Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы бір оң өзгерістің сипатын талдап, бұған дейін кірпігі ғана қимылдап келген қазақ тілі көсегесінің көгеруіне не себеп болды деген оймақтай ойды ақыл таразысына салып сараптап көрдік. Тіл үйренуге ден қоюдың негізгі себебі қажеттіліктен екен. Қазір қоғамдық орындардың көпшілігінде кешегі кеңес заманында отбасы ошақ қасынан аспай қалған ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейе бастады. Бұған тілдерді оқыту орталығының да қосып отырған үлесі қомақты. Сәл таратып айтатын болсақ, өңірде 21 тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік және ағылшын тілдері курстарын үзбей жүргізеді. Тіл меңгеруге, мәйегінен нәр алуға, күнделікті қатынас құралы ретінде пайдалануға шындап ниет қойып, талпынушылар қатары уақыт өткен сайын көбейе түсті. Бүгінгі таңда бір облыстық, бір қалалық, 17 аудандық оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істеп тұр. Нәтижесі де тәп-тәуір. 2023 жылы тілді еркін меңгерген 1528 тыңдаушыға сертификат берілді. Біздіңше сертификат замандасымыздың тілді қаншалықты меңгергендігін айқындайтын құжат болғанымен, ең бастысы көңілдегі пейіл, жүректегі мейір тәрізді. Жатық, әдемі, әуезді тілді меңгеруге деген жастардың бойындағы құштарлықты көрген сайын жүрегің жылиды. Облыстағы қазақ тілін еркін меңгерген замандастарымыздың талайын өз газетіміз – «Egemen»-де жазып, мерейін үстем еттік. Бұл да – жастардың ынта-ықыласын арттыра түсетін қолдау. Өзгеге үлгі, біліктіліктің, білімділіктің әдемі мысалы. 2024 жылы 322 топ ұйымдастырылып, оларға 3727 тыңдаушы қабылданды. Олардың 3103-і жергілікті ұлт тілін оқып білуді мақсат тұтса, 624 жастың ықыласы ағылшын тіліне ауған. Қазақ тілін оқып үйренуге ықылас қойғандардың көптігін осы бір ғана мысалдан аңғаруға болады.
Оқу үдерісі Бесдеңгейлік Қазақстан Республикасы Ұлттық стандарттар мен Бірүлгі бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тілді оқытудың үшдеңгейлі оқу бағдарламалары аясында «Қазтест» жүйесінің оқу-әдістемелік кешені бойынша жүргізіледі. 2024 жылы облыста қазақ тілін еркін, бейресми форматта оқытатын 20 клуб ашылып, 255 тыңдаушы дәріс алды. Облыс орталығында штат кестесіне сәйкес 147 адам жұмыс істейді. Аудан, қала орталықтарында қазақ тілін еркін форматта үйрететін «Тілдесейік, достар!», «Сөйле kz», «Қазақша сөйле», «Мәртебе», «Қазақ тілі оңай», «Кел, қазақша сөйлейік!», «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі», «Қызықты қазақ тілі», «Зейін», «Қазақша сөйлесейік!», «Үйде сөйлейік», «Тіл.kz», «Мемлекеттік тіл – мерейім», «Тілтаным» клубтары жұмыс істейді.
«Биыл республикалық «Қазтест» орталығымен бірлесіп, облыстың 1000 тыңдаушысынан диагностикалық тест алынды, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айгүл Талпақова, – тағы бір айта кетерлігі, алғаш рет қазақ тілін үйретуді насихаттауға, қолдауға арналған Qaz_Tech атты IT жобасының байқауы өткізілді. 2024 жылы 6 мемлекеттік мекемеге тіл заңнамасының сақталуы бойынша профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілді. Биыл мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың үлесі 95 пайызды құрады».
Бұл тараптағы іс ілгері басқанымен, Бурабай, Жақсы аудандарында мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі төмен екені белгілі. Демек алдағы уақытта жіті көңіл бөліп, ортақ шаруаның ілгері жылжуына ықпал еткен жөн.
Тіл саясатының маңызды бағытының бірі – ономастика мәселесі. Биыл өңірдегі көңілге демеу болар жақсылықтың нышанын екпін түсіріп айта кетуге болады. Жыл басынан бері мән-мазмұны идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген 54 көше жаңа атауға ие болды. Шынтуайтында, облыстың елді мекендерінде тоталитарлық кезеңнен мұра болып қалған келеңсіз көрініс сеңдей сіресіп тұрған. Енді, міне, құрсауы бұзылып, ыдырай бастады. Жаңа заманның, жарқын заманның сәулесі түсті деген осы. Бұл тарапта ауыз толтырып айтатын шаруа қолға алынып жатыр.
«2024 жылы 13 ақпанда облыстық ономастика комиссиясының отырысы өткізіліп, 14 ауыл, 5 ауылдық округті, 33 көшені қайта атауға оң қорытынды берілді, – дейді Айгүл Дүзелбайқызы, – көктемде бірқатар өңірде су тасқыны болып, салдарынан жұмыс сәл кідіріп қалды».
Көкшетаудың көшелерінде «сақау» жарнама қаптап тұратындығы көңілге қаяу түсіретін. Кейінгі уақытта бұл бағытта бизнес өкілдерімен де тығыз байланыста жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, көрнекі ақпараттар мен деректемелерді заңнама талаптарына сәйкес ресімдеу бойынша 2024 жылға арналған облыстық жұмыс жоспары әзірленіп, бекітіліпті. Жұмыс жоспарына сәйкес облыста 3 263 көрнекі ақпарат зерделенген. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1 265 көрнекі ақпаратқа түзету енгізілген. Осылайша, бұрын мағынасы бұлдыр жарнамалық сипаттағы жазбалар бір ізге түсіріліп, сауатты жазыла бастады. Шынтуайтында, бұл да туған тіліміздің тұғыры биіктеуіне қосылған үлес деп бағалауға болады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге заңнама талаптарын жан-жақты түсіндіріп, ақпараттық сүйемелдеу бойынша бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде 407 мақала, әлеуметтік желілерде 836 ақпарат жарияланған. Жарнамалар мен көрнекі ақпараттарды ресімдеуде кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыста жедел желі жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін 6 мыңнан астам кәсіпкер жедел желіге жүгініп, тегін әдістемелік көмекпен қамтылды. Мамыр айында облыста қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің Тіл форумы өткізілсе, маусым айында «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу мәселелері» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды. Тіл мерекесі онкүндігі аясында облыста 2000-нан астам іс-шара өткізілді. Қазан айында «Qazaq tili Legasy» атты облыстық семинар, «Қазіргі қазақ тілі: әдістеме және тәжірибе» атты облыстық конференция өтті.
Тұрғындардың тілдік мәдениетін арттыруға бағытталған көптеген іс-шара жүйелі өткізіліп тұрады. Мәселен, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары», «Сауатты жарнама – тіл абыройы» облыстық байқауларын және басқаларын атауға болады. Мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тіл саясатын жүзеге асыруға ерекше үлес қосқан тұлғаларды қолдау мақсатында, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы тағайындалып, 10 аталым бойынша жүлдегерлер анықталады.
Осындай мәнді де маңызды шаралардың арқасында ана тіліміздің ажары кіріп, көп-көрім жақсарып қалды. Қазір өңірдегі тіл жанашырлары атқарылған сан салалы шаруаны көріп, бөркін көкке лақтырғандай қуанып жүр. Тіл тізгінін ұзартқан тірлік ұзағынан сүйіндірсін дегің келеді.
Ақмола облысы