Еңбек • 25 Қазан, 2024

Еңбегімен елеулі

120 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Аймақ-атырапқа аты мәлім «Отқанжар» шаруа қожалығында қысқа қамданыс қызған шақ. Астық алқабынан ырыстың ыстық демі сезіледі. Жайылымына жылқы, қой өргізген шопан мен жылқышы күздің қара суығында да аттың үстінде, іс басында, қаһарлы маусымға мол жемшөп қорын жасап алудың қамымен жүр. Мал сүмесіне қарап отырған шаруақор қауымның еңбегі ерен, маңдай тері адал. Соның ішінде аға шопан Жақия Шопабаев пен майталман механизатор Қабидолла Әлмұхаммедұлы шаруашылықта аса қадірлі, еңбектерімен еңселі.

Еңбегімен елеулі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Отар қойдың берекесі

Жауапты шопан Жақия Шопабаев, жиырма жыл болды, қырда қой бағып жүр. Жауапты дейтініміз, көктемде тәуір шыққан бірінші тұқымды, яғни бір отар жас тоқтыны қабылдап алады. Оны келер жылы қоздайтын етіп береді. Жиырма жыл бойғы кәсібі осы. Бұған дейін Жақия Олжабайұлы шаруашылықта механизатор болып еңбек еткен. Жазда трактормен шөп шауып, қыста қойдың қиын, ауланың қарын тазалаған. Кейін пайданы, құт пен ырысты осы қойдан еселеймін деп шопандыққа ауысқан. Бағымы – тұсақ қой. Тоқтының санын кемітпей, салмағын өсіріп, қысқа аман-есен жеткізу – осы ең-беккердің мойнында.

Шаруашылық басшылығы шопанға ұдайы сенім артады. Өйткені қойдың жай-күйін жақсы меңгеріп алған еңбеккерге бұл атакәсіп қанымен сіңген. Атасы Ашық­бай өз заманының үздік шопаны болған. Ол кісі қой баққан қырды ел-жұрт «Ашықбай қыстағы» деп атап кеткен. Атакәсіпті әкесі Олжабай әрі қарай жалға­ған. Бала кезінен әкесі мен атасының атына мінгесіп, қой баққан бала бүгінгі күні еңбегімен сыйлы.

– Жақия ағамыз ертеден осы малдың соңында. Малдың бабын беске біледі. Кеңес кезінде де шопан болған. Бұл кісіге өткізген тоқтыларымыз қара күзде томпаңдап шыға келеді. Басқа шопандарға да ақыл-кеңес айтып, білгенімен бөлісіп отырады. Жақсы сұрыпталған тоқтыларды осы шопанға тапсырамыз. Себебі, ертең өнім беретін қойдың қоңы жақсы болуы керек, – дейді «Отқанжар» шаруа қожалығының басшысы Аслан Қанатұлы.

Шопанның өрісі «Кеңжарық» бөлім­ше­сінде. Отарында 810 тоқты бар. Шаруа­шылық басшысы қысқы бағынға екі көмекші береді.

– «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп тегін айтпаған бабаларымыз. Ғұмырымыз аттың үстінде өтті. Көз ашқалы бері қой өсіріп, өрісімізді толтырып келеміз. Әлі де атпен бағамын. Қазір көбіне мотоциклмен бағады ғой. Қойды олай бағу қате. Қой асықпай, баппен жайылса ғана еті майлы, семіз болады. Осы шаруашылықта жұмыс істеп келе жатқанымызға көп уақыт өтті. Адал еңбектің арқасында абыройға бөлендік. Тәубе, тұрмысымыз жайлы, қазанымыз майлы. Балаларды ештеңеден кем қылмай өсіріп, жетілдірдік, – дейді шопан.

Аға шопанның қой бағатын қос аты бар. Қисық қасқа мен Ақжалды ке­зегі­мен мінеді. Ал әлді Күрең атымен қыста шана тартады. Қара күздің суығы ұрып тұрса да, қойын күн шықпай өріске шы­ғарады. Қазір егін орылған жерге бағып жүр. Бидайдың масағы да таптырмас азық. «Майлы азықтың нәрі мол», дейді шопан. Онымен қоса, қойын Құланөтпес өзеніне жиі тоғытады. Таза әрі семіз болатын бір себебі сол.

Жары Жұмакүл отбасы, ошақ қасы­ның иесі. Үнемі аттың үстінде жүретін күйеуінің күрең шайын демдеп, ыстық асын әзірлеп отырады. Дегенмен ас үйдің айналасында ғана жүре бермейді, ара-тұра қойдың аранына да шығып, қолғабыс қылады. Қой құрттасады, оны санасып, қамасады. Әсілінде, ең үлкен көмекшісі.

Еңбек сүйген шаңырақтың төрт бала­сы бар. Ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырған ерлі-зайыптылар енді кенже­лерінің тойының қамына кіріскен. «Балала­рымыздың тойын жасадық, баспанасын әпердік. Осының бәрі тынымсыз қам-қарекеттің арқасы, еселі еңбектің бізге берген сыйы», деп тәубе қылады қадірлі шопан.

 

Трактордан табыс тапқан

Шабындықтағы шаруаның да қауырт шағы. Мұндайда майталман механи­заторлардың еңбегі аса маңызды. «МТЗ 80-2» маркалы көк тракторлы Қаби­дол­ла Әлмұхаммедұлының техника тізгін­дегеніне жиырма жыл болды. Еңбек майданына ерте араласқан ол ертеректе қой, жылқы баққан. Қазір шабындықтан тонна-тонна болып келген шөпті жып-жинақы етіп маялау – Қабидолланың міндеті.

– Жастайымнан қол еңбектің, техниканың қыр-сырына қанық болдым. Әуелі «Отқанжар» шаруа қожалығында мал бақтым. Кейін трактор тізгіндедік, шөп шаптық, оны жинадық. Қазіргі жұмысым – шөп маялау. Жаз бойғы шапқан мал азы­ғын шашпай-төкпей жинап, тасып, мая­лап алған күні көңіліміз көкке көтеріліп, бір жасап қаламыз. Таңмен таласып техника руліне отырғаннан кешке дейін тыным таппай шаруа басында боламыз. Қыстағы тірлігіміз де осы. Қойға шөп саламыз. Қалың қарды аршимыз. Қора тазалаймыз. Бір жұмыс бітсе, келесісі дайын тұрады. Осының бәрі техниканың күшімен атқарылатын іс, – дейді механизатор.

Биыл шөп түсімі мол. Жер береке­сін берді. Әйтпесе, былтырғы құрғақшы­лық көп шаруаның қолын байлады. «Отқан­жар» шаруашылығы жеті-сегіз жыл бұрынғы шөп қорын бұзып, қайта маялап, қыста соны азық қылып шықты. Ал биылғы маусымда жемшөп жеткілікті. Сол себепті мұндағы жұмыс қауырт. Бір бөлімшеге 2 100 тонна шөп түсіріледі. Бүгінгінің өзінде 5 мая орама шөп әзір. Шаруашылық басшысы Аслан Қанатұлы білікті механизатордың еңбекқорлығын жоғары бағалады.

– Қабидолла ағамыз ұжымда аса қадір­лі, бесаспап маман. Қойдың да күйін, жылқының да жайын біледі. Техниканың қыр-сырына да аса жетік. Тракторының бір жері сыр берсе болды, оны жылдам анықтап, өзі жөндеп, іске қосып алады. Май-суын ауыстыратын уақытына да  ұқыпты, – дейді ұжым басшысы.

Еселі еңбектің арқасында төрт баласын оқытып, бір-бір отау етіп шығарды. Жары Зурият екеуінің бес немересі бар. Майталман механизатор көк тракторынан түскісі келмейді. Өйткені осыменен көгеріп, көктедік дейді.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы