Экономика • 26 Қараша, 2024

Тиімді ықпалдастық нәтижесі

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экономиканы дамытуда көрші елдермен сауда-саттық байланыс жыл са­йын артып келеді. Әсіресе Ресеймен стратегиялық одақтастық қатынасты тереңдету экономиканы қалыпты дамытуды нығайта түседі.

Тиімді ықпалдастық нәтижесі

Сурет: gov.kz

Ең ірі экономикалық серіктес

Екі ел барлық салада, соның қатарында экономикадағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытып келе жатыр. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 27 миллиард долларды құраған еді. Солтүстік көршіден тартылған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асып жы­ғылды.

«Бүгінде Ресейдің 76 субъектісі біздің елдің әкімдіктерімен әріптестік қарым-қатынасты дамытып жатыр. Достық қатынастағы екпін саудадан өнеркәсіптік кооперацияға және импортты алмастыратын бірлескен жобаларға ауысып келеді. Оны біздің елде бірлесіп жүзеге асырып жатқан бірқатар ірі жобалардан көруге болады», дейді экономист сарапшы Алпамыс Сегізбайұлы.

Өткен жылдың қараша айында Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Қостанайда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумына да бірге қатысты. Бұрнағы жылы елдер арасындағы тауар айналымы 26,1 мил­лиард долларды құраған еді.

«Ал былтырғы алғашқы сегіз айда бұл көрсеткіш 17 миллиард долларға жетті. Бұл бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық болды. Бұл ретте біздің елдің Ресейге экспорты 5,2 миллиард доллардан 6,3 миллиард долларға дейін ұлғайды», деді экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев.

 

«Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту аса маңызды

Соңғы жылдары көлік-логистика секторы әлемдік саудадағы өзгерістер жағдайында ерекше мәнге ие болды. Ал біздің елде экономиканың дамуын­дағы негізгі басымдыққа айналып үлгерді. Солтүстік көршімен және ЕАЭО серік­тестерімен ынтымақтастықты стра­те­гиялық нығайту еліміздің Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс бағыттарында ма­ңыз­ды көлік хабына айналу амбицияларын қолдайтыны анық.

«Осы күнде біздің ел арқылы жүк тасымалдау көлемінің 50 пайыздан астамы Ресейден келеді. Былтырғы жылы екі ел Солтүстік-Оңтүстік дәлізі бойынша көлік және транзит саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, екі тарапқа да тиімді келісімге келді», дейді А.Сегізбайұлы.

Бүгінде еліміз ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғыртып жатыр. Сонымен қатар 2026 жылға қарай көршілес шекараларда және Каспий теңізінің жағалауында сауда-логистикалық орталықтар салу жоспарлады.

 

Экспорт көлемі артты

Өткен жылы Қазақстан Еуразиялық одақтағы позициясын нығайтқанын айтқан С.Жобаев, экономикалық ықпалдастыққа қатысушы елдердің ішкі жалпы өнімінің өсуіне айтарлықтай үлес қосыл­ғанын Еуразиялық экономикалық ко­мис­сия растағанын айтты. Ел Үкіме­тінің мәліметінше, 2015 жылдан бері Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 90%-ға өскен. Біздің ел мен Ресей посткеңестік кеңістіктегі ықпалдастық үдерістердің нақты локомотивтері болып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, ЕАЭО мүшелігі көптеген нақты экономикалық мәселені шешуге мүмкіндік жасайды. «Eвразия.Эксперт» тілшісіне берген сұхбатында Инновациялық экономика институтының сарапшысы, ҚазҰУ профессоры Мағбат Спанов еліміздің 2023 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірқатар жетістіктерін сараптап берді.

 

Өнеркәсіп кооперациясының өрісі кең

Көрші елмен өнеркәсіптік кооперация елімізде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жаңа өндіріс орындарын салып, ескілерін жаңғыртуға мүм­кін­дік береді. «Қазақстан ЕАЭО-дағы эко­номикалық интеграцияны, әсі­ре­се, өнер­кәсіптік кооперация мен логистиканы дамытуға мүдделі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өңдеу өнеркәсібіндегі табысты ынты­мақ­тастығы туралы айтып жүр», деді С.Жобаев.

Ресейдің республикадағы сауда өкілі Антон Логиновтың айтуынша, бір жылда еліміздің ресейлік капиталдың қаты­­суымен компаниялар саны 70 па­йызға артқан. Демек Қазақстан мен Ресей арасындағы және ЕАЭО аясын­­­дағы ынтымақтастықты дамыту әлі де тереңдей береді.