Қоғам • 16 Қараша, 2024

«Жасырын» патрульдеу апатты азайта ма?

187 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жол-көлік оқиғалары – еліміздегі адам өліміне себеп болатын басты факторлардың бірі. Соның ішінде балалар арасында өлім-жітімнің көбі жол апатынан болады екен. Бұл – Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Оның алдын алу үшін қандай шара қабылданып жатыр? Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында кеңінен мағлұмат алдық.

«Жасырын» патрульдеу апатты азайта ма?

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төр­ағасы, полиция полковнигі Қайсар Сұлтан­баев жол қауіпсіздігі саласы елдің даму көр­сет­кіштерінің бірі екенін атап өтті. Оның туризмді ілгерілетуге және елге инвестиция тартуға деген ықпалы зор. Спикер келтірген мәліметтерге сүйенсек, биыл еліміздің жолдарында 22 мыңнан аса жол апаты тіркеліп, 2 мың адам қаза тапса, 25 мыңнан астамы жарақат алған. Қ.Сұлтанбаевтың айтуынша, жарақат алғандар санының өсуі жол-көлік оқиғаларын тіркеу тәсілінің өзгеруімен байланысты. Қазір денсаулыққа келтірілген зиянға қарамастан, жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінген барлық адам есепке алынады.

«Министрлік тарапынан жолдағы көлік апатының санын азайту үшін барлық жүйелі шара қабылданып жатыр. «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Автокөлік» және «Абайлаңыз, балалар!» сияқты жедел профилактикалық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Жолдағы тәртіпті бақылау күшейген соң, 21 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталып, 10 мыңға жуық қарсы жолаққа шығу дерегі тіркелді. 25 мыңнан аса жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. 20 мыңнан аса құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынып, 400 мыңға жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды», деді Қ.Сұлтанбаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елі­міз­­де жол ережесі 10,4 млн рет бұзылған, бұл был­тырғы көрсеткіштен 3 млн-ға артық. Заң­ды белшесінен басу оқиғаларының көбін жол бойларындағы автоматты тіркеу камералары анықтап отыр.

Жалпы, жолда апаттың үш түрі көп тір­келеді екен. Олар – автокөліктердің бетпе-бет соқтығысуы, жаяу жүргіншілерді қағып кету және аударылу. Осы себептерден келген адам шығыны жалпы қаза болғандардың 72 пайызын құрайды. ІІМ өкілінің айтуынша, мұндай апаттардың орын алуына көбіне жылдамдықты шектен тыс арттыру себеп болып тұр.

Өлім-жітімнің жартысы – қалааралық жол­дарға тиесілі. Дегенмен заманауи магистрал­дардың жабдықталуымен оң өзгеріс болып жатыр. Мәселен, 15 жыл бұрын қалааралық жол­дарда жылына 4 мыңнан аса адам қаза тапса, қазір 2 мыңға дейін азайып отыр. Ал ма­гистралдық жолдардың жекелеген учаске­лерінде адам шығыны едәуір қысқарған. Мы­салы, «Астана – Щучинск» тасжолын қайта жаңар­тып, үшінші санаттан бірінші санатқа ауыстырғалы өлім-жітім саны жылына 75 адамнан 12-ге дейін төмендеді. Жөндеуден өткен «Астана – Қарағанды» учаскесінде де апаттан келген ажал 4 есеге азайған.

Еліміздің жолдарында орын алатын жол-көлік апаттарының тағы бір себебі – жүргізуші даяр­лаудағы келеңсіздік. Бұл туралы биыл өз Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып, жүргізуші куәлігін арнайы оқы­­май-ақ алатын жайттар бар екенін алға тартты.

«Жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру мақсатында уәкілетті және мүдделі мем­­лекеттік органдармен келісіліп шаралар қа­был­данды. Жүргізушілердің өз бетінше дайын­далуын және онлайн оқуын алып тастадық. Автомектептерді және үміткерлерді тіркеу Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесінде жүргізіледі, бұл үміткерлерге курсты аяқтау туралы куәліктерді мерзімінен бұрын беру және оларды қолдан жасау мүмкіндігін болдырмайды. Оқу курсын аяқтағаны туралы куәлікті электронды нұсқаға толық көшіру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл өз кезегінде жалған немесе оларды формальді түрде алуға шектеу қояды. Сол сияқты жалған медициналық қорытындылардың жолын кесу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі анықтамаларды электрондық форматта беретін болды», деді Қ.Сұлтанбаев.

Оның айтуынша, жол үстіндегі заңсыз жо­лаушы тасымалымен айналысатын көліктер де – көпті толғандырған мәселенің бірі. Қазіргі таң­да Ішкі істер министрлігі Көлік министрлігі­­мен бірлесіп, осындай тасымал түрін жүзеге асы­­ру үшін өз бағдарламаларын ұсынатын ком­паниялармен меморандум жасаған. Бұл құ­жат аясында жүргізушілердің еңбек және демалыс режімін сақтауына, медициналық тексеру­­ден өтуіне, жолаушылар мен жүкті тасымал­дау ережелеріне қойылатын талаптар күшейтіледі.

«Indriver, Yandex секілді интернет-агрегаторлар бұл бағыттағы жұмыстарды пысықтап жатыр. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап олар жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген жеке тұлғаларға ғана тапсырыстарды береді. Ал жеке тасымалдаушылар күнделікті рейс алдын­дағы және рейстен кейінгі медициналық тек­серуден өтуге, автокөлікті күнделікті техни­калық байқаудан өткізуге, сол жақ рульді тех­никалық жарамды автокөліктерді пайда­лануға, жүргізушілердің еңбек және демалыс режімін сақтауға міндетті болады. Бұл талап­тар орындалмаған жағдайда интернет-агре­гаторлардың иелері жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермеуге міндетті», деді ІІМ өкілі.

Полиция полковнигі Қайсар Сұлтанбаев жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдер енгізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Камералардың бәрі қалалық жерде ғана орналасқандықтан, қала сыртындағы трасса­ларда қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін пат­рульдік автокөліктер ереже бұзғандарды тір­кейтін борттық жүйелермен жабдықталған. Қазір мұндай көліктердің саны 250-ден асып отыр. Оның артықшылығы – бір экипаждың ең­бек өнімділігі 15 патрульдің жұмысымен пара-пар.

Дегенмен бұл – жол үстіндегі адамдардың көзіне көрінетін полиция көліктері. Жүргізу­шілер арасында оларды көрген кезде тәртіпті бола қалып, көзден таса бола бере ойына келгенді істейтіндер аз емес екені белгілі. Тыйым салынған учаскелерге шығып, жылдамдықты барынша асырып, басқа да заңсыздықтарға ойланбай барып жататыны рас. Енді осындай ереже бұзушыларға қарсы күресу үшін қала сыртындағы жолдарда «жасырын» патрульдеу қызметі енгізіліп отыр. Яғни арнайы белгілері жоқ полиция көлігіне автоматты камералар орнатылды.

«Қазіргі уақытта «жасырын» патрульдеу режімінде полицияның 11 көлігі жұмыс іс­тей­ді және жыл соңына дейін олардың санын кө­бейтуді жоспарлап отырмыз. «Жасырын» пат­рульдеудің мақсаты – қала маңындағы жол­да жүргізушілерді тәртіпке келтіру. Елді ме­кен­дердің ішінде осы тектес камералар авто­бус­тардың салондарында жасырын орнатылады, атап айтқанда, қазір 5 маршруттық автобус жаб­дықталған. Жыл соңына дейін олардың са­нын көбейтіп, жедел жәрдем көліктеріне де ор­на­тамыз. Бұл көлік жүргізу мәдениетін арт­тыруға және жазаның бұлтартпаушылық қағи­датын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Қ.Сұлтанбаев.