Халық • 25 Қазан, 2024

Демографиялық өсімнің алғышарты

116 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алғалы республикада 3 рет халық санағы жүрді. Ал еге­мен­дік декларациясы қабыл­да­нар­дан бір жыл бұрын, 1989 жылы кезекті санақ жүріп, онда халық саны 16,1 миллион деп тіркелген екен. Міне, осы 1989 жылдан бері соңғы санақ жүрген 2021 жылға дейін отандастарымыздың қатары 4 миллионға жуық адамға өсті.

Демографиялық өсімнің алғышарты

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Жалпы, әлемдік тә­жіри­беге сүйеніп, біз­дің елде де халық са­на­ғы әр он жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл аса маңызды зерттеу арқылы мемлекеттің алдағы жылдарға арналған даму стратегиясы айқындалып, нақты сандарды көрсетіп беретін құжат жа­сақ­талады.

Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғаш­­қы халық санағы 1999 жылы ұйым­дастырылды. Ұлттық ста­тис­тика бюросының әр кезеңдегі санағына көз жүгіртсек, 1989 бен 1999 жылғы халық санының қозғалысына қатысты қызықты деректер кезіктіруге болады. Мәселен, 1989 жылы елде 16 199 154 адам бар екені анықталса, 1999 жылы 14 953 126 адам тіркеліп, он жылдың ішінде 1,2 миллонға азайып­пыз. Әрине, мұның себебіне терең бойлайтын болсақ, бұл жайтқа әсер еткен шешуші фак­тор­лар аз емес. Тоқырау жыл­да­рындағы жұмыссыздықтың тұр­мысты тұралатып, оның бала туу көр­сеткішіне кері әсер еткені, өзге этнос өкілдерінің тарихи ота­нына көшуі – айтпаса да түсінікті факт.

1999 жылғы санақта он жыл ішінде республиканың бар­лығына дерлік өңірлерде ха­лық санының азайғаны бай­­қал­ды. Тек Астана мен Алматы қалаларында, Атырау, Қызылорда, Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облыстарында ғана өскен. Айта­лық, аталған онжылдықта Астана тұр­ғын­да­ры 38 109 тұрғын­ға көбейсе, алматылықтар 107 961 адамға артқан. Ал жоғарыда атал­ған облыстар арасында Оң­түс­тік Қазақстан облысының хал­­қы 108,5 пайызбен өңірлер көшін бастағанымен, сол кездегі орта­лығы Шымкентте халық 1989 жылғыдан біршама кеми түскен (98,7%).

Облыстардың ішінде Астанаға жақын Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан және Қарағанды облыс­тарында халық санының азаюы алдыңғы үштіктен көрінген. Соған қарағанда Астананың байырғы тұрғындары өзге өңір­лер­дегідей-ақ азайғанымен, елордалықтар негізінен Алматы қаласынан және осы аталған үш өңірдің қоныс ауыстырған тұрғындары есебінен көбейгені тағы бір көрсеткіште келтірілген.

Бұл жерде Астанадағы қазақ­тар­дың саны ғарыштық жылдам­дықпен өсе түскенін қоса кеткен жөн. 1989 жылы небәрі 17,7 па­йыз төңірегінде болса, 1999 жылы елордадағы қазақтар 41,8 пайыз­ға жеткен. Алдыңғы санақпен салыс­тыр­сақ, 268,3 пайызды құрап отыр.

Ауыл мен қала халқының ара-сал­мағын таразыласақ, жалпы 1989 жылдан 1999 жылға дейін ауылдағы ағайынның қатары сирей түсіпті. Шамалап айтсақ, жарты миллионға жуық. Жұрт тоқы­рау жылдарының қыспағынан қарашадағы қара үйін қиып, қалаға үдере көшкен екен ғой деген ой бірден келеді. Себебі алтын бесігін тастап, күнкөрістің қа­мымен бақытын қаладан іздеп кеткен отбасылар әр ауылда болды. Алайда осы кезеңде қалалық­тар­дың да саны 755 мыңға кеміп кетіпті.

Сонда айналасы он жылдың ішінде бұл халық қайда кетті деген заңды сұрақ мазалайды. Жауабын іздеп, тағы бір статистикаға үңіліп көрсек, елдегі ажырасқандар мен отбасынан кетіп қалғандар саны: ерлер 39 424-ке (1989 жыл – 179 986, 1999 жыл – 219 410 адам), әйелдер 106 406 (1989 жылы – 354 407, 1999 жыл 460 813) адамға арта түскен екен. Яғни бұл жағдайдың да халықтың туу көрсеткішіне кері әсер ететіні белгілі.

Жалпы, КСРО тарағаннан кейін біраз халық Қазақстаннан сыртқа қоныс аударды, олардың ішінде славян этностары, әсіресе немістер көп болды. Неке және отбасы мәселелері қиындай түсті. Сол себепті де 1999 жылғы санақта халықтың саны 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,2 миллионға аз болып шықты.

1999 жылғы санақ бойынша қазақтың саны 7,9 млн адамды құрады. Бұл – жалпы халықтың 53,4 пайызы. Сөйтіп, қазақ өз жерінде қайтадан көпшілікке айналды. XX ғасырдың басында басталған геноцидтік және отарлау саясатының салдарынан аштыққа ұшырап, атылып, қудаланған қазақ 50-жылдары өз жерімізде 29%-ды құрап, азшылыққа айналған дәуірден кейін, араға жарты ғасыр салып қайта көпшілікке айнала алдық.

2009 жылы кезекті халық санағы өтті. Нәтижесінде, еліміз­де 16 004 800 адам тұратыны анық­талды. Яғни 1989 жылғы дең­гейге араға 20 жыл салып барып әрең жеттік. Қазақтар саны 63,10 пайызға көтерілді, яғни он жылда тағы 10%-ға артқаны көрінді. Оның ішінде сырттан атажұртқа қоныс аударған қандастардың да үлесі бар.

2019 жылы өтуге тиіс халық санағы маңызды себептерге байланысты 2021 жылға дейін шегеріліп келді. Бұл санақта біз еңсе тіктер көрсеткішті көре алдық. Республика халқының саны 19 186 015 адамға жетті. Халық санының өсуі осы 30 жылдағы елеулі жетіс­тіктердің бірі болса керек. 1991 жылмен салыстырғанда қата­рымыз 14,8 пайызға өсіп, жылдық өсім 1,3%-ды құрады. Ал тәуелсіздік жылдарындағы табиғи өсім 5 миллионнан аса адамды құрады.

Демограф ғалым Аяулым Сағынбаева кейінгі екі-үш жылда босанулар санының күрт өсуі байқалғанын айтады. Бұны демограф алтын құрсақты анала­ры­мыз­дың үш баладан көп босану қар­қынымен байланыстырып отыр.

– Бүгінде туудың жалпы коэф­фициенті бір әйелге шақ­қанда 3,13 тууды құрайды. Бұл – тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл жерде маңызды рөлге үлкен жастағы әйелдердің көбірек босана бастауы ие болып отыр. Неке жасы да ұлғайып келеді. Ал Ресей, Еуропа елдерімен салыстырғанда Қазақ­станда ана мен балаға қол­дау онша көп болмаса да, оң өзгеріс бар, – дейді А.Сағынбаева.

Сондай-ақ демограф ғалым елімізде тәуелсіздік жылдарында нәресте өлімі 72 пайызға дейін төмендегенін айтты.

– Қазіргі таңда мың балаға шаққанда бір жасқа дейінгі балалардың 7,8 өлімі тіркеледі. Сондай-ақ ана өлімі 46 пайызға төмендеп, 100 мың балаға шақ­қанда 36,5 өлімді құрады, – дейді демограф.

Ал Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Бекзат Ермекбаева елімізде ана болу­дың орташа жасы кейінгі 20 жыл ішінде өскенін анықтапты.

– Ұлт­тық статистика бюросы­ның деректеріне сүйенсек, 2020 жылы бұл көрсеткіш – 29,2 жас, 2019 жылы – 28,9 жас, 2018 жылы 28,7 жасты құрады. Осылайша, бірінші бала туған кездегі ананың орташа жасының жыл сайынғы өсімі байқалады. Бұл үрдіс әлеу­меттік-экономикалық және де­мографиялық факторлармен байланысты. Елімізде 2000–2021 жылдар аралығында 35 жас­тан кейін босанған әйелдер санының күрт өсуі 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта байқалды, – дейді Б.Ермекбаева.

Халық санағы – тек халықтың өсуі мен кемуін, миграциялық жағ­дайды талдау ғана емес. Жо­ға­ры­да айтқанымыздай, мұның әлеу­меттік-экономикалық ма­ңызы аса зор. Ең бастысы, еліміз егемендік алғалы бері ұлты­мыздың саны артып, 80 пайыздың ауылына қадам бас­тық. Бұл дерек мемлекеттілік, ұлт­тық мәселелерді тиімді шешуге септігін тигізетіні сөзсіз.