Отандық ғалымдар әлемде бірінші болып DJ-1 ақуызының жаңа молекулалық қызметін дәлелдеді. Ақуыздың мутацияланған бұл түрі паркинсон ауруына шалдыққан науқастарда кездеседі. Дегенмен ақуыздың нақты қандай қызметінің бұзылуы ауруды асқындыратыны белгісіз болып келген. Зерттеу тобы тәжірибе жүргізіп, DJ-1 протеині организмдегі гликолиз кезінде түзілетін улы жанама өнімді бейтараптандыруға қабілетті жалғыз молекула екенін дәлелдеді. Атап айтқанда, ақуыз «cPGA» деп аталатын реактивті молекуланы залалсыздандырады. Nazarbayev University докторанты Айжан Ахмадидің сөзінше, ғылыми жаңалық паркинсон ауруының себептерін тереңірек түсінуге әрі жаңа емдеу әдістерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар DJ-1 ақуызы қатерлі ісік жасушаларында да кездеседі. Яғни осы ауруды емдеуге арналған дәрілерді де жасауға көмектесуі әбден мүмкін.
Зерттеу нәтижесі беделді «Nature Communications» журналында жарияланды. Журнал биохимия саласындағы ең үздік басылымдардың қатарына кіреді. Бұл зерттеудің әлемдік ғылым үшін маңыздығын көрсетеді. Елімізде бұған дейін жаратылыстану ғылымы саласында мұндай деңгейдегі жұмыс жарияланбаған. «Nature Communications» журналында мақала жариялау оңай болған жоқ. Редакция мен сарапшылардың барлық талабын орындауға сегіз ай жұмыс істедік. Бұл біздің табандылығымыздың жемісі деп білемін», дейді Айжан Ахмади.
Айта кетейік, зерттеу Nazarbayev university провост кеңсесінің «Адамның DJ-1 ақуыз сигнализациясының молекулалық механизмдері» гранты аясында 2019–2023 жылдар аралығында жүзеге асырылған. Жұмысты NU докторанты Айжан Ахмади мен медицина мектебінің магистранты Әділхан Ескендір Nazarbayev University ассистент-профессоры Дархан Өтепбергеновтің басшылығымен жүргізген.
Ғылыми жоба жетекшісінің бұл салада 20 жылдық тәжірибесі бар. Ол шетелдік озық ғылыми орталықтарда қызмет атқарған. Дегенмен Дархан Өтепбергенов өзінің кәсіби мансабындағы ең үлкен ғылыми жетістігіне елімізде жеткенін ерекше атап өтті. «Мен Германияда, Ресейде, АҚШ-та жұмыс істедім. Бірақ өз елімізде ең үлкен ғылыми жетістігіме қол жеткіздім. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш», дейді ол.
Жас ғалым Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған. Шетелде оқып келген соң, университетте жұмыс істейді. Осы кезеңде ғылымға деген қызығушылығы арта түскен. «Аурулардың себептерін, олардың қалай дамитынын, ағзаға қалай әсер ететінін зерттеуге қызығамын. Әсіресе паркинсон, альцгеймер, қатерлі ісік ауруларын емдеуге өз үлесімді қоссам деймін», дейді ғалым.
Айжанның айтуынша, ғалымның өмірі – үздіксіз ізденіс пен еңбек. «Ғылым – бұл ізденіс. Сен әрдайым жаңа нәрсені үйренесің, алға қойған мақсатыңа жетуге ұмтыласың. Осы үдеріс маған ерекше шабыт береді», дейді ол.
А.Ахмади елімізде жас ғалымдарға арналған мүмкіндіктің көп екенін атап өтті. Ол «Жас ғалым» гранты сияқты мемлекеттік қолдаудың арқасында зерттеушілердің ғылымға деген қызығушылығын арттыруға болатынына сенімді. «Қазақстанда жас ғалымдарға арналған көптеген грант бар. «Жас ғалым» грантына өтініш беріп, зерттеу жүргізуге болады. Ғылымдағы ең басты қасиет – табандылық пен білімге құштарлық. Біздікі әлі бастамасы ғана. Алда бұдан да үлкен жаңалықтар болады деп сенемін», дейді жас ғалым.