Сурет: ru.freepik.com
Осылайша, Аустралия парламенті 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеулер енгізетін заң жобасын қабылдап, мұндай тәуекелге әрі батыл қадамға барған әлемдегі алғашқы ел атанды. Бастамашылардың көздегені – балаларды әлеуметтік желілерден келетін зардаптан қорғау. Бұл бір жағынан енді Аустралиядағы әлеуметтік желіні реттейтін әлемдегі ең қатал заң болмақ.
«Біз мұны барлық ата-ананың қамын ойлап қолға алдық. Олар да дәл мен сияқты балаларымыздың интернеттегі қауіпсіздігіне қатты алаңдайды. Мен елдегі отбасылар үкіметтің оларға барынша қамқорлық танытып отырғанын білсе екен деймін», деді ел премьер-министрі Энтони Албанез.
Құжат алдымен Парламенттің төменгі палатасы – Өкілдер палатасының қарауына түсіп, ондағы 115 депутаттың 102-сі қолдап, 13-і қарсы болған. Артынша бір күннен кейін Сенаттың сүзгісінен өтіп, бұл жолғы дауыс беруде жоғарғы палата депутаттарының пікірі екіге жарылды: жасөспірімдердің желіге тіркелуіне салынған тыйымды 34-і жақтаса, 19-ы қарсы болды.
Қалай десек те, заңды Сенат мақұлдағанымен, кей тұсын қайта түзету үшін Өкілдер палатасына кері қайтарды. Көптеген талабы әлі талқыланып жатыр, бірақ бір анығы – бұл тыйым осы кезге дейін әлеуметтік желіден аккаунт ашып үлгерген жасөспірімдерге қатысы жоқ. Ал 16 жасқа дейінгі балалардың жаңадан тіркелуіне қатысты тыйым бәріне ортақ. Тіпті ата-анасы рұқсат берген жағдайда да.
Дегенмен пайдаланушыларға жаңа заңды бұзғаны үшін айыппұл қарастырылмаған. Әлеуметтік желілер бұл норманың сақталуын қадағалап, балалардың қолжетімділігін өз бетінше шектеуі керек. Талаптарды бұзғаны үшін цифрлық платформаларға 30,4 млн еуродан аса айыппұл салынады. Яғни жасөспірімнің желіге тіркелуіне жол бергені үшін цифрлық платформа басшылығы жазаға тартылады.
Бір қызығы, әлеуметтік желілердің пайдаланушылардан жеке басын куәландыратын құжаттарды, соның ішінде төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін талап етуге тыйым салынады. Сондай-ақ платформалар мемлекеттік жүйе арқылы цифрлық сәйкестендіруді талап ете алмайды. Желіге тіркелушінің жасы британдық компаниялардың бірімен келісімшарт арқылы жүзеге асырылған технологияның көмегімен анықталады.
Аустралиялық заң шығару жүйесі бойынша бұл заң қабылданған күннен бастап, 12 айдан кейін күшіне енеді немесе қайта қаралуға тиіс. «Euronews» осы заң туралы мақаласында көптеген сарапшының әлеуметтік желілер кішкентай балалардың психикалық денсаулығына қауіп төндіретінімен келіскенімен, оған толыққанды тыйым салу анау айтқандай тиімді бола қоятынымен келіспей отырғанын атап өтті. Олар тыйым салудан гөрі әркім өз баласын интернеттің қаупінен сақтануға үйреткені жөн дейді.
Қарсы тарап бұл тыйым балаларды әлемнен оқшаулайды, оларды әлеуметтік желілердің пайдалы жақтарынан ажыратады, балаларды желідегі қараңғылыққа жетелейді деген уәждерін әлі де алға тартып отыр. Десе де тәуелсіз заң шығарушы Зои Дэниел заңның әлеуметтік желінің жағымсыз жақтарына еш әсер етпейтінін айтты.
«Бұл заңның нақты мақсаты – әлеуметтік желілерді қауіпсіз ету емес, үкімет бұл бағытта құр қарап отырмай, бір нәрсе жасап жатқанын ата-аналар мен сайлаушыларға сезіндіру. Үкіметтің бұл заңнаманы әлемдегі алдыңғы қатарлы заң ретінде жар салуының да өзіндік себебі бар. Өйткені мұндай тыйымды бізден басқа ешбір ел қалап отырған жоқ», дейді Дэниел.
Әлеуметтік платформалар да үнсіз қалмады. Олар ең құрығанда қолданушылардың жасы нақты қалай анықталатыны белгілі болғанша заң жобасына дауыс беруді кейінге қалдыра тұруды сұрап отыр.
Әлеуметтік желімен «алысуды» Қазақстан да қолға ала бастады. Анығын айтқанда, әлеуметтік желі біздің елде де бетімен кетті. Еліміздегі адам санынан желіге тіркелген аккаунт көп. Мәселе – желі контенттерінің ұрпақ санасын улап, тәрбиесіздікке, қатыгездікке бастап бара жатқанында. Бұл жөнінде Парламент те бірнеше мәрте дабыл қағып, депутаттар құзырлы органдарға сауал жолдады. Өткен айда Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда балалардың суицид жасауына осы әлеуметтік желінің экспансиясы бірден-бір түрткі болып отырғанын жеткізді.
«Кейінгі уақытта елімізде орын алған балалар суициді бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, ата-аналар мен педагогтер арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Бұл қайғылы жайттарды, әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің баланың психологиялық денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін ескерсек, мәселені шешу кезек күттірмейді. Парламент бүгінгі таңда заңнамалық шараларды қатайтып келеді. Мысалы, суицид туралы Қылмыстық кодексте арнайы жаңа құрамда 2 бап қабылданды, сонымен қатар суицидті насихаттауды болдырмауға «Масс-медиа туралы» заңда нақты реттеу тетігі енгізілді, бұған қоса психологиялық қызметті жетілдіруге байланысты нормалар қабылданды. Соған қарамастан аталған нормаларды орындау деңгейі әлі де әлсіз», деді депутат.
Сондай-ақ депутат Бас прокурор Берік Асыловтың суицидке апаратын 15 мың сайт және сілтемелердің көзі жойылғанын мәлімдегенін атап өтіп, осыған байланысты әлі де болса ведомствоаралық жауапкершілікті күшейту қажет екенін ескертті.
Бұл сауалға жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов заңнама талаптарының сақталуы тұрғысынан БАҚ пен интернет-ресурстарды бақылау және мониторинг жасау тұрақты негізде жүзеге асырылып отырғанын жеткізіпті.
«Осы жылдың басынан бері интернет-кеңістікте порнографиялық материалдарды, есірткі құралдарын таратуға, суицидтерді насихаттауға, т.б. 10 мыңға жуық бұзушылық анықталды», дейді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Олжас Абайұлы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында цифрлық сауат, оның ішінде цифрлық гигиена дағдыларын дамыту және жасанды интеллектіні қолдану үшін барлық негізгі пән бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіліп жатқанын қоса кетіпті. Үкімет басшысы жалпы қабылданған шаралар балаларды заңсыз материалдардан қорғау деңгейін арттыруға және цифрлық ортадағы қауіптердің алдын алуға ықпал ететінін, ал аталған бағытта жұмыс жалғасып жатқанын және Үкіметтің тұрақты бақылауына алынғанын жеткізіпті.