Қазақ елі өз тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап демократиялық даму жолын таңдайтындығын жалпы әлемге жария етіп, еліміздің өзіндік сыртқы саясатын қалыптастыра бастады. Еуразия кеңістігінде алып аумақты алып жатқан еліміз сыртқы саяси басымдықтарын айқындауда, орналасқан аумағының географиялық саяси (геосаяси) жағдайынан шыға отырып көпвекторлы бағыт ұстанды. Ол турасында дипломат, қоғам қайраткері Қ.Тоқаев: «1991 жылғы желтоқсан – 1993 жыл аралығында Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы қалыптасты», деп атап өткен-ді.
Әлемдік саяси теорияда көпвекторлы сыртқы саясат демократиялық мемлекеттерге тән. Демократиялық мемлекеттің сыртқы саясаты өзге елдердің ішкі ісіне араласпау, олардың территориялық біртұтастығын құрметтеу, өзге елдермен тең дәрежелі қарым-қатынастарға түсу, өз ұстанымдарын өзге елдерге таңбау, өзге елдердің саяси тәртібі мен экономикалық жүйесін және этникалық, діни құндылықтарын құрметтеу ұстанымдарына негізделетіні көпшілікке мәлім. Өзінің сыртқы саясатында осы ұстанымдарды басшылыққа алған кез келген мемлекет әлемдегі барлық елдермен, оларда үстемдік құрып отырған билік тәртібіне қарамастан, тату-тәтті қарым-қатынас орнатады. Ал бұл – әлемдегі тепе-теңдікті сақтаудағы басты талап.
ХХІ ғасырдағы әлемдік халықаралық қатынастар өзінің әр алуандығымен ерекшеленді. Әлем елдері бүкіл дүниежүзін қамтыған (БҰҰ немесе НАТО) немесе белгілі бір аймақтағы елдерді біріктіретін (ЕО немесе ШЫҰ) альянстар мен одақтар құрамында өзара бірлесіп өмір сүреді.
Егемендiктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ көпвекторлы сыртқы саясат ұстанған Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен келісімге келе білді. Қазақстан экономикалық әлеуеттік қоры мол әрі әскери-стратегиялық аймақ болғандықтан, географиялық саяси (геосаяси) жағдай өте күрделi болды. Сол себепті де еліміз әлемнің жетекші елдерімен жан-жақты қарым-қатынастарды нығайтуға бар күш-жігерін салды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясаты еліміздің географиялық саяси орналасуымен тығыз байланысты. Елбасы тарихи тұста қазақ тарихының өткен кезеңінен қажетті сабақтарды терең меңгере білді. Өйткені, Қазақстан өзінің сан ғасырлы тарихында төңірегіндегі халықтармен қарым-қатынас орнатуда өзіндік тәжірибе қалыптастырды. Бабаларымыздың ХV-ХVІІІ ғасырларда Ресей, Жоңғария, Түркия, Қытай, Иран, Ауғанстан, өзге де көршілес елдермен қарым-қатынас орнатқаны тарихтан мәлім. Міне, сондықтан да мұндай тарихи байланыстар бүгінде заңды жалғасын тапты.
Қазақ елінің қалыптасқан саяси жағдайда көршілерімен келісімге келе білуі ел тұтастығын сақтауда шешуші фактор бола білді. Осы саясат өткен замандарда Ресеймен солтүстік пен батысымыздағы жайылымдарды, Азияда ірі империяға айналған Парсы шахы Нәдірмен оңтүстіктегі, Жоңғариямен шығыстағы аумақтық мәселелерді шешуде септігін тигізді. 1760-жылдары қазақ хандары Әбілмәмбет пен Абылай ел мүддесі үшін Ауған шахы Ахметпен бірлесе Жоңғарияны түбірімен жойған Қытаймен келісімге келіп, шығысымыздағы күрделі қарым-қатынасты реттейді. Атақты Абылай ханның «Бабаларымыз Есім хан, Жәңгір хан заманынан бермен қарай Қытай империясының лебізі мен ұлағаты бізге жетпей келіп еді», деп басталатын хаты қазақ-қытай байланысын жаңа сатыға көтереді.
Тарихымыздағы Қазақ елінің көпвекторлы сыртқы саясатының бір көрінісі ретінде ХVІІІ ғасыр басында қарқынды басталып, кейін түрлі деңгейде жалғасын тапқан қазақ-орыс келіссөздерін атауымызға болады. Әбілқайыр ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі 1731 жылғы келісімін «бодандық» келісімі емес, керісінше, көпвекторлы саясаттың көрінісі ретінде қарайтын уақыт жетті. Осыған байланысты «Ресейге қазақ бодандығын» қалыптастырған тарихи кезеңде қазақ хандары қабылдаған шешімдер мен олардың атынан жазылған хаттарды өз мамандарымызбен қайта саралауымыз қажет.
Бүгінге дейін қазақ хандары қолдарынан шыққан араб тіліндегі хаттардың толыққанды ұлттық мүддемізбен зерделенбегені жасырын емес. Керісінше, сол баяғы ұлы державалық саясаттың араласуымен орыс тіліне аударылған мамандардың аудармаларын бетке ұстаумен келеміз. Бұл арада Ресей тарихшысы А.В.Ремневтің: «Действительно, история казахов доимперского и имперского периодов в значительной степени была частью «подчиненного знания», сформированного и внедренного российскими учеными, которые собирали источники и создавали свои интерпретации, остающиеся влиятельными до сих пор. Художники и писатели России создавали образы кочевников, которые продолжают властвовать над умами людей до сих пор. Стереотипы империи оказываются чрезвычайно живучими и все еще входят в сферу «знания-власти» дегенінің астарында ащы шындық жатыр (Ремнев А.В. Может ли история Казахстана имперского периода быть постколониальной? Взгляд со стороны заинтересованного наблюдателя. – С.196-197 // Казахстан и Россия: научное и культурное взаимодействие и сотрудничество / отв. ред. Ш.К. Ахметова, З.Е. Кабульдинов, И.В. Толпеко, Н.А. Томилов. – Астана – Омск: Полиграфия «Еnter Group», 2013. – 275 с.)
Жеңісі мен жеңілісі қатар жүрген, бабаларымыздың түн ұйқысын төрт бөлген тар жол тайғақ кешу жылдарының нақты нәтижесі – өз ұлттық бірлігін, аумақтық тұтастығын жоғалтпай, 1991 жылы әлемдік қоғамдастыққа енген бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасы.
Қазіргі таңда да Қазақ елі ХХІ ғасырдағы әлем саясатының тегеурінді жетекшілері – екі алып империяның және үш әлемдік діни өркениеттің – мұсылман, христиан және буддизм қиылысында өз дара жолын табуда. Қос алып көршілеріміздің кей жағдайда бір-біріне қайшы келетін өз ұлттық мүдделері болса, әлемдік діни өркениеттердің географиялық кеңістікте таралуы мүддесі Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады», деп ескерте келе, алдағы сынақтан «тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар өтетінін», ерекше атап өтті.
Осындай күрделі жағдайда көршілермен тату одақтастық саясат ұстану – еліміздің ұлттық мүддесінің қазіргі кезеңдегі талабы. Қазіргі әлемде қауіпсіздік сақталуының басты кепілі экономикалық мүддеге қатысты. Елбасы Ұлытауда: «Экономика өсіп-өнбесе, басқа шаруаның бәрі шешілмейді. Тіл де, дін де жайына қалады. Қазақтың да жағдайы жақсармайды. Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек. Құр сөзді қою керек», деп ашық ескертсе, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің, экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғаудың маңыздылығын алға тартты.
Бүгінгі таңда ел болашағынан туындайтын Қазақ елінің көпвекторлы сыртқы саясатының үш мызғымас мығым тұғыры бар.
Бірінші – әлем елдерімен және халықаралық ұйымдармен екіжақты және көпжақты халықаралық саяси қатынастар. 1992 жылы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясында сөз сөйлеп, еліміздің бейбітсүйгіш мемлекет ретінде БҰҰ Жарғысымен толық келісетінін баса атап көрсетті. Оның дәлелі ретінде Қазақстан жойқын қиратушы күшке ие ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл халықаралық қатынастарда теңдесі жоқ қадам ретінде әлем елдерінің алдында Отанымыздың мәртебесін асқақтатты.
Қазақстанның сыртқы саясаты тәуелсіздік жылдары әлемдік деңгейде тереңдеуде. 2010 жылы елiмiздiң батыс жартышарындағы жетекші халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi, Астанада осы ұйымның жетiншi Саммитiн өткiзуi, 2011 жылы шығыс жартышарындағы сол дәрежедегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуi – еліміздің күллі әлемді түгел қамтыған көпвекторлы сыртқы саясатының жемiсi.
Екінші – әлем елдерімен әртарапты экономикалық байланыстар. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүдделері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден, біздің энергетикалық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделілік танытуда. Ал біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз», деуі ел мүддесін танытары даусыз.
Қазіргі жаһандану үрдісі заманында қандай экономикалық тәуелсіздікке ұмтыламыз деген мәселе – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының басым бағыты. Міне, сондықтан да Қазақстан әлемнің шикізаттық шеткі аймағы болып қалмас үшін, дүниежүзінің жоғары технологиялы елдерімен әртарапты экономикалық байланыстарын күн санап нығайтуда.
Әлемдік дамыған экономикалық жүйелермен әртарапты қатынастардың басты саласы ретінде мұнай өндіру және мұнай экспорты маңызды. Қазақстан ТМД елдері ішінде мұнай қоры бойынша Ресейден кейінгі екінші орында. Болашақта мұнай өндірісінің ұлғаюы болжамдарын ескере отырып, мұнай тасымалдау инфрақұрылымын дамыту мәселесі аса маңызды және жаңа экспорттық жүйелерді ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселелердің алдыңғы қатарында әрі бұл көпвекторлы сыртқы саясатымыздың экономикалық тірегі екендігі даусыз. Еліміз әртарапқа тартылған мұнай құбырларына иелік ету арқылы әлемнің жетекші елдерімен қарым-қатынастарда сыртқы саяси дивидендтер ала алады.
Қазақстан мұнайын тасымалдаудың экспорттық бағыттарын дамыту және әртараптандыру мақсатымен ірі жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар белсенді жүргізілуде. Баку – Тбилиси – Жейхан құбырына қосылумен Қазақстан – Каспий тасымалдау жүйесін құру және Қазақстан – Қытай мұнай құбырының өткізу қабілетін ұлғайту еліміздің батыс іргесін де, шығыс іргесін де бекіте түседі. Ресми мәліметтер бойынша Қазақстандағы магистральді мұнай құбырының ұзындығы 7000 км.-дан артық. Солардың ішінде еліміздің әртарапты экономикалық байланыстарын қамтамасыз етіп отырған ең ірілері Атырау – Новороссийск, Атырау – Самара, Атасу – Алашаңқай және Омбы – Павлодар – Шымкент құбырлары.
Әлем елдерімен әртарапты экономикалық байланыстарды оңтайлы жолға қоюда әлемдік сауда байланыстарының маңызы зор. Әлемдік сауда байланысында бірнеше ғасыр бойы теңіз жолдары басты орын алып келеді. Қазақ елінің жалғыз теңіз қақпасы – Ақтау халықаралық теңіз сауда порты. Каспий теңізінің шығыс жағасындағы халықаралық жүк тасымалы жүйесінде аса маңызды орын алатын Ақтау порты Азия және Еуропаның көптеген елдерінің су мен құрлық, теміржол, әуе жолдарының тоғысар торабында орналасқан. Ақтау қаласындағы бұл порттан кемелер Каспий теңізі арқылы Астраханьға, одан Еділ – Дон каналы арқылы Қара теңізге, одан әрі Жерорта теңізіне, мұхиттарға шыға алады. Бұған қоса, әртарапты экономикалық қатынастарды дамытуда маңызы зор Ақтау халықаралық теңіз сауда портынан шығатын теңіз жолдарының екеуі Иранның солтүстік айлақтарына, біреуі Бакуге жүк жеткізеді.
Өткен дәуірдегі мемлекеттер арасындағы сауда-саттық істерінде ғаламдық құрлық көлік тасымалы артериясы болған «Ұлы Жібек жолының» Қазақ елі аумағы арқылы өткені – тарихи дәлелденген факт. Қазіргі таңда, сол аңызға айналған көлік жолының заңды мұрагері ретінде бағаланып үлгерген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының Қазақстанға тиесілі бөлігі 2452 шақырымды құрайды. Қытай Халық Республикасының шекарасынан Қызылорда қаласына дейінгі I санаттағы қашықтық 1391 шақырымды, ал Қызылорда қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі II санаттағы бөлігі 1061 шақырымды құрайды. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының экономикалық тұғыры – әлем елдерімен әртарапты экономикалық байланыстарды дамытуда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының атқаратын рөлі зор екендігі ешқандай дау тудырмайтын ақиқат.
Қазақстан соңғы жылдары темір жол қатынастарын да дамытты. Қазақстан теміржолы Түрікменстан арқылы Иранға, Жаңаөзен – Қызылгай – Берекет – Этрек – Горганға дейін созылды. Мұның өзі экономикалық мүмкіндігімізді Парсы шығанағына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка бағытына кеңейтті. Жаңа бағытпен жылына 10 млн. тонна тауар тасымалданбақ. Бұған Ресеймен, Белоруссиямен және Армениямен жасалған Еуразиялық экономикалық одақты қосыңыз. Сайып келгенде, мақсат біреу. Ол – әлемдік нарыққа шығу. Ал түпкі нәтижесі 100 миллиондаған экспортқа жол ашу.
Үшінші – әлем елдерімен мәдени-гуманитарлық бағыттағы қарым-қатынастар. Қазақ елінің мәдени-гуманитарлық дамуы жалпыадамзаттық құндылықтармен тығыз байланысты және көпвекторлы сыртқы саясат пен әлем елдерімен әртарапты экономикалық байланыстар арқылы қамтамасыз етіледі.
Алдымыздағы ауқымды мақсаттарымыздың жүзеге асуы еліміздің мәдени-гуманитарлық дамуымен де тығыз байланысты. Бұған Қазақстанның әлеуеті де, экономикалық мүмкіндігі де толық жетеді және ендігі қалған мәселе – дамыған өркениетті елдер тәжірибесін игере отырып, еліміздің мәдени-гуманитарлық дамуын да инновациялық жолға қою, қазақ ұлтының дәстүрлі құндылықтары мен жаңа либералды құндылықтар сәйкестігін қалыптастыру.
Қазақ елінің әлем елдерімен жан-жақты мәдени-гуманитарлық байланыстарының дамуында төрткүл әлемнің дін көшбасшыларының басын қосқан діни съездердің алар орны ерекше. Съездердің маңызды ерекшелігі ретінде әлемдік барлық ірі конфессиялардың өкілдерінен басқа оның жұмысына көрнекті саясаткерлердің, мемлекет басшыларының және беделді халықаралық ұйымдардың қатысуы болып табылады. Бұл жағдай әлемде қауіпсіздіктің күшеюіне, мәдениеттер мен өркениеттердің жақындасуына ықпал етуге мүмкіндік жасайды және осы үрдістердің басында Қазақ елінің тұруы – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының айқын жеңісі.
Қазақ елінің мәдени-гуманитарлық дамуында бауырлас түркі халықтарымен рухани-мәдени байланыстар ерекше шешуші маңызға ие. Түркі халықтарының мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын арттыру мақсатында 1993 жылы Алматыда алты бірдей түркі мемлекетінің басшылары (Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Өзбекстан) «ТҮРКСОЙ» ұйымын құруға шешім қабылдаған болатын. Қазіргі таңда ТҮРКСОЙ-дың аясы кеңіп, бұл ұйымға Солтүстік Кипр, Ресей Федерациясынан Татарстан, Башқұртстан, Хакасия, Гагауз, Тыва республикалары мүше. Әсіресе, соңғы екі-үш жылда ТҮРКСОЙ-дың бойына қан жүгіріп, көптеген мәдени игі шаралардың ойдағыдай атқарылуына мұрындық болды. Штаб-пәтері Анкарада орналасқан аталған ұйымның жұмысын одан әрі қарай жетілдіруде және түркі тектес халықтардың арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды қамтамасыз етуде Қазақстан мен Түркияның алатын орны ерекше.
Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап шетелдегі ағайындармен байланыс жасауға айрықша көңіл бөлуінің өзі еліміздің болашақ мәдени-гуманитарлық дамуын ойлаумен байланысты еді. Ал қорыта келгенде айтарымыз – көпвекторлы саясат тәуелсіз еліміздің әлем картасынан өз орнын дәлелдеуге сөзсіз септігін тигізді және ол арқылы әлем халықтары сеніміне ие болды. Қазақстанның тек аймақтық қана емес, сонымен бірге, дүниежүзілік тұрақтылықты сақтаудағы белсенділігі, оның ашық саясаты Мәңгілік Еліміздің тұғырын биіктете беретіні сөзсіз.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Тұрар ШАЙХИЕВ,
саясаттанушы, доцент.
Орал.