Кейінгі кездері ата-аналар тарапынан балалардың биометриялық деректерінің заңсыз таралуына қатысты шағымдар көбейген. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шағымның негізінде тексеру жұмыстарын жүргізе келе, биометрикалық идентификация жүйелерін әзірлеушілер мен шығармашылық үйірмелер ұйымдарының заң бұзғанын анықтаған. Ата-аналарының келісімінсіз екі балаға қатысты дерек заңсыз жиналған. Іс қорытындысына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, 332 280 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Министрлік ұйымдардың жеке деректерге жауапкершілігін күшейту мақсатында «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекске өзгерістер енгізуді ұсынды. Өзгерістерге сәйкес айыппұл көлемі 3 есе өседі. Сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін рұқсатсыз пайдалануға жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, «Ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында бір миллионнан астам субъектінің дерегін өңдейтін иелер мен операторлар үшін міндетті киберсақтандыруды енгізу бастамалары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, азаматтарға «Стоп кредит» қызметі арқылы қайтадан кредит алуға тыйым салуды дербес енгізуге мүмкіндік беретін қаржылық қылмыстардан қорғау тетігі әзірленді. Қызмет «eGov mobile» мобильді қосымшасында және «Электрондық үкімет» веб-порталында қолжетімді.
Министрлік 2029 жылға қарай киберқауіптер туралы халықтың 100 пайыз хабардар болуына қол жеткізу мақсатында белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осы жоба аясында, «citizensec.kz», «fingramota.kz», «nomadguard.kz» платформалары құрылған.
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, Цифрлық даму министрлігі интернеттегі алаяқтық мәселелері бойынша уәкілетті орган болмаса да, Telegram мен Meta-ның алаяқтыққа қарсы схемаларын белсенді түрде қолданып жатырмыз.
«Интернеттегі алаяқтықпен күрес жаһандық міндет болғандықтан, бірлескен күш-жігерді талап етеді. Кездесу барысында Meta өкілдері еліміздің интернеттегі алаяқтық мәселесі көптеген ел үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Тек соңғы тоқсанда Meta әлем бойынша 1,2 миллиард фейк аккаунтты жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып бұғаттады. Кибергигиена – цифрлық әлемдегі қауіпсіздіктің жаңа деңгейі, біздің міндетіміз – азаматтарға осы шаралардың маңызын түсінуге көмектесу», дейді Р.Әбдіқалықов.