Университет • 20 Қараша, 2024

Білікті кадрды бірлесе даярлайды

60 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2001 жылы Астана қаласында ашылған М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің филиалы бүгінде елі­міздегі іргелі әрі халықаралық дең­гейде мойындалған білім орда­ларының біріне айналды. Бұл оқу орны Қазақстан мен Ресей арасындағы білім саласындағы серіктестікті нығайтып, заманауи ғылым мен техника бағыт­тары бойынша жоғары білікті мамандар даярлап жатыр.

Білікті кадрды бірлесе даярлайды

Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи, мәдени, ғылыми байланыстар ғасырлар бойы қалыптасып, екі елдің ынтымақтастығына үлкен ықпал етті. Бұл байланыстардың көрнекі мысалы ретін­де 2001 жылы Астана қаласында ашыл­ған М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын атап өтуге болады. Филиалдың ашылуы екі ел арасындағы білім саласындағы тығыз серіктестіктің жемісі. ММУ фи­лиалы отандастарымызға Мәскеудің үздік оқытушылары мен ғылыми ортасымен танысуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда филиалда 1 500-ге жуық студент білім алып жатыр. Олардың ­60 пайыздан астамы техникалық және ­жаратылыстану бағытын таңдаған.

Елімізде ММУ филиалын құру бас­тамасын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев көтеріп, бұл ұсынысты Ресей Президенті В.Путин қолдаған болатын. Филиалдың ресми тарихы 2000 жылдың 30 тамызында ММУ ғылыми кеңесінің Астана қаласында университеттің филиалын ашу туралы шешім қабылдауынан бас­талады. Сол жылдың 9 қазанында, Ресей Президенті елімізге жасаған сапары барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында филиалды құру туралы хаттамаға қол қойған. Филиалдың ұйымдастыру мәселелері бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Оның басшысы ретінде Мәскеу университеті­нің проректоры, профессор А.В.Сидоро­вич тағайындалды. Сөйтіп, 2001 жылдың 1 қыр­күйегінде Еуразия ұлттық универ­сите­тінің инженерлер корпусында ал­ғашқы оқу жылы басталды.

Филиалдың құрылуы мен дамуы­на үлес қосқан тұлғалар көп. Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің сол кездегі ректоры, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков филиалға аудиториялар, материал­дық база, жатақха­на беруді ұйымдастыр­ды. Филиал­дың қалыптасуына өз үле­сін қосқан тұлғалардың қа­та­­рында О.Б.Лупанов, Е.И.Моисеев, М.Л.Ремнева, В.П.Колесов сынды академиктер мен профессорлар бар.

Ал 2019 жылдың 7 мамырында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев ММУ фи­лиалының жұмысын реттейтін екі ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл құжат фи­лиалдың дамуына қайта серпін берді.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы алғаш құрылған жылдары білім жүйесі Мәскеу университетінің стандарттарына сәйкес әзірленіп, ең қажетті әрі стратегиялық маңызды мамандықтарға басымдық берілді. Сол кезеңде филиал төрт негізгі бағыт, есептеу математикасы және кибернетика, механика-математика, экономика, филология бойынша студенттерді қабылдады. Бұл мамандықтар еліміздің қарқынды дамып келе жатқан салаларына жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталды. Есептеу математикасы және кибернетика бағыты IT және цифрлық технологиялар саласына бейімделген болса, механика-математика саласы инженер­лік және ғылыми зерттеулер үшін терең математикалық білімді қамтамасыз етті. Экономика бағыты елдің қаржы жүйе­сін нығайтуға қажетті кәсіби сарапшы­ларды даярлауға мүмкіндік берді, ал филология мамандығы орыс тілін, әде­биеті мен мәдениетін меңгеруге және мәдениетаралық қарым-қатынасқа назар аударды. Студенттер бір жыл Мәскеу­де білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтады. Әсіресе тәуелсіздіктен ке­йінгі жылдары Астанада білікті мамандар жетіспегендіктен бұл маңызды шешім болды.

Сонымен қатар «Ломоносов» атты студенттер мен жас ғалымдардың халық­аралық ғылыми-практикалық конфе­рен­циялары дәстүрге айналып, еліміз жас­тарының ғылымға қызығушылы­ғын арттыруға жол ашты. Конференция­­­ның арқасында 5000-нан астам қатысу­­шы­ның 2500 ғылыми жұмысы жария­ланды. 2005 жылы филиал оқытушы­лары алғашқы диссертацияларын қор­ғап, ғылыми әлеуетін нығайтты. Соны­мен қатар студенттер республикалық және халықаралық олимпиадаларда жоғары орындарға ие болды. Осы жылы «Экономика» бағыты бойынша бака­лавриаттың алғашқы түлектері оқуын аяқтап, магистратураға қабылдау басталды. «Экология және табиғатты пайдалану» сияқты жаңа бағыттар енгізілді. Ал 2006-2017 жылдар аралығында филиал білім беру сапасын арттыруға бағыт­талған маңызды қадамдар жасалды.

Қазіргі кезде ММУ филиалы бакалавриатта математика, қолданбалы мате­матика және информатика, филология, экология және табиғатты пайдалану, экономика бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Ал магистратурада қолданбалы математика және информатика, экономика, филология мамандықтары бойынша білім береді. Студенттер міндетті түрде бір оқу жылында Мәскеуде білім алып, сол жақтағы тәжірибелік және ғылыми зерттеу орталықтарында жұмыс істейді. «ММУ Қазақстан филиалында механика-математика және есептеу математикасы мен кибернетика факультеттерінің студенттері Мәскеуде бір жарым жыл оқиды. Ал басқа бағыттардың студенттері үшін Мәскеуде оқу мерзімі бір жылды құрайды. Бұл уақыт арнайы курстарды меңгеру үшін жеткілікті. Мәскеуде оқу – студенттерге ММУ-дың бай ғылыми базасымен танысып, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Бұл олардың болашақтағы кәсіби дамуы үшін маңызды», деп атап өтті Александр Владимирович.

Оқу мемлекеттік грант негізінде жүргізіледі. Мәскеуге сапар кезінде студенттердің жол шығыны, тұруы және тамақтануы мемлекет есебінен қаржыландырылады. Онда студенттерге «Яндекс» деректер талдау мектебі мен VK Group «Техносфера» бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі беріледі. Оқу аяқталған соң түлектерге Мәскеу мемлекеттік университетінің халықаралық деңгейде мойындалған дипломы табыс етіледі.

М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиа­лының директоры А.В.Сидоровичтің айтуынша, филиал түлектері еңбек нары­ғында сұранысқа ие. «Бізде оқыту үде­рісі Қазақстанның жетекші министрлік­тері мен ведомстволарының, қаржы инс­титуттарының тікелей қатысуымен ұйымдастырылады. Магистранттар оқу барысында болашақ жұмыс орында­рын белгілеп, кәсіби байланыс орнатады. Түлектеріміз жұмысқа орналасу кезін­де еш қиындық көрмейді, олар беделді ұйымдар мен ірі компанияларда жоғары лауазымдарда қызмет атқарып жатыр», дейді ол.

Магистратураға түсу кезінде бірқа­тар жеңілдік қарастырылған. Мәселен, «Ломоносов» конференциясының же­ңім­паздары емтихансыз қабылданады. Сонымен қатар халықаралық шет тілі сертификаттары, IELTS немесе TOEFL, талап етілмейді. Түсу емтихан­дары тек таңдалған мамандық бойын­ша тапсырылады. Магистратура бағдар­ламалары әртүрлі бағыттарды қамтиды. Қолданбалы математика, информатика, экономика, филология және экология салаларында мамандануға болады. Мысалы, «Қаржылық аналитика» бағдарламасы Ұлттық банкпен, «Ұлт­тық экономика және экономикалық саясат» бағдарламасы Экономикалық зерттеулер институтымен, ал «Заманауи экономикадағы статистика және дерек­терді басқару» бағдарламасы Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп жүзеге асырылады. Сондай-ақ жасанды интеллект, медиалингвистика, деректерді талдау және төмен көміртекті даму салалары бойынша бағдарламалар да бар. Филиалдың тағы бір ерекшелігі – са­бақтарды Мәскеу университетінің профессорлары мен оқытушылары жүр­гізеді. Александр Владимировичтің айтуынша, бұл білім беру сапасын жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкін­дік береді. «Мәскеу университетінің білім беру әдістері мен дәстүрлерін Қазақ­станда қолданып, жергілікті студенттерге әлемдік деңгейдегі білім алу­ға жол ашамыз», деді М.В.Ломоносов атын­дағы ММУ филиалының директоры.

Айта кетейік, базалық мамандығы басқа талапкерлер де магистратура бағ­дарламаларына түсе алады. Бұл жаңа саланы игергісі келетіндер үшін үлкен мүмкіндік. Ал университетке қабылдау тәртібі мемлекеттік білім тапсырысына сәйкес жүзеге асырылады. Жыл сайын бакалавриатқа 125 бюджеттік орын бөлінсе, магистратураға 40 орын қарастырылған. Осылайша, жыл сайын филиал 165 талапкерді қабылдайды. Бакалавриатқа қабылдау барысында әр бағыт бойынша 25 студенттен құралған топтар жинақталады. Егер талапкерлер қабылдау емтихандарын сәтті тапсырып, бірақ грантқа іліге алмаса, олар ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі бар.

Биылға дейін филиал халықара­лық рейтингтерде жоғары орындарға ие болу, ғылыми жобаларды жүзеге асыру бо­йынша белсенді жұмыс атқарып келеді. ММУ филиалы ғылымның бірнеше бағыты бойынша жетекші орынға ие. Әсіресе физика және математика, нанотехнологиялар, қолданбалы математика, кванттық физика саласында қарқынды зерттеулер жүргізеді. Былтыр филиал ғалымдары еліміздің энергетикалық тиімділігін арттыруға арналған жоба бойынша халықаралық грант жеңіп алған. Сонымен қатар университет базасында жасыл экономикаға қатысты бірнеше стартап іске қосылды. ММУ филиалы 2025 жылға дейін ғылыми-зерттеу орталығын кеңейтуді, жаңа зертханалар ашуды және инновация­лық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. «Біз табиғи және техно­генді сипаттағы қауіп-қатерлерді зерттеумен айналысып жатырмыз. Олар­дың Қазақстан, Ресей, басқа да елдердің дамуына әсерін анықтап, ғылыми ұсы­ныстар жасаймыз. Статистика бюросымен, Ұлттық банкпен бірлесе жұ­мыс атқарудың жол картасын қабылда­дық. Сондай-ақ университетте жасанды интеллектінің қанатқақты жобасын жүзеге асырдық», деп атап өтті М.В.Ломо­носов атындағы ММУ филиалының
директоры.