Digital • 30 Қараша, 2024

Орталық Азиядағы стартаптардың мүмкіндігі

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «TikTok» стартап академиясының 3.0 ашылу рәсімі өтті. Бұл бағдарлама Орталық Азия елдеріндегі стартап жобаларға «TikTok» платформасында өз бизнесін ілгерілетуге әрі жаңа нарыққа шығуға көмектеседі. Іс-шара барысында алдыңғы лекке қатысқан стартаптар таныстырылып, үздік жобалар анықталды.

Орталық Азиядағы стартаптардың мүмкіндігі

Стартап академиясы­ның 3.0 таныстырылы­мы­на Орталық Азиядағы «TikTok» бизнесті дамыту де­пар­таментінің басшысы Юлия Куш­нир қатысты. Оның айтуын­ша, «TikTok» кәсіпті тез дөң­ге­летуге ықпал ететін платформа. Өйткені онда аз уақытта үлкен аудиторияға жетуге болады. Стар­таптардың басты міндеті – тұтыншуларды тарту және брендін танымал ету. Сондықтан «TikTok» бизнес үшін жарнама алаңы ғана емес, креативті шешімдерді жүзеге асыруға мүм­кіндік беретін керемет құрал. Платформа арқылы стартаптар өздерінің бренді мен өнімдерін халықаралық нарықтарға таныту мүмкіндігіне ие болады. «TikTok for Business» стартаптарға өз аудиториясын табуға, өнімдерін жарнамалауға, бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі.

Жобаның мән-мақсатын түсін­дірген ол «TikTok» платфор­масы стартаптар үшін үлкен мүм­кіндігін ұсынатын алаң екенін атап өтті.

«Қазіргі цифрлық дәуірде креативті стратегиялар мен кон­тент жасаудың маңызы зор. «TikTok» осындай міндеттерді орын­дауға мүмкіндік беретін плат­формаға айналды. Плат­фор­мада жылдам идеялар табуға, видео жасауға, монтаждауға, өз шығармашылық ойларыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік бере­тін көптеген құрал бар. Бұл стар­таптарға бизнес стратегияларын жетілдіріп, нарықта танылуға жол ашады. Ал «TikTok» стартап академиясы аясында қатысушылар өздерінің бизнес стратегияларын таныстырып, жаңа аудитория­ға қол жеткізуге, табыс табуға «TikTok» мүмкіндігін қолдануды үйренеді», деді ол.

Бұл жобаны «TikTok» «Astana Hub» орталығымен бір­лесіп жү­зеге асырып отыр. Ор­та­лық ди­ректоры Мағжан Мәдиев «TikTok»-тың стартаптар ака­демия­сымен ұзақмерзімді серік­тестігінің маңызын атап өтіп, бұл ынтымақтастықтың аймақтық IT-саласының дамуына зор ықпал еткенін айтты.

«Біз «TikTok» компаниясы­мен ұзақ уақыттан бері серіктес ретінде жұмыс істеп келеміз. «Astana Hub»-тың басты мін­де­ті – IT-жобаларды дамыту. Осы­ған байланысты біздің кә­сіп­­керлеріміздің ең маңызды мақ­­саты – тұтынушыларды тарту. Ал «TikTok» – бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан цифрлық платформа. Өткен жылы Мемлекет басшысы мен «TikTok»-тың бас ди­ректоры Шоу Цзы Чу кездес­кен. Осыдан кейін «TikTok» ком­­па­ниясы Астанада өз кеңсе­сін ашқан болатын. Сондай-ақ сол кез­де «TikTok» стартап ака­де­­­мия­сын бастадық. Алдағы уақыт­та білім бағдарламалары бо­йын­ша бірлесіп жоба жасауды жос­­­пар­лап отырмыз», деді М.Мәдиев.

«TikTok Startup Academy» алғаш рет 2022 жылы елімізде бастау алған. Алғашқы мау­сым­да 286 өтінімнің ішінен 56 стартап іріктеліп, оның 9-ы грантқа ие болған. Екінші маусымда бағдарлама Өзбекстан мен Әзербайжанды қамтып, 16 стартапты оқытып, 6 жобаға қолдау көрсетті. Биыл 4 елден 176 өтінім түсіп, олардың ішінен ең үздік 40 жоба таңдалып алынған. Ю.Кушнир үздік жобалар биыл да қаржылай грантқа ие болатынын айтты.

«Бізге төрт елден, атап айт­қанда, Қазақстан, Өзбек­­стан, Қыр­ғызстан, Әзер­бай­жан­нан 40 стартап келіп отыр. Олар «Pitch» сессия­сына қаты­сып, «TikTok»-та бизнесін ілге­­рі­лету стратегия­ларын қор­ғап, талқылайтын бо­лады. Іс-шара нәти­же­сін­де 10 же­ңімпазды анық­­­талып, әрқай­сысына «TikTok for Business» платформасында жар­нама жасауына 3 000 доллар көле­­мінде грант табысталды. Жал­пы, грант қоры 30 000 доллар­ды құрайды», деді ол.

Қатысушылардың көпшілігі жа­санды интеллект, білім, туризм, финтех, мәдениет салала­рына қатысты жобаларды таныс­тырды. Жасанды интеллект сала­­сындағы стартаптар жаңа тех­ноло­гияларды қолдана отырып, өнімдері мен қызметте­рін же­тілдіруге ұмтылса, білім жобалары жастарға ар­нал­ған жаңа форматтағы контент әзірлеуге күш салып жатыр. Сонымен қатар туризм сала­сындағы стартаптар ту­ризм­ді цифрландыру бағытын ұс­тан­ған. Ал қаржы технология­сы са­ла­сындағы қатысушылар эко­­номиканы цифрландыру, қар­жылық қызметтерді жетілдіру мақ­сатында жобалар ұсынған. Олар «TikTok» платформасын пайдалану арқылы олар өз қыз­меттерін халықаралық нарыққа шығаруды көздеп отыр.

Мәселен, бұған дейінгі қаты­сушылар арасында болған «Тас­тамат» стартап жобасы «TikTok» плат­формасы арқылы үлкен же­тіс­тіктерге жетіп, жақсы нәтиже көреткен. Олар аз уақыттың ішін­де «TikTok»-та 8000-нан астам жаңа оқырман жинап, табысын 30 па­йызға арттырған. Бұл «TikTok» платформасының шағын және орта бизнес үшін тиімділігін дәлелдейді.

«TikTok» стартап академиясы бағдарламасының қорытынды брифингіне қатысқан Мағжан Мәдиев, академияның басты мақ­сатын түсіндірді.

«Іс-шараның басты мақсаты – «TikTok» стартап ака­де­мия­сы бағдарламасының қоры­тын­ды­сын шығару. Біз жоба аясын­да қатысушыларға «TikTok» плат­формасын қалай қолдану­ды үй­рет­тік. Әрбір IT-бизнеске бұл өте ма­ңызды. Енді олар­дың арасы­­нан үздігін анықтай­тын бола­мыз», деді «Astana Hub» орталығы директоры.