– Құрметті Ғауез Торсанұлы, облысқа әкім болып тағайындалғаныңызға бір жыл болып қалды. Осы уақыт аралығында бірқатар тосын оқиға болды. Соның ішінде су тасқыны – табиғаттың ауыр сынағы ел басына түсті. Аяғыңызға резеңке етік киіп, күрестің алдыңғы шебінде жүрдіңіз. Мұздай су тосқауылдың бәрін жапырып, Потанин көшесімен өрлеп, қалаға көтерілгенде қандай күйде болдыңыз?
– Биыл шынымен де облыс үшін ауыр жыл болды. Көктемгі су тасқыны кезінде Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 4 метр 25 сантиметрге жетіп, 2017 жылғы ең күшті су тасқынының көрсеткіштерінен де айтарлықтай асып түсті. Үш мыңнан аса үйді су басты. Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Табиғи апаттың алғашқы күндері өңірге Мемлекет басшысы келіп, солтүстікқазақстандықтарға қолдау білдіріп, еңсесін бір көтеріп тастады. Жалпы, тасқын кезінде өңір тұрғындарының ауызбірлігі, адамгершілігі айқын танылды. Еріктілер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер азаматтық ұстанымын көрсетіп, зардап шеккендерге көмек қолын созды. Бұл табиғи апат халқымыздың бауырмалдығы мен ынтымағын тағы бір рет көрсетті.
– 3 мыңнан артық үй, 10 мыңнан астам адам су басқан аймақта қалды. Тасқын су үйлердің биік терезелеріне дейін жетіп, екі айдай әбігерге салды. Жергілікті билік адамдарды солтүстіктің күзгі ызғарына қалдырмай, бәріне де жылы баспана ұйымдастыра білді. Осы туралы айта кетсеңіз?
– Президенттің үндеуін «Қазақстан халқына» қоры, «Қазақмыс» корпорациясы, «Kaspi.kz» пен «Kazminerals» компаниялары қолдап, суық түскенге дейін 700 үйдің құрылысын аяқтадық. Осылайша, бірлесіп атқарған жұмыстың арқасында жаңа «Бірлік» шағын ауданы пайда болды. Бұл ауқымды жұмыстарға жергілікті құрылыс компанияларын тарттық. Сол жерде арнайы штаб құрылып, күнделікті есеп берілді. Құрылыстың сапасын тексеретін техникалық бақылауды да ерекше назарда ұстадық. Басты міндет тез арада үйлерді салып, зардап шеккендерге баспананы табыс ету болды. Жаңа шағын аудан дамып келеді. Жуырда балабақша ашылды, жаңа мектеп те тұрғызылады.
Демеушілердің есебінен пәтерлер алынып, үйлерді жөндеу де жүргізілді. Осы ретте ауданнан келген механикалық бригадалардың инфрақұрылымды қалпына келтіру мен баспананы жөндеуге қосқан үлестерін ерекше айтқым келеді.
– Жаңа үйлер салуға қазіргі «Бірлік» шағын ауданының жері қалай таңдалды?
– Біз құрылысты тасқын су кетпей жатып, сәуірдің 25-де бастап кеттік. Зардап шеккендер уақытша жатақханаларға орналасты. Оларға тез арада баспана салу міндеті тұрды. Қала жанындағы ең қолайлы жер қазіргі «Бірлік» шағын ауданының орны болды. Өйткені бұл мекен су басу қаупі бар аймақтан алыс орналасқан. Екіншіден, мұнда қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған. Облыстың, қаланың жағдайын жақсы білетін бірінші орынбасарым Марат Тасмағамбетов сияқты басшылар осы аймаққа үйлер салуға болатынын айтып, ұсыныс жасады. Аймақты көріп, оның құрылыс салуға қолайлы екеніне көзіміз жеткен соң бірден үйлер салу қамына кірісіп кеттік. Көп ойланып, толғануға уақыт тар еді. Қазір біздің таңдауымыздың дұрыс болғанын өмір көрсетіп отыр.
– Қалаға ауызсу жеткізетін «Қызылжар-су» кәсіпорнының су көтеретін насос стансасын сең қиратып кеткенде рекордтық қысқа мерзімде қосалқы құбыр мен сорғылар орнатылып, «Пестрое» көлінен қалаға су жеткізілді. Бұл қиындық қалай еңсерілді?
– Су тасқыны басталғанда облыс орталығы ауызсусыз қалды. Оған себеп, бірінші көтергіш сорғы стансасының электр жарығынсыз қалуы. Сумен келген алып сең жол бойы барлығын қиратып келе жатты. Стансаны электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған 4 құрылғыны мұз қиратып кетті. Оған қоса стансаны су басты.
Осындай күрделі жағдайда тез әрі батыл шешімдер қабылдау керек болды. Бұл жұмысқа Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр басшылық етті. Мәселені шешу мақсатында Пестрое көлінен су алу туралы шұғыл шешім қабылданды. Көлге тез арада құбырлар тартылып, қалқымалы сорғы стансасы қойылды. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде қалаға су берілді.
Бұл жағдай бізге үлкен сабақ болды. Тасқын су кеткен соң бірінші көтергіш стансасына жаңғырту жүргізілді. Жаңа қондырғы орнатылып, жағалай бөгет нығайтылды. Сондай-ақ сорғы стансасын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 3,5 шақырым жер асты кабель желісі тартылады. Оған қоса, резервтік станса іске қосылмақ. Биылғы су тасқыны кезіндегідей, Петропавл уақытша негізгі су құбырынсыз қалса, резервтік станса балама ретінде тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етеді.
– Облыс орталығындағы тағы бір күрделі мәселе – жылыту маусымының өтуі. Биыл қысқы мерзімге қалай дайындалдыңыздар? Қандай жұмыстар атқарылды?
– Жылыту маусымына дайындық Президент пен Үкіметтің жіті назарында болды. Мен 2-ЖЭО-на жиі барып, жылыту маусымына дайындықты тексеріп отырдым. Жылу электр орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жабдықтардың жағдайы, жаңғырту, жөндеу жоспарларының уақтылы орындалуына ерекше назар аударылды.
Биыл қазандықтар мен турбоагрегаттарды жөндеу жоспарға сай жүргізілді. Жаңа турбина құрылысы жалғасып жатыр, бұл нысан келесі жылғы жылыту маусымында іске қосылмақ. Қазір істеп тұрған екі турбина қаланы жылумен қамтамасыз ете алады. Стансада көмір қоры да жеткілікті. Жалпы, облыста электр, жылу желілерін, су құбырларын ауыстыруға қатысты кешенді жұмыстар атқарылды. Облыс орталығының солтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтамасыз ететін жылу магистралі салынады.
Қазір облыста жылыту маусымы басталды. Біз алдымен әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерді жылуға қостық. Жылыту маусымының қалыпты өтуі қатаң бақылауымызда.
– Жолдардың сапасы тұрғындарды алаңдатпай қоймайды. Биыл облыс орталығында көшелерге асфальт төсеу жөнінде біраз іс тындырылды. Бұл жұмыс қалай жалғасын табады?
– Биыл Петропавлда жол инфрақұрылымын жаңартуға қатысты ауқымды істер атқарылды. Жөндеу жұмыстары облыс орталығындағы 57 көшені қамтыды. Оның ішінде 39 көшеге алғаш рет асфальт төселді. Осының арқасында биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 50 пайыздан 67 пайызға дейін өсті. Жасыратыны жоқ, қаламызда асфальт төселмеген көшелер әлі де баршылық. Қала басшылығына алдағы төрт жылда Петропавлдағы барлық жолға асфальт төсеуге тапсырма берілді.
Облыста жөндеу жұмыстарымен жалпы 938 шақырым жол қамтылды, оның негізгі бөлігін орташа жөндеу құрайды. Жолдауда Мемлекет басшысы жол инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударып, орташа жөндеу бағдарламасын 10 мың шақырымға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі күшейтеміз. Сондай-ақ жөнделген жолдың сапасын тексеру мен мердігерлердің жауапкершілігі де қазір ерекше бақылауға алынды.
– Ұлы Абай: «Еңбектенсең қара жер де береді, құр тастамайды» деген ғой, диқандардың аянбай еңбек еткендеріне орай биыл қара жер де иіп беріп, астық ересен шықты. Астық жинау барысына да тоқтала кетсеңіз?
– Биыл жауын-шашын түріндегі күрделі ауа райы шаруаларға нағыз сынақ болды. Егіннің уақтылы жиналуы мен астық сапасын сақтау мақсатында диқандар ерекше тәсілдер мен заманауи технологияларды пайдаланды. Мемлекет астықты кептіруге арзандатылған дизель отыны мен сұйытылған газ бөлді. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында алты миллион тоннадан астам рекордтық астық қамбаға құйылды. Орташа өнімділік гектар басынан 18,6 центнерден асты, үлгілі шаруашылықтарда гектар берекелігі 30 центнерге дейін жетті. Бұл нәтижелерге агротехнологияларды сақтау, минералды тыңайтқыштарды енгізу, жоғары сапалы тұқым себу, техниканы жаңарту арқасында қол жеткізілді. Қазір диқандар көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Мемлекет бұл бағытта да тиісті қолдау, көмек көрсетіп отыр.
– Алдағы уақытта облыс экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
– Облыста экономиканы дамыту барысында инвестициялық жобалар жақсы жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім түрлері пайда болады. Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашып, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есеге ұлғайтуда жүйелі жұмыс жүргізу керектігін бірнеше рет атап өтті. Тағы бір маңызды мәселе – инвестициялық ахуалды жақсарту. Жуырда түрік инвесторы «Nord Panels» ЖШС-ның ағашты терең өңдейтін зауытын іске қосты. Келешегі зор инвестициялық жобаға 8 миллиард теңге инвестиция тартылды, 300 адам жұмыспен қамтылды. Жоғары технологиялық заманауи қондырғылар орнатылды. Жаңа кәсіпорын толық қуаттылыққа шыққанда 50 мың текше метрге дейін өнім шығарады. Бұл елге аталған өнімдердің импортын 13 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, облыстағы инвестициялық пулға отандық, шетелдік инвесторлардың жалпы құны 760 миллиард теңгеге жуық 46 жобасы енген. 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оларды жүзеге асыру инвестиция мен өндіріс көлемін 1,5 есеге өсіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жүк тиеу жабдықтары, тіркеме ауыл шаруашылығы машиналары, нан өнімдері, керамикалық кірпіш, басқа да өнімдер шығару сияқты жобалар жүзеге асырылады.
– Облыстың рухани өмірінде ілгері басушылық бар ма? Ономастикалық мәселелер қалай шешілуде?
– Президент Жолдауында креативті индустрияны, заманауи технологияны дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шығармашыл жастарды қолдауға арналған орталықтар ашу қажет екенін айтты. Соның аясында Петропавл қаласында креативті индустрия орталығын аштық. Бұл жоба талантты жастарға қолдау білдіріп, түрлі салаларды дамытуға бағытталған. Орталықта жастар өз кеңістігіне ие болып, сол жерде батыл, креативті идеяларды талқылап, жүзеге асырмақ.
Сондай-ақ қаламызда «Ботай» сурет галереясы ашылды. Галереяның атауы өңірдегі 6 мың жыл бұрын жылқыны алғаш рет қолға үйреткен «Ботай қонысы» бірегей археологиялық орнымен байланысты. Жаңа өнер кеңістігінің ерекшелігі – онда көрмелер де, авторлар, суретшілермен түрлі кездесулер де өтеді. Келушілер еліміздің, облыс суретшілерінің туындыларын тамашалай алады. Галерея рухани әрі шығармашылық дамудың орнына айналып келеді.
Облыс орталығында екі жатақхана пайдалануға берілді. Біріншісі 156 орынға арналған, екіншісі 1200 орындық үлкен жатақхана. Студенттер үйінде бар жағдай жасалған. Осылайша, Президенттің тапсырмасын орындау бағытында жатақханалардағы орындардың жетіспеушілігін жойдық. 300 балаға арналған ерекше балаларға білім беретін арнайы мектеп-интернат та ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавлдағы «Орман» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Бұл – ұлттың жоба арқылы салынған алғашқы білім ордасы. «Береке» шағын ауданында дәл осындай мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жуырда осы ауданда «Береке» мешіті де ашылды.
Өңірде жаңа спорттық нысандар да көптеп пайдалануға беріліп жатыр. «Qyzyljar» үстел теннисі орталығының ашылуы үлкен оқиға болды.
Биыл әлеуметтік мәселені қадағалайтын жаңа орынбасарым қызметке кірісті. Енді Жүсіп Жұмағұловтың басшылығымен бұл сала жандана түседі. Кенжелеп тұрған ономастикалық мәселелер де болашақта рет-ретімен шешіледі деп ойлаймын.
Жалпы, биылғы жыл оңай жыл болған жоқ. Облыс тұрғындарымен бірге бар ауыртпалықты жеңіп, жаңа белестерді бағындырып жатырмыз. Президенттің Жолдау аясында айқындаған міндеттері ауқымды, оларды орындау, облыс экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы сан салалы бағдарламаларды, жоспарларды іске асыру жолындағы жұмыстарды жалғастыра береміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»