– Тимур Мұратұлы, Ұлттық банкті басқарғаныңызға бір жыл болды. Сұхбаттарыңыздың бірінде «Басшылық өзгергенімен, Ұлттық банктің саясаты өзгермейді. Үкіметтің қаржылық-экономикалық блогымен ынтымақтастықты одан ары нығайту – басты міндетіміз болады» деген едіңіз. Қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны бақылау және тиімді ақша-несие саясатын жүргізу үшін Үкіметпен қаншалықты тығыз байланыс орната алдыңыздар?
– Былтыр біз Үкіметпен өзара байланысты айтарлықтай нығайттық. Оған сол жылдың басында қабылданған жүзеге асырылатын жұмыс туралы үшжақты келісім кәдімгідей ықпал етті. Ерекше атап өтуге болатын нәтиженің бірі – ақпарат алмасу едәуір жеделдеді. Бұл экономикалық жағдайдағы өзгерістерге тез арада жауап беруге және базалық мөлшерлеме, макропруденциалдық саясат және Ұлттық банктің басқа да шаралары бойынша шешімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Айта кету керек, өзара байланысты күшейту үшін біз макроэкономикалық модельдеу мен болжау бойынша да тәжірибе алмастық. Қазір Үкіметпен тұрақты түрде бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.
Инфляция былтырғы ең жоғары деңгейінен біршама төмендегеніне қарамастан (2023 жылғы ақпанда – 21,3%), әлі де біз ұмтылған межеден жоғары тұр. 2024 жылдың қазан айында көрсеткіш 8,5% болды. Яғни экономикамызда проинфляциялық факторлар әлі де бар. Соның бірі әрі негізгісі – мемлекет шығыстарының өсуіне себеп болып отырған ынталандырушы (жұмсақ) фискалдық саясат. Мұндай саясат 2020 жылғы пандемия кезінде дұрыс әрі орынды болды. Бірақ пандемия бітсе де ол әлі қарқынын төмендетпей, тұрақты саясатқа айналып отыр.
Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмсақ фискалдық саясатты – ақша-несие саясатының шараларымен теңестіру қажет. Яғни, базалық мөлшерлемені инфляцияның шарықтап кетуіне жол бермейтін деңгейде сақтау керек. Әйтпесе, инфляцияны бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін, ал экономикалық белсенділік ұзақ уақытқа төмендеп кетуі ықтимал. Инфляцияны тұрақтандыру үшін ақша-несие саясатына баса мән берумен қатар, қатаң салық-бюджет саясатын жүргізу – ұзақ мерзім бойы тұрақты даму үшін қажет алғышарт. Бұл – экономикамызды уақытша, қысқа мерзімді түрде емес, тұрақты түрде дамыту үшін керек.
Фискалдық және монетарлық саясатты үйлестіру – Ұлттық банктің де, Үкіметтің де қазіргі ең негізгі міндеті. Сондықтан біз осы бағытқа үлкен көңіл бөліп отырмыз.
– Қазір базалық мөлшерлеме 14,25% деңгейінде, бірақ нақты мөлшерлеме – шамамен 6%. Оны оңтайлы деңгей деп айту қиын. Келер жылдың басында базалық мөлшерлеме траекториясы қалай өзгеруі мүмкін?
– Қазіргі базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатын қалыпты қатаң етіп ұстап тұр. Бұл инфляцияны ары қарай біртіндеп төмендетіп, 5%-дық межеге жеткізу үшін қажет. Жаңа ғана айтып өткенімдей, қазір инфляция – 8,5%. Дегенмен оның динамикасы тұрақсыз. Қазан айында да көрдік, айлық инфляция тағы да 0,9%-ға дейін қарқын алды. Ал, қыркүйекте ол көрсеткіш 0,4% болған еді. Сонымен қатар инфляцияның төмендеуін тежеп тұрған факторлар бар. Нақтырақ айтсақ, ол – мемлекет шығыстары және ұсыныстан, яғни тауар өндіру мүмкіндігінен айтарлықтай асып тұрған ішкі тұтыну сұранысы. Жалпақ тілмен айтқанда, елдегі тауар өндіру көлемі тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Егер осыған қарамастан базалық мөлшерлемені түсіруге асықсақ, инфляцияны төмендету өте қиын болады. Бұған дейін атқарған жұмысымыз зая кетуі мүмкін. Инфляция қайта қарқын алса, бұл халықтың сатып алу қабілетіне кері әсер етіп, азаматтардың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан шешім қабылдағанда жеті рет өлшеп, бір рет кесеміз, барлық факторды мұқият талдап, саралаймыз.
Қазір базалық мөлшерлеме траекториясының орташа көрсеткіші 2024 жылдың аяғына қарай – 14,25%, 2025 жылдың аяғына қарай – 11,9% және 2026 жылдың аяғына қарай – 10%. Дегенмен базалық мөлшерлеме траекториясы, қандай жағдай болмасын, орындалуға тиіс шешім емес, тек бағдар екенін түсінген дұрыс. Себебі мөлшерлеме әрдайым нақты сол кездегі экономикалық ахуалға, соның ішінде сыртқы шоктарға немесе фискалдық саясаттағы өзгерістерге байланысты қабылданады.
– Кейінгі күндері теңгенің долларға шаққандағы бағамы айтарлықтай өсіп, ұлттық валютаны біршама әлсіретті. Бұған қандай сыртқы және ішкі факторлар әсер етіп отыр? Мұндай жағдайда реттеуші қандай шара қабылдайды?
– Расында, қарашаның басынан бері ішкі валюта нарығы қатты құбылды. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы айырбас бағамы сыртқы ахуалдың нашарлағанына байланысты әлсіреді. АҚШ-та өткен президент сайлауының нәтижесіне байланысты доллар нығайып, ал дамушы нарықтардың валюталарында кері динамика байқалды. АҚШ долларының негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы бағамын қадағалайтын DXY индексі қыркүйектің соңынан бері шамамен 5%-ға нығайған. Бұл ретте дамушы нарықтардағы валюталардың индексі 4,2%-ға төмендеді. Әрі мұнай бағасы да түсті. Себебі экономистер жаңа президент импортқа салынатын сауда баждарын енгізіп, АҚШ-тан жеткізілетін мұнай көлемінің ұлғаюы ұсынысты арттыруы мүмкін деп болжады.
Әлбетте, жағдайға ішкі факторлар да белгілі бір деңгейде ықпал етті. Мысалы, қазір шетел валютасына деген сұраныстың артқанын байқап отырмыз. Биылғы қазан-қарашада бір күндегі орташа сауда көлемі 278/210 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылғы қазан-қарашадағы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды (155/176 млн АҚШ доллары). Бұл – тамыз-қыркүйек айларындағы бір күндегі орташа сауда көлемінен де жоғары. Бұл жағдайда Ұлттық банк реттеуші ретінде күрт ауытқыған айырбас бағамын реттеу үшін қажет кезде валюта интервенцияларын жүргізуге құқылы. Интервенция қаржы тұрақтылығына төнген сын-қатерді бәсеңдету мақсатында жүргізіледі. Себебі теңге бағамының айтарлықтай және күрт өзгеруі теңгедегі депозиттердің азаюына және өтімділіктің валюта нарығына ауысуына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ интервенция салмақты негізі жоқ, бірақ тұрақтылыққа кері әсер ететін қысқамерзімді ауытқуларды реттеуге көмектеседі. Ұлттық валюта қатты құбылған кезеңдерде Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды жіті қадағалап отырады.
– Ұлттық банк басшысымен сұхбаттаса отырып, Ұлттық қор туралы сұрақ қоймау мүмкін емес. Қазір бұл тақырыпты аса өзекті десе болады. Трансферт көлемі қазірдің өзінде бекітілген межеден айтарлықтай асып, бұрын-сонды болмаған деңгейге жетіп отыр. Ұлттық қор қашанға дейін мемлекет бюджетінің кем-кетігін толтырады? Қордың активін 100 млрд долларға жеткізу туралы Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау мүмкін бе?
– Бұл жерде Ұлттық банк Үкіметтің агенті ретінде әрекет ететінін айтып өткен жөн. Біз Ұлттық қордан трансферттерді республикалық бюджетке аударамыз, ал ол ақшаны әрі қарай бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері игереді. Бөлінетін ақша көлемі Қаржы министрлігі сұраған трансферт көлеміне байланысты. Трансферт көлемінің ұлғаюы – Үкімет құзыретіндегі мәселе.
Мемлекет басшысы бірнеше рет айтып өткендей, Ұлттық қордың жинақтау функциясы орындалуға тиіс. Бұл ең алдымен болашақ ұрпақ үшін қажет. Бюджет тапшылығын толтыру функциясы тек дағдарыс кезінде, экономика құлдырағанда жағдайды тұрақтандыру үшін керек. Қазір біз мұндай тапшылықтың әлі де жоғары екенін көріп отырмыз. Ал оның орнын толтыру жағынан қарасақ, бюджет Ұлттық қор трансферттеріне айтарлықтай тәуелді. Қорға түсетін және одан алынатын қаражаттың балансы теріс күйде қалып отыр. Яғни одан алынатын шығыс кірісінен асып түседі. Дәл қазіргі жағдайда Ұлттық қор қаражатын көбейтіп отырған жалғыз фактор – инвестициялық кіріс. Биылғы тоғыз айда ол 10,27% немесе 6,16 млрд АҚШ долларына жетті. Инвестициялық кіріс есебінен Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 4,5%-ға өсіп, 62,7 млрд долларға жетті.
Шынында да, Үкімет пен Ұлттық банктің алдында 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерін 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатты орындау үшін қордан қаражат алу тәртібін қатаңдату қажет. Егер алдағы бірер жыл ішінде республикалық бюджет кірісін көбейтуге байланысты жүйелі жұмыс істелмесе, Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі азаймайды деген қауіп бар. Қазір Парламентте Салық кодексі қаралып жатыр. Біз оны бюджет кірісін арттыруға мүмкіндік беретін аса маңызды құжат деп есептейміз. Жаңа Салық кодексі мемлекеттің бюджетін теңдестіруде тиімді құрал болуы керек.
– Екінші деңгейлі банктердің бірыңғай QR-код жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды. Қаржы мекемелері бұл бастаманы қалай қабылдады? Бірыңғай QR-код енгізу қаржы нарығына қандай пайда әкеледі?
– Мұны бірыңғай жүйе деуге келмейді. Мұны түрлі банктердің QR-кодын өзара қабылдап, оқитын жүйе деген дұрысырақ. Иә, қазір Ұлттық банк инфрақұрылымының негізінде банкаралық QR төлемдер жүйесі құрылып жатыр. Бұл жүйе бүкіл елге, барлық нарық қатысушысына және олардың клиенттеріне арналған. Оны енгізу банктердің төлем мүмкіндігі мен қызмет көрсету аясын кеңейтеді, олардың клиенттеріне кез келген банктер арасында банкаралық QR-төлемдерді қабылдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл төлем нарығындағы бәсекелестікті арттырып, тұтынушылардың құқығын қорғауға жол ашады.
Бұл – күрделі техникалық тетік. Дегенмен банктер бұл бастаманы оң бағалады. Қазір жүйе технологиялық тұрғыдан жұмысқа дайын, нарық қатысушыларымен бірге бизнес-үдерістерді талқылап, техникалық интеграциялау жұмысы жүргізіліп, банктер Жол картасына сәйкес жүйеге қосылып жатыр. Қызмет 2024 жылдың аяғына дейін іске қосылады, ал нарық қатысушылары өз клиенттері үшін оның аясын 2025 жылдан бастап кеңейте бастайды.
– Open Banking жүйесі әне-міне дегенше қолданысқа енетін сияқты. Алайда бұл банктерге қауіп төндіруі мүмкін сияқты көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жүйе шағын банктерге тиімді болады, ал нарықтағы үлесі айтарлықтай ірі ойыншылар оны енгізуге құлық танытпауы мүмкін. Жалпы, осы мәселеге қатысты банк секторындағы ахуал қандай?
– Цифрлық қаржылық инфрақұрылым жобаларын іске асырудағы басты міндеттің бірі – барлық тарапқа да бірдей, тең жағдай жасау. Цифрлық инфрақұрылым қаржы нарығындағы барлық қатысушы – шағын, орта және ірі банктердің мүддесін ескереді. Ол, ең алдымен, клиенттерге, яғни азаматтарға және бизнеске бағдарланады. Open API мен Open Banking платформалары қатысушылар арасында қолжетімді және ашық ынтымақтастық орнату арқылы қаржы нарығын бәсекелестікке ынталандырады және тұтынушыға ыңғайлы интерфейсте жақсартылған сервистерді құруға жол ашады. Платформада қолданылатын стандарттардың арқасында екінші деңгейлі банктер клиенттердің жеке және қаржылық деректерін қауіпсіз алмасады, сондай-ақ банк операцияларының қауіпсіздігі мен клиент деректерінің қорғалуына кепіл болады. Осылайша, Open API-ді енгізу нарық қатысушылары арасындағы өзара байланысты жеңілдетуге, жаңа сапалы төлем сервистері мен қызметтерін дамытуға мүмкіндік береді.
Қазір Ашық банкинг кезең-кезеңімен жүйелі түрде дамып жатыр. Ашық банкинг те инфрақұрылым сияқты нарық қатысушыларымен бірлесе отырып жұмыс істеп, дамиды. Банктер өз тұтынушыларына көрсетілетін қызмет деңгейін жақсартуға, жаңа сервис құруға ұмтылып, инновацияға ашық екендерін байқата бастады.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында банк туралы заң қабылдау қажет екенін айтты. Осыған байланысты акционерлерге дивидендтерге теңдестірілген салық салу, корпоративтік табыс салығын 20%-дан 25%-ға дейін көтеру, сондай-ақ құрылтайшылардың жауапкершілігін нақтылау сияқты мәселелер туындады. Сіздің ойыңызша, банк туралы жаңа заңды тиімді әрі тұрақты ету үшін қандай мәселелер назардан тыс қалмау қажет?
– Банк секторына салық салуға келер болсақ, корпоративтік табыс салығының дифференциалды мөлшерлемелерін енгізу, мемлекеттік бағалы қағаздардан түскен кіріске салық салу және басқа да өзгерістер жаңа Салық кодексінің жобасында қарастырылған. Қазір жаңа Салық кодексінің жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр. Біз бюджетке пайдалы болуы үшін банктерге салық салуды қайта қарау орынды деп есептейміз. Бұл ретте тараптардың біріне жақтас болу орынсыз. Яғни мемлекет пен қаржы нарығының мүддесін бірдей сақтау қажет.
Жаңа Салық кодексі жобасында барлық қаржы және төлем қызметі бойынша қосылған құн салығы жеңілдіктерін алып тастау қарастырылып отыр, оны жақтауға болады. Сонымен қатар тек букмекерлік ұйымдар мен банк қызметіне салынатын корпоративтік табыс салығын 25%-ға дейін өсіру туралы бастаманы қолдамаймыз. Жалпы, біз банк секторындағы корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін көтеруге қарсы емеспіз, тек мұндай жағдайда мөлшерлеме басқа да табысы жоғары экономика салаларында да қолданылуы керек. Банк секторы ойын бизнесімен теңестірілсе, банк секторы бұл шешімді орынды сынға алады. Себебі мұндай қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығын төмендетуі мүмкін. Бұдан бөлек, коммерциялық банктердің экономиканы несиелеуге болатын айналымдағы қаражатын мемлекеттік бағалы қағаздарға салып, табыс табудан алшақтау мақсатында, Ұлттық банктің ноталары бойынша түсетін табысқа салық салынатын болды. Мұндай тетікті Қаржы министрлігі мен жергілікті ақтарушы органдар шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздарға да қолданған жөн. Себебі банктер бизнеске несие беруді ұлғайтпай, Ұлттық банк ноталарының орнына басқа мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алып, табыс тауып отыр. Олар үшін бұл тиімді, өйткені несие беру қызметі үшін салық төлеу керек, ал, Үкіметтің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу – еш тәуекел туғызбайды, және оған салық салынбайды. Сондықтан мемлекеттік бағалы қағаздарға салық мәселесін реттеу керек деп санаймыз. Банк саласын реттейтін жаңа заңға қатысты айтар болсам, Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп осы заңды әзірлеуді бастап кетті. Қазір оның құрылымы мен енгізілуі мүмкін жаңа тетіктер талқыланып жатыр.
Қазір қолданып жүрген банктерді реттейтін заңнама бірнеше заңнан тұрады: банктер және банк қызметі туралы, төлемдер және төлем жүйелері туралы, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы және тағы басқалар. Заңнама талаптарын оңтайландыру мақсатында бірнеше заңды біртұтас банк заңына біріктіру мәселесін қарастырып жатырмыз. Банк туралы жаңа заң банк саласындағы цифрлық технологиялар мен цифрландыруды реттеуге басымдық бере отырып әзірленеді деп қазірден-ақ айтуға болады. Қаржы институттарының қаржы технологиясы компанияларының – қаржы, курьер, делдал және цифрлық қызметтер саласында қызмет көрсететін электрондық сауда алаңдары мен интернет-платформалар капиталына көбірек араласуына жол ашу мүмкіндігі қаралады.
Қолданыстағы заңнамада цифрлық қаржы активтері ұғымы мен оларды реттеу, сондай-ақ қаржы нарығы қатысушылары мен АХҚО арасындағы қаржылық қызмет көрсету салаларының ара жігін ажырату мәселесі қарастырылмаған. Бұл мәселелер де жаңа заң аясында ескеріледі. Цифрландырудың озық технологияларын, соның ішінде жасанды интеллектті және үлкен деректерді талдау негізінде шешім қабылдау алгоритмдерін енгізу, сондай-ақ базалық және әмбебап лицензиялар жүйесін енгізу мүмкіндігін талқылап жатырмыз. Лицензияларды бұлайша бөлу, реттеу деңгейін лицензия түріне қарай пруденциялық нормативтерге сәйкес анықтауды көздейді. Осы және басқа да бастамаларды қаржы нарығына қатысушылармен талқылап жатырмыз. Біз әрдайым ашықпыз және қаржы қауымдастығының барлық ұсынысын қарауға дайынбыз.
– Сонымен қатар Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті қаржыландыру мәселесі әлі де шешілмегенін, бұл іскерлік белсенділікті тежейтінін және экономиканың тұрақты дамуына кедергі келтіретінін айтты. Президент Үкімет пен Ұлттық банкке экономиканы қаржыландыруды ынталандыру үшін банктердің инвестициясын арттыруға арналған оңтайлы шешімдер әзірлеуді тапсырды. Бұл бағытта қандай жұмыс атқармақсыздар?
– Ұлттық банк Агенттікпен (ҚНРДА) бірлесіп, банктердің экономиканы, соның ішінде шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқынын арттыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қыркүйекте банктермен өткен кездесуде энергетика секторындағы және коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселесі қаралды. Кездесу нәтижесінде табиғи монополия субъектілерін қаржыландырудағы тиімді тетіктерді әзірлеу бойынша жұмысты бастап кеттік.
Қазір мемлекеттік органдар экономиканы несиелеуді арттыру бойынша бұған дейін қабылданған шараларды жүзеге асыру ісін жалғастырып жатыр. Соның ішінде синдикатталған кредиттеуді дамыту, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыруды біріктіру, банктер мен кредиттік бюролардың мемлекеттік деректер базасымен интеграциялануы бар. Бұл қызметтердің цифрлануына, банктердің шығынын азайтуға, қарыз алушылардың кредит тәуекелін бағалау сапасын жақсартуға және нәтижесінде кредит өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға жол ашады. Кәсіпкерлерді кредиттеу үшін Ұлттық банк зейнетақы активтерін БЖЗҚ-дан банктердің облигациясына инвестициялайды. Бұл инвестицияларды 2024-2025 жылдар аралығында нарық шарттары бойынша жалпы сомасы 500 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Осындай жолмен тартылған қаражатты банктер инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсауға болады. Бұл банктерге де, одан қарыз алушыларға да тиімді болады деп санаймыз.
Нақты жобаларға келсек, қазір 119,1 млрд теңгеге екі банктің облигациялары сатып алынды. Атап айтар болсақ, Павлодар облысындағы Екібастұз 1-МАЭС-ті жаңғырту жобасын қаржыландыру үшін 39,1 млрд теңгеге «Halyk Bank» облигациялары сатып алынды. Сондай-ақ Атырау облысында мұнай-сервис қызметін көрсетуге арналған жабдықтар, Қарағанды қаласында азық-түлік өнімдерін орауға арналған жабдықтар, Астана қаласында жекеменшік мектеп салу және басқа да жобаларды қаржыландыру үшін 80 млрд теңге «RBK банкінің» облигацияларына жұмсалды.
– Ұлттық валюта мерекесі – ел тарихындағы айтулы күн. Өткенге қарайласақ, ел экономикасы да, ұлттық валютамыз да түрлі құлдырау мен самғауды өткерді. Соның ішінде ең маңызды деген кезеңдерге тоқталып өте аласыз ба?
– Басты оқиға – 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға шығуы. Бұл отандық қаржы нарығының қалыптасып, әрі қарай дамуындағы алғышарт болды. Тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. 1990-жылдары монетарлық таргеттеу режімі жұмыс істеді. Ол жалпы макроэкономиканы тұрақтандыру кезеңінде өте жоғары болған гиперинфляцияны ауыздықтауға мүмкіндік берді. Алайда 2000 жылдары инфляция төмен болғанда, мұндай режім тиімсіз болып қалды. Екінші маңызды кезең – 2000 жылдан бастап валюта бағамы маңызды рөл атқарған ақша-несие саясаты режімінің күшіне енуі. Бұл режім экономика қарқынды дамып, мұнай бағасы қолайлы болған кезде инфляцияны төмен деңгейде болды. Алайда ол жаппай тепе-теңдіктің бұзылуына алып келді және сыртқы шоктарға жеткілікті түрде икемді бола алмады.
Үшінші маңызды кезең 2015 жылы инфляциялық таргеттеу режімін енгізгенде басталды. Бұл ақша-несие саясаты режімі әлемнің дамыған елдерінде қабылданған стандарттарға сай келеді. Осы режім арқасында біз өзгермелі бағам жағдайында инфляцияны төмен әрі тұрақты деңгейде ұстап тұруға күш салуға, ықтимал сын-қатерлерге жедел жауап беруге мүмкіндік алдық. Инфляциялық таргеттеудің ажырамас бөлігі саналатын еркін өзгермелі валюта бағамы сыртқы соққыларды реттейтін табиғи тұрақтандырушы рөлін атқарады. Бұл экономикадағы баланстың бұзылуына жол бермей, құбылмалы ахуалға тез бейімделуге жол ашады.
– Ұлттық валютамыздың қалыптасу тарихындағы тағы бір маңызды кезең – цифрлық теңгенің айналымға енгені. Ол жоба ресми таныстырылып, іске қосылғанына бір жыл өтті. Осы уақыт ішінде қандай нәтиже байқалады?
– Цифрлық теңгені шығару, пилоттық топқа қатысқан банк клиенттері арасында төлем жүргізу, соның ішінде төлем карталарын пайдалану апробациядан өтті. Сондай-ақ мектеп асханаларымен есеп айырысу үшін цифрлық ваучерлерді қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Цифрлық теңге ақырындап күнделікті қолданатын қолма-қол және қолма-қол ақшасыз қаражатты біріктіретін құралға айналып келеді. Мәселен, қазір цифрлық теңге Ұлттық қордан инфрақұрылым жобаларына қаражат бөлуде қолданылады. Осылайша, бағдарламаланатын цифрлық теңгелер «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің құрылысына бағытталады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін мемлекеттік субсидияларды цифрлық теңгемен беру жобасы да қолға алынды. Осы сияқты жобалардың жалпы құны 200-250 млрд теңге көлемінде іске асырылады деп болжанып отыр.
Цифрлық теңге ақшаның дұрыс мақсатқа жұмсалуына жағдай жасайды. Мысалы, ауылдағы мектептің құрылысы цифрлық теңгемен қаржыландырылса, ол ақшаны құрылысты аяқтамай шетелге шығарып алуға немесе басқа мақсатқа жұмсап қоюға болмайды. Біздің ойымызша, «Цифрлық теңгенің» енгізілуі көлеңкелі экономиканы азайтуға, жемқорлықтың алдын алуына үлкен септігін тигізеді. Сол себепті, көптеген жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствомен бірлесіп жүзеге асырамыз.
Цифрлық теңге 2025 жылы толықтай іске қосылады. Еліміздің әрбір азаматы осы инновациялық жобаны пайдалана алады деп үміттенеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Абай АЙМАҒАМБЕТ