Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жас ғалымдардың тың бастамалары арқылы ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздың маңызды қырлары зерттеліп жатыр. Соның ішінде Маңғыстау өңірінің рухани мұрасын жаңаша қырынан танытып жүрген жас зерттеуші, Ақшұқыр мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Шынар Аманбайдың жобасы ерекше көзге түсті.
Шынар биыл республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Маңғыстаудағы руна жазуының зерттелуі» тақырыбын қорғап, бірінші орын иеленген. Оның ғылымға деген құштарлығын оятқан жетекшісі Мейрамгүл Жаңабергенова. Екеуі түркітанушы Байдулла Айдаровтың мұрасын тереңірек зерттеуге бел буған. Зерттеу барысында Шынар өңірдегі руна жазуларының барлығын жинақтау мақсатында арнайы «Tanba.Kz» атты мобильді қосымша жасап шыққан. Бұл қосымша арқылы өңірдегі әрбір таңбаның цифрлық базасын құру қолға алынған. Мұндай жоба тек зерттеу жұмысы ғана емес, мәдени мұраларды сақтауға арналған инновациялық қадам деуге болады. Шынардың жұмысы тек теориялық зерттеумен шектелмейді. Ол Таушық маңындағы Таңбалы сай жеріне барып, таңбаларды суретке түсіріп, бейнематериалдар әзірлеген. Сондай-ақ өлкетанушылармен, таңбатанушылармен сұхбаттасып, мол мәлімет жинаған.
«Менің ғылымға қадам басуыма жетекшім Мейрамгүл Жаңабергенова апай себепкер болды. Ол кісінің білімге деген ерекше көзқарасы мені қанаттандырып, Байдулла Айдаров мұрасын зерттеуге жетеледі. Осы зерттеу аясында жетекшім екеуміз Маңғыстау облысындағы бүкіл таңбаларды жинақтау мақсатында «Таңба Kizet» атты мобильді қосымша ойлап таптық. Бұл – менің алғашқы ғылыми жобам, бірақ тоқтап қалмай, ғылым жолымды жалғастырғым келеді», дейді ол.
Жоба арқылы жас зерттеуші қазақ тарихының көне кезеңдерінен сыр шертетін руна жазуларын тек зерттеп қоймай, олардың мән-маңызын кең аудиторияға жеткізуді мақсат етіп отыр. Шынардың айтуынша, бұл жеңіс – ғылым жолындағы алғашқы баспалдағы ғана.