатын. Бұл да Нұрекеңнен тараған дәстүр. Жаңағы құттықтаған азаматтардың көп­шілігі мені көрмеген. Бірақ Қазақ­стан­ның қарт адамдарының бірі екенімді біледі. Сондықтан олар ұлттық дәстүр бойынша үлкендерге құрмет көрсетіп жатыр. Ойлап отырсам, осының бәрі Президенттен тара­ған үлгі. Егер Президент ел қарттарын елемесе, әкімдер де ескермес еді. Нұрекеңнің тарих алдында үш ерекше еңбегі бар. Біріншісі – Қазақстанды тәуелсіз мем­лекет етіп, қайта құрғаны, тарих тұғырына қондырып, мерейлі қатарға қосқаны. Екіншісі – тәуелсіз мемлекеттің ор­талығы Астананы өз қолымен орнатқаны. Үшіншісі – Семей атом полигонын өз Жарлығымен жауып, адамзатты атом ажа­лы­нан құтқарып қалуға дүние жүзінде бірін­ші болып үн көтеріп, өзгелерге өнеге көрсеткені. Ал Қазақстан халқына жасап келе жатқан әкелік қамқорлығы өз алдына. Оны айтып тауыса алмайсың! Осылай емес пе, замандас? Нұрекеңнің мемлекеттік тұрғыдағы, әлем аясындағы ересен қызметтері туралы білікті адамдардың бәрі өз мақалаларында айтып жатыр. Мен оларды қайталамай, аза­маттың көзге көрінбейтін кішкентай, елеусіз еңбектерін ғана сөз етіп отырмын. Оқыр­мандарға бұл керек шығар деп ойлаймын. Мен ертеректе Нұрекеңнің жеке өзіне арналған бата бердім. Ол батамда Елба­сы­ның бойындағы асыл қасиеттерді айтуға тырыстым. Ол бата бір-ақ жерде, Нұрекеңнің Ал­ма­тыдағы резиденциясында айтылды. Ме­нің жалпы жұртқа айтатын батам және бар. Қазақстан картасындағы Жер АМАН БОЛСЫН! Ол жерді мекендеген Ел АМАН БОЛСЫН! Ол елдің негізін құрап отырған қазақтар АМАН БОЛСЫН! Қазақтармен қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан қоңсылар АМАН БОЛСЫН! Қазақтарды да, қоңсыларды да өсіріп, өркендетіп, көбейтіп, көркейтіп отырған аналар АМАН БОЛСЫН! Аналардан туған балалар АМАН БОЛСЫН! Баладан өсіп, ер жетіп, ат жалын тартып мінген азаматтар АМАН БОЛСЫН! Қазақ халқын ұлт санатында сақтап келе жатқан Ана тіліміз АМАН БОЛСЫН! Елдің экономикасын, мәдениетін,  әдебиетін,  өнерін өрге сүйреп келе жатқан зиялылар АМАН БОЛСЫН! Мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын сараптап, ұрысқа ұрындырмай, соғысқа соқтықтырмай, халықты бейбіт өркендеу жолымен алға бастап келе жатқан құрметті Президентіміз Нұрсұлтан АМАН БОЛСЫН! Бұл батамды мен үлкен жиындарда ғана беремін. Мәселен, Семейде Шәкә­рімнің 150 жылдық тойында, Өскеменде Абай ескерткіші орнағанда, Қызылорда қаласының 190 жылдық тойында бердім. Жоғары, орта оқу орындарындағы кез­десулерде жиі боламын. Сол жүздесулерде де бұл батамды жастарға және айтып отырамын. Олар ұқсын, білсін деймін. Осыным дұрыс емес пе, замандас? Біз, қарттар, батаны осылай беруіміз керек қой деп ойлаймын. Бата деген судыратып айтып, бет сипай салатын сөз емес. Әр батаның қоғамдық, фи­лософиялық, тәрбиелік астары болады. Бата беруші сол қасиетті міндеттерді тыңдаушылардың жүрегіне жеткізуге, тыңдаушыны тәрбиелеуге тырысады. Абайша айтқанда: “Ақырын жүріп анық басатын” немесе “үндемей жүріп үй­дей іс тындыратын” қарапайым да қадірлі адамдар болады. Әрине, мен ондай адам­дар­дың қатарына кірмеймін. Кірмесем де, ұлтыма пайдалы, ұрпаққа керек бір ауыз сөз де болса айтуға тырысамын. Бір жылы маған Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің, Аграр­лық университеттің бір топ ұстаздары кел­ді. Олар көптен бері тұрып жатқан жатақ­ханаларынан қуылып, айдалада қалғалы жатқандарын айтып, шағым жасады. Біздің жағдайымызды Президентке жеткізіп, біздің көшеде қалмауымызға көмектесіңіз деп өтініш айтты. Олардың ішінде доцент­тер Талғат Төлегенов, Әлия Қабиқызы, Гүлдәрі Серікбосина, Мақпал Нұржігітова және басқалар бар еді. Өзгелерінің атын ұмыттым. Мен Президентке хат жаздым. Ұзақ жыл еңбек еткен ұстаздардың жатақ­ханадан қуылмауына көмектесуін сұрадым. Президенттің көмегімен сол ұстаз­дар­дың бірсыпырасы өздері тұрып келе жат­қан жатақханада қалдырылды. Кейбіреулері қалалық әкімдіктен пәтер алды. Тағы бір күні Шымкенттен Әбдіғани Тасқараев деген ардагер ақсақал телефон соқты. Шым­кент қаласының орталығында, Қа­банбай көшесінің бойына халық қара­жа­тымен орнатылған ескерткіштің құлаты­лып, шаһардың шет жағына жер ауда­рыл­ғалы жатқанын айтты. Халық қаражатына салынған Қабанбай ескерткішінің құлатылмауына, тұрған орнынан қозғамау­ға көмектесуімді сұрады. Мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке хат жазып, осы жағдайды айттым. Асқар інімді Оң­түстік Қазақстанда тұратын ақын Ханбибі Есенқараеваның мерейтойында кездестір­ген едім. Ол кісі ақын әйел туралы баян­дама жасаған. Әкімнің ақын туралы баяндама жасауы сирек оқиға. Мен ол кісіні осы кішіпейілділігі үшін жақсы көріп қалғанмын. Сол Асқар ініме Қабанбай ескерткішінің жағдайын айтып, хат жаздым. Жақсы жігіт жағдайды түсініп, кешегі ел қорғаған, қазақ жерін қалың жау­дан сақтап, кейінгі ұрпақтарға қалды­рып кеткен батырларының бірі Қабанбай атасының ескерткішін қала орталығынан қозғамас деп үміттендім. Ол ескерткішті мен де көрген едім. Жауды жайрата қуып салып: “Енді қазақ жеріне келіп көріңдер, бәлем!” деп жау қаш­қан жаққа қарай қамшысын білеп тұр­ған батырдың патриоттық мүсініне қуанғанмын. Шымкенттен жауап күттім. Күткен жауа­бым келді. Бірақ, оны әкім емес, қала­лық архитектура департаментінің бастығы жазыпты. “Қабанбай ескерткішін тұрған орнынан қозғау әлі шешілмеген мәселе”, депті. Біраздан кейін Әбекең ақсақал Шымкенттен тағы телефон соқты. – Қалалық әкімдік атамыздың ескерт­кішін құлатқалы жатыр. Біз қарсымыз. Ел ақ­сақалдары сіз Президентке хат жазып, ес­керткіштің тұрған орнынан қозғал­мауы­на көмектессін деп өтініш айтып отыр, – деді. Ел өтінішін, ақсақалдар тілегін айтып, Президентке хат жазуыма тура келді. Пре­зидент Әкімшілігінен қолма-қол жауап алдым: “Сіздің өтінішіңіз ОҚО әкіміне жі­берілді. Олар жауабын сізге де, бізге де хабарлайтын болады”, делініпті хатта. Міне, таяуда Президент Әкімшілігінен екінші рет хат алдым. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Шымкенттегі Қа­бан­бай ескерткіші жер астындағы ескі қала­ның үстіне орнатылғандықтан ол, ақса­қалдардың келісімімен, “айналасы арнайы бекітілген, тұрғындар демалатын саябақ әрі гүлзар болып саналатын ыңғайлы орынға ауыстырылатын” болыпты. “Ақсақалдар риза болса болды”, деп мен де қуанып қалдым. Оның үстіне осы хатты маған жолдаған Президент Әкім­шілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай інімнің хат соңындағы: “Алдағы уақытта да аға буын өкілі ретінде елдік мұрат, ұлттық құндылықтар төңі­ре­гінде ой-пікірлеріңізді білдіріп, жас ұрпақ­қа үлгі-өнеге болып жүре беруіңізге тілек­теспін”, деген сөздеріне қатты риза бол­дым. Риза болатыным, хатты еріккеннен жазбайсың – елге, ерге пайдасы тие ме деп жазасың. Президенттен де, оның Әкімшілігіндегі азаматтардан да осындай жан жылытатын жауап хаттар аламын. Осы үлгі өзге әкімдерге де тараса екен деп тілеймін. Иә, Президент Нұрекеңнің үлгілі шарапаты осындай ойларға жетелейді. Қазақ әдебиетінің ұлы классиктері, репрессияға ұшырап, атылып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбетті жұрттың бәрі біледі. Сәкен мен Ілиясқа Астана мен Талдықорғанда мұражай ашылғаны да халыққа аян. Ал Қостанайда Бейімбетке арналған облыстық мұражай жоқ. Қазақта әдебиет арыстарының қам­қор­шы­сы, зерттеушісі болып, олардың шығар­маларын жарыққа шығару үшін жан аямай жүрген үш азамат бар. Олар: профессор Тұрсынбек Кәкішев (Сәкен мен Сәбиттің зерттеушісі), жазушы-ғалым Тоқтар Бейіс­құлов (Бейімбеттің жанкүйері) және профессор Мекемтас Мырзахметов (Бауыржан Момышұлының шырақшысы). Міне, сол Бейісқұлов бірнеше жылдан бері Қостанайда Бейімбетке арналған мұ­ра­жай болуын қалап, жанталасып жүр. Қос­та­найға да талай рет хат жазды. Мәде­ниет ми­нистр­лігіне де айтты. Бірақ еш­қандай ілтипат жоқ. Ғалым-жазушының маңдайы тасқа тиді. Сонымен мен облыс әкімі Кулагин мырзаға хат жаздым. Оның орынбасары­нан жауап келді: “Б.Майлинге арналған бір ауданда мұражай бар. Облыс орталығында мұражай ашуға мүмкіндік жоқ” депті. Содан соң Кулагинге екінші рет хат жаз­дым. “Егер сіздің қазақ халқының қам­қо­ры екеніңіз рас болса, егер сіз қазақ мәде­ние­тінің шын жанашыры болсаңыз, Бейімбетке Қостанай қаласынан мұражай ашуға мүмкіндік табуға тиіссіз. Бұл мәсе­лег­е сіз тиісті мән бермесеңіз, онда бұл жайды айтып Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа хат жазуға мәжбүр боламын”, дедім. Артынан әкім Кулагиннің баяғы орынбасарынан хат келді: “Қазақ әде­биетінің классигі Бейімбет Майлинге келер жылы Қостанайда мұражай ашылатын болды” депті ол. Міне, бұл да Нұрекеңнің шарапаты. Алматы облысы Ақсу ауданының әкіміне хат жазып, Ұлы Отан соғысында опат болған, сол ауданның азаматы, мені­мен майданда, 100-атқыштар бригадасында бірге қызмет істеген батальон командирі Жұмаділ Әубәкіровке аталмыш аудандағы бір мектептің атын беруді сұрап хат жаз­дым. Хатыма әкімнің орынбасары Сәбит Қорғанбаев деген шенеунік: “Жергілікті жұрт Ж.Әубәкіровке мектеп атын беруге қарсы болғандықтан, сіздің өтінішіңіз орындалмады”, деген жауап жазды. Бұл бюрократтық жауапқа жаным күй­ді. Отан қорғау жолында опат болған қа­һар­ман командирге қандай адам қарсы бол­мақ? Мен қатты ыза болып, әкімнің орын­басарына қайтадан ашулы хат жаз­дым. Бірақ ол хаттан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Кей жерлерде осындай тоңмойын әкім­дер, олардың жауап жазуға жылпос орын­ба­сарлары болады. Соған ыза боласың. Ыза болғандықтан да оған ауыр-ауыр сөз­дер айттым. Қайтейін, одан басқа қолым­нан келер жоқ болса. Бұрын ондай бюро­крат­тарды газетке жазсаң, жергілікті орган­дар шара қолданып жатушы еді. “Сөз сүйек­тен өтеді” деген сөз бар ғой. Ең жоқ дегенде орынбасардың сүйегінен өтсін деп ойладым. Қалай деп ойлайсыз, замандас? Мен артық кеткен жоқпын ба? Сіздің жақта Қорғанбаев сияқты елдің қамын, ердің қамын ойламайтын шенеуніктер жоқ па? Болса, сіз не істер едіңіз? Әкімдер өздері жауап жазбайды. Жауап­кершіліктен қашады. Орынбасар­ларына қол қойғызып, бюрократтық жасайды. Кейбір кеудемсоқ басшылар тіпті телефондарын алмайды. Кабинетте отырып хатшыларына “жоқ” деп айтқызады. Ұялы телефондарын сөндіріп тастайды. Мұндай кісілердің қылығына жаның күйінеді. Әкімдердің бәрін жамандай бермеймін. Олардың жақсылары да бар. Кейбір әкім­дер жауап жазбаса да өтінішіңді тиянақты етіп орындайды. Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовқа хат жаздым. Қызылорда обкомының Ұлы Отан соғысы кезінде хатшысы болған Рақымбай Төлебаевқа лайықты құрмет көрсетілуін сұрадым марқұмның 100 жылдығына байланысты. Болатбек менің және басқалардың тілегін орындап, Қызылорда қаласынан Р.Төлебаевқа көше бергізді. 100 жылдығын ойдағыдай етіп өткізді. Бір кезде Семейдегі Абай кітап алып оқыған кітапхананы жаппақ болғанда, кітапхана қызметкерлері маған телефон соқты. Осындай қиын жағдайға душар болып отырғандарын жазды. Мен Семей қаласының әкімі Мейрамхат Айнабековке хат жаздым. Тарихи кітапхананы жаппауды сұрадым. Әкім тілегімді түсінді. Кітапхана өз қалпында қалды. Алайда Мейрамхат бауырым маған жауап жазған жоқ. Бұл әкім де үндемей іс тындыратын адамдардың қатарына жатады. Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бөрібай Жексембин де ел өтінішіне сергек қарайтын қарапайым басшы еді. Жазған хатыңа қолма-қол жауап беретін әкімдер­дің бірі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мырза. Ол кісі тез жауап беріп қана қоймай, сіз көтерген мә­селе бойынша не істелгені туралы өзі сізді хабардар етеді. Департамент бастық­тарына хат жаздырып, оларды әуреге салмайды. Мұндай әкімнің қызметіне жаның сүйсінеді. Президент Назарбаев әкім Сапарбаевты халық үшін аянбай еңбек ететін қасиеті үшін жақсы көретін болар деп ойлаймын, замандас. Сол сияқты қай телефоннан да қашқақтамай, хатшысы арқылы да кімге болса да қолма-қол жауап беретін Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов мырза. Адам жанын Президент Нұрсұлтанның өзіндей ұға білетін, халыққа сондай қамқор басшы азаматтардың бірі осы кісі. Халықты қар қамап, топан суы төгіл­генде кемеге мініп, жанталаса жүріп, жан-жануарды жойылудан құтқарған баяғы Нұх пайғамбардай еңбек еткен осы екеуі емес пе, өткен қыс пен өткен көктемде! “Ба­сын­да Қазығұрттың кеме қалған” деп баста­ла­тын халық өлеңі есіңізде болар. Нұх пай­ғам­бар мінген сол кеме тасқа айналып, қазір Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауының басында тұр ғой. Осындай ерлердің еңбегі мен ерлігіне қа­лай сүйінбессің, замандас! Осындай азамат­тарымыз аман болсын деп тілейік, Тәңірден! Әрине, бұл да Нұрекеңнің шарапаты. Ол кісінің әкімдерге үйреткен ақылының жемісі. Әркімде әртүрлі қасиет болады ғой. Сондай қасиеттер менде де бар, замандас. Ол қасиеттерің қандай дейсің ғой. Ай­тайын. Ең бастысы: бір жақсы көрген адамымды ақырына дейін жақсы көремін. Оған деген ілтипатымды ешқашан да өзгертпеймін. Бұл менің бала күнімнен бойыма сіңген әдет. Бала күнімде Орынкеш деген қызға ғашық болдым. Ғашықтық адамды ақын етеді екен. Сол қызға үш жыл бойы ғашық болып жүрдім. Оған арнап өлеңмен жүз хат жаздым. Сондағы соңғы өлеңімді былай деп аяқтағаным есімде: Жүз хат жаздым бір қызға. Жоқ әдет – қазақ, қырғызда. Махаббатым мәңгілік Үлгі болсын ұл-қызға! Ол қыздан адасып қалғаннан кейін, Халима деген қызға ғашық болдым. Бұл қызға үш жыл емес, тура тоғыз жыл ғашық болдым. Алғашында оқуда болдық. Артынан төрт жылға созылған соғысты бастан кештік. Сөйтіп, тоғыз жыл дегенде әрең қосылдық. Үй болдық. Бала-шаға өсірдік. Ол кісімен 54 жыл бірге бақытты өмір сүрдім. Төрт баланың, бес немеренің, бес шөберенің атасы болдым. Сол сияқты менің аса жақсы көрген адамдарым Ғабит Мүсірепов пен Мұқан Иман­жанов еді. Ғабаң кезінде мені Жазу­шылар одағынан қудырып жібергеніне қарамастан, кейіннен “Ақиқат пен аңыз” роман-диалогыма Мемлекеттік сыйлық алуы­ма көмектесті. Бір кезде өзін сөзбен жәбірлеген Бауыржанды Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған хат ұйымдас­тырды. Оған өзі бірінші болып қол қойды. Мен сонда Ыбырай Жақаевқа, Жазылбек Қуа­нышбаевқа, Ұлбала Алтайбаеваға қол қой­дырып әкелдім. Ол хаттың тарихы менің “Ескірмеген естелік” деген эссемде айтылды. Жоғарыда жақсы көретінім айтылған аяулы Мұқан Иманжанов менің очерк­терімді өзі жинап, “Алыстағы ауданда” деген тұңғыш кітабымды шығартты. Мені сыртымнан Жазушылар одағына алғызды. Енді Халима жайына қайта оралайын. Әрине, көз алдыңда жүрген тірі қызға, сұлу әйелге ғашық еркектер көп қой. Өлген әйелге ешкім ғашық болмайды. Халима екеуміз бір-бірімізге өмір бойы ғашық болып өттік. Мен оған өзі жоқ болса да, әлі күнге дейін ғашықпын. Өмір бойы ғашық болып өтемін. Сол Халимаға арнап мен “Мәңгілік ма­хаб­бат жыры” деген кітап жаздым. Соның “Халима” деген бірінші бөлімін оқып, Нұрекең – Ел Президенті Нұрекең былай деп хат жазды: “Құрметті Әзеке! ...5/1-де болған кездесуде маған “Ма­хаб­бат, қызық мол жылдарды”, “Халима­ны” сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағы­лы­мы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы. Өміріңіз – үлгі! Аман-сау болыңыз, Әз-аға. Аса сыйлайтын Н.Назарбаев. 6.01.2003.” Сол хатты оқығанда менің қуанға­ным­ды білсеңші, замандас! Айтып жеткізе алмаймын. Бір сөзбен айтқанда, төбем көкке жеткендей болды. Біріншіден, мен Президенттің менің ол шығармамды оқығанына қуандым. Екін­шіден, ерлі-зайыпты екеуміздің жан сезімі­міз­ді түсіне білгеніне риза болдым. Үшін­шіден, мемлекеттік ұлан-ғайыр қызметтен бас ала алмай отырып ол кісінің маған уақыт тауып, хат жазғанына шаттандым. Қалай шаттанбассың, Қазақстан сияқты алып елдің Президенті қарапайым жазушы саған хат жазып отырса. Патша, король, премьерлердің жазушыға хат жазуы сирек оқиға. Тіпті, жоқтың қасы. Біздің Президентіміз сондай сезімтал адам ғой. Ол әр адамның жанын түсінеді, әр халықтың дәстүрін бағалайды, әр азаматтың арманын ұға біледі. Қазақстанда 16 миллион адам бар дейтін болсақ, соның барлығының жүрегінің кілті Назарбаевтың қолында. Өз қолындағы алтын кілтпен сол жүректерді ашып, оның мұң-мұқтажына қамқорлық жасай біледі. Жақында Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтың 75 жылдық тойында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырза сахнадан тойға келген жұрт алдында ән айтты. Әкімнің ақын тойында ән айтқанына көрермендер қуанып қалды. Халық алдында ән айтып, домбыра тарту да халық ұлы Назарбаевтан тараған қасиет. Әйтпесе, бұрын қай басшы ел алдында ән шырқап, өзінің ұлттың ұлы екендігін таныта білген еді?! Кешегі кеңестік заманның көсемдері Гимнге де қосыла алмайтын. Ауыздарын ашпай, тарс жұмып тұратын. Осылай емес пе, замандас? Әрине, осылай. Президент туралы әркімде әртүрлі пікірлер бола береді ғой. Мен жан жарым Халимаға қандай ғашық болсам, Прези­денті­міз Нұрекеңнің ақылына, адамгер­ші­лігіне, даналығына, халыққа қамқорлығына сондай іңкәрмін. Ел басқару мыңның емес, миллионның бірінің қолынан келе бермейтін, ердің ерінің, кемеңгердің ғана қолынан келетін ерен ерлік, дара даналық. Ез кісілер елге көсем болмақ тұрғай, өзінің басын да алып жүре алмайды. Осыны ескермей, кейде: “Неге анау жоқ? Неге мынау былай?” деп байыпсыз ба­қыратынымыз бар кейбіріміздің. Осыны­мыз дұрыс емес қой, замандас! Солай ма? Міне, мен сондықтан, қазақ халқының жасы үлкен ақсақалдарының бірі ретінде Президент Назарбаевты өз батамнан қалдырмаймын. “Баталы ұл арымас” дейді ғой қазақ. Сол біздің баталы ұл – Президентіміз аман болса екен, арымаса екен, халқына қажыр­лы қызметін жалғастыра берсе екен деп тілеймін. Президенттің табанына кірген шөгір басқамыздың маңдайымызға кірсін деймін! Ел игілігі үшін солай деймін! Ұлт пен ұрпақтың бақыты үшін! Тұңғыш Президент Назарбаев бастаған қазақ халқының ұлт санатында сақталып, жер бетінен өшпеуін арман етемін. Сіз қалай ойлайсыз, замандас? Президент менен басқа да талай жазу­шыларға хат жазды. Олардың мерейтой­лары­на құттықтау жіберіп, абыройын арт­тырды. Нұрекеңнің құттықтауының арқа­сында олар туған жерлеріне жүзі ашық болып барып, мәшинелер мініп қайтты. Жаңа пәтерлерге жайғасты. Осының бәрі Президенттің зиялыларға жасап отырған қамқорлығы. Мен 50, 60, 70, 75, 80 жылдықтарымды тойлатқамын жоқ. Қолайсыз көрдім. 85 жылдығым ғана Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында және Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалық-драма театрында тойланды. Осы 85 жылдығымда ғана Президенттен құттықтау хат алдым. Президенттің қамқорлығымен әнші Роза Бағланова, композитор Нұрғиса Ті­лен­диев, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, жазушы Қасым Қайсенов Халық қаһар­ма­ны атағын алды. Жазушы Әбіш Кекіл­баев­қа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Міне, осылардың бәрі Президенттің зиялы қауымға жасап келе жатқан қамқорлығының бір саласы. Бүкіл қазақ халқына көрсетіп отырған қамқорлық қызметінің ішінде зиялы қауымға да ауыз толтырып айтарлықтай жа­сап отырған жақсылықтары бар Прези­денттің. Ел газеті “Егемен Қазақстанның” 90 жылдық тойында редакцияға арнайы ке­ліп, өзі айтқандай, “Отанымыздың бас га­зе­тіне” сегіз қабатты еңселі ғимарат салды­рып бергені де бүкіл зиялы қауымды қуан­дырған сүйінішті оқиғалардың бірі болды. Осы үшін біз Президентке шын жүректен алғыс айтамыз, замандас! Мен жоғары, орта оқу орындарындағы кездесуде көп боламын. Осы жүздесулердің бәрінде жастық, достық, махаббат, тәуел­сіздік, ынтымақ, бірлік туралы сөз сөй­ледім. Жастарға бағамды бердім. Әсіресе, Алматы іргесіндегі Боралдай ауылындағы №39 орта мектепте (директоры Айжан Қасымова) өткен кездесу ерекше есімде қалды. Жалғыз Боралдай мектебінің ғана емес, мен болған орта, жоғары оқу орын­дарын­дағы зиялы қауымның Президент Назарбаевқа деген сүйіспеншілігі шексіз. Қалай шексіз болмасын, ғажайып қала, ға­жайып үйлер, ғажайып мектеп пен ауру­ханалар үсті-үстіне салынып жатса Қазақ­станда! Қазақ даласында мұндай ғажай­ыптар қашан болып еді өткен ғасырларда. “Тәубе!” дейік, замандас! Тәубе! Тәубе! Президенттің зиялыларға жасап отырған қамқорлығы ретінде сонау 1995 жылдан бері мәдениет пен әдебиеттің және өнердің қарт қайраткерлерінен 50 адамға жыл сайын президенттік стипендия беріп келе жатқанын қалай айтпаймыз? Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағ­ла­нова, Асанәлі Әшімов, тағы басқалар бар – бәріміз Президенттің өз қолынан ол стипендияны алғанда төбеміз көкке жет­кендей болып, қуанып қайтатынымызды кімнен жасырамыз! Халық әртісі Шолпан Жандарбекова мен Халық қаһарманы Қасым Қайсенов марқұмдардың: “Стипен­дияны қашан аламыз? Не хабарың бар?” деп маған қайта-қайта телефон соғатын­дары әлі күнге дейін есімде менің. Нарық­тың алғашқы жылдарында өнерден өзге кәсібі жоқ қарт қайраткерлерге бұл стипендия қандай ғажап көмек болып еді десеңізші! Президенттің бұл бастамасынан кейін Үкімет те атақты жас қайраткерлерден тағы да 50 адамға Үкімет стипендиясын беруді дағдыға айналдырды. Жалғыз жазушылар ғана емес, ғалым­дар да Президент тарапынан осындай көмек көріп келе жатыр. Зиялы қауым Президенттің бұл қам­қорлығын ешқашанда ұмытпайды деп ойлаймын. Қазақ халқының ең бақытты ұрпағы бізбіз, замандас! Біздің мұндай бақытқа жетуіміздің негізі – біздің тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздік тұтқасын берік ұстап, елімізді бүкіл дүние жүзіне танытқан тұңғыш Президентіміз Назарбаевтың арқасы. Тәуелсіздігімізді бағалай білейік, заман­дас. Ол үшін тұңғыш Президентіміз төңі­регіне жұмылған жұдырықтай топтасып, ұлттық ұйымшылдығымызды, бірлігімізді, достығымызды тастай қатты, темірдей берік етіп, нығайта берейік, нығайта берейік және нығайта түсейік. Заман зымырап өтеді. Замандастар жанары да жарық дүниеден өшеді. Өшпей, өлмей тірі тұрғанымызда сыйлас, сырлас болғанға не жетсін, шіркін! Сондықтан бүгін біраз сырымды ақтардым Сізге. Көп сөйлеп кеткеніме кешірім сұраймын. Менің жазған кітаптарымды оқыған боларсыз, немесе оқи алмаған шығарсыз. Бірақ жазушының оқушысымен кітап арқылы сырласуы бір басқа дүние ғой. Онда оқырман жазушының өзімен емес, кейіпкерімен сырласады. Кейіпкер жазушының оқырманға деген жүрек сырын жеткізуші, хабаршы ғана сияқтанады. Бұл хатым арқылы мен сіздің Өзіңізбен тікелей сөйлескеніме қуаныштымын, замандас. Біз, бәріміз де өмірден өтеміз ғой. Бірақ артымызда тек қазақ халқына ғана тән мәңгілік махаббат қалсын. Ұлтымызға, ұрпағымызға, елімізге, Елбасымызға деген сүйіспеншілігіміз қалсын. Әзірше, қош болыңыз. Сіз бен бізге әлі де талай рет тілдесуге жазсын! 12.06.2010.