
Отырыста қаралған «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң сотталғандарды беру шарттары мен тәртібін регламенттейді. Мұнда сотталған адамнан немесе оның заңды өкілінен беруге келісім алу талабы маңызды аспект саналады. Аталған келісім ерікті және саналы болуы керек. Бұл сотталушыға берудің құқықтық салдарын түсінуді қамтамасыз ететін мәлідемемен расталады. Сондай-ақ құжатта сотталған адамды беруге негізгі шарттар белгіленген. Олардың бірі сотталған адам екі елдің бірінің азаматы болуы қажет. Одан бөлек, адам сотталған әрекет екі елде де қылмыс деп танылуға тиіс. Заң сұрау түскен жағдайда тараптар бір-біріне беретін құжаттардың тізбесі мен шартты орындау рәсімін де регламенттейді.
Сонымен қатар бұған дейін Сенат депутаттары цифрландыру бағытында қолға алынған бағдарламаларды іске асыру сапасына, ауылдық жерлердегі интернетке қолжетімділік деңгейіне, түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялауға және елімізге цифрлық қызмет пен технологияларды енгізуге байланысты бірқатар түйткілді мәселені айтып Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. Палата отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев осы мәселеге ауызша жауап берді.
Ал Сенат төрағасы цифрландыру ел мен өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындаушы фактор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында бұл саланы дамытудың маңызына кеңінен тоқталғаны белгілі. Сондықтан Палата спикері сенаторлар көтерген проблемаларды шешуде кешенді және жедел әрекет ету қажет екенін айтты.
– Талқылау барысында еліміздегі цифрландыру үдерісінің қазіргі жағдайына жан-жақты тоқталдық. Бұл сала азаматтарымыз үшін де, мемлекет үшін де өте маңызды. Технология дамыған сайын мемлекет тарапынан тиісті инфрақұрылыммен және сапалы құқықтық базамен қамтамасыз етудің өзектілігі арта түсетіні анық. Министр өз баяндамасында Үкімет бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарып жатқанын айтты. Салаға бюджеттік және жеке инвестициялар тартылып жатыр. Бүгін сенаторлар әлеуметтік саланы, денсаулық сақтауды және кәсіпкерлікті цифрландыруға, дербес деректерді қорғауға қатысты проблемаларды көтерді. Ауылдық жерлерде интернетке қолжетімділік, стартаптарды қолдау, жасанды интеллектті енгізу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте тиісті министрлік айтылған проблемаларды өз жұмысында ескергені жөн. Осы орайда Сенат аталған саладағы құқықтық базаны жетілдіру жолында бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастыруға дайын екенін атап өткім келеді. Үкіметпен және Мәжіліспен бірлесіп, Цифрлық кодекстің жобасы әзірленеді. Осылай бәріміз бірге Президетіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған салаға қатысты тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етеміз деп сенемін, – деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ жиында сенаторлар депутаттық сауалын жолдады. Мәселен, Сұлтанбек Мәкежанов елдің мемлекеттік борышының өсуіне байланысты проблемаларды көтеріп, қаржы ресурстарын басқаруды жақсарту қажеттігін айтты.
– 2014 жылдан бастап мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге арналған шығыстар 2024 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің 0,6%-ынан 2,7%-ға дейін өсті, бұл 4,5 есеге ұлғаюды білдіреді. Бұған қоса 2025 жылға қарызды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге 6,1 трлн теңге бөлу көзделген, бұл Ұлттық қордан берілетін трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджет кірісінің 38%-ын құрайды, – деді сенатор.
С.Мәкежановтың мәліметінше, кейінгі бес жылда мемлекеттік жиынтық қарыз ІЖӨ өсу қарқынына жақындаған және жылына 12%-ға ұлғайып отыр. Осылайша, алты айдың ішінде 1,6 трлн теңгеге көбейіп, 28,7 трлн теңгеге жеткен. Депутат осыған байланысты Үкіметке қызмет көрсетуге жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың қарқынына мониторинг пен бақылауды күшейтуді және жиынтық мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борышын басқарудың нақты тұжырымдамасын айқындауды ұсынды.
Ал Ғалиасқар Сарыбаев әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар әлеуметтік көмекті ресімдеуге қажетті кейбір анықтамаларды алуға ақы төлеуге мәжбүр екенін атап өтті. Осыған байланысты сенатор азаматтардың әлеуметтік мәртебесі туралы деректер базасының интеграциясын жетілдіруді және мемлекеттік органдардың әлеуметтік көмекті ресімдеуге қажетті анықтамаларды тегін беруін қамтамасыз етуді ұсынды.
– Жалғызілікті ана баласының әлеуметтік мәртебесін растау үшін уәкілетті органға өтініші бойынша баланың әкесі туралы мәліметтерді растайтын құжат ұсыну қажет. Бұл анықтаманы «Азаматтарға арналған үкімет» ақылы негізде береді. Дәл осындай анықтама басқа мемлекеттік мекемелерге де ұсынылады. Мемлекеттік қызметті алушыға бір балаға әрбір анықтама үшін 1 159 теңге мөлшерінде шығын әкеледі. Бір жағынан, мемлекет «Жалпыға бірдей білім беру» қорлары мен әлеуметтік қорғаудың басқа да түрлерін ұсыну арқылы осал топтарға көмек көрсетеді, ал екінші жағынан бұл көмекті алу үшін ата-ана балаларының әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттарды тоқсан сайын, ақылы негізде алады. Ал толық емес отбасында 5 және одан да көп бала тәрбиеленеді. Кейбір толық емес, көпбалалы отбасыларда жәрдемақы негізгі табыс көзі болғандықтан, бұл мәселе отбасының экономикалық жағдайына кері әсерін тигізіп жатыр, – деді Ғ.Сарыбаев.
Депутат осыған байланысты әлеуметтік мәртебе туралы деректер базасын отбасының цифрлық картасына толық интеграциялау қажеттігін атап өтті. Бұл көмек алушылардан артық құжаттар талап етуді алып тастауға мүмкіндік береді.
Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы елді мекендерде жылу желілерінің тозғанын және электр қуатының тапшылығын айтты. Оның айтуынша, М-3 жылу магистралін және Тараздағы «Мыңбұлақ», «Самал» шағын аудандарының жылу желілерін қайта жаңарту қажет. Сондай-ақ Тараз қаласы мен Қордай ауданында электр қосалқы стансаларын салудың маңызы зор. Мұндай қадамдар өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға және энергиямен жабдықтау ісінде сенімділікті арттыруға ықпал етеді.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірдегі тозығы жеткен инфрақұрылымдық желілерін жаңғыртуды, оның ішінде жылу энергетикаға аса көңіл бөлу қажеттігін айтып келеді. Баяндалған басым ұсыныстар өңірдің энергетикалық және коммуналдық кешенін жаңғыртуға қосатын үлесін ескере отырып, 2025 жылы республикалық бюджеттен Жамбыл облысына аталған жобаларды іске асыруды бастауға 15 млрд теңге бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймыз, – деді депутат.
Б.Орынбеков айтуынша, Тараз қаласындағы жылу желісінің тозу деңгейі 63,8% және Шу қаласы бойынша 35% құрап, есесіне жылыту ысырабы мен шығын көлемі артып жатыр.