Үкімет • 21 Қараша, 2024

Мемлекет балық шаруашылығын қолдайды

99 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда Мәжіліс комитеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыру­ға қарсы іс-қимылға қатысты, Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы ратификациялық жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Сондай-ақ акваөсіру субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобаларын мақұлдады.

Мемлекет балық шаруашылығын қолдайды

Акваөсіруге 550 млн инвестиция тартылады

«Акваөсіру туралы» заң жобасы жөнінде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – жаңа өндіріс орындарын құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті акваөсіру нысандарының өсіру көлемін ұлғайту және олардың қоршаған ортаға, адам өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы акваөсіруді тұрақты дамыту. Сондай-ақ А.Бердалин заң жобасының негізгі міндеттеріне де тоқталды.

– Біріншіден, инвестициялық ахуалды жетіл­діру және акваөсіру объектілері мен олар­дың өңделген өнімдерінің экспорттық әлеуе­тін дамыту. Екінші – инновациялық және индус­триал­дық технологиялар мен үдерістердің тиімді ен­гізілуін қолдау. Үшінші – акваөсіру субъек­ті­лерін мемлекеттік қолдау, – дей келе заң жоба­сын­да су айдындарын конкурстық негізде және конкурс рәсімдерін өткізбей беру тәртібі көзделгенін атап өтті.

Яғни кемі 150 мың АЕК инвестиция болған жағдайда су айдындарын конкурссыз бекіту ұсынылады. Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу тәсілі енгізілмек.

– Бұл ретте тор қоршамада балық өсіру шаруа­шылықтарын құру жөніндегі инвес­ти­ция­лық жобалар үшін егер инвестиция сомасы ке­мінде 150 мың АЕК болса, халықаралық және рес­публикалық маңызы бар су айдындарын кон­курс өткізбей беру ұсынылады. Бүгінде бұл шама­мен 550 млн теңгені құрайды, – деді вице-министр.

Дегенмен сұрақ қою кезінде депутат Ерлан Саиров заң жобасындағы көлдерді балық өсіру­шілерге конкурссыз беру нормасына қарсылық танытты.

– Заң жобасында жаңа өндірістік объекті­лер салуға инвестор 550 млн теңге берсе, өнді­ріс­ті жаңғыртуға 370 млн теңге салса, сол инвес­тор­ларға балық шаруашылығы айдынын, яғни көлдерді конкурс өткізбей, тегін беру қарас­ты­рылған. Енді сол көлдерді конкурссыз тегін беру сыбайластыққа алып келмей ме? Ертең сол жерде конкурс өткізгендердің тамыр-таныстары жүрмей ме, – деп сұрады депутат.

А.Бердалин сыбайластық тәуекелін инвес­тициялық комиссия арқылы азайту тетігі қарас­тырылғанын айтып өтті.

– Су айдындарын конкурссыз беру саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін керек. Қазір резервте арнайы тұрған айдындар бар. Бұл – ірі және терең су аймақтары. Айталық, Каспий теңізінде, Бұқтырма су қоймасында осындай шаруашылықпен айналысуға болады. Бұл жерде айдындар конкурстан тыс берілетіндіктен, оны инвестициялық комиссия бекітеді. Оның құрамына уәкілетті органдардың, жергілікті әкімдіктердің, бассейндік инспекция өкілдері, «Атамекен» ҰКП және салалық кәсіпорын өкілдері кіреді. Сондықтан бұл жерде шешімді бір адам қабылдамайды. Яғни сыбайластық тәуекелін азайтады деген ойымыз бар, – деді вице-министр.

Жалпы, Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған «Акваөсіру туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерден ұққанымыз елімізде акваөсірудің дамуын бақылайтын ақпараттық жүйе құрылатын болды.

Акваөсіру саласында үш жылда бір рет өткі­зілетін оның даму жағдайын бағалау негізін­де мемлекеттік саясат құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта бюджет қаражаты есебінен консалтингтік компания­лар мен талдау орталықтарын, қоғамдық салалық одақтар мен қауымдастықтарды тарту көз­дел­ген. Бағалау нәтижелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде ескеріледі. Цифрландыру мақсатымен мониторингтің ақпараттық жүйесі енгізіледі.

Баяндамашы заң жобасына қосымша мемлекеттік қолдау шаралары енгізілетінін атап өтті. Бұл – субсидиялау, жеңілдетілген кредит, ғылыми сүйемелдеу және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру. Сондай-ақ балық өсіру үшін су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялаудың жаңа түрі қарастырылады. Субсидиялау Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарланған.

Сондай-ақ ведомство өкілінің айтуынша, адам­дардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету үшін акваөсіру саласына мем­лекет­тік бақылау енгізілмек. Мұндағы мақсат – акваөсіру өнімдерінің, адамдардың өмірі, денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін технологиялық үдерістердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде су жануарларының бөтен түрлерінің енуіне жол бермеу.

– Бақылауды Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, бақылау субъектісіне барып және бармай тек­серу, профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асыру жоспарланған. Бұл ретте жергі­лік­ті атқарушы органдар бөлімшелеріне қатыс­ты мерзімді, жоспардан тыс тексерулер, қа­шық­тан бақылау нысанында мемлекеттік бақы­лау­ды енгізу көзделген, – деді вице-министр А.Бердалин.

Сонымен қатар отырыста Қаржы министрі Мәди Тәкиев «Еуропа Қайта құру және даму банкін құру туралы келісімнің 1-бабына банк операцияларын географиялық қамтуды Са­хараның оңтүстігіне қарай Африка елдеріне және Иракқа шектеулі және біртіндеп таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді ратификациялау туралы» заң жобасының негізгі тезистерін баяндады.

 

Балабақшаларға лицензия берілмек

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңда Мәдениет және ақпарат министрлігінің осы салалардағы негізгі мақсаттары, міндеттері мен құзыретінің қағидаттары айқындалады.

Түзетулерде Президенттің «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын іске асыру аясында әзірленген «Келе­шек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қыз­ме­тін құқықтық реттеуді көздейтін нормалар қарастырылған.

Мәжіліс Оқу ағарту министрлігі бастамашы болған білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Депутаттардың бастамасымен осы заңға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы қызметтерді көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібі енгізілді.

Сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдары (үйірмелер, секциялар және т.б.) үшін қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарлама тәртібі белгіленеді.

 

Қанатқақты жобалардан қайыр болмай тұр

Үкімет басшысынан бастап түрлі министрліктер мен құзырлы органдарға бағытталған депутаттық сауалдар да сан-саланы қамтыды.

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаев Үкімет басшысы Олжас Бек­тоновке қанатқақты жобаларды жүзеге асыру кезінде жол берілетін олқылықтарға қатысты сауалын жолдады. Депутат «Жаңа Қазақстанның» жаңа экономикалық моделін құрып, нақты бет­бұ­рыс жасаймыз десек, әртүрлі жаңа идеяларды қанатқақты жобалар арқылы қолданып көруіміз керектігін ұсынды. Депутат дәл қазіргі мұндай жобалардың жағдайына көңілі толмайтынын жеткізді.

– Әкімдіктер мен министрліктердің берген ақпаратына сәйкес кейінгі төрт жылда 104 қанатқақты жоба іске асқан. Оларды қаржыландыруға 805 млрд теңге жұмсалған. Келіп түскен ақпаратты зерделегенде, мұндай жобалардың көп бөлігі тиімсіз жасалғанын аңғардық. Сонда біз миллиардтаған ақша төлеп қанатқақты жобалардан не алдық, – деген депутат бірқатар жүйесіз сәттерді айта келе жобаларды іске асыратын мемлекеттік органдар мұндай жобаның не екенін өздері де дұрыс түсінбейтініне қынжылды.

Тіпті ашуға булыққан депутат «Мемлекеттік органдар «қанатқақты жоба» деген жап-жақсы механизмді ақша игерудің өздеріне ыңғайлы, тіпті коррупцияның құралына айналдырған», деп бірқатар ұсынысын жеткізді.

Ал «Ақ жол» партиясы фракциясының бір топ депутаты Премьер-министрдің бірін­ші орынбасары Роман Склярға жүктерді ха­лықаралық тасымалдауға арналған шетелдік рұқ­сат бланкілерінің тапшылығын қолдан жасау және оларды «сұр нарықта» қайта сату мәселесі бойынша кәсіпкерлер партияға шағым жолдағанын жеткізді.

Айтуынша, алаяқтар, мүмкіндігінше көп бланкілерді алу үшін бір күндік компания­­лар тобын құрады. Сөйтіп, жыл басында шетел­­дік бланкілерге қойылған барлық квотаны алып қояды, ал адал кәсіпкерлер олардан жоға­ры ба­ғамен сатып алуға мәжбүр. Салдары­нан жыл соңында пайдаланылмаған квота­лар кері қайтарылып, ал жүктер шетелдік тасы­малдаушылардың еншісіне кетеді. Осы жылдың шілде айында бланкілерді қайта сатумен алаяқтық жасауға тосқауыл қою ретінде ережеге өзгерістер енгізілген екен. Бірақ ол өзгерістер еш пайда болмаған. Міне, осы алаяқтық тәуекелдерін жоюды мәселе етіп көтерген фракция мүшелері қажет болса, тиісті лауазымды тұлғалар заңнамада көзделген жауапкершілікке тартылсын деген ұсынысын жолдады.