03 Ақпан, 2015

Академик Төрегелді ШАРМАНОВ: Отандық өнімнің орны бөлек, отандастарым!

2189 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Шарманов2 Азық-түлік қауіпсіздігіқай елдің болса да тәуелсіздігінің, еркін дамуы мен халқының әл-ауқаты артуының кепілі. Яғнихалықтың лайықты өмір сүруі оған қажетті сапалы, қауіпсіз тамақ өнімдерін пайдаланумен өлшенсе керек. Сондықтан біздің күнделікті тұтынып  жүрген тағамымыздың  сапасы кім-кімді де ойландыруы   тиіс. Өйткені, олсіз бен біздің денсаулығымыз. Ендеше, ішіп-жеп отырған азық-түлігіміздің  құрамы қандай? Оның зияны, пайдасы  қайсы? Қауіпсіздігі қалай қорғалғанБүгінгідей сырттан қаптап келіп жатқан азық-түліктің сапасы тексеріліп, бақылана ма? Жергілікті жердегі өндірілетін өнімнің құнарлылығы, жұғымдылығы, қасиеті шеттен әкелінетін өнімнен ерекшелігі   қандай Осы және өзге сауалдарға   жауап алу  мақсатында  Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді ШАРМАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік. Төрегелді аға, қазекеңнен сөз қалған ба, «Ауруастан, дауқарындастан» деген мақал бар. Бұған не дейсіз? –Қазекең, данышпан халық қой. Сол заманның өзінде сапасыз, артық ішкен тағам­ның адам ағзасына қаншалықты ауыр, зиян екенін білген ғой. Бұл мақал өміршеңдігін әлі жоймай келеді. Өйткені, қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі, халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету өте күрделі және өзекті мәселенің бірі. Бұл да еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің бір бөлігі. Мынаны қараңыз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, қан ай­налымы жүйесінің аурулары және қант диабетінің зардабы мемлекеттің әл-ауқатының бас­ты көрсеткіштерінің бірі – ішкі жалпы өнімді 7 пайызға дейін азай­тады екен. Аса таңғаларлық, соны­мен қатар, басты назарға алатын жайт: аталған қауіп-қате­рі мол, жүрек-қан тамырлары жүйе­сінің ауруларынан болатын өлімді интервенциялық кардио­хирургиялық әдістер тек 7 пайыз кемітсе, ал дұрыс тамақтану тәсіл­дерін қолдану 24 пайыз азайтады. Оған жалпы холестеринді, май қышқылдарының транси­зомер­лерін, қаныққан май қышқылдарын тұтынуды азайту арқылы қол жеткізіледі. Ал осы орайда, темекі шегуден бас тарту өлім-жітімді тек – 12, дене белсенділігін арттыру 5 пайыз ғана азайтады екен. Жалпы, ДДҰ мәліметтері бойынша, әлем халықтарының өлім-жітімінің 60 пайыздан астамы дұрыс тамақтанбаумен тікелей байланысты. Сондықтан бірде-бір мемлекет халықтың сапалы тамақ өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырмай, қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етпей тұрып, елдің экономикалық, саяси немесе ұлттық қауіпсіздігі туралы айтуы оңайға соқпайды. – Қауіпсіз азық-түлікті айтқанда, халықтың аса көп мөлшерде қолданатын тағамдарысүт пен ет. Қазақстанда қазіргі таңдағы сүт өнімдерінің 40 пайызға жуығы сырттан жеткізіледі. Олардың дені стерильденген өнімдер. Халық бағасы төмен болғандықтан, отандық өнімдерімізден гөрі, соларды көбірек тұтынады. Маман ретінде пастерленген сүт пен стерильденген сүттің ара-жігін айырып, артықшылығы мен кемшілігін айтып берсеңіз. – Жалпы адамзат үшін жоғары технологияның адам өміріне әкелетін пайдасы мен зиянының ара қатынасы – көптен ойлантып жүрген жайт. Себебі, сүтті аса күшті стерилизациялау барысында зиянды бактериялармен қатар пайдалы микрофлорасы да, бүкіл дәрумендері де жойылып кетеді. Оның ағзаға сіңімділігі нашар. Ферменттер 85-95°С-қа дейін қыздырудың өзінде бұзылысқа ұшырайды. Сондай-ақ, сүтті қоюландыру және құрғату арқылы қайта өңдеу кезінде барлық дәрумендердің мөлшері 10-35 пайызға дейін азаяды. Осылайша, жоғары температураның әсері сүттегі ақуыздар құрылымының, май домалақтары қабықшаларының бұзылысына, басқа да қайтымсыз өзгерістерге апарады, олардың нәтижесінде тағамдық және биологиялық құндылығы нашарлайды, сондай-ақ, сүт консервілерінің сақтауға тұрақтылығы төмендейді. Ал ұзақ сақтау үшін өндірісте түрлі ынталандырғыштарды, гормондарды қолдану, трансмайлардың болуы тағамның ақуыздық табиғатын бұзылысқа ұшыратады, адам организміндегі алмасу үрдісін қиындыққа душар етеді. Әсіресе, майы өте улы затқа айналады. Яғни, ақуыздың табиғи қасиетінің бәрі жоғалып, басқа түрі пайда болады. Стерильденген соң қажеттісін де, қажетсізін де жойып жібереді. Дәмі жақсы, оралған қораптары тартымды. Осыдан барып, қазіргі таңда қатерлі ісікке шалдыққан адамдар санының молаюы, семіздіктің жаппай қатерге айналуы, қант диабетінің ушығуы, ана сүті арқылы берілетін организмнің туа бітетін аллергиялық серпіні заманауи өмірдің қалыпты құбылысына айналған қайғылы көріністердің шығуына себеп болады. Рас, шетелден әкелінетін өнімнің қазір бағасы төмен болғандықтан, көпшілік соларды таңдайды. Ал болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін қамқорлық жасауда отандық өндірушілердің өнімдерін тұтыну қолайлы және қауіпсіз екендігін айтуға міндеттіміз. Себебі, біздің елде шығарылатын өнімдер, мысалы, пастерленген сүт аз уақыт – көп болса үш-төрт күн сақталады, бірақ пайдалы. Ал стерильденген сүт алты айдан бір жылға дейін сақтала береді. Ол ыңғайлы. Бірақ қасиеттері бір-біріне қарама-қайшы. Демек, пастерленген сүтте пайдалы табиғи қасиеттер көбірек сақталады және жергілікті жағдайда өсірілген отандық өнімге тұрғындардың организміндегі зат алмасу үрдісі көбірек бейімделген. Бастысы, жергілікті өнім қатаң санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан өтеді. Шетелдік өнімнің сақталу мерзімінің ұзақтығы да, көбінесе, жағымды жайт емес. Ол үшін түрлі белгісіз тектес сақтауыштар қолданылады. Өсімдік тағамдарын, оның ішінде ет өнімдерін жедел өсіру үшін пайдаланатын антибиотиктер мен гормондардың адам ағзасына келтіретін зияны орасан, әсіресе, қауіпті ісікке апаратындығы анықталған. Демек, сүттің қасиеттерін сақтайтыны – пастерленген сүт. Ал пастерленген сүт 100 пайыз отандық өнім. Тіпті, жақын тұрған Орынбор, Омбының өзінен Астанаға төрт күннің ішінде пастерленген сүт алып келе алмайды. Алып келуге олардың тәуекелдері де жетпейді. Өйткені, пастерленген сүт төрт күннен кейін бұзылып, жарамайды. Сондықтан Қазақстан аумағында өндірілетін, осы жердің құнарынан жасалған азық-түліктің артықшылығын айтып, халыққа қатар тұрған екі өнімнің ішінен саналы түрде адам ағзасына пайдалысын алу керектігін түсіндіруіміз керек. Қалай десек те, ұлттың денсаулығы – ұлттың қауіпсіз өз дастарханында. «Арзанның жілігі татымас» деген, біздерді пастерленген пайдалы сүт ішуге шақырасыз ғой. Енді ет мәселесіне келейік, қазақ халқының етке көбірек көңіл аударатындығы белгілі ғой. Қазақстан шетелдерден мұздатылған ет өнімдерін де жеткілікті алады емес пе... –Рас, дүкен сөресіндегі басқа елдерден әкелінетін мұздатылған ет өнімдерінің молдығы белгілі. Мұздатылған етке қарағанда өзімізде шығарылатын салқындатылған еттің немесе осындай еттен жасалатын ет өнімдерінің табиғи қасиеттерінің артықшылығы бар екені түсінікті. Оның үстіне, әр адамның өмірі өзі туып-өскен жерімен, соған бейімделгеннен ағзасы арқылы елмен, ішер асымен тығыз байланыста болады. Қазақ жердің отына байланысты деп айтып жатады емес пе. Мысалы, қымыздың дәмі әр жерде, әр аймақта әр түрлі. Орталық Қазақстан мен Алматының таулы аймағының қымызының дәмі бөлек. Ал басқа мемлекетте өсетін мал, құс еттері, сүті тіптен өзгеше. Батыста бір елдер бар, ондағы қойлардың еті сасық, оны жеуге келмейді. Рас, қойдың аты – қой, бірақ қадір-қасиеті бөлек. Бұл өзі дәлелденген жайт. Бұдан шығатын қорытынды, малдың жердің құнарлылығына, жұғымдылығына байланысты дәмі де, қасиеті де әртүрлі болады. Ғасырлар бойы генетикалық дүние де соған байланысты қалыптасады. Тіпті ауру түрлерінің өзінде де өзгерістер болады. Мысалы, Америкаға көшкен жапондықтардың жүрек-қан тамырлары аурулары ішкен тамақтарына байланысты бөлек көрініс береді. Сол жағынан қарағанда да ерекше күрделі дүние. Демек, жоғарыда айтылған алыстан келетін соншама уақыт мұздатылған ет өзінің көптеген қасиеттерін жоғалтып, өзгерістерге ұшырайды. Ондай етті пайдаланудың денсаулыққа зияны жоқ емес. Ал салқындатылған ет 3-4 күннен аспайды, бірақ адам ағзасына пайдалы. Тағы бір айта кететін жайт, оларда малдың тез өсіп-жетіліп, салмақ қосуы үшін антибиотиктер, гормондар пайдаланылады. Ал ол ешқайда кетпейді, сол өнімде қалады. Ол да біздің ағзамызға үлкен зиян келтіреді. Бүгінде «дағдарыс» атты дүлей жау да жағадан алып, оңды-солымызды тануға кедергі келтіретіндей. Кеден одағы, Еуроодақ секілді басқа да ынтымақтастық ұйымдары елдерінің шекарасынан еркін өтетін тауарлардың саны көп, ал сапасы сын көтере бермейді. Осыған орай дүкен сөрелерінде толып тұрған тағам өнімдерінің химиялық құрамы жайлы хабардарлығымыз деңгейінің төмендігін, олардың адам ағзасына қаншалықты қауіпті екендігі жайлы беймәлім екендігімізді мойындағанымыз жөн. Осы ретте, ғылымдағы ең бір айтулы жетістік деп айтар едім, тамақ өнімдерінде болатын май қышқылының зияны дәлелденіп отыр. Әсіресе, соңғы кезде ерекше мән берілетін, денсаулық үшін ең басты қауіпті құрайтын тағам өнімдерінде болатын – май қышқылдарының трансизомерлері (МҚТ). Қазіргі дүниежүзінде жұрт осыған көз тігіп отыр. Ол тамақты қайнатқанда, суперстерилазация кезінде, әсіресе, қуырғанда жалғыз белок қана емес, май құрамы өте үлкен өзгеріске түседі. Өзгеріс деген сөз, қарапайым тілмен айтсақ, майдың құрылысы өзгеріп, уға айналады. Ал біз оны байқамаймыз. Кейде оның мөлшері 40 пайызға дейін барады. Ғылыми түрде айтсақ, трансмайлар – сұйық майларды түрлі өндірістік өңдеуде пайда болатын май қышқылдарының түрлері. Ал жалпыға түсінікті түрде, оларды «үнсіз немесе жасырын жау» деп атауға болады. Себебі, ол – тағам өнімінің жапсырмасында келтірілмейтін, яғни көзге көрінбейтін, май қышқылдарының өзгертілген түрі. Түрлі тағам өнімдерінде қолданылатын маргарин тектес арзан бағалы майлар – осы трансмайлардың мол көзі. Сондай-ақ, «қуыру» секілді көпшіліктің ұнататын, бірақ аса қауіпті тағам дайындау тәсілі де осы трансмайларды туындатуға ықпал етеді. Ал маргариннің немесе май тәрізді жеңілдетілген «спредтердің» қазіргі уақытта қаншама тағам өнімдерін жасауда қолданылатындығы немесе күнделікті дастарқанымызда тұратыны белгілі. Осылайша алынған майлар әрі қарай маргариндердің, аспаздық, наубайханалық және басқа майлардың өндірісінде қолданылады. Соңғы уақытта сол дәлелдеп айтылып, дабыл қағыла бастады. Жалпы, майлы тағамның адам ағзасына зиянды деп жататынын білеміз, бірақ оның қаншалықты екенінен хабарсызбыз. Оның үстіне, қазақ майлы тағам жегенді жек көрмейді. Осы мәселені таратып айтып берсеңіз... – Осы ретте ДДҰ – барлық ұйымдар мен мекемелердің жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітім мен аурушаңдықты азайтуда, әсіресе, құрамында қаныққан майлардың, оның ішінде трансмайлы қышқылдардың, қант пен тұздың мөлшері жоғары болатын тағам өнімдерінің таратылуына қатысты күш салуды қолдайды. Табиғи жағдайда МҚТ 8 пайызға дейін күйіс қайыратын малдың қарнында түзіледі және мал майының құрамына түседі, оның ішінде, сары майдың да. Осы орайда, бүкіл сүт тағамдарының ішінде тек бие сүтінде ғана май қышқылдарының трансизомерлері болмайтындығын, яғни бие сүтінің табиғатының айрықша таза қалыпта екендігін ерекше атап өту қажет. Себебі, оған стерилизация секілді өңдеу тәсілдері қолданылмайды. Яғни, бие сүті қайнатылмайды. Бұл – бие сүтінің аса маңызды, ерекше қасиеті. Жалпы, трансмай қышқылдары жүрек-қан тамырлары, онкологиялық ауруларға шалдығу қаупін арттырып, диабетті, инсулинге төзімсіздікті ушықтыратындығы, дислипидемияға және семіздікке апаратындығы анықталған. Біз соңғы уақытқа дейін тек қаныққан май қышқылдарының зиянды жағын айттық, зерттеулер осының төңірегінде ғана жүрді. Шын мәнісінде, май қышқылдарының трансизомерлерін тұтынудың жүрек-қан тамырлары ауруларына теріс әсері қаныққан май қышқылдарын тұтынуға қарағанда айтарлықтай жоғары келеді. Мысалы, май қышқылдарының трансизомерлерін қаныққан май қышқылдарына алмастыру жүректің ишемиялық ауруын 20 пайыз азайтатындығы анықталған. Сонымен қатар, МҚТ агрессиялық мінез-құлықты тежеуге ықпал ететін «Омега-3» май қышқылдарының әсерін азайтады, күйгелектік пен агрессияны күшейтеді, тұтынатын колорияны арттырмай-ақ, салмақ қосуға және іш аумағындағы майдың мөлшерін ұлғайтуға ықпал етеді. МҚТ атеросклероздың, стенокардияның, аритмияның, жүрек жеткіліксіздігінің және ең бастысы, миокард ифарктінің даму қаупін арттырады. Сондай-ақ, МҚТ бөгде заттектер болуына байланысты адам организмінде нашар сіңіріледі, организмде жинақтала келіп, әйелдерде сүт бездері арқылы, ерлерде ішкі секреция бездері арқылы шығарылады. Соңғы дәлелденген ғылыми деректер бойынша бұл әйелдерде емшектің қатерлі ісігіне, ерлерде – қуықасты безінің қатерлі ісігіне апарады. Бала туатын жастағы 18 мыңнан астам әйел қатысқан зерттеуде МҚТ овуляциялық бедеуліктің пайда болу қаупін – 73 пайыз, екінші типті диабетті – 1,4 есе, Альцгеймер ауруын – 3 есе, семіздікті (әсіресе, балалардағы) және өт-тас ауруын да 2 есе арттыратындығы анықталған. Құрамында май қышқылдарының трансизомерлері бар өнімдерді жүкті әйелдердің тұтынуы салдарынан дүниеге әкелген сәбилерінде патологиялық салмақ болуына апаратындығы анықталған. Ал емізетін әйелдерде – МҚТ ана сүтіндегі мөлшерінің көбеюіне апарғанда, бұл емшектегі сәбилердің иммунитетінің төмендеуіне және аллергиялық серпіннің артуына ықпал етеді. Май қышқылдарының трансизомерлерін (МҚТ) тұтыну инфекциялық аурулардың пайда болу қаупін арттырады, қарт адамдарда көру қабілеті нашарлауына ықпал етеді, адам организміне түсетін бөгде заттектер мен канцерогендерді зиянсыздандыруда шешуші рөл атқаратын бірқатар ферменттердің қызметін бұзады, простагландиндердің қалыпты түзілісін бұзылысқа ұшыратады. Батыс Еуропа елдерінде тағам өнімдерінен май қышқылдарының трансизомерлерін (МҚТ) жоюдың қажеттілігіне көптен көз жеткізілген. Сондықтан көп мемлекеттер осыған байланысты заң қабылдаған. Дания заңнамасына сай, тұтынушыларға таратылатын барлық тағам өнімдерінде 100 г майда 2 пайыздан аспайтын ғана трансмай қышқылдары болғандықтан, ауру саны 40 пайызға төмендеген. Ал Ұлыбританияда трансизомерлердің ұсынылатын шегі күнделікті энерго-шығындардың 2 пайызын құрайды. Канада мен АҚШ – өнімдерінің қаптамаларында трансизомерлердің деңгейі міндетті түрде көрсетілетін әлемдегі алғашқы елдер, олардың белгілеген нормасы 2-5 пайыз. Осыған байланысты ДДҰ бүгінгі таңдағы барлық жинақталған фактілердің негізінде май қышқылдарының трансизомерлерінің кез келген мөлшерін тұтыну денсаулық үшін қауіпті екендігі туралы жария етіп, осыған байланысты МҚТ-ның тұтыну деңгейін тәуліктік калориялықтың 1 пайызына дейін азайтуды ұсынып отыр. Ал бүгінгі таңда ТМД елдері үшін майларды гидрлеу үрдісі – оларды түрлендірудің негізгі тәсілі, осыған сай МҚТ мөлшері кейбір май өнімдерінде 40 пайызға жетеді. Ал бізде Кеден одағы елдерінде сүт майының, жұмсақ және сұйық маргариндердің алмастырғыштары үшін трансизомерлердің рұқсат етілген деңгейі өнімдегі майдың 8 пайызын құрайды. Тек 2018 жылдан бастап трансмайлардың рұқсат етілген деңгейі өнімдегі майдың 2 пайызын ғана құрайтын болады. ФАО/ДДҰ қатты май өнімдерін өндіруде гидрленген майларды алғашқы алмастыруда тропикалық майлар мен олардың бөліктерін қолдануды ұсынды, мұндай алмастыру үшін негізгі май ретінде пальма майы ұсынылды. Одан әрі қарай құрамында МҚТ болмайтын гидрленген майларды КҚМҚ-ге (көп қанықпаған май қышқылдары) бай өнімдерге алмастыру ұсынылды. Төрегелді аға, сонда бізге майлы, қуырылған тамақтарды жеме деп отырсыз ғой. Бұл тығырықтан шығатын жол бар ма? Біз енді не істеуіміз керек? – Қазір дүниежүзінің ғалымдары МҚТ-ны алмастыратын қоспалар іздеп, пальманың майын қолданса, сол пайдалы деген шешімге келді. Бірақ, пальма майының дәмі нашарлау. Осы жайға қарап, адамзат баласы МҚТ-дан құтыла алмайды деп ойлауға болады. Мәселен, сиыр сүтінің өзі табиғи МҚТ-дан жасалған. Біз пальма майын алыс шетелдерден әкелетін болсақ, ол қымбатқа түседі, әрі өте күрделі. Ал бізде МҚТ алмастырудың аса оңтайлы көзі бар. Ол біздің ұлттық ең құдіретті тағамымыз – жылқының еті мен сүті. Ендеше, табиғи майларды талдай келе, жоғарыда келтірілген нормаларға аса жоғары дәрежеде сай келетін жалғыз май өнімі – Қазақстан халқының тамақтануында дәстүрлі қолданылатын жылқы майы екендігі туралы қорытындыға келдік. Жылқы майы – майқышқылдық құрамы бойынша үйлескен, көп қанықпаған май қышқылдары бойынша оңтайлы қатынаста, құрамында май қышқылдарының трансизомерлері жоқ. Жылқы майының ерекшелігіне сай жаппай тұтынуға және емдік-профилактикалық бағыттағы жаңа өнімдерді, кондитерлік, нан-тоқаш, сүт, астық, ет-өсімдік және тағамдық концентраттық негіздегі, құрамында май қышқылдарының трансизомерлері жоқ болашақтағы өнімдерді әзірлеуге зор мүмкіндік ашады. Жақсы сапасы мен дәм-иістік қасиеттерін қамтамасыз етуде табиғи хош иістендіргіштерді, шөп сығындыларын қосуға болады. Балаларға арналған, ем-дәмдік, емдік-профилактикалық және жаппай тұтынуға арналған жылқы майы, еті мен бие сүті негізіндегі, құрамында МҚТ, қаныққан майлар жоқ, холестерин болмайтын жаңа өнімдер ұлттық және этностық дәстүрді жаңғыртумен қатар, халықты сауықтыруға күш салысады, сондай-ақ, жас сәбилердің, жүкті және емізетін әйелдердің, егде және қарт адамдардың арасындағы аурушаңдық пен өлім-жітімді азайтуға, тағамдық қауіпсіздік мәселелерін шешуге ықпал етеді. Жылқы шаруашылығының негізінде ем-дәмдік, емдік-профилактикалық өнімдерді әзірлеу 2010 жылдың 21 мамырындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ассамблеясының рациондағы қаныққан майларды, холестеринді, тұзды, қантты азайтуға қатысты шаралары туралы шешімдеріне сәйкес келеді. Сондай-ақ, аталған ұлттық өнімдер, әсіресе, бие сүті – түрлі тағамдық құрамбөліктермен байыту арқылы, майлық фазасын өзгерту арқылы функциялық өнімдерге айналдыру үшін ыңғайлы нысан. Аталған өнімдердің құрамына кіретін функциялық құрамбөліктер олардың профилактикалық қасиеттерін арттырады, антиоксиданттық, иммунитетті реттейтін және радиопротекторлық сипаттамаларын күшейтеді, бұл жұқпалы емес аурулардың кең ауқымының алдын алуда аса маңызды. Жылқы майы және бие сүті негізіндегі жоғары дәмдік қасиеттері бар және құрамын өзгерту мүмкіндігі бар, төмен калориялық майлы эмульсиялық өнімдерді саламатты тамақтану туралы заманауи түсініктерге сәйкес жасау – аса тың тәсіл. Көрсетілген технологияларды өндіріске енгізу отандық нарықты әлемдік нарықта кездеспейтін, бәсекеге сай ұлттық функциялық тағам өнімдерімен қанықтыруға мүмкіндік береді. Халықтың тамақтану құрылымын жақсарту үшін, жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімді және аурушаңдықты азайту үшін жаппай тұтынуға арналған, жылқы майы, еті мен бие сүті негізіндегі, құрамында май қышқылдарының изомерлері, қаныққан майлар, холестерин болмайтын жаңа өнімдер жасаумен қатар, май қышқылдарының транс-изомерлерінің мөлшеріне мемлекеттік бақылауды күшейту қажет, отандық өндірушілерге май қышқылдарының трансизомерлерінің мөлшері жоғары болатын өнімдердің импортын азайту, шығарылуын бақылауға алу үшін Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет. ДДҰ тағам өнімдері саласындағы Еуропа комитетінің 2015-20 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарының мақсаты: - біріншіден, саламатты тағам өнімдері мен сусындарды тұтынуға оңтайлы орта құру; - екіншіден, өмірдің барлық кезеңдерінде үйлесімді тамақтану рационына септестік ету, әсіресе, халықтың аса әлжуаз топтары үшін; - үшіншіден, саламатты тамақтану рационын қалыптастыру үшін денсаулық сақтау саласын нығайту; - төртіншіден, эпидемиологиялық қадағалауды, мониторинг пен бағалауды, ғылыми зерттеулерді күшейту. Сонымен бірге, жоғарыда айтылған бие сүтінің тамаша қасиеттеріне сай күнделікті қолданысқа енгізуге байланысты, біздің Қазақ тағамтану академиямыз Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясымен бірлескен ғылыми-қолданбалы зерттеулер жобасын орындау үстінде. Жобаның шеңберінде Қарағанды мен Ақмола облыстарының ортасында биенің құрғақ сүтін және балаларға арналған, емдік-диеталық тағам өнімдерін өндіретін зауыт салынуда. Жоба аясында бүгінгі таңда жоғарыда аталған қасиеттері бар өнімдердің 20-дан астам түрінің зертханалық үлгілерін өндірістік шығару қолға алынған. Осы өнімдердің Ұлттық тағам бренді ретінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде көрсетеміз деп отырмыз.  – Тұщымды да пайдалы әңгімеңіз үшін көп рахмет.  

 Есіңіздпродуктые ұстаңыз

* Тек пастерленген сүт қана пайдалы. Ол алыстан әкелінбейді, жергілікті жерде өндіріледі. lСтерильді және ультрапастерлі сүтте витаминдер мен минералдар болмайды. Оларда пайдалы лактобактериялар жойылып кетеді. * Пайдалы қышқыл сүт өнімдері деп тек қана тірі ашытқылар мен ұйытқыларды қолдана отырып әзірленген өнімдерді айтамыз. * Йогурттар мен басқа да қышқыл сүт өнімдері бір айдан артық сақталынбайды. * Сары май тек қана сүт майларынан құралады және оған өсімдік майларын қолдануға жол берілмейді. * Қысқа мерзімге сақталынатын шұжық бұйымдары ғана таза да сапалы еттерден әзірленеді. *Салқындатылған ет мұздатылған еттен әлдеқайда пайдалы. *Жергілікті ет өнімі негізінен салқындатылған күйде болады. * Жасанды тағам қоспалары адам денсаулығына зиян кел­тіреді. *lҚысқа мерзімге ғана сақталынатын және жергілікті шикізаттардан жасалынған тауарларды ғана сатып алуға тырысыңыз. *Отандық тағам өнімдерінің өндірісі тұрақты түрде бақылауда ұсталады.  Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар