Шымкент • 26 Қараша, 2024

Дамудың өзегі мен өндірістің өркендеуі

58 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елдегі үш мегаполистің бірі ретінде Шымкент қаласы қар­­қын­ды­ дамып келеді. Әр істі жедел әрі сапалы жүзеге асы­ру­дың нә­­­ти­­жесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ха­лық­­тың өмір сүру деңгейі артқан. Бүгінде жаңа жұ­мыс орнын ашу, жалақыны көбейту, баспана салу, жол жөн­деу, жа­рық­­­­тан­дыру сияқты маңызды мәселелер күн тәр­ті­бінде тұр.

Дамудың өзегі мен өндірістің өркендеуі

12 жоба іске қосылды

Қала экономикасының өсімі биылғы 10 айда 12 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш республика бо­йынша алдыңғы қатардың бірі саналады. Тартылған инвестиция – 9, құрылыс жұмыстарының көлемі – 27, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы – 42, сауда көлемі – 19, көлік қызметі – 26, ал өнеркәсіптегі өнім көлемі ­2 пайызға артқан.

Президент өңдеу өнеркәсібін 1,5 есеге ұлғайтып, еңбек өнім­ділігін арттыруды тапсырғаны есте. Осы бағытта Шымкент биыл құны 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның 12-сін іске қосып, 67,1 млрд теңгеге инвестиция тартқан. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Трансұлттық «Coca-Cola» компаниясы құны 27 млрд теңге, қуаты жылына 262 млн литр да­йын өнім шығарады. Ал «Wan Sheng Ceramic» компаниясы салған керамикалық тақтайша өндіру зауыты жылына 13 млн шаршы метр тақтайша өндіреді. Құны – 25,5 млрд теңге. Келесі жылы екінші кезеңінің құрылысын бас­тап, жылына қосымша 12,5 млн шаршы метр тақтайша өндіру жоспарланған. Оның құны ­12 млрд теңге болады.

 

Өндіріс әлеуеті артып келеді

Шымқалада өнеркәсіп саласында индустриялық ай­мақтар саны артып келеді. Бұл бизнес өкілдерінің қалаға деген қызығушылығы мен сенімін білдіреді. Қазір 438 гектарды құ­рай­тын жаңадан 2 индустриялық аймақ іске қосылды. Біріншісі – «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Осы аймақты құру жұмысы 2020 жылы басталып, биыл толық іске қосылды. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланған. Аймақта жалпы көлемі шамамен 166 млрд теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады. Екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы. Мұнда құны 44 млрд теңгені құрайтын 2 мыңнан аса жұмыс орнымен 25 жоба іске асады. Осылайша, жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақ саны 7-ге жетті.

«Бұл аймақтарда 293 жобаны іске асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, қала экономикасына 225 млрд теңге инвестиция құйылды. Өндіріс аймақтары мегаполистің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 5 өндіріс аймағын құру және кеңейту жұмысын қолға алды. Қазір 2 индустриялық аймақтың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Шымкент қаласында оңтүстік өңірде барлық тауарды қабылдап, жеткізуге логис­тика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құруды тапсырған еді. Осы мақсатта сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстарын бастадық. Аймақ өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бизнес пен сауда үшін жаңа мүмкіндік береді», деді Орта­лық коммуникациялар қызме­тін­де «Шым­­кент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы», тақырыбымен өткен брифингте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

 

Инвесторлардың ықыласы күшті

Жаңа аймақта дайын өнді­рістік алаңмен бірге мем­ле­кеттік қолдау ретінде инфра­құрылыммен қамтылған арнайы өндіріс алаңдары салынады. Бұл индустриялық аймақ­тар­дың инфрақұрылымына жер­гілікті бюджеттен 2,7 млрд тең­ге бөлінген. Қала экономикасына тартылған инвестициялар өңір экономикасын көтеру үшін инвесторға жағдай жасау маңызды. Биылдан бастап инвестиция тарту жұмысы­ның тиімділігін арттыру мақса­тын­да қала аумағында «бір те­резе» қағидаты бойынша ин­вес­торларды сүйемелдейтін «Shymkent Invest» фронт-офи­сінің жұмысына өзгеріс ен­гізілді. Онда инвесторға бизнес-жос­парды әзірлеуден бас­тап жобаны іске асыруға дейін қажетті барлық рұқсат беру құжаттарын сүйемелдейтін 2 мыңға жуық қызмет көрсетіледі.

Инвесторларды қолдау нәти­жесінде тартылған инвестиция көлемі 536 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Үкіметтің 2028 жылға дейінгі бекітілген жоспарына сәйкес, қалаға 5,6 трлн тең­ге инвестиция тарту көзделген. Бүгіннің өзінде 2,7 трлн теңге болатын 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Онда «Alarko Holding» түрік компаниясымен құны 650 млн долларды құрайтын, елде аумағы жағынан ең үлкен 650 га жерге заманауи жылыжай кешені құрылысын салу жобасы бар. Оның 500 га жылыжай, қалған 150 га оқу корпусы, қойма, зертхана мен жатақханалар салынады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асады. Қазір инвестиция құны 226,0 млн долларды құрайтын жобаның 1-кезеңіне 208 га жер телімі бөлініп, оны дайындау жұмысы басталды.

Таяуда, польшалық «Fabe Polska» компаниясымен құны 200 млн долларды құрайтын, 150 га аумақта жоғары технологиялы жылыжай салу келісіміне қол қойды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден аса адам жұмыспен қамтылады.

«Ал «AKSA energy» компаниясымен құны 700 млн доллар болатын қуаттылығы 500 МВт бу газ қондырғысын салу келісілді. Жобаны іске асыру арқылы қала тұрғындары сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі. Келесі ірі жоба «Intertrans» компания­сымен 150 млн долларға мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы ұнтақталған полипропилен өнді­ретін зауыт салу. Жобаны іске асыруға 30 гектар жер телімі бөлінді», деді қала әкімі.

 

Кәсіпкерлерге жеңілдік жасалады

Мегаполисте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда оң өзгеріс бар. Нарықта белсенді жұмыс істейтін ШОБ субъектілері 136 мыңнан асып, онда жұмыспен қамтылғандар саны 226 мыңға жеткен. Бүгінде ШОБ өндіретін өнім көлемі қала экономикасы­ның 56 пайызын құрайды. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 23,5 млрд теңге қаралып, есепті кезеңге 15,5 млрд теңгені құрайтын 3 734 жобаға қолдау көрсетілген. Қалада алғаш рет ШОБ-тың жаңа бастамаларын қолдау үшін «шағын өндірістік алаңдарды құру» (Өндіріс паркі) жобасы басталған.

«Бұл жерде толық инфра­құрылыммен қамтылған дайын өндіріс алаңдары кәсіпкерлерге қолжетімді болады. Бүгінгі таңда аумағы 54 мың шаршы метр құрайтын 3 өндірістік алаңды салу жұмысы басталды. Кәсіпкерлерге тағы бір жақсы жаңалық осы жылдан бастап бөлшек салық мөлшерін 4 па­йыздан 2 пайызға төмендету бо­йынша шешім қабылдадым. Бұл кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге ынталандырып, осы салық түрінен бюджетке түсетін түсім 4,4 есеге артты. Одан бөлек, кәсіпкерлерге ыңғайлы орта құру үшін 7 базарды стандартқа сәйкестендіру жұмысын қолға алдық. Биыл 3 базар жаңғырту­дан өтті (негізі 19 базардың 12-сі сәйкестендірілген)», деді Ғ.Сыздықбеков.

 

Жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Қалада жұмыссыздық дең­гейін төмендету мақсатында 45 мыңнан аса адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, 32 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілгенін айтқан мегаполис басшысы жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шарасының нәтижесінде әлеу­меттік көмек алушылар саны 30%-ға қысқарғанын айтты.

Өңірдегі жалақыны арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. «Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қыз­метшінің жалақысын қо­сымша 50 мың теңгеге көтердік. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын барлық бюджеттік қызметкердің жалақысы 140 мың теңгеден асты. Қазіргі таңда өңірдегі орташа жалақы көлемі 12,5 пайызға өсіп, 304 мың теңгеге жетті», деді әкім.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланыпты. Биыл 3 200 орындық 2 мектеп пайдалану­ға берілсе, жыл соңына дейін 9 мек­тептің құрылысы аяқталады. Оған қоса биыл 1 млн 360 мың ­шаршы метр тұрғын үй пай­далануға беріледі. Ал қала бюд­жеті 779,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 123,0 млрд теңгеге артқан.