Халық • 24 Қазан, 2024

Қандасқа қамқорлық – қоғам парызы

135 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел егемендігінің жарқын бір жетістігі – кезінде түрлі себеппен туған жерінен үдере көшіп, әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қандастарымыздың көк байрағы желбіреп, тәуелсіздігін тұғырына қондырған атамекеніне оралуына мүмкіндік туғызғаны.

Қандасқа қамқорлық – қоғам парызы

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың қандас көшіп келді. Биыл 14 391 қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жыл басынан елімізге тұрақ тепкен қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39%-ы – Өзбекстаннан, 5,9%-ы – Моңғолиядан, 5,2%-ы – Түрік­­­менстан­нан, 2,9%-ы – Ресейден, 1,2%-ы басқа елдерден келген.

Осы жылғы 1 қазандағы жағ­дайға сүйенсек, еңбекке қабі­летті жастағы этностық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілер 33,1%-ды, зейнеткерлер 9,3%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қан­дастардың білім деңгейі: 17,9%-ы жо­ғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жал­пы орта білімді, 3,3%-ының білі­мі жоқ.

Алыстан келген ағайындар елдің түрлі өңірлеріне қоныс­­тан­ды. Сонымен бірге қан­дастарды қоныстандыруға ниетті, ең­бек күші тапшы өңірлер де бел­гіленген, олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңір­лерінде 2024 жылға арналған қан­дастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қазанға дейінгі мәліметке сүйен­сек қоныстандыру өңір­ле­рі­не 2 477 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде – бір мезгілде отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналас­тырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс бе­ру­шілерді қолдау жөнінде институционалдық шаралар қа­был­­данды.

Өткен жылы қанатқақты режімде ел­шіліктер арқылы «бір терезе» қағидаты арқылы қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Қанатқақты жоба аясында елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге, респуб­лика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этностық қазақтардан жаңа форматта 19 022 өтініш қа­был­данды.

2023 жылдан бастап 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жұмыс күші артық аумақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру мақсатында экономикалық ұтқырлық сертификаттары ен­гізілді. Сертификаттар Үкімет белгілеген қоныстану аймақ­тарына тұрақты тұруға ниет еткен кандастар мен ішкі қоныс аударушыларға беріледі, тұрғын үй сатып алуда материалдық көмек көрсетуді көздейді. Бүгінде осы ЭҰС 1246 отбасына берілді. Сертификат бір рет өтеусіз, қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4,2 млн теңгеге дейін беріледі.

Материалдық көмек Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағ­дарлама және Үкімет бекіт­кен мемлекеттік тұрғын үй құ­рылысы бағдарламасы шең­берінде тұр­ғын үй сатып алу, салу­ға немесе ипотекалық тұр­ғын үй қа­рыз­дары негізінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесі нысанын­да ұсынылады. Тұрғын үйді мен­шікке сатып алуға сертификат алдын ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі. Тұрғын үй салу кезінде сертификат елдің Жер және басқа да заңнамаларына сәйкес жеке тұрғын үйлер салуға меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.

Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жар­наның бір бөлігі ретінде пайдалануға екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет. Бұл ретте экономикалық ұтқырлық сертификаты келу өңі­ріндегі тұрақты тұратын елді мекенде ғана тұрғын үй сатып алуға беріледі. Естеріңізге сала кетейік, қандастар мен қоныс аударушыларға экономикалық ұт­қырлық сертификатынан басқа мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары да ұсынылады. Айталық, көшуге арналған субсидия – бір уақытта отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде (258 440 теңге); тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге арналған субсидия – ай сайын, 12 ай ішінде отбасы мүшелерінің санына, елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін), қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдама; жұмысқа ор­наласуға немесе кәсіп­кер­лік бастаманы дамытуға жәр­дем­десу; өңіраралық қоныс ауда­руға жәрдем көрсететін жұ­мыс берушіге кемінде 2 жыл мер­зім­мен тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қам­тамасыз ету шартымен әрбір қабылданған жұмыскерге 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орна­­ласуға біржолғы субсидия (1 476 800 теңге) беріледі.

Өткен ғасырдың 90-жылдары бастау алған ұлы көштің желісі үзілмей, қасиетті қа­зақ байтағына әлі де келіп жат­қаны қуантады. Еліміздің жаңа жағ­дайда алға басуына, ел эконо­микасының, кәсіпкерліктің дамуына қандастарымыздың қосып отырған үлесі қомақты. «Елге ел қосылса – құт» демекші, қатарымызды толықтырып, ха­лықтың өсімін көбейтіп жатқан ағайын, бауырларымыздың ті­лінен, салт-са­на­сынан, елге деген құрмет, бі­лімге, кәсіпке деген құштарлық айқын аңғарылады. Сол тұрғыда атажұртты аңсап келген бауыр­ларымыздың жаңа ортаға жылдам орнығып, бейім­деліп, тамыр жайып кетуіне жан-жақты қолдау көрсету – барша қоғамның парызы.