Сұхбат • 13 Қараша, 2024

Михал Лабенда: Қазақстан нарығында Польша инвестициясының үлесі артты

171 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Польша Республикасы арасындағы екіжақты берік байланыс­тар сонау кеңестік дәуірден тамыр тартады. Кезінде саяси шешімдердің салдарынан этностық поляктар Қазақ КСР аумағына жер аударылып, кейіннен екі ел арасындағы барыс-келіс жиіледі. Тек 1992 жылы ғана дипломатиялық қатынас орнап, ел астаналарынан өз елшіліктерін ашты. 11 қарашада Польша халқы Тәуелсіздік мерекесін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Анджей Дудаға құттықтау жеделхатын жолдап, поляк­ халқына құт-береке тіледі. Екі елдің игілігі жолында қарқынды дамып келе жатқан өзара ықпалдастықты айшықтаған құттықтаудың ізін ала біз де еліміздегі Польша Республикасының уақытша сенімді өкілі Михал Лабендамен жолығып, еларалық байланыс, өңірдің геосаяси үдерісі төңірегінде сұхбат құрдық.

Михал Лабенда: Қазақстан нарығында Польша инвестициясының үлесі артты

– Әңгімемізді алдымен өзіңіздің біліміңізге қатысты сұрақтан бастасақ. Сіз Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ және араб филологиясы бағытында білім алыпсыз. Таңдауыңыз не себепті дәл осы оқу жолына түсті?

– Әр адамның өмірінде кездейсоқтық үлкен рөл атқарады. Мен Қазақстанға 1993 жылы оқуға келдім. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі жыл өткен кез. Сол шақта әлі интернет келмеген, ақпарат алмасудың машақаты көп еді. Сол себепті Қазақстан туралы өте аз білетінмін. Ал Алматы Польша үкіметінің стипендиялық бағдарламасы аясында оқуға болатын қалалардың ішіндегі шығысқа қарай ең шалғай жатқан қала еді. ҚазҰУ-дың арабтану мамандығында оқу тілі орыс тілі болуға тиіс еді, бірақ мен келгенге дейін қазақ тілін жергілікті жерде меңгеруге мүмкіндік бар екенін естігенмін. Менің таңданысымды тудырғаны – орыс тілінде оқу мүмкіндігі болмағандықтан, алдымен бір жылдық тілдік дайындықтан өтіп, содан кейін ғана негізгі оқуды бастауға тура келді.

Ол тұста Алматы – орыстілді қала. Бірақ жатақханада менімен бірге Қытайдан, Моңғолиядан және Ираннан келген қазақтар тұрды. Ал олар орысша сөйлей алмайтын. Содан менің тез арада қазақша үйренуге деген ынтам ашылды. Қазақ тілі – керемет тіл, оны үйрену маған қазақ мәдениетін, әдебиеті мен тарихын түсінуге жол ашты. Араб тілі де шет тілдеріне деген қызығушылығымды арттырып, рухани дамуыма сеп болды.

– Қазақ тілін үйренуде қиындық тудыратын кедергі бар ма?

– Қазақ тілі түркі тілдері тобына кіре­тіндіктен, үндіеуропалық тілдерден едәуір ерекшеленеді. Тілдің логикасы мүлдем басқаша, оның үстіне маған қиын тигені – фонетика. Көмейден шығатын көптеген дауыссыз дыбыстар, ажыратуы қиын да­уысты дыбыстар бар. Әрі кей жағдайларда олар қысқарып, дауыссыздардың біріккен дыбыстарына алып келеді. Таңғаларлық нәрсе – қазақ тіліндегі синонимдердің байлығы және қызықты идиомалардың көптігі. Кейбір формаларды түсіндіру мүмкін емес, оларды жай ғана қабылдау керек. Мысалы, келе жатырмын, бара жатырмын деген тіркестер. Құдайға шүкір, менің ұстазым – көрнекті түркітанушының қызы Әлия Әбжанқызы Құрышжанова болды. Ол тіпті ең күрделі тақырыптарды түсінуіме, үйренуіме барынша көмектесе алды.

– Сіз филолог ретінде әдебиетке де қызығатыныңызға күмәніміз жоқ. Осы ретте қандай қазақ жазушылары мен ақындарын ерекше бағалайсыз?

– Иә, менің хоббилерімнің бірі – әдебиет. Тіпті мен кітаптарды түпнұсқа тілінде оқуды жақсы көремін. Қазақ әдебиеті екі тілде қалыптасып жатқан­дықтан, өте қызықты. Орыстілді қазақ жазушыларынан 70-80 жылдардағы романдары үшін Алексей Кимді жоғары бағалаймын. Сондай-ақ жас буынның жазушысы Ержан Есімхановты ерекше атап өтер едім. Поэзияны көп оқымаймын, дегенмен бұл – қазақ әдебиетінің маңызды бөлігі. Кейде Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқығанды ұнатамын.

Негізінен қазіргі заманның әдебиеті көбірек қызықтырады. Жақында Дидар Амантайдың кітаптары қолыма түсті. «Ана тілі» газетінің тұрақты оқырманымын, өзге де жаңа басылымдармен танысып отыруға тырысамын.

– Сіз Мысырда, Әзербайжанда, Моңғолияда елші болып қызмет ет­тіңіз. Бұл тәжірибе Қазақстандағы қазіргі жұмысыңызға пайдасы тиіп жүр ме?

– Польша сыртқы істер саласында көптеген дипломатиялық қыз­мет­тегі­дей елшілердің көпшілігі ми­нистрліктің штаттық қызметкерлері қа­та­рына кіре­ді. Мен елшілік қызметімді атқармас бұ­рын алдымен министрлікте, сонымен қа­тар Жапония, АҚШ, Өзбекстан елдерін­де біраз түрлі қызмет істедім. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды. Ондай орта­дан алған тәжірибе бірнеше тілде сөйлейтін, түрлі мәдени және діни көзқарастағы адамдардан құралған ұжымды тиімді басқару үшін қажет деп санаймын.

Енді төртінші рет елшілік басқару­ға келіп отырмын. Сондықтан да өзге ел­дердегі елшілермен қарым-қатынаста мол тәжірибем бар, олардың көпшілігін басқа мемлекеттерде, кейде басқа лауазымда жүргенде танып-білгенмін. Бұл ретте әр елдің өзіне тән басымдықтарын анықтау аса маңызды. Өйткені Мысырдың халықаралық жағдайы бір бөлек, Моңғолиянікі басқа, ал Қазақстанның ішкі саясатындағы мақсаттар мен міндеттер өзгеше.

Қай жерде қызмет атқарсаңыз да, тіпті өз еліңнің астанасында, министрлікте немесе басқа мемлекеттерде болсын, дипломатияда өзгермейтін бір қағида бар. Ол – адамдармен байланыс орнату және ақпарат жинау арқылы айналамыздағы әлемді жақсы түсінуге ұмтылу. Польша сыртқы істер министрлігінің «Польшаға қызмет ету – Еуропаны құру, әлемді түсіну» ұраны тектен-тек айтылмаған.

– Қазіргі заманғы дипломатияның алдында қандай қиындық тұр? Польша мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тұрғысынан қандай сын-тегеу­рін тап болуы мүмкін?

– Әлем бүгінде біраз дағдарысқа тап болып отыр. Олардың кейбірі, мәселен, Таяу Шығыстағы жағдай – бұрынғы қақтығыстардың жалғасы. Ал бір бөлігі посткеңестік кеңістікте көрініс табатын отаршылдық тенденцияларды көрсетеді. Қақтығыстардың жаңа түрлері де шы­ғып жатыр. Айталық, гибридті соғыс пен жалған ақпарат тарату бүгінгінің өте танымал қаруына айналды.

Көпполярлы әлем туралы ең көп айтатындар орта деңгейдегі елдерге деген немқұрайдылықтарын жиі байқатады. Кейбір үкіметтер өз азаматтарының әл-ауқатын жақсартудан гөрі соғысты бас­ты мақсат етіп алғандай. Ал соғыстың салдары әрқашан тек өлім мен қиратуға әкеледі.

Польша 1989 жылы толық тәуелсіздік алғаннан бері бірінші рет экзистенциалды қауіпке тап болып отыр. Яғни Польша үшін халықаралық деңгейде танылған шекаралас, тәуелсіз, демократиялық және қуатты Украина біздің қауіпсіздігіміздің негізгі шарты болып қала бермек.

Барлық аймақ үшін ең үлкен кедергі – Ресей мен Украина арасындағы соғыс. Тасымал жолдары жабылып, бұл жағдай екіжақты саудамызға теріс әсерін тигі­зіп-ақ келеді. Тағы бір күрделі мәселе – саясаттағы күрестің құралына айналған жалған ақпарат тарату. Абырой болғанда, Польша да, Қазақстан да бұл мәселелердің екіжақты қарым-қатынасымызға теріс әсер етпеуі үшін және оларды одан әрі дамыту үшін барынша күш салып жатыр.

– Осы орайда халықаралық ынты­мақ­тастықтың шиеленістер мен қақты­ғыстарды шешудегі маңызы туралы пікіріңізді білсек...

– Классикалық дипломатия мен адал көпжақты қарым-қатынас халықара­лық қоғамдастық ішіндегі қақтығыстарды тоқтатуға тиіс. Алайда қазіргі уақытта БҰҰ-ның 200-ге жуық мүше мемлекеті арасында консенсусқа келу қиынға соғып отыр. Ал Украина аумағының тұтасты­ғын қолдайтын, үлкен көпшілік дауыспен қабылданған қарарлар шынайы жағдай­ға әсер етпей отыр. НАТО сияқты өз мүше­лерінің қауіпсіздігінің нақты кепілі бола алатын ұйымдар бар және олар өз мін­деттерін лайықты атқарып келеді.

– Бүгінде Польша мен Қазақстан арасында қай салаларда ынтымақтастық жақсы дамыған? Сондай-ақ бұл қарым-қатынасымыздың болашағын қалай бағамдайсыз?

– Польша мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өте қарқынды және жан-жақты. Біз экономика, ­сауда, мәде­ниет, білім сала­­ларында ынтымақтас­тық орнаттық. Ке­йінгі жылдары сауда айналымы жан­данып, Қазақстанға салынған польша­лық инвестициялардың қатары артты. Поль­ша жоғары оқу орындары мен орта мек­тептерінде білім алатын Қазақстан жастарының саны өсіп келеді. Қазақ тілі – Польшаның Адам Мицкевич атындағы Познань университетінде, ал поляк тілі Қазақстан универ­ситеттерінде оқытылады.

Әрине, саяси ынтымақтастық та ма­ңызды. Мен біздің қарым-қатынас­тары­мыздың одан әрі дамитынына сене­мін. Бұл байланыстардың өзегі өзге де бар­лық қатынас үшін саяси негіз болмақ. Польша компаниялары аймақтағы орнын кеңейтуге белсенді түрде талпы­нып келеді және бұл, ең алдымен, Қазақ­станға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Фармацевтика, косметика, ауыл ша­руашылығы сияқты салаларда жергілікті нарықта белсенділік танытқан поляк биз­несінің ірі ойыншыларына жаңа компаниялар қосылып, қазақстандық инвесторлар да Польша нарығына қызығушылық танытады деп үміттенеміз. Польшада оқуға ынталы студенттер мен мектеп оқушыларының саны артып жатыр. Қазақстандық нарыққа кіру мүмкіндігін зерттеп жатқан алғашқы поль­шалық университеттердің өкілдері де мұнда төбе көрсете бастады. Сондай-ақ Қазақстан танымал туристік бағытқа айналып келеді.

Біз ынтымақтаса алатын көптеген сала бар. Негізгі бағыттар – ауылшаруашы­лық өнімдерін тасымалдау және сауда саласындағы ынтымақтастық. Сонымен қатар біз тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау саласында бірлесіп жұмыс істей аламыз, бұл, әсіресе, климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында маңыз­ды. Жақында Варшавада Польша мен Қазақ­стан арасындағы үкіметаралық кеңес­тер өтті. Олардың басты мақсаты – осы уақыт­қа дейін қалыптасқан тығыз қарым-қаты­настарды жалғастыру және нығай­ту. Польша Республикасының барлық ми­нистрлігі Қазақстан Республикасы билігімен жақсы ынтымақтастық орнат­қан және бұл ынтымақтастық дұрыс бағыт­та дами береді деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»