Екіжақты ынтымақтастықтың мақсаты – тұрақты даму саласындағы өзара іс-қимылды күшейту, еліміз университеттерінің оқу үдерісіне туризмді ілгерілету, қоршаған ортаны қорғау секторына қатысты заманауи тәжірибелерді енгізу. Келісімге елімізде алты қаржылық шешімді іске асыратын Биоәртүрлілікті қаржыландыру бастамасы – БИОФИН шеңберінде қол қойылды, оның бірі – экотуризм саласында сертификаттауға негіз құру.
БИОФИН жобасы аясында биоәртүрлілікті сақтау, инвазиялық түрлерді бақылау, эко-ағарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, энергия үнемдеу технологияларын пайдалану мәселелерін қоса алғанда, экотуризмге қойылатын жалпы, қосымша талаптарды белгілейтін ҚР СТ 2993 «Туристік қызметтер. Экологиялық туризм. Жалпы талаптар» ұлттық стандартын қайта қарауға бастама жасалды. Стандарт ұлттық контекске бейімделген, экотуризмде қолданылатын халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.
Экологиялық туризм – туристік индустрияның ең жылдам дамып келе жатқан секторы, оның үлесіне әлемдік туризмнің 25%-ы тиесілі. Нақтылы деректерге сүйенсек, экотуристер саны жыл сайын 20%-ға артып келеді. Таза, тамылжыған табиғи нысандары көп еліміздің экотуризмді дамытуда зор әлеуетке ие. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафтар, бірегей экологиялық бағыттар тіпті талғампаз туристерді де еріксіз таңдай қақтырады.
Экотуризмнің басты ерекшелігі – табиғи аумақтарға барған кезде биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау. Сол тұрғыда экотуризм қоршаған табиғи ортаны қорғау, қалпына келтіру қоғам дамуының барған сайын елеулі өлшемдері болып табылатын кез келген елдің экономикасын дамытуға үлес қоса алатынын әрдайым есте ұстаған жөн.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сәйкес, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды, яғни шамамен 0,26 млн шаршы км, экотуризмі жақсы дамыған бірқатар елге қарағанда әлдеқайда кең. Экотуристер саны жылына 2 млн адамнан асады. Мұндай нәтижеге еліміз заңнамалық деңгейде реттелетін ұлттық табиғи парктердегі туризмді басқарудың жолға қойылған жүйесінің арқасында қол жеткізді.
БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматовтың айтуынша, экологиялық туризм қоршаған ортаға, биоәртүрлілікке антропогендік әсерді жұмсартуға мүмкіндік беретін, адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге бағытталған тиімді әдістердің бірі.
«Бүгінгі таңда әлемде экологиялық туризмге көбірек көңіл бөлінеді. Тұрақты туризм жергілікті тұрғындардың қаладан тыс жұмыспен қамтылуы мен табысының өсуіне әсер ете отырып, жаңа экономикалық мүмкіндік туғызады. Қазақстан Орталық Азияда ұлттық парктер мен қорықтардың кең табиғи аумақтарына ие. Экотуризм осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тұрақты дамыту, басқару әлеуметтік, экономикалық, гуманитарлық аспектілерді қамтуға көп әсер етеді», деді С.Ходжиматов.
Айта кету керек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп БИОФИН шеңберінде қазақ, орыс тілдерінде туризм саласындағы ұлттық стандарт бойынша тренинг модульдерінің құрылымы мен форматын жаңарту, сондай-ақ оларды еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына дәйекті интеграциялау жөнінде бастамалар жүргізіліп жатыр.
«Жоғары білім саласындағы көшбасшылардың бірі ретінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазіргі заманауи халықаралық тәжірибелерді енгізу жөніндегі бастамаларды белсенді қолдайды. БҰҰ ДБ-мен экотуризмді дамыту саласындағы меморандум бізге білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді», деп атап өтті университет басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов.