Қоғам • Бүгін, 15:13

Мәшекең түсіне кірген мұғалім

68 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Несін жасырамыз, мектепте ер мұғалімдердің аздығы ұрпақ тәрбиесіне өз әсерін тигізіп отыр. Ақиқатында бір мезгіл ер мұғалімнің қатқыл қабағын, жуан дауысын естіген оқушының ерік-жігері мол болады. Өкінішке орай Ұлт ұстазы Ахметтің ізінен еріп, ұлы мұратын жалғайтын ер мұғалім аз. Сол аздың ішінде жас ұстаз, жалынды педагог Жангелді Кенжебайдың есімі елге етене танылып қалды. Еңбекқорлығымен, әдебиетке жанашырлығымен, педагогтік білімімен, ұлтты сүйгіштігімен елдің аузында жүр.

Мәшекең түсіне кірген мұғалім

Оның Қарағандыдағы іргелі әрі ілгері Абай атындағы мектеп-гимназиясында қызмет қылуы да содан. Жаңа мектептің құрылғанынан бастап бүгінгі күнге дейін өрлеуіне жас педагогтың өзіндік үлесі бар.

Біршама талантты оқушылары республикалық додалардан топ жарып келді. Астанада өткен шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» ІХ республикалық өнер байқауында шешендік өнер аталымында Еркежан Қаныш есімді оқушысы екінші орын иеленген. Көп ұзамай Ақтау қаласында өткен Х республикалық «Ақберен» оқуларынан Еркежан шәкірті үшінші орын алады. Мұнымен қоса V республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауында 10 сынып оқушысы Дүйсен Абылай бірінші орын алса, Сия Айбота үшінші орынға қол жеткізеді. Бұл жас мұғалім дайындаған оқушылардың тек республикалық сайыстардан қол жеткізген жүлделері. Қалалық, облыстық сайыстардан топ жарып жүрген шәкірттері де жетіп артылады. Өзі де мектеп оқып жүрген кезінде сөз өнерінен түрлі сайысқа түсіп, топ жарып жүріпті. Әсіресе Махамбет пен Мұқағалиды сүйіп оқыған көрінеді. Екеуінің барлық өлеңін жатқа біліп, оны өршіл рухпен оқығанда тыңдарманды таңдай қақтыратын талантты болған. Талапты ұстаз содан болар шәкірттерінің жолын ашып, шығармашылығын дамытамын деп дамыл таппайды.

Білім негізін бала кезінен мықтап қалаған ол Майқұдықтағы Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің түлегі әрі мақтанышы. Ұстаз болуға жастайынан ұмтылдырған Күміс Шмакова мен Жаңагүл Нұрмұханқызының есімін аузынан тастамайды.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінде білімін тереңдеткен оның студенттік жолы да шығармашыл ортамен тығыз байланыста болыпты.

Онымен қоса туған ағасы Әнуар да тарих пәнінің мұғалімі. Ағасынан көргені бар, өзінің түйгені бар Жангелді сөйтіп ұстаздық жолға топ ете қалған.

Еңбек жолын Сұрыптау кентіндегі №12 жалпы білім беретін мектептен бастаған. Осы жерде жүріп тәжірибе жинақтайды. Сабақ берудің түрлі методикасын меңгереді. Мектептің белсенді ұстазы болған ол әуелі балалар бойында ұлттық болмысты қалыптастыруды көздейді. Сол үшін жұмыс жасайды. Сөйтіп жүріп мектеп басшылығының рұқсатымен білім ошағында ойшыл, рухани қайраткер Мәшһүр Жүсіп атындағы конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болады. Ондағы мақсаты – мектепке Мәшекеңнің атын алып беру еді. Бірақ кейіннен қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданына қоныс аударғандықтан қазіргі қызмет етіп жүрген Абай мектебіне ауысып, ойға алған шаруасы аяқсыз қалады. Енді мынаны қараңыз, сол Мәшекең кейінгі уақытта Жангелді ұстаздың түсіне кіріп жүр екен. Ол жайлы өзі былай дейді:

«Абай мектебіне ауысып келіп, қал-қадіріміз жеткенше сабағымызды беріп жүрдік. Шәкірттерім де биіктен көрініп жүр. Барлығы ойдағыдан да жақсы. Бірақ кейінгі уақытта үлкен қасиет иесі Мәшекеңді көріп жүрмін. Содан енді түсініп жатырмын. Бастаған ісімді аяқсыз қалдырдым. Сол себепті Мәшекеңнің рухы мазалап жүр. Бұлай жарамас. Қазір Абай мектебінде қызметімді атқарып жүрсем де сол шаруаға кірістім», дейді жас мұғалім.

а

Міне қазір сол мектептің әкімшілігімен келісім орнатқан ол құжатымен зыр жүгіріп жүр. Айналып келгенде бұл да ұлтқа қызмет қылудың айшықты айғағының бірі.

«Ұстаз тек пәндік білім ғана беріп қоймай, шәкіртінің өмірлік көзқарасын шама-шарқысы келгенше қалыптастыруға тырысады. Оқушыларды әлемде ашылып жатқан түрлі жаңалықтар қызықтырады. Біздің кез келген тақырыпта сөйлесе алуымыз маңызды. Осыны түсіне отырып, мен әр сабаққа тыңғылықты дайындаламын. Мәселен әдебиет әлеміндегі соңғы жаңалықтарды біліп баруға тырысамын. Сыныбымдағы оқушыларды кітапқа басылған өткен тарих қана емес, келешектің де әңгімесі қызықтырады. Әсіресе оқушылар экранизацияланған көркем туындыларды көреді. Сабақ үстінде анимациялық фильмдер мен интеллектуал аудиторияға лайықты көркем фильмдерді талдаймыз. Мұның бәрі мені сөзсіз қуантады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өрелі тақырыптарды қозғай алатын шәкірттерімнен зор үміт күтемін», дейді педагог-модератор Ж. Кенжебай.

Осыдан келе Жангелді секілді балалардың жанына білім ғана емес, ұлттық тәрбие сіңіре алатын ер мұғалімдердің қатары көбейсе дейсің, шіркін!