Биыл жарты әлемді шарпыған ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына, сол қан майдандағы Ұлы Жеңіске 70 жыл толып отыр. Бұл соғыстың қазақ тарихы үшін алар орны айрықша. Себебі, біздің халықтың жеңістің жақындауына қосқан үлесі өлшеусіз. Ол үшін соғысқа жіберілген он оқтың тоғызы қазақ жерінде дайындалғанын айтсақ, жетіп жатыр. Тіпті алғаш болып жау оғына кеудесін тосқан қазақстандықтар да мыңдап саналады. Яғни, ең алғаш жау шабуылына тап болған Брест гарнизонында фашистік Германияның әскеріне тойтарыс бергендердің арасында жерлестеріміз аз болған жоқ. Осы ретте Ұлы Жеңіске жетуімізге Қазақстанның қосқан үлесі қаншалықты екеніне тоқталуды жөн көрдік.
Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен. Шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек еді. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және көбінің сүйегі Беларусь жерінде қалған.
Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.
1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Фашистермен болған шайқастарда 328, 310, 312, 314, 316, 387, 391, 8, 29, 102, 405-атқыштар дивиясы, 100 және 101-ұлттық, 81, 105, 106-кавалериялық дивизиялар, 74 және 75-теңіз атқыштар бригадасы, 209-Зайсан, 219-минометтік, 85-зениттік, 662, 991 және 992-авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14 100 жүк және жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110 400 жылқы, 16 200 арба жөнелтілді.
Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны кейбір деректер бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.
Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені де мәлім. Фашистер КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жаудың қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын, 532 506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді. Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны пен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.
Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола -Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді. Сондықтан да соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда дайындалды.
Республикада танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы жүрді. 1941 жылдың күзінде Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ) атындағы танк дивизиясын құруға қаржы жинала бастады да, бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. Кейінірек халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы жауынгерлік техникалар жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша да, қазақ даласынан алдыңғы шепке миллиондаға пұт астық пен ет және тағы басқа азық-түліктер, жылы киімдер жіберіліп отырды. Жау шабуылынан қорғансыз қалған өзге ұлттың балалары Қазақстанға келіп пана тапты.
Міне, бұл – қазақстандықтардың Жеңіс үшін жасаған ерліктерінің бір парасы ғана. Сол себепті, Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Осыны ескерген Елбасымыз ел тарихындағы жарқын жеңісті кең көлемде атап өтуді бастама етіп көтерді. Сұм соғыстың қазақтың әр отбасына залалын тигізгені белгілі. Сондықтан Жеңіс күні – жалпыхалықтық мереке. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ерліктері мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі.
9 мамыр – бұл мереке ғана емес, ауыр еңбек, халықтың батырлығы. Бiздiң парызымыз – осы күндi еске сақтау, санаулы ғана қалған ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету. Тарихымызға өшпес із қалдырған сұрапыл соғыстың кеселінен өткен ата-апаларымыз аман болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!
Фараби Ұзақов.
Қызылорда қаласы прокуратурасының
бөлім бастығы.