Сараптама • 06 Қараша, 2024

Тәуекел еркіндікті қалайды

590 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұнай өндірісін болжау биыл да өз-өзін ақтамады. Энергетика министрі «Көлем 88 млн тоннадан көп, бірақ біз жоспарлаған 90,5 млн тоннадан кем» деді. Министрліктің жыл басында өндіру көлемін асыра айтып, жыл соңына таман сол межеге жете алмай, түсіруге мәжбүр болып отырғаны бір бұл емес. Сондықтан ведомство мұнай өндірісін болжау тәсілін өзгертуге тиіс деп санаймын.

Жоспарлы экономикада бір мақсат қояды, сол мақсатты орындау үшін бүкіл көмекші факторларды жұмылдырады. Нарықтық экономикада бәрі табиғи. Яғни сіз мақсат қоймайсыз, ненің сұранысы көп болса, сол басып озады. Энергетика министрлігі әлі де болса жоспарлы экономиканың тұсауында. Олар жыл сайын 90 млн тонна межесінен түспеуіміз керек дейді. Мақсат сондай. Тереңірек үңілетін болсақ, нарықтағы қаншама компанияны осы мақсатқа жету жолында қинауы да мүмкін.

Сонымен қатар түрлі тәуекелдерді де алдын ала біліп, ескеріп отыру маңызды. Мәселен, КТК-мен мұнай тасымалдау тәуекелдерінен сабақ алатын кез жетті. Оны да, Қашағандағы өндірістің іркіліп қалуын да алдын ала бағамдап, бағалауға болушы еді.

Жалпы, еліміздің мұнай өндіру қуатын арттыра алатын екі кен орны бар – Теңіз бен Қашаған. Қашағандағы ахуал қиындау, акционер мен Үкімет арасында аздаған дау-дамай жүріп жатыр. Ал Теңізде келешек кеңейту жобасы әлі аяқталмады. Ол тәмамдалса, өндірістік қуатты 100 млн тоннаға жеткізу көзделеді. Бірақ бір ғана кен орнына тәуелді болып қалу жақсы емес. Сол себепті, әртараптандыру саясатын жүргізу маңызды. Яғни басқа да кен орындарына инвестиция тарту өте өзекті. Мысалы, Біріккен Араб Әмірлігі болсын, Сауд Арабиясы болсын, қазір олар ОПЕК+ құрамында отыр, бірақ салаларға инвестицияны да аямай құйып жатыр. Өйткені мұнай-газ дәуірінің көбі кетіп, азы қалды. Демек, дер уақытында басқа энергияға көшу қажет. Олар соны жос­парлап отыр.

Шетел тәжірибесінде мұнай өндірісін тәуекелдерді басқару арқылы есептейді. Кемі үш сценарий құрылады – ең қолайсыз жағдай, қазіргі жағдай және ең жақсы жағдай. Осы үшеуі арасында өндірістің диапазоны анықталады. Тым төмен деңгейде қанша өндіресіз, орташа көлемі қанша болады және ең көп өндіріс деңгейі қалай қалыптасады дегендей. Осы орайда ОПЕК+ аясындағы міндеттемені де айналып өте алмаймыз. БАҚ-та «Қазақстан ОПЕК+ шеңберінде өзіне алған міндеттемеден көбірек мұнай көлемін өндіріп қойды, енді соның орнын өтеуге тиіс» деген сыңайдағы ақпараттарды жиі оқимыз. Мұндайда көптің көңілінде «Осы міндеттеме біздің мұнай саясатымызға қалай әсер етіп жатыр?» деген сауалдың туындауы да заңдылық. Бұл енді алдын ала келіссөз жүргізуге де байланысты. Бәлкім, Қазақстан тарапы өзінің максимум өндіріс деңгейін беріп қойды. ОПЕК+ максимумды қарайды да, «а, жарайды, ендеше осыдан төмен түсіріңдер» дейді. Ал біз қазір өзіміз берген сол максимумды орындай алмай төмендеп тұрмыз, енді содан тағы да төмендеу керек. Яғни ОПЕК+ жиынына бірнеше сценариймен бару керек. «Біздің шығаратын көлеміміз осындай, ал төмен түсіре алатын жағдайымыз осындай» деп. Меніңше, кемі 2-3 цифрмен барып, соның ең төменгі нұсқасы негізінде жоспарлаған дұрыс.

Егер Теңіздің келешек кеңею жобасы іске қосылса, еліміз 100 млн тонна өндіру мақсатына жетіп те қалар. Ол 2026-2027 жылдары іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бірақ одан басқа тиімді жоба жоқ бізде. Мұнай-газ саласында перспективалы жобаны іске асыру үшін кем дегенде 10-15 жыл уақыт кетеді. Теңіз жобасы іске қосылғаннан кейін де, өндіріс заңдылығына сәйкес, қысым төмендеп, шамамен 2030 жылдарға таман өндіріс деңгейі қайтадан 100 млн тоннадан төмен түсіп кетеді. 100 млн тонналық межені ұстап тұру үшін әрқашан инвестиция құйылып тұруға тиіс. Мысалы, қазір АҚШ рекордтық өнім шығарып жатыр. Оларда мыңдаған кен орны бар. Нарықтық экономика талабымен жеке дами береді. Қандай да бір мақсат пен міндеттерге тәуелді емес. Бірінде таусылса, екіншісінен шығады, одан таусылса, үшіншісінен шығады. Әртараптанып кеткені сонша, мұнай өндірісі үздіксіз жүріп жатыр.

Сондықтан кен орындарын инвестор­лар­дың еркіне берген тиімді болар еді. Олар да өз аяғына өзі балта шаппайды. Оларды жау ретінде көрмеуіміз керек. Олар да өзінің пайдасын ойлайды, өнімді арттыруды көздейді. Демек, мұның соңы дамуға апарады.