Ғылым • 31 Қазан, 2024

Ғылымдағы алаяқтық

191 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ғылыми дәрежені қорғауда беделді журналдарға мақала жария­лау маңызды саналады. Бұл тұрғыда «Scopus» дереқоры халық­ара­лық деңгейде мойындалған әрі ғалымдардың зерттеуін ұсы­на­тын алаң ретінде танылған. Алайда кейінгі жылдары «Scopus»-қа делдалдардың көмегімен мақала шығару үрдісі белең алып барады.

Ғылымдағы алаяқтық

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Елдің ғылымдағы әлеуе­тін бағалауда ғылыми жария­­ла­ным­дардың са­ны міндетті түрде ескерілетін та­лап­тардың бірі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлі­ме­тінше, былтыр 101 жоғары оқу орны 7428 ғылыми мақала жа­рия­лаған, оның 5344-і «Scopus» дерек­қо­рындағы журналдарда, ал 2367-сі «Web of Science»-те индекс­телген ғы­лыми басылымдарда жарық көр­ген. Алайда «Scopus»-тың қыр-сы­рын білмейтіндер қиынсынып, жұ­мысын ортадағы делдалдарға тап­сырады. Кейінгі кездері бұл қыз­мет нағыз бизнестің көзіне айналған.

Ғылыми журналға мақала жазып, жариялап береміз дегендердің жарнамасы желіні жарып тұр. Қызметін жарыса ұсынған агенттік көп. Біз де солардың біреуіне хабарласып, қалай жұмыс істейтінін біліп көрдік. «Маған «Scopus»-қа мақала жариялау керек. Қызметтеріңіз қан­ша тұрады, жұмыстың жүзеге асу барысы қалай болады», деген сұрағыма «Сіз еш нәрсеге алаң­дамайсыз, басынан аяғына дейін бәрін өзіміз қатырамыз, 1 800 000 теңге төлесеңіз болды» деген жауап алдым. Агенттіктің айтуынша, сіз берген тақырыпта кәдімгі зерттеп жүрген кәнігі мамандай ғылыми мақала жазып, оны жариялап, шыққан соң авторлық құқықты сатып алып береді екен. «Қымбаттау екен», деп қипалақтап едік, «Бұл қайта жеңілдікпен тұр. Нарықта бұдан арзан баға таппайсыз», деді. «Ал егер мақалаңызды өзіңіз жазып жіберем десеңіз, қалған жұмысты 1 млн теңгеге істеп береміз», деген ұсынысты тағы айтты.

«Scopus»-қа мақаласын жылдап шығара алмай жүргендер амалсыздан агенттіктің қызметін сатып алады. Сорақысы ақшасын алғаннан кейін көбі алаяқ болып шығады. Ғалымдар мен зерттеушілер «ұтам» деп ұрынып қалғанын кеш түсінеді. Тіпті айтқанын істеп, «Scopus»-қа шығарып бергеннің өзінде істеген жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Мақаласын жазғызып отырған «ғалымдардың» да ісін жөн дей алмаймыз. Бұл – ғылыми этиканы өрескел бұзу, ғылым дамуын тежеу.

Жоғарыда жазғанымыздай, делдалдар «Scopus»-қа мақала шығарып бергенімен, бәрібір оны ғылыми метрикасы жоғары басылымға емес, ақшасына келісетін арзан журналдарға жібереді. «Scopus» базасындағы ғылыми метрикасы жоғары журнал­дарға жарияланым жасап жүрген PhD Аманжол Тұр­лы­бекұлының айтуынша, «Scopus»-қа кіріп, кімнің қай дең­гейде екенін бірден білуге болады.

– Көп жағдайда «Web of Scien­ce»­ журналдардың импакт фак­то­­ры төменірек болады. Себебі де­рек­қорға енгізілген журнал­дардың саны «Scopus»-қа қарағанда 1,5-2 есе аз. Яғни «Web of Science»-тің талаптары да жоғары. Хирш индексі, импакт фактор, сайт скор, квартиль, процентиль, JCR деген ғылыми ме­трика көрсеткіштері бар. Сайт скор мен импакт фактор екеуі ұқ­сас, тек біріншісі «Scopus»-та болса, екіншісі «Web of Science». Ол жур­нал­дың оқылымын анық­тайды. Сіл­теме санын журналда жарық көр­ген мақалалар санына бөледі. Хирш индексі ғалымның деңгейін анық­тайды. Яғни орта есеппен оның жұмыстарына неше рет сілтеме жасалғанын көрсетеді. Мы­салға, еліміздегі ең үздік ғалым про­фессор Рәтбай Мырзақұловта – 52. Ал процентиль мен квартиль – «Scopus» пен «Web of Science» жур­нал­дарының бағыты бойынша пози­циясы мен сапасын анықтайды, – дейді ғалым.

Ғылымда ретракцияланған жұмыс деген түсінік бар. Ол жа­рия­­­ланған мақалалардың тек­серіле келе талаптарға сай емес деп танылуы. «Retraction Watch» дерек­қорының мәліметінше, бүгінге дейін 50 мыңнан аса ғылыми жария­ланым ретракцияланған. «Thinking Skills and Creativity» журналы­ның зерттеу нәтижесінде мақаласы қай­тарылған қазақ авторлары көбі­не делдалдардың қызметіне жүгі­­нетіні анықталған. Сондай-ақ ғылыми жарияланым ережелерін қадағаламай қабыл­дай беретін жур­налдардың да жауапсыздығы негізгі факторға жатады екен.

PhD Мереке Зейноллақызының айтуынша, зерттеумен айналысып, ғылыми дәрежесін қорғауға да­йындалып жүргендердің арасында ғылыми жарияланым талаптары мен этикасын білмейтіндер көп.

– Өкінішке қарай, зерттеу тақырыбын өзі түсінбейтін, акаде­миялық мәтін жаза алмайтын «ғалымдар» бар. Сол себепті қазақ авторларының мақаласын «Scopus» қабылдамайды. Онда нақтылық жоқ. Бәрі жалпылама. Ал отандық журналдардағы мақалалардың дені – ағылшын тілінен аударылып алынған ақпараттар. Бұлай кім-кімді алдап жүр, – дейді ол.

«Scopus»-тағы сондай-ақ басқа да ғылыми платформалардағы жария­ланымдар көп жағдайда зерттеушінің мансабының өсуіне, гранттар алуына, академиялық ортада танымал болуына ықпал етеді. Бұл зерттеушілерді жарияланым сапасынан гөрі санына мән беруге мәжбүрлейді. Көптеген ғалым «Scopus» тізіміндегі журналдар­ға шығу үшін сапалы зерттеу жасаудың орнына, кез келген жолмен мақалаларын жариялауға асығады. Нәтижесінде, ғылым коммерцияланады. Яғни жалған журналдар мен сапасыз мақалалар көбейеді. «Retraction Watch» дерек­қоры «Scopus» тізіміне еніп, бірақ талаптарды сақтамай ақша деп араны ашылған біршама журналды әшкерелеп, лицензиясынан айырған. Бірақ қанша тексеріс жүргізіліп жатса да, олардың саны азаяр емес. Жалған ғылыми зерт­теулер жариялайтын басылымдарды анықтайтын «Predatory journals List» сайтының дерегінше, бұл тізімде көшті Үндістан, Нигерия, Пәкістан мемлекеттері бастап тұр. Алдыңғы қатарда Орталық Азия елдері де бар. Соның ішінде Қазақ­станда кейінгі жылдары ғылыми жария­ланымдардың санының күрт көбей­гені байқалған.

Аманжол Тұрлыбекұлының айтуынша, ғылым жолына түскендер міндетті түрде талапқа сай мақала жаза алатын деңгейде болуға тиіс.

– Қазір ғылыми жарияланымы жоқ болса, ғалымды ортасы мойындамайды. Өйткені оның жұмысын ешкім оқымаса, ешкім сілтеме жасамаса, ғалымның өзекті зерттеумен айналысып жүргені күмән тудырады. Сонымен қатар ғалымдарға шетелдік журналдарға жарияланым жасаудың қажеті жоқ. Шетел басылымдарын қазақ қоғамындағы тақырыптар, мәсе­лелер қызықтырмайды деген жансақ пікір бар. Бұл кеңес заманынан қалған түсінік пе деп те ойлаймын. Өйткені сол кезеңде кеңес заманының ғылымы өз ортасында ғана шектелетін. Шетел басылымдарына жарияланым жасамайтын. Шын мәнінде, шетелдік ғылыми қауымдастықпен байланыста болу өте маңызды. Ғалымдар «Scopus»-қа жарияланым жасауды бір бағынбайтын белестей көреді. Бірақ еңбектенсе, шынайы зерттеумен айналысса, сапаға жұмыс істесе, мақала жазу қиын нәрсе емес. Айтпағым, бұл – меңгеруге болатын қабілет. Ғылыммен айналысып, ғылыми мақала жаза алмау үйлеспейтін нәрсе, – дейді ол.

Ғылымдағы делдалдардың көбеюі мен жалған журналдардың тара­луы – қазіргі заманғы акаде­миялық қауымдастықтың бас­ты мәселелерінің бірі. Мұндай тәжірибелер зерттеу сапасына теріс әсер етіп, ғылымның беделіне нұқсан келтіреді. Аманжол Тұрлы­бекұлының сөзінше, сапасыз зерт­теу жұмыстары мемлекеттік бюд­­жетке де үлкен залалын тигі­зеді.

– Министрлік талапты күшейт­песе, ғылым саласында кәсіби өсім бол­майды. Әуелі жоғары оқу орындарында сапа жақсаруы керек. Уни­верситеттерде жөнді ғылыми зерт­теу жұмыстары жүргізілмесе, қа­лай білікті маман даярланады. Нағыз ғалым қайдан шығады? Мысалы, Назарбаев университетін ала­тын болсақ, бакалавр не магис­трант студенттер ғылыми жоба­ларға тікелей қатысып, лекция­да алған мәліметтерді лабораторияда шыңдай алады. Бірақ басқа жоғары оқу орындарының бәрінде мұндай мүмкіндік жоқ. Соның кесірінен шала сауатты «ғалымдар» көбейеді, – дейді ол.

Иә, айтқандай-ақ сапаны бақыламаса, санға жұмыс істейтін қоғамға айналамыз. Атақ үшін делдалдардың демеуінде жүрген «ғалымдар» ғылымды өшірмесе өсірмейді.