Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 236 ағза трансплантаттау отасы жасалған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 260-қа жетсе, 2025 жылы 310 операция жүргізілген. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары нәтиже.
Ал 2026 жылдың І тоқсанында елімізде 77 трансплантаттау жасалды. Оның ішінде:
– 55 операция тірі донорлардан;
– 22 операция қайтыс болған донорлардан жүзеге асқан.
Трансплантаттау құрылымында бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және көздің мөлдір қабығын алмастыру оталары бар.
Салада балалар трансплантологиясын дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. 2025 жылы балаларға 16 ағза трансплантаттау отасы жасалған.
Соған қарамастан, трансплантаттауды қажет ететін пациенттер саны азаймай тұр. Қазіргі уақытта күту тізімінде 4 600-ден астам адам, оның ішінде 119 бала бар.
Ең жоғары сұраныс бүйрек трансплантаттауына тиесілі. Қазір бүйрек алмастыруды 4 102 пациент күтіп отыр. Сонымен қатар:
– бауыр трансплантаттауын – 267 адам;
– жүрек трансплантаттауын – 198 адам;
– өкпе трансплантаттауын 33 пациент күтіп отыр.
2023 жылмен салыстырғанда күту парағындағы пациенттер саны 3,9 мыңнан 4,6 мың адамға дейін өскен.
Мамандардың айтуынша, трансплантологияны дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесін жетілдіру және қоғамда ағза донорлығы мәдениетін қалыптастыру.
Соңғы жылдары әлеуетті қайтыс болған донорлар саны да артқан. Мәселен, 2023 жылы олардың саны 49 болса, 2025 жылы 186-ға жеткен. Ал 2026 жылдың І тоқсанында тағы 55 әлеуетті донор анықталған.
Сонымен қатар ел тұрғындарының қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты ұстанымы eGov порталы арқылы жиі тіркеле бастаған. Егер 2023 жылы жүйеде 38,7 мың ерік білдіру тіркелсе, 2026 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 156 мыңнан асқан.
Алайда қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергендер саны әзірге төмен деңгейде қалып отыр. Қазірге дейін 15,1 мың азамат келісімін тіркесе, 140,8 мың адам донорлықтан бас тартқан.
Елімізде алғаш рет 15 жастағы балаға жүрек трансплантациясы жасалды