Биыл Қазақстаннан Ресейде білім алуға берілетін квота саны 800 орынға дейін көбейген. Бұл – Ресейде тегін білім алғысы келетін жастарға үлкен мүмкіндік. Айта кетейік, өтініш беру мерзімі 2024 жылдың 15 қаңтарына дейін жалғасады. Ресейдің «Россотрудничество» ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Ольга Филонова бұл квоталардың маңыздылығын атап өтті.
«Квоталық бағдарлама Қазақстаннан шыққан талантты жастардың Ресейде сапалы білім алуына жол ашады. Жыл сайын көрмеге қатысушылар саны артып келеді. Бұл талапкерлердің Ресейдегі жоғары оқу орындарына қызығушылығы арта түскенін көрсетеді. Ресей үкіметі квота санын көбейту арқылы жастардың білім алуына мол мүмкіндік беріп отыр», деді ол. Университеттердің көбі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ететінін әрі қосымша әлеуметтік қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ольга Филонованың айтуынша, Ресейдегі университеттерге түсуге квотадан бөлек те мүмкіндік бар. «Талапкерлер университеттерге өз бетімен өтінім бере алады. Көптеген университетте ақылы оқуға болады. Кейбіреулерінде олимпиада нәтижелері бойынша, ал кейбіреулерінде ішкі емтихан нәтижелері бойынша қабылдайды», деді ол.
Көрмеге қатысып жатқан В.И.Ленин атындағы Иванов мемлекеттік энергетика университетінің өкілі Ева Сергееваның айтуынша, келген жастардың мақсаты қазір де айқын. Олардың армандарына жету жолындағы талпынысы ерекше. «Ең алдымен, осындай ауқымды әрі маңызға ие іс-шараны ұйымдастырған Ресей Ұлттық зерттеу университетіне алғысымызды білдіреміз. Барлығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл көрмеге үлкен қуанышпен келдік. Мұнда білімге құштар, болашаққа сеніммен қарайтын талапкерлер көптеп келіп жатыр. Жастардың осындай мақсатшыл болуы шынымен де қуантады. Біз оларға көмектесуге әзірміз. Біздің университет техникалық бағыттарға маманданған. Дәл осы бағытта сұраныс та жоғары», деді Ева.
Астанаға Ресейдің әр өңірінен келген университет өкілдері талапкерлерге өз оқу орындарының ерекшеліктері туралы ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Көрмеде техникалық, медициналық, IT, экономика, шығармашылық бағыттағы мамандықтарға деген қызығушылық жоғары болды. Мысалы, Краснояр мемлекеттік аграрлық университеті өкілі Юлия Оленцованың айтуынша, талапкерлер арасында ветеринар, биотехнология, ландшафттық сәулет, агроинженерия, IT мамандықтары көп сұраныста болған. Ал Мәскеудегі А.Н.Косыгин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің өкілі Алевтина Зозолева талапкерлер шығармашылық мамандықтарға да қызығушылық танытқанын атап өтті. Бұл университетте IT технологиялары, киім конструкциясы, дизайн, музыкалық шығармашылық, вокал өнері бойынша грант негізінде білім алуға болады.
Ресей мемлекеттік зияткерлік меншік академиясы өкілі, профессор Наталья Панамареваның айтуынша, бұл көрме екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырып, білім алушылардың тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік береді.
«Біздің түлектер – Ресейдегі ең үздік заңгерлер қатарында. Бұл көрсеткіш бойынша біз ММУ-ды да басып оздық. Біздің түлектерді ресейлік корпорациялар мен коммерциялық құрылымдар қуана қабылдайды. Зияткерлік меншік академиясы талапкерлерді квота негізінде әрі олимпиада нәтижелері бойынша қабылдауға дайын. Сондай-ақ студенттерді жақтақханамен қамтамасыз етеміз. Айта кетейін, біз Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Үнемі тәжірибе алмасып отырамыз», деді ол.
Көрмеге келген талапкерлердің көбі өз мақсаты мен бағытын айқындап үлгерген. Мәселен, 11-сынып оқушысы Нұрлан Исаев өз бағытына сай университетті таңдап үлгерген. «Мен Мәскеудің ядролық физика және инженерия институтына қызығып отырмын. Онда мен оқығым келетін мамандық бар екен. Осы көрме маған өз шешімімді нақтылауға көмектесіп жатыр», деді ол.
«Россотрудничество» өкілі Ольга Филонованың айтуынша, Ресейдегі жоғары оқу орындарында шетелдік студенттерге өте жақсы қолдау көрсетіледі. «Ресейде қазақстандық студенттер үшін көптеген бюджеттік орын қарастырылған. Кейбір университеттерде олимпиада жеңімпаздарына басымдық беріледі. Біз студенттерге тек білім беріп қана қоймай, олардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинауына жағдай жасаймыз», деді О.Филонова.