Үкімет • 24 Қазан, 2024

Жолаушылар тасымалына тиімді тетіктер енгізіледі

95 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен тө­менгі палатаның жалпы отырысы өтті. Мәжіліс коми­тет­тері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабыл­дады. Күн тәртібіндегі үш мәсе­ле­нің екеуі халықарлық келісім­­дерді ратификациялауға қа­тыс­ты болса, ең ұзақ талқыға түс­­кені елдегі жолаушыларды көлік­пен тасымалдау саласына бағытталды.

Жолаушылар тасымалына тиімді тетіктер енгізіледі

Такси қызметі өзін-өзі реттемек

Депутаттар алдымен «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда қарады.

Аталған заң жобасы жайлы Көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов қосымша баяндама жасады.

Жалпы, елдегі жолаушыларды автомобильмен тасымалдау сала­сындағы мемлекеттік функциялар өзін-өзі реттеуге берілетін болды. Яғни Мәжіліс жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функция­ларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Үкімет әзірлеген заң жобасы аясында жолаушыларды тұрақты халықаралық, облысаралық, тұрақты емес автобус тасымалы, сондай-ақ такси тасымалын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік функция­лар өзін-өзі реттеуге берілмек.

М.Қарабаевтың айтуынша, министрлік осы мәселеге қатысты жұмысты 2020 жылы бастап кеткен және оның аясында қажетті қоғамдық тыңдау­лар өткізіліп, тиісті талдаулар жүргізілген. Сондай-ақ осы сала төңірегіндегі халықаралық тәжірибелер де зерделеніпті.

– Дамыған елдерде өзін-өзі реттеу экономиканың барлық саласында орын алған. Халықаралық тәжірибе сала­ның өзін-өзі реттеу­ге өтуінің тиімділігін көрсетеді. Өйткені тек бір саланың мәселесімен айналысатын білікті сарапшылары бар жеке ұйымның болуы осы саланың қарқынды түрде дамуын қамтамасыз ете алады. Мәселен, өзін-өзі реттеу Америкада 1934 жылдан бастап кәсіпкерліктің барлық секторында, тіпті денсаулық саласында да жұмыс істейді. Англияда 1889 жылы жүк тасымалы қауымдастығы құрылған, ол қазіргі күні елдегі жүк көлігі паркінің жартысын, сондай-ақ теміржолмен 90% жүкті, ал теңіз көлігімен 70% жүкті тасымалдайтын операторларды біріктіреді. Көрші елдерде өзін-өзі реттеуде Ресей көшбасшы. Ол елде 2007 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қабылданып, «тәуелсіз бағалау», «төрелік басқару», «сәулет-құрылыс/кадастр», «ав­тө­көлікпен халықара­лық жүк тасымалы» өзін-өзі рет­теуге өтті, – дейді Көлік министрі.

Жалпы, бүгінде елімізде халық­аралық – 61, облысаралық – 189, тұ­рақты емес – 625, такси 2 833 та­сы­­малдаушы тасымал қыз­метін көрсетеді. Олар өз қыз­метін жал­ғас­тыру үшін Автотасы­мал­дау­шы­лар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бірігуі керек. Ол үшін алғашқы үшеуінің иелігін­де автокөліктердің кемінде үштен бірі, ал таксилерде кемінде оннан бірі болуы керек екен. Ал бұл өзгеріс­тер жал­­дамалы жұмыскерлері жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіп­кер­лерге қатысы жоқ. Яғни заң жобасымен жұмыс бары­сында депутаттар жалда­ма­лы жұмысшылары жоқ жеке тұл­ғалар мен жеке кәсіпкер­лерге қатыс­ты такси тасымалын ұйымдас­тыру­­дың қолданыс­тағы нормаларын са­қтау туралы түзетулер енгізіп отыр.

Бұл ретте өзін-өзі реттеуге қаты­су үшін мүшелік жарналар қарас­тырылған. Оны Автотасымал­даушы­лар палатасы мүшелері өздері белгілейді. Автобус тасымалы үшін 1-ден 7 АЕК-ке дейін, таксилер – 0,4-тен 2 АЕК-ке дейін, таксиге тапсырыс беру қызметтері мен қосымшалары – 2-ден 700 АЕК-ке дейін, вокзалдар мен бекеттерде – 2-ден 70 АЕК-ке дейін болады. Сондай-ақ депутаттардың бас­тамасымен заң жобасында өзін-өзі реттеуге қатысу жарналарын төлеу шығындарын қыз­меткерлерге жүктеуге болмайтыны қарастырылған.

Қысқасы, бұл салада өзін-өзі рет­теуді енгізу тасымал­даушыларға уақыт талабын ескере отырып, қажетті стандарттар мен ережелерді жыл­дам қабылдауға, тасымал қыз­метін бақылауды жетілдіруге, жол-көлік қызметінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, заңсыз тасымалдауды бақылауға мүмкіндік береді.

Тіпті министр М.Қарабаев бұл саладағы бюрократия мен сыбайлас жемқорлық салдарын азайта келе, қоғамдық бақылау тетігін дамытуды қамтамасыз етуге болатынын алға тартты.

Ал осы мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Нұртай Сабильянов заң жобасының азамат­тар­дың қауіпсіздігін, жүргізуші­лердің құқы мен мүддесін қорғауға ба­ғыт­талғанын, сондай-ақ бар­­лық тасымалдаушыны мем­лекеті­міздің заңдарын орын­дауға ынталандыратынын атап өтті.

Такси қызметтері бұдан былай өзін-өзі реттеуге қаты­су­дан тыс жұмыс істей ал­май­тын болды. Өзін-өзі рет­теу­­ге міндетті түрде қаты­су талаптары таксидің ақпа­рат­тық-диспетчерлік қыз­мет­тері­нің, такси­ге тапсырыс беретін мобиль­ді қосым­шалары­ның, автовокзал­дардың, автостансалар мен жолау­шы­ларға қызмет көрсету пункттерінің қызметтеріне де қатысты болмақ. Яғни құжат такси тасымалын бақы­лау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару» және «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеу­ге қосылуға міндеттемек. Әйтпесе олардың қызметі заңсыз деп танылады және ел аумағында қызмет көрсетуіне шектеулер қойылады.

Түзетулерде өзін-өзі реттей­тін ұйымдарға тек көліктік бақы­лау функцияларын беру ұсы­ны­лады. Бақылаудың өзге де түр­­лерін (жол қозғалысы ере­же­­лері, санитарлық, шекара­­лық, кеден, салық және басқа­лар) бел­­гі­л­енген тәртіппен тиісті ба­қы­лау­шы органдар жүзеге асырады.

Осыған байланысты әзір­леуші­лер өзін-өзі реттеу үшін бақылау меха­низмін ұсынады. Олар автоматтан­дырылған диспетчерлік жүйені енгізу және GPS трекерлерін қол­дану арқылы автобус қызметтеріне белгі­ленген талаптардың сақта­луын бақылай алады. Соны­мен қатар өзін-өзі реттеуге қатысу­шылар­дың автобус­тарының мемлекеттік нөмірлері базада жоқ көліктерді тексеру үшін бақылаушы органдардың деректер базасына көшіріледі.

Құжат аясында «Көлiк», «Автомо­биль көлігі», «Астана­ның мәртебесі», «Рұқсаттар және хабарламалар», «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеу­мет­тік қамсыздандыру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу» туралы заңдарға түзетулер ен­гізі­­леді. Заң жобасын екінші оқы­­лымға әзірлеу жұмыс топ­тары­­ның отырыстарында жалғасады.

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруа­шы­лығы өніміне арналған қоймалық куәлік­терді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндады.

Бұдан былай Қазақстан қоймалық куәліктер арқылы Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін саудалай алатын болды. Мәжіліс ра­ти­фи­кацияла­ған құжатқа Қазақ­стан, Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан және Ресей 2023 жылы 31 шілдеде Мәскеуде қол қойған.

Келісім Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ шеңберінде қой­­малық куә­ліктерді (құ­жат­сыз эмиссиялық емес баға­лы қағаздарды) пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы ынтымақтастық пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сау­дасын дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ Француз даму агент­тігі­нің тобы Қазақстанда өз қыз­метін бастады. Бұл мәсе­ле Мәжілісте рати­фика­ция­ланған Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Француз даму агенттігі тобының Қазақ­станда жұмыс істеуі туралы келісім­де қарастырылған. Онда негізі­нен құқықтық, салықтық және қар­жылық жағдайлар көзделген.

 

Сақтандыру саласы сын көтермейді

Күн тәртібіндегі заң жобаларын қарап болған соң, депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға бағытталған өз сауалдарын жолдады. Депутат Елнұр Бейсенбаев сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерді тізіп, Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агентті­гінің төрағасы Мәдина Әбіл­қасымоваға жолдады.

Депутаттың айтуынша, біздің ел­дегі сақтандыру нарығы ширек ға­сыр­дан аса уақыттан бері өмір сүріп келе жатқанымен, қарапайым азаматтар әлі күнге дейін қауіп-қатерден толыққанды қорғалмай келеді.

– Дамыған елдерде сақ­тандыру азамат­тардың қар­жылық тәуекел­дерін барынша азайтуға арналған әлеуметтік келісімшарт ретінде қарас­тырылады. Алайда біз­дің елдегі сақтандыру саласында санаулы ғана адамдар, атап айтқанда, сақтандыру компанияларының иелері ғана пайда көреді, – деді Е.Бейсенбаев.

Қысқасы, депутат елдегі сақ­тан­дыру нарығында қалыптасқан қазіргі жағдай жүйені қайта реттеуді қажет етіп отырғанын атап өтті. Сауалының тоқетерін айтсақ, Е.Бейсенбаев сақтандыру жүйесі белгілі бір топты «тойдыру» құралы емес, азамат­тардың сенімді қорғаны болғанын талап етті.

«Аmаnаt» фракциясының депу­тат­тары атынан депутат Болат Керім­бек Бас прокурор Берік Асы­лов пен Әділет ми­нистрі Азамат Есқа­раевқа елде қап­тап кеткен билер мәселесін жолдады.

– Кемеңгер Абай кезінде аузымен орақ орған пысықай­­ларға қарата «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұз­ғ­ан жоқ па елдің сиқын» деп, оларды қатаң сынаған еді. Өкі­ніш­ке қарай, кейінгі кезде елімізде осындай өзін-өзі сайлап алған жалған «билер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп, көбейіп кетті. Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты атын шығарып, атақ алу, жұрт үсті­нен күн көріп, мал табу се­кіл­ді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көп­шілік мойындамаған қаптаған би­лер әр іске жөнсіз араласып, көсем­сіп, жұртты жік-жікке бөлуі­­мен қоймай, өзара таласып, қазақ­тың ғасырлар қойнауындағы қа­сиет­ті билер институтына кір келтіре бастады, – дейді Болат Керімбек.

Сондықтан депутат өздерін би сай­лап, мәселелерге пәтуа шы­ға­рып жүрген түрлі адам­ның әре­кетіне нақты құқықтық баға бе­рілуге тиіс екенін көтерді. Біз заң үстемдік етіп, тәртіп би­лейтін қоғамда өмір сүруі­міз қажеттігін, Әділет министр­лігі мен Бас прокуратура елі­міздегі қазіргі түрлі «билер» атын жамылған ұйымдардың жұмысына тексеру жүргізіп, олар­дың қызметінің заңға сәйкестігін пысықтауы керектігін атап өтті.