Қаржы • 14 Қараша, 2024

Зейнетақы активтеріне қауіп жоқ

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Зейнетақы активтері көлемі жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Биыл отандастарымыздың БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтері 21,2 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері 18,5%-ға, яғни 3,3 трлн теңгеге көбейген. Сәйкесінше, оның қорғанысына да мән берілу керек. Елімізде зейнетақы жинақтары қаншалықты қорғалған?

Зейнетақы активтеріне қауіп жоқ

Сурет: gov.kz

Инвестициялық қызмет зейнетақы қаражатын сақтап, көбей­­туге көмектеседі. Зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен инвес­ти­циялық табыс түріндегі кіріс ағындары есебінен өседі. Мұның бәрі ашық жүйеде іске асады. Әрбір салымшы БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі ақпаратты көре алады.

Ал зейнетақы жинақтарын қорғаудың негізі факторы – инвестициялық басқару саясатының өзі. Яғни активтер үнемі әртараптандырылып, әртүрлі қаржы құралына инвестицияланады. Демек зейнетақы активтері бір жерде жатпайды, нарықтық жағдайлар ескеріліп, үнемі қайта бөлінеді.

Сонымен қатар Ұлттық банк тәуекел деңгейін әрқашан ескеріп отырады. Түсіндірер болсақ, инвестициялық портфель «ААА» деңгейінен «BBB−» деңгейіне дейінгі халықаралық шкалада өлшенеді. Бағалы қағаздар рейтингісімен тәуекел деңгейі ең төмен қаржы құралдарынан тұрады. Олардың портфельдегі үлесі 94%-дан асады. Бұл зейнетақы жинақтарының барынша қорғалғанын растайды.

Келесі маңызды фактор – елімізде міндетті зейнетақы жарналарының бірегей кепілдікпен қорғалуы. Мұн­да инфляция деңгейі ескеріледі. Адам зей­неткке шыққан кезде оның жеке зейнетақы шотындағы кіріс жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысудың барлық кезеңіндегі инфляция деңгейімен салыстырылып, автоматты түрде есептеледі. Егер бүкіл кезеңдегі зейнетақы жинақтарының жинақталған кірісі инфляция деңгейінен төмен болса, туындаған айырманы мемлекет республикалық бюджеттен өтейді. Қаржы нарығындағы оқиғалардың қалай дамитынына, инвестициялық табысқа қатысты жағдайдың қалай қалыптасатынына қарамастан, салым­шылардың жинағы инфляциядан сенімді қорғалған.

Мұның бірегей тетік екенін айта кету керек. Тек бізде ғана бар. Мысалы, ең тиімді зейнетақы жүйесі бар Германияда қорлар зейнеткерлікке шыққан кезде 2%-дан сәл асатын кіріс мөлшерлемесін уәде етеді. Чилиде басқарушы компаниялар таңдалған қор түріне байланысты инвестициялық кіріске кепілдік береді. Аустралия, Израиль, Мексика, Швеция, Норвегия сияқты елдерде үкімет зейнетақы ақшасының сақталуына ешқандай кепілдік бермейді.

Тағы бір маңызды тұсы – салымшы өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқару­шыларға (ИПБ) берсе, мемлекеттің кепілдігі оларға қолданылмайды. Алайда мемлекеттің кепілдігі ИПБ кепілдігіне ауыстырылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-да болған кезеңде мемлекеттің кепілдіктері басқарушы компанияның кепілдіктерімен ауыс­тырылады. Басқаша айтқанда, жеке басқарушылар жинақтардың сақталуын жеке капиталымен қамтамасыз етеді.