Инфляция өршімесін десек...
Ақшаны шексіз басып шығару инфляция, тіпті гиперинфляцияны тудырады. Нарықта қаржының көбеюі тауар мен қызмет бағасын көтеріп жібереді. Базарға көп ақшамен барсаңыз, көп зат сатып алуға мүмкіндігіңіз болады. Қалталы екеніңізді аңдаған сатушы тауар бағасын лезде қымбаттатуы мүмкін. Өйткені сіздің төлей алатыныңызды біліп тұр. Бұл бір адамның басындағы жағдай ғой. Ал мұны жалпылама нұсқаға айналдырсақ ше? Халықтың қалтасында қыруар ақша бар. Онда бір бөлке нан 10 мың, тіпті 100 мың теңгеге бағаланбақ.
Мұны былай да түсіндіруге болады. Көп ақшаны басып, халықтың қолына бердік делік. Халық сол ақшамен дүкенге барып, әдеттегіден көп тауар сатып алады. Демек, тауар қоры да күрт азаяды. Сұраныс ұсыныстан асып түседі. Аз дүниенің құны қашан да бағалы. Мұндайда дүкен иелері бағаны амалсыз көтере бастайды. «Егер өндіріс қуаты күшейсе, баға өспеуі де мүмкін ғой» деген уәж айтылса ше? Иә, айтылуы бек мүмкін. Бірақ оған да жауап бар. Біріншіден, баға қымбаттаса да оны сатып алатын адамдар табылады. Екіншіден, өндірістің де қуаты шектеулі. Оны да жүзеге асыратын – қарапайым адамдар. Өндіріс қуатын арттыру үшін көбірек адам жалдауға, оларға бұрынғыдан да көбірек жалақы төлеуге тура келеді. Бірақ іздеген маман лезде табыла қоя ма? Себебі еңбек нарығында жұмыс іздеушіден гөрі жұмыс беруші саны көбейіп кетпей ме? Бизнес жұмысшыға көбірек ақша ұсынуға мәжбүр болады. Ал әдеттегіден көп ақша тапқан жұмысшы барады да, онсыз да жетпей жатқан тауарды тағы да көбірек сатып ала бастайды. Сөйтіп, инфляция өршіген үстіне өрши түседі де, тұйық шеңбер пайда болады.
Қыруар қаржы ешкімге пайдалы емес
Тарихтағы ушыққан ахуалды көп ақшамен шешкісі келген оқиғалардың қай-қайсы да жақсы аяқталған емес. Екінші дүниежүзілік соғыс Мажарстан экономикасына жайсыз әсер етті. Өндіріс тұралап, инфрақұрылымның ту-талақайы шықты. Германиямен коалицияға кіргені үшін КСРО алдында үлкен көлемде қарыз өтеуге міндеттелді. Ел билігі көбірек ақша басып шығаруға шешім қабылдады. Инфляция күніне 207 пайызбен өсті. Қымбатшылық шырқау шегіне 1946 жылдың күзінде жетті. Тек елде ақша реформасы жүргізілгеннен кейін ғана ахуал тұрақталды. Мұндай жағдайды Германиядағы Веймар республикасы мен Югославия да бастан кешті.
2008 жылы Зимбабве билігі экономикалық дағдарысты реттеу мақсатында көп ақша басып шығарды. Нәтижесінде, жылдық инфляция миллион есе шарықтап кетті. Тіпті 100 трлн долларға да ештеңе сатып ала алмайтын күйге түсті. 10 млн долларлық купюра айналымға шықты. Оның ізін ала 50, 100 және 150 миллиондық және 5, 25 және 50 миллиардтық банкноттар қолданысқа берілді. Сол кезде 1 америкалық доллар 50 млн зимбабвелік долларға теңесті. Елдегі бүкіл тұрғын айналасы аз уақыттың ішінде мультимиллиардер атанып шыға келді, бірақ бұл аста-төк байлық оларға түк пайда әкелмеді.
Ақша массасы қалай реттеледі?
Елімізде ақша массасын қадағалау құзіреті Ұлттық банкке тиесілі. Бас банк нарыққа қанша көлемде ақша керектігін шамалайды, тауар мен қызмет құнына тікелей әсер ететін базалық мөлшерлемені бекітеді, валюталық операцияларды жүзеге асырады. Әрине, кейде ептеп ақша басып шығаруға тура келетін сәттер болады. Жан басына шаққандағы номиналды табыстың өсуі – ақшаны арттыруға себеп. Дағдарыс сәттерінде қаржы қадағалаушысы ақша шығарып, азаматтар тауар мен қызметті бұрынғыдан көп тұтына бастайды. Сөйтіп, кәсіпорындар табысы артады. Олар артық түскен табысты өндірістік мүмкіндіктерді ұлғайтуға, айналым ақшасын көбейтуге бағыттайды. Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық банк жыл соңында келер жылға қанша ақша қажет екенін есептей бастайды. Нарыққа қанша ақша керек екені, оның қандай номиналмен шығарылатыны, әр номиналдың қанша көлемде болатыны өзіндік теорияға сәйкес есептеледі.
«Келер жылы бюджеттік төлемдердің қанша болатыны, қанша ақша номиналының айналымнан шығарылатыны белгіленіп, үлкен эконометриялық есептеулер жүргізіледі. Өйткені ақша – тірі организм. Туады, өмір сүреді, ескіреді, айналымнан шығарылады. Әр номиналдан қанша көлемде нарыққа береміз дегенді де жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Мәселен, жалпы жинағы тұрғысынан 20 000 номиналы өте көп, ал саны жағынан ең азы болып саналады. Өйткені бұл номинал айналымда 1 000, 2 000 теңге сияқты жиі қолданысқа түспейді. Алгоритм мынадай: Ұлттық банк резервіндегі ақша + алдағы жылға шығарылайын деп отырған ақша – айналымнан шығарылып тасталатын ақша көлемі. Шыққан нәтижені екіге көбейтеді. Себебі форс-мажор жағдайға арнап міндетті түрде резерв қалыптастыру керек», деп түсіндіреді біраз жыл Ұлттық банктегі Қолма-қол ақшамен жұмыс істеу департаментінің директоры, Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болып жұмыс істеген Дәуренбек Мәжитов.
Елдегі ақша массасы 4 бірлікпен өлшенеді – М0, М1, М2, М3.
- M0 – айналымдағы қолма-қол ақша;
- М1 – М0+талап етуге дейінгі депозиттер және теңгедегі аударылатын депозиттер;
- М2 – М1+банктердегі қысқа мерзімді уақытша депозиттер;
- М3 – М2+шетел валютасындағы мерзімді және жинақ депозиттері.
2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша айналымдағы қолма-қол ақша көлемі – 3,5 трлн теңге. Былтыр Ұлттық банк ақша басып шығаруға 15,4 млрд теңге жұмсаған. Оның 9,8 млрд теңгесі – банкнот басуға, 5,4 млрд теңгесі тиын соғуға бөлінген. Биылғы қыркүйектегі су жаңа дерекке сүйенсек, М2 ақша агрегаты – 35,4 трлн теңге. Бұл – қолма-қол айналымда жүрген, депозиттерде жатқан, төл валютамен сақталған, шетел валютасымен сақталған ақшалар. М2 көлемі жыл басынан бері – 8%-ға, былтырдан бері 18,9%-ға артқан.
Теңгені өзіміз өндіреміз
Бір артық тұсымыз – банкнот фабрикамыз бен теңге сарайымыз бар. Қажет қаражат көлемін сол екі мекемеде басып шығара береміз. Әлемнің біраз елінде ақша басып шығаратын компания жоқ. Олар ақшаны да сырттан «экспорттайды». Ақша басып шығаратын ірі құрылымдар негізінен Еуропа мен Солтүстік Америкада орналасқан. Мысалы, британиялық «De La Rue» компаниясы әлемдік банкнот өндірісінің 11%-ын иеленіп отыр. Біздің теңгенің де алғашқы партиясын осы компания басып береді. «De La Rue» қазірдің өзінде 140-қа жуық елдің банкнотын басумен айналысады. Оның басты бәсекелесі германиялық «Giesecke & Devrient» компаниясы 100 елді ақшамен қамтамасыз етіп отыр. Ірі ақша өндірушілер қатарында канадалық «Canadian Banknote Company» мен америкалық-швециялық «Crane» де бар.
Бізде фабрика мен теңге сарайы бар болғанымен, банкнот жасайтын қағаздарды сырттан тасымалдаймыз.
«Егер банкнот қағазын да өзіміз өндірсек, онда экономикамызға үлкен салмақ түсуші еді. Біз үшін осы саясат тиімді. Жылына екі рет барып стратегиялық серіктесімізден 70 тонна көлемінде банкнот шикізатын алып келеміз. Әдетте қағазды бір емес, бірнеше мемлекеттен аламыз. Осының арқасында қанша ақшаны үнемдейміз. Банкнот қағазын өзімізде басып шығару өте үлкен көлемде су мен электр энергиясын талап етеді. Ондай цехта тұратын бір ғана құрылғының ұзындығы 50-60 метрге жетеді. Сол аралықта қанша үдеріс болып үлгереді. Біреуі ысытады, біреуі суытады дегендей. Қағазды сырттан әкелгенімізбен, негізгі шаруаның барлығы Алматыдағы банкнот фабрикасында жүзеге асады: нөмірлеу, кесу, суреттерді, қорғаныш элементтерін – қағаздың ішіне кеткен және сутамғы элементтерін енгізу», дейді Дәуренбек Мәжитов.