Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың қандас көшіп келді. Биыл 14 391 қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жыл басынан елімізге тұрақ тепкен қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39%-ы – Өзбекстаннан, 5,9%-ы – Моңғолиядан, 5,2%-ы – Түрікменстаннан, 2,9%-ы – Ресейден, 1,2%-ы басқа елдерден келген.
Осы жылғы 1 қазандағы жағдайға сүйенсек, еңбекке қабілетті жастағы этностық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілер 33,1%-ды, зейнеткерлер 9,3%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі: 17,9%-ы жоғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, 3,3%-ының білімі жоқ.
Алыстан келген ағайындар елдің түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыруға ниетті, еңбек күші тапшы өңірлер де белгіленген, олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қазанға дейінгі мәліметке сүйенсек қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде – бір мезгілде отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.
Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау жөнінде институционалдық шаралар қабылданды.
Өткен жылы қанатқақты режімде елшіліктер арқылы «бір терезе» қағидаты арқылы қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Қанатқақты жоба аясында елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге, республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этностық қазақтардан жаңа форматта 19 022 өтініш қабылданды.
2023 жылдан бастап 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жұмыс күші артық аумақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру мақсатында экономикалық ұтқырлық сертификаттары енгізілді. Сертификаттар Үкімет белгілеген қоныстану аймақтарына тұрақты тұруға ниет еткен кандастар мен ішкі қоныс аударушыларға беріледі, тұрғын үй сатып алуда материалдық көмек көрсетуді көздейді. Бүгінде осы ЭҰС 1246 отбасына берілді. Сертификат бір рет өтеусіз, қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4,2 млн теңгеге дейін беріледі.
Материалдық көмек Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама және Үкімет бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу, салуға немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары негізінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесі нысанында ұсынылады. Тұрғын үйді меншікке сатып алуға сертификат алдын ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі. Тұрғын үй салу кезінде сертификат елдің Жер және басқа да заңнамаларына сәйкес жеке тұрғын үйлер салуға меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.
Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде пайдалануға екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет. Бұл ретте экономикалық ұтқырлық сертификаты келу өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде ғана тұрғын үй сатып алуға беріледі. Естеріңізге сала кетейік, қандастар мен қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификатынан басқа мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары да ұсынылады. Айталық, көшуге арналған субсидия – бір уақытта отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде (258 440 теңге); тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге арналған субсидия – ай сайын, 12 ай ішінде отбасы мүшелерінің санына, елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін), қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдама; жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу; өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушіге кемінде 2 жыл мерзіммен тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қамтамасыз ету шартымен әрбір қабылданған жұмыскерге 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия (1 476 800 теңге) беріледі.
Өткен ғасырдың 90-жылдары бастау алған ұлы көштің желісі үзілмей, қасиетті қазақ байтағына әлі де келіп жатқаны қуантады. Еліміздің жаңа жағдайда алға басуына, ел экономикасының, кәсіпкерліктің дамуына қандастарымыздың қосып отырған үлесі қомақты. «Елге ел қосылса – құт» демекші, қатарымызды толықтырып, халықтың өсімін көбейтіп жатқан ағайын, бауырларымыздың тілінен, салт-санасынан, елге деген құрмет, білімге, кәсіпке деген құштарлық айқын аңғарылады. Сол тұрғыда атажұртты аңсап келген бауырларымыздың жаңа ортаға жылдам орнығып, бейімделіп, тамыр жайып кетуіне жан-жақты қолдау көрсету – барша қоғамның парызы.