Өндіріс • 23 Қазан, 2024

Серпін берер сертификат

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында «Мaker» машина жасау зауыты «АРІ Q1» халықаралық сапа сертификатын иеленді. Бұл сертификат кәсіпорынның мұнай-газ индустриясының заманауи әлемдік талаптарына сәйкес келетінін, өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететінін растайды.

Серпін берер сертификат

Осыдан үш жыл бұрын Қарағанды зауыты «API Q1» талаптарына сәйкес келетін сапа менеджменті жүйесін әзірлеуді бастаған еді. API – «American Petroleum Institute», америкалық мұнай институты дегенді білдіреді. Бұл – АҚШ-тағы мұнай-газ саласына қатысты мәселелерді зерттейтін, реттейтін ең ірі үкіметтік емес ұйым. Сертификат барлық сынақ пен тексерістен сәтті өткеннен кейін берілді.

«Мaker» ЖШС басқарма төрағасы Жәнібек Байға­белов сертификат алуға «NCOC» ком­паниясының көмегі көп болды дейді.

ап

– Бір кездері мұндай сертификатты иелену мүмкін емес сияқты көрінетін. «NCOC» ком­паниясының арқасында қол жет­кіздік. Қарағанды облысы – бірлескен өндіріске басқа да кәсіпорындарды тарта алатын үлкен өнеркәсіптік аймақ. Аймағымызда үлкен мүм­кін­діктер ашылып жатыр. Еліміз сатып алатын мұнай-газ жабды­ғының көлемі 1,4 трлн теңгеге бағаланады. Бұл – материалдар мен қосалқы бөлшектер өндірісін оқшаулаудағы өте үлкен үлес, – деді Жәнібек Байғабелов.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірімізде мұндай әлемдік сертификатты иеленген екі іргелі өндіріс ошағы барын айтып, зауыт қызметкерлерін жаңа жетістікпен құттықтады.

– Бұл сертификат диплом іспетті. Мұнда зауыттың бар­лық қызметкерінің орасан зор еңбегі бар. Құжат халықаралық деңгейге шығуға зор мүмкіндік береді. 100-ден астам ел АРІ сертификатының тиімділігін мойындайды. Біздің облыста осындай сертификаты бар екінші кәсіпорын пайда болып отыр. Оны бірінші болып Теміртаудағы «КазАрматура» компаниясы алған еді, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы.

Жаңа сертификат KLMZ-де мұнай-газ жабдықтарының номенклатурасын кеңейтуге серпін бермек. Қарағанды зауы­тының басты әлеуетті тапсырыс берушілерінің бірі – «NCOC» ком­паниясы. Осылайша, кәсіп­орын Қашаған кен орнын иге­ріп, еліміздегі ең ірі мұнай ком­па­нияларының үштігіне кірді.

Зауыт негізінен тау-кен, металлургия саласына қажетті жабдықтарды өндіреді. Көмір таситын вагонеткалар, шахта түбіндегі суды соратын насос түрлерін, жүздеген тонна топырақты ұстап тұратын анкерлік бекітпе, кеніштердегі ауыр техниканың бөлшектері, заулаған пойыздардың теже­гіш­тері сынды мыңдаған бұйым жасалады. Барлығы 12 мың түрлі өнім бар. Өнімі ішкі нарыққа да, шетелге де бағытталған.

Зауыт қарамағына Қараған­дыдан тыс, Балқаш, Жезқаз­ған қалаларында кәсіпорын­дар берілген. Үш қалада 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Металлургия мен тау-кен саласынан бөлек, зауыт жаңа бағыттарды да игеруге күш салып отыр. Кейінірек мұнай-газ саласына қызығушы­лығы артқан компания алғаш «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның құны 1,2 млрд тең­гені құ­рай­тын тапсырысын жеңіп ал­ғаны мәлім. Әри­не, мұның бәрі жұмысты жүйе­лі ұйым­дас­тырып, оларды ын­та­лан­дырып отырған басшы­лықтың біліктілігі дер едік.

«Maker» кәсіпорнында еліміз­дегі СББ станоктардың ең ауқым­ды паркі бар. Кәсіп­орын озық технологияларды, құрал­­­дарды, виртуалды ортада өң­деу­ді толық модельдей ала­тын дең­гейде компьютерлен­ген. Конс­трукторлық-техноло­гия­лық өнімдерді пайдаланып, меха­никалық өңдеудің кең ауқымын қам­титын әмбебап үлгідегі импорт алмастыратын ірі машина жасайды.

– Зауыт өңдеудің барлық кезең­дерінде «Renishaw» датчик­терін пайдаланып, станокта бөлшектерді өл­шеп, импорт­­тық кескіш құрал­ды қол­­дана отырып, жоғары жыл­дам­дықты, жоғары дәл­дікті өң­деуді қолданады. «Siemens NX», «Teamcenter» бағдарламалық өнімдері базасында өндірісті конструк­тор­лық және технологиялық дайын­даудың бірыңғай жүйе­сін, құрал ұзындығын анық­тау мақсатында «Zollerd» өлшеу машинасын пайдаланады. Кәсіпорында металдың барлық түрі өңделеді. Көп­шілікке «ҚДБ-Лизинг» бағ­дарламасымен сатып алынған бірегей станоктар қызықты болды. Өңірдің басқа да машина жасаушыларымен бір­ге тиімділікті арттырып, сапа­лы өнім шығарамыз. Күні кеше қол жеткізген сертификат кәсіп­орын келешегінің кемел­дігін растайды, – дейді іргелі кәсіпорын басшысы.

 

Қарағанды облысы