Үкімет • 07 Қараша, 2024

Олжас Бектенов су тасқыны кезеңіне тиянақты дайындалуды тапсырды

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы талқыланды. Жиынға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен жауапты ведомостволардың басшылары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Олжас Бектенов су тасқыны кезеңіне тиянақты дайындалуды тапсырды

Фото: Үкімет

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайын қауіп шеңберінде қалатын өңірлердегі су айдындары мен су өткізу станциялары тексеріліп жатыр. 

Жиынға қатысушылар келер жылға арналған гидрологиялық болжаммен де танысты. 

«Гидрологиялық болжамдарға сәйкес, қыста температура режимі климаттық норма шегінде болып, жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан асады деп болжанған. 2025 жылғы су тасқыны кезеңін болжауды жақсарту мақсатында «Қазгидромет» РМК су басу қаупі басым өзен учаскелерінде 31 деңгейлі гидрологиялық бекет ұйымдастырып, ашты. Бүгінгі таңда 377 гидрологиялық бекет, 25 қар өлшеуіш маршрут және 347 метеорологиялық станса жұмыс істейді. 9 облыста коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету бойынша мамандандырылған ұйымдар құрылды», делінген Үкімет мәлімдемесінде.

Су тасқынын алдын ала болжау мақсатында өзендерде «HBV» және «SWIM» сандық модельдерін бейімдеу бойынша жұмыстар іске асырылып жатыр. Сондай-ақ Батыс, Шығыс Қазақстан облыстарында 95 км каналды механикаландырылған тазарту жұмыстары жүргізілді. Өзендердің 51 учаскесі және 10 облыста 1 көл анықталып отыр. Онда бірінші кезекте өзендердің арналарын санациялау қажет екені анықталды.

Су тасқыны қаупі бар учаскелерде автожолдарды реконструкциялау және жөндеу кезінде топырақ төсемі үйіндісін биіктету мәселесі де қаралды. 

«Бүгінде реконструкция жүргізілген нысандарда 63 көпір салынып, 324 су өткізгіш құбыр төселді. Республикалық жолдарды орташа жөндеу шеңберінде 6 апатты көпірді күрделі жөндеу және су тасқыны қаупі бар учаскелерде 420 су өткізу құбырын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол бойынша барлығы 396 су тасқыны қаупі бар учаскелер, 68 көпір және 768 су өткізу құбырлары анықталып, ерекше бақылауға алынды», делінген Үкімет хабарламасында. 

Жиында кей өңірлердің осы бағыттағы жұмыстарды уақытылы орындамай отырғаны белгілі болды. Үкімет басшысы осындай олқылықтарды уақытылы орындамай отырған әкімдерді сынға алды. 

«Өңір әкімдері қысқа мерзімде су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша барлық кешенді шараларды қабылдауы тиіс. Ең алдымен, су бұру арналарының, арықтар мен дренаж жүйелерінің дайындығын қамтамасыз ету қажет. Тасқын қаупі бар елді мекендер маңына топырақ бөгеттер тұрғызылып, үлкен судың келуінен қорғалуы тиіс», деді Олжас Бектенов.