Талбесік • 07 Қараша, 2024

Жирен аң қашан келеді

183 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл елімізде жан-жануарлар дүниесін дамытуда, реинтродукция жасауда едәуір алға ілгерілеу болғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Әуелі Торғай топырағына кәрі құрлықтан жеті кертағы оралды. Екі жолақ жон жолбарыс байырғы құтты мекені Іле мен Балқаш маңына қайта жерсіндірілмек. Бұқар бұғысы да бұрынғы мекеніне бұрылды. Ендігі бір іздейтін «жоғымыз» – жирен (зерен).

Жирен аң қашан келеді

Зерен (Procapra gutturosa). Моңғолия. 2022 жыл. Арука

Ғылымда белгілі бір жануарды бұрын тіршілік етпеген табиғи ортаға әкелсе, оны жерсіндіру (интродукция) дейді, ал бұрын тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен жануарды өз ортасына жіберіп көбейту қайта жерсіндіру (реинтродукция) деп аталады. Реинтродукцияның мақсаты – жойылып кеткен түрді қайта қалпына келтіріп, санын көбейту. Кейінгі 300 жылдың ішінде жер бетінен аңдардың 120-ға жуық түрі мен түршесі жойылды. Біз де бір кездері жолбарыс (Panthera tigris), тарпаң (Equus ferus ferus), кертағы (Equus przewalskii), құндыз (Lutra), тоғай бұғысы (Cervus elaphus bactrianus), құлан (Equus hemionus) секілді жануарлардың жұртын сипап қалдық. Алайда кейінгі жылдары бұл жануарлар қайта жерсіндірудің арқасында елімізде арнайы қорғауға алынып, саны бірте-бірте көбейіп келеді. Дәл осы секілді қайта жерсіндіруді, байырғы мекеніне қайтаруды қажет ететін жануардың бірі – зерен.

Қазір «зерен» деген жануар табиғат­танушылар болмаса, көпшілік арасында ұмыт болып кеткен. Әуелі осы жануар туралы бірер сөз. Зереннің тұрқы, түсі қара­құйрықтан аумайды. Қарақұйрық­тың халықаралық аты – Gazella subgutturosa, ал зерен – Procapra gutturosa. Бірақ орыс­тар екеуін де джейран деп атайды. Біз­дің елде қарақұйрықты (Gazella subgutturosa) орыс тілінің ықпалы ма, «жайран» деп те атайды. Яғни бір жануардың екі аты бар: қарақұйрық, жайран. Елімізде жан-жануарлар дүниесінде өзгеріске ұшыра­ған әлде қате қолданылып кеткен атау­лар көп. Тіпті ақбөкен мен киіктің өзі екі бөлек жануар, біреуі мүлде жойылып кеткен түр дейтін де пікір бар. Сондықтан әуелі екі жануардың өз атау­ларын өзіне қайтарып, ара-жігін ашып алуымыз қажет.

«Естіген – өтірік, көрген – шын». Бала кезде ауылда (Алтайда) үлкендерден «жирен» деген аңның атын талай естіп едік. Бір тобын Моңғолияның Қобда аймағы жерінен көргенім бар. Кейін осы жирен деген аңды іздеп таппадым. Сөйтіп, бұл жануарды Моңғолиядан көргендіктен, сол жақтан іздедім. Моңғолияда «цагаан зээр» (Лат. Procapra gutturosa, Mongolian gazelle) ақ зерен, «хар сүүлт зээр» (Gazella subgutturosa) қарақұйрық зерен деген екі жануар бар екен. Яғни моңғолдар зерен, қарақұйрық зерен деп дұрыс атайды.

Моңғолиядағы қазақтардың «жирен» деп атап жүрген жануары осы зерен (Procapra gutturosa) екен. Орыс тілінде екеуін де «жейран» деп атайды. Моңғолиядағы зеренді «монгольский джейран» дейді. Ал «Қазақ энциклопедиясында»: «Жайран немесе Зерен – (лат. Procapra gutturosa, Gazella gutturosa) қуыс мүйізділер тұқымдасына жататын жұп тұяқты сүтқоректі жануар» деп жазылыпты («Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы, 1998). Демек бұл жануардың атауы түркі тілінен шыққанын байқауға болады. Яғни жирен деген сөз сол тілдердің икеміне сәйкес, зерен, жейран болып сіңісіп кеткен тәрізді. Мысалы, Мойынқұм, Жуалыдағы қазақтар қарақұйрықты әлі де «жайран» деп атайды екен. Бұл да жиреннен алыс емес.

Бірақ жануарды ел ішінде «қара­құйрық» деп атайтындар да барын жоққа шы­ғармаймыз. Өйткені жануардың ­құй­ры­ғы қара келеді. Ал зереннің құйрығы қара болмайды.

ап

Қарақұйрық (Gazella subgutturosa). Бетпақдала. 2024 жыл. Мәлік Нүкісбеков

Қарақұйрық бізде Қызыл кітапқа ен­гізіліп (ІІІ санат), қорғауға алынған. Ал Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) Қызыл кітабында осал топ ретінде тіркелген. Ғалымдардың зерттеуінше, ХХ ғасырдың ортасына дейін қазақ жерін­де 200 мыңдай қарақұйрық болса, оның 100 мыңға жуығы Маңғыстау облысында тіршілік етіпті. Бірақ 70-жылдары олардың саны күрт азайып, 10 мыңдайы ғана қалған. Азаюға негізгі себеп: браконьерлік, жұт, эпизоотия, сондай-ақ табиғат жаулары­ның шабуылы. Бүгінде бұл тағылар Үстірт, Барсакелмес қорықтарында, «Алтын­емел», «Шарын» ұлттық парктерінде, Ақтау-Бозашы, Қарақия-Қаракөл, Бал­қаш, Қарой, Андысай, Кендірлі-Қаясан, Жусан­дала мемлекеттік қорғау аймақ­тарын­да қорғауға алынған. Ұлттық ста­тистика бюросының мәліметіне сәйкес, ел аума­ғындағы бұл жануардың саны (2019 жылғы санақ) 14 391 бас болған.

Қарақұйрық деп жүргеніміз кәдімгі ақбөкендердің туысы. Мұның ғылымда аntilopinae, рeleinae, hippotraginae, neotraginae, alcelaphinae, cephalophinae, aepycerotinae, bovinae деген түрі бар. Ал оның өз ішінде он екі түршесі кезде­се­ді. Зерен тұқымдастарды ағылшынша «Gazella» деп атайды. Ғылымда оның Gazella arabica, Gazella bennettii, Gazella bilkis, Gazella dorcas, Gazella gazella, Gazella saudiya, Gazella spekei, Gazella cuvieri, Gazella leptoceros, Procapra gutturosa, Gazella gutturosa, Gazella subgutturosa деген түршелері анықталған. Қазақ же­ріндегі соңғысы – Gazella subgutturosa (жейран). Gazella сөзі (орысша газел) ағылшынға арабтан еніпті. Арабша ғазал жылдам, жүйрік деген мағына береді екен. Мамандардың айтуынша, бұл жүйрік жирен жануар Үстірт пен Маңғыстау­да, Арал өңірінде, Қызылқұм, Мойын­құм, Бетпақдаланың оңтүстігінде, Оңтүстік Балқаш өңірінде (Тауқұм, Сарыесікатырау) кездеседі. Соңғы жылдары Ертіс өзенінің жағалауындағы құмдарда көрініп жүр.

«Зерен – Қазақстанда жоқ. Бірақ қазба жұмыстарында Түркістан облысының Жоғарғы Серафимовка ауылында, Алматы облысындағы Шарын өзені бойында антропоген қабатынан табылған», деп жазыпты «Қазақ энциклопедиясы». Мұны қазіргі Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) да растап отыр.

пр

Зереннің (Procapra gutturosa) таралу аймағы. WWF-тің зерттеуінше,
қазір Моңғолияда бұл жануардың саны –13 895 (дереккөзі: unuudur.mn).

Бұл жануар елімізде мүлде жойылып кеткен. Алайда зеренмен байланысты елімізде Зеренді ауданы бар. Ғалымдар арасында Зеренді топонимінің шығуы осы аңмен байланыстырылады. Зеренді – көл мен ауылдың атауы. Филология ғылымдарының докторы, профессор Оғаз Сұлтаньяев: «Зеренді дегендегі «зерен» моңғол сөзі, «ақбөкен» дегенді білдіреді», деп жазады.

Бұл жерде профессор кәдімгі ақбө­кен­дерді айтып отырған жоқ, яғни киік тұ­қым­дастар дегісі келсе керек. Мұны дә­йек­тейтін тағы бір ғалымның сөзін кел­тірейік. Топонимист ғалым Айтым Әбді­рахманов: «Зерендi» сөзінің екі мағынасы бар, біріншісі – көне түрік­тің ­«зерензе», екіншісі «зерен» – «қарақұй­рық» дегенді білдіреді», дейді. Ғалым­ның «қарақұйрық» деп қазіргі атаумен бер­гені болмаса, бұл да біз айтып отырған зерен екені түсінікті.

«Зеренді ауданының тумасы болған соң, мен бұл тақырыпты көп зерттедім, ауызша сөзге сенбей, ескі карталарды, архив құжаттарын ақтардым. Орыс зерттеушісі Словцов «Көкшетау уездіне 1878 жылғы жолсапар» атты жолжазбасында Көкшетау тауларында ХІХ ғасырдың басында жолбарыстың болғанын, Спаский деген археолог-тарихшы 1814 жылы Есіл мен Ертіс арасынан жолбарысты өз көзімен көргенін жазады. Словцов, сондай-ақ Көкшетау маңында, Маралды тауларында маралдың, Айыртау, Зеренді, Жақсы Жалғызтау тауларында Сібір елігінің («козуля», Cervus capreolus pygargus pall), сайғақтың («сaйга», Antilope saiga pall) болғанын тілге тиек еткен. (Жалпы, қазақ ертеректе «сайға» деп ұрғашысын, «сайғақ» деп еркегін атаса керек). Ал «зерен» мен Зерендіге қатысты айтар болсақ, Зеренді көлі мен жерінің атауының шығу тарихын «зерен» дейтін қымыз ішетін зерлі ағаш тостағанмен байланыстыратындар бар. Бұл – күмәнді нұсқа. Меніңше, Зеренді көлінің атауы осы «зерен» дейтін киік тектес киелі аңмен қатысты шыққан. Ертедегі қазақ елінің әдетінде жерге, көлге ат қойғанда сол жерді, суды қоныстаған аңның, құстың, балықтың атына қарай атағаны шындық. Оған дәлел – жоғарыда айтылған Көкшетау төңірегіндегі Маралды, Зеренді, Елікті, Жыланды, Бүркітті таулары. Тағы да бір ескерте кетер жайт, «Зеренді» деген тау жоқ, ол тек көлдің аты. Бұл таудың ескі карталар мен кітаптардағы атауы – «Қараша тау». Көнелердің көзін көрген қарт жазушы Сапарғали Бегалин Ш.Уәлиханов туралы жазған «Шоқан асулары» (Алматы: Жазушы, 1971) кітабында: «Шоқан-жан дұрыс сұраған. Әкейлердің бір әңгімеле­сіп отырғанда, осы көлдің қалай «Зеренді» атал­ғанын айтқандары бар еді. Үлкендер­дің айтуында қарағайлы, таулы жерде жүре­тін «зерен» деген киіктектес бір қоңыр аң бар көрінеді. Сол аң осы қарағайлы адырда көп болады екен. Мына көлден су ішіп, қарағайды қоныстап жүрсе керек. Бертін ел қоныстап, жазда жайлау, қыста қыстау еткен соң қоныс іздеп, басқа елі аз жерге ауып кетсе керек», дейді көкшетаулық ақын, өлкетанушы Алмас Темірбай.

Ғылымда бұл жануарлар алғаш орта ғасырда, яғни араб тілінің дәуірі жүріп тұрған кезде зерттеліп жазылған сияқты. Өйткені әлемнің көптеген тілінде «газел» сөзімен енген, ал кейбір елдерде түркілік атауымен, яғни зерен (жирен) атауымен қалған. Мысалы, орыс – жейран, моңғол – зэрэн, қырғыз – жейрен, өзбек – жайрон, әзербайжан – жейран (ceyran), түрік – жейлан (ceylan). Ал Ресейдегі түрік халықтардың көбі жиренді «жерен» (Jeren) дейді екен.

Қорыта айтқанда, кез келген нәрсе­нің атауында түрлі нұсқалар болатыны қа­лыпты жайт. Бір есепте сол тілдің қоры­на немесе әртүрлі аймақтық ерекшелікте­ріне тән. Сол себепті кейбір атаулар әртүрлі ­немесе қате қолданылса, оған ғалымдар ­мен журналистер қауымын жазғыру да жөн­сіз шығар. Жалпы, еңбектер бірізді болуға тиіс.

Ал негізгі мәселе бұрын қазақ топы­рағында болып, бүгінде көзден бұл-бұл ұшқан жирен аңды өз топырағында қай­та түлетіп, санын көбейту, қайта жер­сін­діру еліміздегі биоалуантүрлілікті сақтау, экожүйені қорғаудың тағы бір құтты қадамы болар еді. Бұған Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы бей-жай қарамайды деп сенеміз.