Нарын құмындағы Манаш ауылында өмірге келген Фариза Оңғарсынованың бала кездегі арманы асқақ еді. Ол – туған ауылына мол су жеткізетін маман атану. Алайда бір ауыл тұрғындарының мейірін қандырар ирригация маманы емес, тұтас елді парасатты поэзиясымен көл-көсір рухани байлыққа кенелткен ақын атанды. Биыл жауһар жырларымен ұрпақ жүрегінде сақталған көрнекті қаламгердің туғанына 85 жыл толды. Осыған орай Атырауда бірнеше іс-шара өтті. Оған ақынның туыстары, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, белгілі әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов, танымал қаламгерлер Ақұштап Бақтыгереева мен Светқали Нұржан, поэзияны Фаризаша аялап жүрген ақын қыздар арнайы келді.
Қазақ композиторлары Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне әндер жазды. Сол әндердің кейбірі «Фариза – рух жанартауы» атауымен ұсынылған театрландырылған музыкалық-поэтикалық-мультимедиалық қойылымда орындалды. Президент ақынның мерейтойына орай арнайы хат жолдады. Оны облыс әкімі Серік Шәпкенов Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театрында өткен іс-шарада оқып берді.
«Фариза Оңғарсынова – ұлт мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол төл әдебиетімізге жаңа леп әкеліп, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Халқының ыстық ықыласына бөленіп, поэзия падишасы атанды. Қайсарлық пен қайраткерліктің символына айналған сыршыл ақын ер мінезімен, өршіл жырларымен дараланды. Теңдессіз туындылары арқылы адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеді. Қазақ аруының биік болмысын, қоғамдағы рөлін шеберлікпен суреттей білді. Фариза Оңғарсынованың шоқтығы биік шығармалары мен өнегелі өмірі әлі талай ұрпаққа тағылым берері анық. Оның есімін ел жадында сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сөз зергерінің соңында қалған мол мұрасы алдағы уақытта да терең зерделеніп, кеңінен насихатталады деп сенемін», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Ақынның шығармашылығына арналған іс-шараның бірі – әдеби-танымдық конференция. Бұл конференция тек ақынның шығармашылығын талдаған баяндамалармен шектелмеді. Бір ерекшелігі, конференцияда Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептің оқушылары ақынның қайталанбас өрнегі бөлек өлеңдерін оқып, қаламгерлердің пікіріне құлақ түрді. Елге танымал ақындар мен шығармаларын зерттеп жүрген филолог-ғалымдар өмірі мен өлеңі ажырамас бүтіндікке айналғаны, пішімі бөлек, өрісі кең, танымы терең шайыр Фаризаның феномені туралы ақтарыла сөйледі. Тілшіліктен басталған қаламгерлігі мен ел ісіндегі қайраткерлік болмысын әр қырынан ашуға талпынды.
«Фариза – халқымыз аялаған ақын. Оны еліміздің әр өңірі өз ақынындай құрметтеді. Ол да қазақты тұтастыққа, бірлік пен ынтымаққа үндеді», деді Мереке Құлкенов.
Қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахмановтың пікірінше, «Лениншіл жас» газетінде Фариза Оңғарсынованың батыс өңірлердегі түйткілді мәселелерді қозғаған проблемалық мақалалары мен очерктері жиі жарияланған. Ол сол кезде аталған басылымның меншікті тілшісі болған.
«Жастар газетінің кезекті бір нөмірінде «Мен саған ғашық емес ем» тақырыбымен топтама өлеңдері жарияланды. Оның өзге ақындарға ұқсамайтын поэзиясы қаламгерлер арасында үлкен серпіліс тудырды. Кейін «Жұлдыз» журналының үштен бір бөлігіне топтама өлеңдері басылды. Әдетте бұл журналда поэзияға мол орын берілмейтін еді. Журналдың сол кездегі бас редакторы Тахауи Ахтанов ақынның ұсынған өлеңдерінің біреуін де қалдырмай түгел шығарып берді. Осының өзінен аға буынның ақын поэзиясына құрметі байқалады», деді С.Абдрахманов.
Фариза ақынның өзі де аға буынды ерекше құрметтеді. Жасы үлкен ағаларын мамандығына, атқаратын қызметіне байланысты бөлектемеді. Өйткені өтірік көлгірсуді білмейтін, жасандылыққа, өтірік пен өсекке, жағымпаздық пен жәдігөйлікке жаны қас болды. Көзі тірісінде берген сұхбатында «Біреуді жақсы көрсем, ұзақ уақыт жақсы көремін. Менің болмысым сондай, оны өзгерту мүмкін емес» деген еді ақынның өзі. Аға буынның бәрін «Жақсы адамдарым...» деп жоғары бағалады.
«Жанашырлар – жақсы аға, жайсаңдарым,
Сендер барда асқақпын, қайсар жаным.
Арқа таңып сендерге, алдарыңда,
ерке басып жүруге тайсалмадым.
Сендер барда үкілеп мінгендеймін,
жел ілеспес даланың ай саңлағын.
Сендер бар деп еркінсіп бұлаңдаймын,
жұрт шалқалап қарайтын шынардаймын...»
деп жақсы көрген, жанашырлық танытқан ағаларына қарындас ретінде еркелей білді. Кейін өзі үміт күткен іні-сіңлілеріне мейірімін молынан төгіп, еркелетті, жігерін жаныды.
Ғалымдығы да, ақындығы да ерек Оңайгүл Тұржанның айтуынша, Фариза – қазақ лирикасына алабөтен өзгеріс әкелген ақын. Әсіресе қыздар поэзиясына көзқарасты түбегейлі өзгертті.
«Ақынның әр өлеңі – құбылыс. Сарыарқаның самалындай саф, Жетісудың жемісіндей дәмді, Шығыстың орманындай ойлы поэзиясы драмаға құрылған. Оның поэзиясының моделі ерекше. Өлең жолдары дәптер бетін шымылдық қылып ашып берді. Сол жерден оқырман өзін көре алады. Микродрамалары үш кейіпкерден тұрады. Бұл – ақын, «Х» адам және оқырман. Осылайша ақын поэзиясын оқығандар жүрегіне жұмақ орнатады», деді О.Тұржан.
Дегенмен дәл Фариза ақын секілді жыр жазу оңай емес. Солай десек те, «Фариза және ақын сіңлілері» атты поэтикалық кеште бір топ ақын өлеңін оқыды. Мәселен, филология ғылымдарының кандидаты, Махамбет және Т.Айбергенов атындағы сыйлықтардың лауреаты Оңайгүл Тұржан ақын апасының болмысын былайша сомдап берді.
«Сары құмында Нарынның шашылады iз,
Талай қыс кеп, жаз да өттi, асыға күз.
Алтын құмнан алтын жыр ойған ақын,
Бұл күнде шашы да аңыз, аты да аңыз.
Өр жыры кiмдi де жалт қарататын,
Жаныңның жазып берер жарақатын...»
Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Әскербекқызының жыры да назар аударарлық. Аяулы ақынмен 17 жасында белгілі қаламгер Светқали Нұржан таныстырған.
«Оң қанатыңда – қырық қыз,
Сол қанатыңда – қырық қыз
Саялап сендік мейірді
Паңдана басып жүріппіз.
Алтыннан қадап түймесін,
Күміспен күптеп күймесін
Өлең-аруды әлпештеп,
Өрлікпен таптың үйлесім.
Болмысы дара Жалқы едің,
Маңдайға басты мәрт елің.
Жалғанды тастап адыра
Мекендеп алдың жан төрін...» дейді ол.
Фаризаша өлеңді сүйген ақынның қатарында Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Танагөз Толқынқызы да бар. Оның әдемі өрілген өлеңінен сағыныш та, шынайылық та байқалады.
«Барлық естен адасатын сәттерге,
Жан отымен жанасатын сәттерге,
Жүрек пен ми таласатын сәттерге,
Қасіретіңнен әрі асатын сәттерге
Бердім сенің атыңды.
Сағынышқа буындырған қос қолмен,
Құштарлыққа сені ғана хош көрген,
Азабыма сені ғана дос көрген,
Үмітіме әр күн сайын бос келген
Бердім сенің атыңды...»,
деп жыр арнады.
Қазақ поэзиясына мол мұра қалдырған Фариза Оңғарсынова саз аспаптарын да жетік меңгергені дау тудырмас шындық. Мәселен, домбырамен қазақ композиторларының күйін нақышына келтіре орындағанын көпшілік білмеуі мүмкін. Тіпті мандолина шертіп, қобызды да күңіретте тартқан. Ақынның мерейтойы қарсаңында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына оның осындай бұйымдары тапсырылды. Оны осы кезге дейін сіңлісі Алмагүл Оңғарсынова көздің қарашығындай сақтап келген. Музей төрінен орын алған құнды жәдігерлер қатарында ақынның киген киімдері, кітаптары мен фотосуреттері, тіпті қолжазбалары мен хаттары да бар.
Атырау облысы