Экономика • 27 Қараша, 2024

Он айдағы озық нәтиже

48 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Павлодар облысының өткен 10 айдағы өсу-даму қарқыны көңіл тоғай­тарлық. Облыс шикі­зат өндірісіне ғана сүйенбей, әртараптан­дыру үдерістері арқылы қуатты өңдеу саласы бар және ауыл шаруашылығы дамып жатқан аймаққа айналып келеді.

Он айдағы озық нәтиже

Облыста өнеркәсіп өндірісі­нің көлемі 2,8 трлн теңгеге немесе 3,6%-ға жетіп, ал өңдеу секторы 8,2%-ға өскен. Биыл өңірге 815 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30% жоғары. Облыс жалпы инвестиция тарту жөнінен республикада 2-орында болғанымен, аграрлық секторға салынған инвестиция көлеміне көз салсақ, өңірлер арасында көш бастап тұр. Онда 88%-ы жеке компаниялардың инвестициясы. Бұл аймақта қолай­лы инвестициялық климат­тың қалыптасқанын көрсете­ді. Жалпы, 2,8 трлн теңгеге 140 инвестициялық жобаның пулы бар. Ол 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Әйтсе де, өнеркәсіптің өсуі өңірдегі экологиялық жағ­­дайға қысым жасап жат­қаны мәлім. Сон­дықтан облыс бас­­шы­лығы ин­дус­триялан­дыру сер­­пінін сақ­тай отырып, шыға­­рын­ды­лар­ды те­жеу және ке­зең-ке­зеңі­мен азай­ту міндетін алға қойған. Ж­ұ­мыс істеп тұр­ған барлық ірі өнер­­кәсіптік кәсіп­орында кешен­­ді экологиялық шешім енгізу ар­­қылы салынып жатқан неме­се жос­парланған зауыттарда соң­­ғы ecofriendly технология­ларын қолдануды қатаң талап етіп отыр.

Экологияны сақтаудағы маңызды бағыт – коммуналдық қал­дықтарды басқару жұмысы. Бұл мақсатқа жетуге пластик, металл, қағаз және шыны шығара­тын алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы көмектеседі.

«Бүгінде біздің өңір аграрлық салаға тартылған инвестиция көлемі бойынша елімізде көш бастады. Қаңтар айынан бастап агробизнеске 190 млрд теңгеден аса инвестиция салынды. Бұл өткен жыл көрсеткішінен екі есеге жоғары», деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Биыл өңірде елді мекен­дер­дің көшелерін жөндеуді қоса алған­да, республикалық маңызы бар 46,5 шақырым және жергілікті маңызы бар 616 км жол жөнделді. Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Келесі жылы 16,5 млрд теңгеге 325 шақы­рым жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көше­лерін жөндеу, оның қата­рында топырақ жамылғысы бар 31 ауылдың кірме жолдарын салу міндеті тұр.

ва

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Аймақ биылғы жиын-терім науқанында астықтың рекордтық көлемін жинады. Диқандар 1,1 млн тоннаға жуық астық бастырды, бұл өткен жылғы өнімнен 3 есе көп. Кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында суармалы егіс алқаптары 12,7 мың га ұлғайып, 179 мың га жеткен. Суар­малы алқаптарға 100% ыл­ғал үнемдейтін технологиялар, яғни дисперсиялық суару тәсілі немесе жаңбырлатып суару әдісі қолданылады.

Соңғы мәліметтерге зер сал­сақ, өңірдегі азық-түлік тауар­ларының бағасы 16 ұстанымда орташа республикалық мәннен төмен. Ал 8 ұстанымда облыс ең төмен бағамен ТОП-5 өңірдің қатарында тұр. Сондай-ақ об­лыс жұмыссыздықтың салыстыр­малы төмен деңгейін, яғни 4,7%-дан аспайтын көрсеткішін ұстап тұра алды. Оған 26,2 мың жаңа жұмыс орнын құру ықпал етті. Оның 73,6%-ы тұрақты жұмыс орындары.

Президенттің денсаулық­ты сақтау мен әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау тапсырмасына сәйкес өңір­де облыстық бюджет­тің 52%-ы әлеуметтік салаға бағытталған.

«Өңірде балалардың қосым­ша білім алуына және олар­дың бос уақытын ұйымдастыруға көп көңіл бөлінеді. Жақында 2 жаңа балалар шығармашы­лық орталығы ашылды. Сон­дай-ақ тағы бір «Самғау» балалар шы­ғармашылық орталығы Екі­бас­тұз қаласында ашылады. Жаңа әлеуметтік нысандарды сала отырып, жұмыс істеп тұр­­ған мекемелердің жұмысқа қабілет­тілігін сақтау мәселесін ұмыт­қан жоқпыз. 11,5 млрд теңгеге 73 әлеуметтік нысанды жөндеу­ден өткіздік және 4,9 млрд тең­геге 35 жаңа әлеуметтік нысан са­лынып жатыр», деді облыс әкімі.

Павлодарда оқушы орыны тапшылығын азайту үшін 1 200 және 600 орындық екі «Жайлы» мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың құрылысын келесі жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған.

Облыстағы инженерлік ин­ф­ра­­құ­рылымдар айтарлық­тай тозғаны белгілі. Бұл мәсе­лені шешу, желілерді жаңар­ту мен энергия көздерін дамыту жобалары сала мамандарының күнделікті жұмысы. Жылдағы жөндеу науқаны 3 қаланың тәуел­сіз жылу-техникалық аудиті­нің қорытындысы және жүргі­зіліп жат­қан гидравлика­лық сы­нақ­­тардың негізінде ұйым­дастырылады.

Биылғы жылу беру маусымына дайындық үшін 25 млрд теңгеге 31 шақырымнан астам жылу желілерін салу, қайта құру және жөндеу бойынша жұмыс жүргізілді. Ұзақтығы 9 км болатын 4 жаңа жылу магистралі салынды. Оған қоса 19,3 шақырым желі жөндеуден өтті.

«Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысын белсенді жүргізіп жатырмыз. Бұл салада 16,4 млрд теңгеге 18 жоба іске асырылды. Ал біздегі қала­лар жайлылығының негізгі фак­торының бірі – қоғамдық көлік жүйесінің дамуы. Қазірдің өзінде осы салада белгілі бір нәтижеге қол жетті. Оны қала тұрғындары оң ба­ғалады. Таяуда Еуропалық қайта құру және даму банкімен 25 жаңа трамвай вагонын сатып алу туралы бас келісімге қол қо­йылды. Олардың алғашқы легі ке­лесі жылдың бірінші жарты­жыл­дығында келеді», деді А.Байханов.

Сонымен қатар ел Прези­дентінің бастамасымен облыс­та жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы­ның арқа­­сын­да ауылдық инфра­құры­­лым­ды жаңарту бойынша үл­кен жұмыс жүргізіліп жатыр. 18 мың­­ға жуық тұрғыны бар 15 ауыл жаң­ғыртылып 57 нысанды жаңартуға 9,2 млрд теңге бағытталды.

Осы жылдың 10 айында 296 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұны өткен жылмен салыс­тырғанда 27%-ға артық. Алдағы желтоқсан айында халықтың әлеуметтік осал топтары санатында кезекте тұрғандар үшін 331 пәтерді жалға берілетін тұрғын үй түрінде сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ үш қалада 146, жалпы облыстың 10 ау­данында 185 пәтердің кілті иесіне беріледі. Өзін-өзі жұмыс­пен қамтуды өрістету мақсатында халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан өкілдерге 653 млн теңге сомасына 442 грант берілді.

Өңір басшысы қоғамдық көлік жүйесінің дамуы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Кейінгі екі жылда өңірде 218 автобус жаңарыпты. Бүгінде Павлодар, Екібастұз қалалары 75% заманауи жоғары класты автобустарға ие көрінеді. Жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі. Ал өткен қыркүйек айында Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмысы басталды. Ол құрылыс келесі жылдың қазан айында аяқталады. Демеу­шілік қаражат есебінен Павло­дар теміржол вокзалы да жаңар­тылып жатыр. Ал Екібастұз вокзалын жаң­ғырту жұмысы алдағы көктемнің алғаш­қы айында аяқталады.