Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Төменнен жоғарыға
Bottom-up (төменнен жоғарыға) моделі сатылай дамуды көздейді. Мұндағы негізгі идея – жүйенің барлық компоненттерін түсіну арқылы оның жалпы жұмысын сипаттау.
– Біз, ең алдымен бизнес-қауымдастыққа не қажет екеніне тоқталдық. Біріншіден, қызмет көрсету моделі маңызды. Бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобалар, жалпы қолайлы бизнес-климат құру керек. Жұмыс тәсіліне түбегейлі өзгеріс енгізіп, «bottom up» моделіне көштік. Яғни өңірлерден келетін ұсыныстарға құлақ асамыз, – деді Р.Баталов.
Төралқа төрағасының айтуынша, 10 мыңнан астам адам бар 158 өңірлік кеңестің құрылуы жергілікті жерлерде бизнес-қауымдастықтың пікірін шоғырландыруға мүмкіндік берген. Сонымен қатар бизнес өкілдерінің белсенді қатысуының арқасында Палата Үкіметке шешімдердің тұтас кешенін ұсынған. Белгілі бір бағыттар негізгі жұмыс орындары мен салық түсімдерін қадағалап, халықтың өмір сүру сапасын арттыра түседі. Нақты салалар мен бағыттарға бағдарланған дұрыс құрылған қолдау өңірлердің дамуына әсер етіп, экономиканың қозғаушы күшіне айналады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметке балдық жүйеде бағалауды ұсынды. Ол жергілікті өндірістің үлесі, технологиялық даму мен экспорт сияқты көрсеткіштерге негізделуге тиіс. Ұпайлар неғұрлым жоғары болса, кәсіпорын мемлекеттен соғұрлым көп артықшылыққа ие болады. Сонымен қатар бизнестің өңірлік кластерлерге шикізаттан бастап дайын өнімге дейін қатысуын ынталандыруға елішілік құндылық үлесі (ЕҚҮ) мен экспортқа бағдарлану сияқты ашық өлшемдерді белгілеу ұсынылды.
Р.Баталов айтқан үшінші сегмент – жеке платформалар мен құралдарды біріктіру. Қазірдің өзінде Үкіметпен бірлесе отырып, B2G және B2B-сервистерімен, ал болашақта қызметтердің маркетплейсімен жұмыс істеуге «egovbusiness» ыңғайлы платформасы әзірленіп жатыр. Спикер айтып өткен экожүйенің соңғы құралы – Үкіметтің дэшборд тақтасы. Модуль экономиканың әрбір өңірі мен секторы туралы деректерге жылдам жеткізеді. Бұл мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады әрі нысаналы көрсеткіштерді бақылауды жеңілдетеді.
Бір ауыл – бір өнім
Осы модульдің аясында аудан әкімдеріне тәуелсіз рейтинг нәтижелерін қамтитын нысаналы индикаторлар беріледі. Оның ішінде шағын бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын, салықтық түсімдерді, «Іскерлік ахуал» бар. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы да осы экожүйеге кіреді.
Бұл жоба ХХ ғасырдың 70-жылдарында Жапонияда басталған. Ол жергілікті шикізаттан өңделген, ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін экологиялық таза, сапалы өнім өндіру арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуды көздейді. Әлемнің 30-дан астам мемлекетінде сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Осы жобаның жемісін көріп отырғандардың бірі – Маңғыстау облысы, Құрық ауылынан келген «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушысы Жаңагүл Жапарова. Ол жұмыссыз әйелдерге арналған жүн өңдейтін шағын кәсіпорынды толыққанды цехқа айналдырып, екі жылда пайданы 18 есеге арттырған.
– Бастапқыда бұл жобаның іске асатынына ешкім сенбеді. Кейінгі кезде ауылда керексіз болып, далада шашылып, өртеніп жатқан қой мен түйе жүнін көріп, ойландым. Содан неге осыны кәдеге жаратпасқа деп, жүннен жасалатын өнім шығару идеясын іске асырдым. Сол кезде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы туралы білдім. Құрық ауылындағы жұмыссыз жүрген әйелдердің басын қосып, түйе мен қой жүнінен түрлі өнім шығара бастадым. Осылайша, 2022 жылы Құрық ауылында «қанатқақты жоба іске қосылды. Алғашында «Атамекен» палатасының Іскер әйелдер кеңесі мен жергілікті әкімдік тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп, кәсібімізді жүргізуге ғимараттан тегін орын берілді, – дейді кәсіпкер.
Жобаның барысында кәсіпорын қызметкерлері АҚШ, Германия, Түркия, Әзербайжан, Моңғолия мемлекеттерінде өткен халықаралық көрме-жәрмеңкелерге қатысқан. Солай білім мен тәжірибені ұштастыру арқылы 2022 жылы 582 мың теңге табыс тауып жүрген олар, биыл 10 млн теңге тапқан.
– Әрине, бастапқы кезде көп қиындықтар болды, қаражат жетіспеді; қажетті құрал-жабдықтар болмады; өнім сату оңайға соқпады. Сол уақытта «Атамекен» палатасының арқасында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кейінгі екі жылда жалпы құны 15 млн теңгеден асатын түрлі грантқа, демеушілер қолдауына ие болдық. Соның арқасында жүн өңдеуге қажетті түрлі заттар мен құрал-жабдықтар сатып алып, бизнесті дамыту және өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндігіне ие болдық. Қазірде 33 адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Оның ішінде 3 адам мемлекеттік субсидиялаумен, әлеуметтік жұмыста 2 мүмкіндігі шектеулі адам, көпбалалы – 8 әйел жұмыс істейді. «Kaspi.kz», «eBay», «Қазпошта» онлайн-платформаларында интернет дүкен ашып, өнімімізді онлайн сата бастадық, – дейді Жанаргүл.
Өңдеудің жоғары сатылары
Кәсіпкерлер арасында кластерлік тәсіл тәлімі бар. Оны экономикаға енгізген ғалым әрі экономист Майкл Портер. Ол 1990 жылы әйгілі «The Competitive Advantage of Nations» атты кітабында кластерлердің маңыздылығын ашып көрсетті. Портердің теориясына сәйкес, кластерлер географиялық тұрғыдан жақын орналасқан, бір-бірімен байланысты компаниялар мен ұйымдардың топтары өзара әрекеттесіп, инновацияны дамытуға, өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі.
Елімізде де кластерлік тәсілдің қолданылуы қылаң бере бастады. Бірақ бұл үрдіс әлі толық қалыптасып, кеңінен тарала қойған жоқ. Дегенмен бірқатар салаларда кластерлердің даму кезеңдері байқалады. Осыған бел шеше кірісіп жүрген азаматтардың бірі – «Қазэлектромаш» ЖШС директоры Виталий Распопин. Бұл кәсіпорны 1995 жылы Семей қаласында құрылған. Шамамен 25 мың маркалы-Кабельдік-өткізгіш өнімдер өндіреді. Бүгінде кәсіпорын 220 жұмыс орнын ұсынатын орта бизнестің өкіліне айналған. Өнімдері энергетикадан мұнай өндіруге, құрылысқа, телекоммуникацияға дейін көптеген салада сұранысқа ие.
– Біздің елімізде өңдеусіз экспортталатын орасан зор шикізат қорлары бар. Қазақстанда өндірілген түсті металдар Кабельдік-өткізгіш өнімдерге деген қажеттілікті толығымен жаба алады. Алайда бүгінде ел әлі де отандық шикізат негізінде, елдің ғылыми әлеуетін тарта отырып, техникалық түрде өндірілуі мүмкін осы өнімнің үлкен көлемін импорттайды. Мемлекет басшысы Жолдауында қосылған құны жоғары өнімді игерудің маңыздылығын, сондай-ақ отандық шикізат пен компоненттерді пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл шынымен де маңызды. Елдік мазмұнға баса назар аударылмай өнімде толыққанды даму мүмкін емес. Отандық өндірушілерді елдің шикізат ресурстарын барынша пайдалануға ынталандыру қажет. Біз өз міндетімізді кластерлік тәсіл арқылы импортты алмастыруды дамытуда көреміз. Отандық шикізатқа жеңілдіктерді (5%) қоса алғанда, мемлекеттік қолдау бізге «KAZ Minerals» жеткізетін отандық катодтардан бәсекелестік бағамен мыс катанкасын шығаруды жолға қоюға мүмкіндік берді. Бұл локализацияны дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға маңызды қадам болды, – дейді ол.
Жоба жемісінің тағы бір айқын көрінісі Батыс Қазақстан облысындағы «Кублей» кәсіпорынынан көрінеді. Оның бизнес-моделі консервіленген ет пен жартылай фабрикаттарды шығаруға ғана емес, қайталама өндіріске жанама өнімдерді пайдалануға мүмкіндік беретін кластерлік өңдеу циклін қамтиды.
– Бүгінде біздің компанияға екі зауыт кіреді: консервілеу мен ет өңдеу. 32 жыл ішінде жұмыс орындарының саны 12-ден 700-ге дейін өсті. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Қостанай облыстарынан 8,3 мыңнан астам фермерлік және жеке қосалқы шаруашылықтар өнім береді, – дейді зауыт директоры Зәуре Берекешева.
Әлемдегі кластерлік тәсілдің жалпы көрінісіне тоқталсақ, көптеген ел бұл тәсілді экономиканың түрлі салаларында қолданып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тырысады. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, қазір әлемде шамамен 3 мыңнан астам белсенді кластер бар. Бұл кластерлердің негізгі мақсаты – бір аймақта немесе елде орналасқан өзара байланысты кәсіпорындарды, білім беру мекемелерін және зерттеу ұйымдарын бірлескен әрекеттер арқылы дамытып, инновацияны қолдау және өнімділікті арттыру. Алдағы уақытта көрсеткіш өсе бермек. Демек біздің елде де бастау алған осы жүйелердің пайдасы орасан.