Құқық • 30 Қазан, 2024

Болашақ заңгерлердің бағын ашатын байқау

85 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) сотында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «AIFC Court Moot» студенттік сот үдерісінің биылғы байқауы өз мәресіне жетті. Бұл байқаудың бір артықшылығы оған АХҚО сотының аға судьялары төрелік етеді. Олардың ішінде биыл АХҚО сотының төрағасы, былтырға дейін Ұлыбритания корольдігінің құрамындағы Англия мен Уэльс Жоғарғы сотының төрағасы қызметін атқарған әйгілі ағылшын судья­сы Мэлдон лорды Бернетт те болды.

Болашақ заңгерлердің бағын ашатын байқау

Сурет: massaget.kz

Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, еліміздегі Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Конституциялық соттың судьясы Айгүл Қыдырбаева, сондай-ақ Әділет министрі Азамат Есқараев, Жоғары сот кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері шақырылыпты.

Жалпы, «AIFC Court Moot» – ағылшынның жалпы құқық дәстүріне негізделген, студенттер арасында өтетін сот үдерісінің үлгісіндегі байқау. Сот үдерісіне өмірде болған оқиғаның ойдан құрастырылған нұсқасы кейс ретінде алынғаны болмаса кәдімгі тартысқа толы отырыс өтеді. Осындай қызықты іс-шарада Қазақстан мен Еуразия өңірінің дарынды студент-заңгерлері жиналып, олар АХҚО соты судьяларының алдында өз білімі мен машығын барынша көрсетуге тырысады. Үдеріс бастан-аяқ ағылшын тілінде өтеді.

Бұл жолғы болашақ заңгер­лердің байқауында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің 12 университетінен студенттер бақ сынады. Олар сот үдерісінің симуляциясы барысында ойдан шығарылған іс бойынша өз дәлелдерін да­йындап, АХҚО сотының аға судьяларының алдында қорғады. Байқаудың финалдық бәсекесіне қатыса отырып, бұл жоба – болашақ заңгерлерге заңды талдау, құқықтық ұстанымдарын қалыптастыру және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды тәжірибелік алаң екеніне көз жеткіздік.

Байқаудың финалына алдың­ғы кезеңдерде көрсеткен жақсы нәтижелерімен дара­ланған астаналық Мақсұт Нәрікбаев университеті мен алматылық КИМЭП студенттері шықты. Еліміздің екі танымал жоғары оқу орны студенттерінің финалдық сот сайысын АХҚО сотының төрағасы Мэлдон лорды Бер­нетт және АХҚО сотының басқа да аға судьялары бағасын берді. Байқаудың финалында командалар Астанада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойы­нын және ашылу салтанатын цифрлық жабдықтауға кеткен қыруар қаржының дұ­рыс игерілмеуіне қатысты іс бойынша АХҚО сотының бірінші инстанциясының ойдан шығарылған шешіміне шағымданып, ауызша уәждерін келтірді.

Байқау қорытындысында же­ңім­паз кубогі Мақсұт Нәрікбаев университеті студент­теріне бұйырды. Ал соңғы турға өткен барлық студент АХҚО және ХТО сотында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Жыл сайын Қазақстан мен Еуразия өңірінен жүздеген студент АХҚО соты мен ХТО ұйымдастыратын сот, арбитраж және медиация үдерістерінің байқауларына қатысып тұрады екен. Қысқасы, бұл байқаулар өңірдегі іскерлік және заң қауымдастығының дамуына үлес қосып, АХҚО соты мен ХТО-ны халықаралық коммерциялық дау­ларды шешудегі жетекші инс­титут ретіндегі беделін арттыра түспек.

АХҚО және ХТО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт АХҚО соты студенттік сот үдерісі байқауы жеті жыл қатарынан өткізіліп, қатысу­шы университеттердің оқу бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналғанын мақтан тұтатынын жеткізді.

– Осындай байқауларды өткізу ар­қы­лы біз заңгер студенттерге нақты сот істерінде клиенттердің мүдделерін қорғау үшін адвокаттардан талап етілетін жалпы сот жағдайындағы ауызша адвокатура машықтарын үйренуге және қолдануға бірегей мүмкіндік береміз. Студенттердің деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Біз Еуразиядағы таңдаулы халық­ара­лық коммерциялық сот ретінде негізгі серіктестерімізбен және заң қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас қалыптастыруды жалғас­тырып келе жатқандықтан, бұл – студенттер үшін де, біздің сот үшін де маңызды байқау, – дейді К.Кэмпбелл-Холт.

Ал жеңімпаз команданың мүшесі Дарина Қойшыбаева да АХҚО сотының студенттік сот үдерісі байқауына қатысу өзінің заңгерлік мансабындағы құнды қадам болғанын мақтанышпен жеткізді.

– Бұл байқау менің ауызша адвокаттық дағдыларымды жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар заң саласында табыс­ты жұмыс істеуге қажетті төзім­ділік пен кәсібилікті дамы­туға көмектесті. Бұл тәжіри­бе менің дауларды шешу саласына деген ынтамды одан әрі нығайтты және мен бұл дағдыларды болашақта қолдану мүмкіндігін асыға күтемін, – дейді  Мақсұт Нәрікбаев университеті командасының өкілі.

Жалпы, бұл байқау заң­гер мамандығына ие болуға ұмтылатын студенттерге халық­аралық деңгейде баға жетпес тәжірибе берді. Ұйым­дас­тырушылардың айтуынша, бүгінде байқаудың өткен жыл­дардағы финалистері отандық және шетелдік заң фирмаларында, бизнесте, мемлекеттік органдарда, академиялық ортада жоғары лауазымдық заңгерлік қызметтерді атқарып жүр.