23 Маусым, 2010

МӘРТЕБЕ

813 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Бір замандары қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов: “Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек” деген екен. Тәубе дейік, сол азаттығымызды алдық, білімді да­мы­ту жолындамыз. Әлемде мемлекет құру­дың әр алуан үлгілері бар. Біз де егемен­дігімізді алғаннан кейін ел мен жердің тағдырын, ұлт пен ұлыстың бірлігін баян­ды ету жолында өз жол, өз бағы­тымызды айқындадық. Бұл істе: “Нені де болса, елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңе­мін”, деп белін бекем буып, парасат пайы­мына жүгінген Отанымыздың Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың көсемдігі мен көрегендігі ерекше болды. Мен ел және Елбасы туралы өз бай­лам­дарымды басқаша айтсам деймін. Оны негізінен болған, көрген, куә бол­ған жайларға құрсам деген ниеттемін. Біздің халық бодандықтың құрсауын да, қызыл империяның жымысқы саясатын да көрді. Небір күрделі де, жауапты кезең­дерде өмір сүрді. Ондай кезең әр ұрпақ­тың маңдайына жазыла бермейді. Бұл өте сирек болады. Зерделі жан болмаса, өмірдің жылымдай жылыстап өтіп жат­қанын кез келген адам көп жағдайда біле бермейді. Осыны терең ойлап қарасаң, бір сағаттан кейін бір сағат, бір күннен кейін бір күн, бір айдан кейін бір ай, бір жылдан кейін бір жыл, бір ғасырдан кейін бір ғасыр, бір мыңжылдықтан кейін бір мыңжылдық өте келіп – бұл заманды құраса, ал екі мыңжылдық – бұл дәуірдің желісін тартады. Бұл дегені­ңіз, жеті буын – өмір өткелі болып есеп­теледі. Кейде мұны да аңғара бермейміз. Қазіргі ұрпақ осы жеті буын уақытты бастан өткеріп отыр. Бұл өте сирек бо­латын жағдай. Екі мың жылда бір рет дәуір алмасқанда куә болатын құбылыс. Міне, осы ғасыр басында ескі дәуір кетіп, жаңа дәуір келді. Менің пайым­дауымша, бұл екі мың жылға жалғасуы тиіс. Атам қазақта бір қанатты сөз бар: ол елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан делінеді. Бұл жүз жылдағы өзгеріс десек, мың жылдағы өзгеріс бұдан ауқымды болатыны белгілі. Дәуір ауысқандағы кейбір құбылыстардың сыры мен сипа­тын ғалымдардың өзі тап басып айта алмай жүр. Ондай құбылыс әр адамның өмірінде де болып жатады. Бұл жөнінде Жаратушы Иеміз жеке адамдарға қасиет беріп, пендесіне сол арқылы алдын ала жеткізіп отырған. Соның бірі атақты Нос­традамус еді. Оның айтқандары тура­лы әралуан пікірлер бар. Мені тәнті еткен бір ғана нәрсені айтар болсам, ол Нострадамус кешегі келмеске кеткен қызыл империя 73 жыл 7 ай ғана “өмір сүретінін” айтқан. Оның бұл байламын мен облыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы болып жүргенде оқып сене алмадым. Ондай болу қайда дедім. Ал шындыққа айналғанда Жаратушы Иенің құдіретіне тәнті болдым. Оның бұдан өзге де көріпкелдігін бұл арада тізбелей берсем, сөз ұзарып кетері анық. Ондай болжаулар айтатын әулиелер мен көріп­келдер қазақта да аз болмаған. Жоғарыдағы құбылыстарға біз өзіміз де куә болып келе жатырмыз. Оған қы­зыл империяның құлауы дәлел. КСРО сырттан ешқандай қысымсыз іштей ыдырады. Кім біледі, болған да шығар. Бірақ өлшеулі уақыт біткенде бір кездегі бүтін мемлекет деп жүрген елден – 15 мемлекет өз тәуелсіздігін алды. Біздің де бақытты шағымыз, бақытты күніміз туды. Қазақтың басына бақ қонды. Әлем­дегі мықты елдердің қатарынан орын алып, олармен тереземіз тең болып, иықтасып тұрып сұхбаттасуға қол жеткіздік. Бұл оқиға ата-баба арманының жүзеге асқаны, ұрпақтың мерейінің өскені еді. Менде ілгеріден жеткен екі хабар бар. Соның бірінде Асан абыздың Құдыс Күнбиге айтқан түс жоруындағы үзіндіде: “Михұл гүлі шешек атқанда сақ үрім-бұтағына бақ қайта қонады, сонда сақ рухы ұлы сақ даласының жеті аспа­нын жайлайсыңдар, ұлы далаға бақыт нұры ойнап, үрім-бұтағың жайнап, еш­кімге әл бермей кете бересіңдер”, – десе, екін­шісінде: “Уа Құдыс, Қисмет, әрі Қисмет те емес, шын әрі шын да емес, жалған әрі жалған да емес кешкен бейнеттеріңді, көтерген жүктеріңді, дүниені дүрілдет­кен­деріңді, Михұл гүлі шешек атқан сен­дердің замандарыңды үрім-бұтақтарың не білер, не білмес. Бейнетқор пенде қарлығаш пен самұрық үніне елітіп, бақи қаламға жол берер, сандықтағы, тау-тастағы мақау жазбалар мен хаттар сол адамға ұшып келіп тіл ашар, бақтарың жанып үрім-бұтағың ту етіп көтерер”, – дейді. Осы сөздерден білген адамға, түсінген адамға осы заманның бейнесі көрініп тұр емес пе!? Қызыл империя 70 жылдан аса уақыт ішінде көп ауыртпалық әкелді. Аштыққа ұрындырды, қуғын-сүргін жасады. Қан да төгілді. Қанша жерден төзімдіміз дегенмен, сұрқия саясаттың сұмдығына шыдамаған ұлтымыздың ұланы бұрқ етіп, көтеріліске шықты. Ол – 1986 жыл­дың желтоқсан айы еді. Сол кезде қан да төгілді. Өлшеусіз көздің жасы да ақты. Мен мұны біреуді кінәлау, не өкпе айту үшін еске алып отырған жоқпын. Ұрпақтың назарына салайын, сабақ алсын деген ниет еді. Тағы бір нәрсе, 18 миллионнан астам мүшесі бар партияның ыдырау кезеңі­нен де сабақ алар тұс бар секілді. Сол КОКП-ның ХХVІІІ съезінде бір адам сөйлеп, бәрінің ойы бір жерден шығып келе жатқан миллиондаған коммунис­тер­­дің атынан сайланған делегаттардың әрқайсысы әртүрлі сөз айтып жатқанда таңқалдым. Бір күнде адамдар бірін-бірі түсінуден қалды. Әрқайсысы әртүрлі пікір айтады. Қыза-қыза келіп КОКП-ның  екінші хатшысына кімді сайлаймыз деген әңгіме көтерілді де Нұрсұлтан Назар­баевтың аты атала бастады. Мен бұған қуана қоймадым. Себебі, заман ағымы күрделеніп бара жатқанын көз көріп отырды. Қайта-қайта Нұрсұлтан Әбішұлына қарай бердім. Бір сәтте маған көзі түсіп, не істейміз дегендей белгі берді. Мен қолым арқылы оған есік жабық деген ишара жа­садым. Үзі­лісте аттай атылып қасына жеттім. Ол кісі­нің есінде қалды ма, қалмады ма, біл­меймін, бірақ мен сонда: “Келісім бермеңіз, мына дүр­лігудің аяғы елді ыдыратады, Нұреке! Сіз елге керексіз! Сізге ол орынға баруға бол­майды, еліміз ертең елдігіне ие болады. Ерекше мемлекет құрамыз”, деген сөздерді батыл айттым. Ол кісінің өз ойы да солай екен, бас тартпақ екен. Менен басқа азаматтар да сондай пікір­лерін дәйектеген болу керек. Ол кісі КСРО бойынша екінші адам деп санала­тын лауазымды қызметтен бас тартты. Ол қызметке Украинаның партия ұйымының хатшысы сайланды. Ол азамат қазір қайда екенін ешкім де білмейді. Аты-жөні ұмытылған. Мен Нұрсұлтан Назарбаевты еліміз­дің орталық партия комитетіне хатшы бо­­лып келген кезде  көрдім. Жас бол­ған­­мен ісіне мығым, алған бағытына сенім­ді көрінді. Бас болатындай келісті кейпі де көңіліме қонды. Әр іске жіті қарап, ойлы көзбен тексереді екен. Ол кезде кадр дайындау ісі жүйелі жүргі­зіле­тін. Әбден пісіп жетілген соң ғана жауапты жұмыс тапсырылатын. Бұл партиялық тәртіп еді. Иә, Қазақ елін Кеңес дәуірінде сырттан адам жібертіп басқарту таңсық емес еді. Талайлар келіп, талайлар кетті. Жұртымыздың басына қасірет байлап, қан кештіргендер де табылды. Солардың ішінде ұлтымызға жайлы бір адам бол­ғанын айта кетсем деймін. Ол – Бреж­нев еді. Біраз жақсылықтар жасады. Ал өзгелер теріс саясат жүргізді. Қорқытты, үркітті. Д.Қонаевтан кейін басшылыққа Кол­бин келді. Бірақ ол кісінің қалай келіп, қалай кеткенін өзі де, біз де жете біле қоймадық. Ойластырмай істеп, обал жа­сады-ау, шамасы. Бұл сол кездегі сая­саттың қателігі еді. Саясаттың жетегінде кетіп ол халықты алдаусыратып, не түрлі уәделер беріп, “жақсы” сөздер айтты. Бірақ, оның бәрі орындала қоймады. Бірте-бірте бұл кісі кеткеннен кейін орнына кім болады деген әңгіме қозғала бастады. Мен ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Орталық комитеттің мүшесі едім. Бізден де ол кісі туралы пікір сұрады. Көңіл толмай­ты­нын айттық. Ақыры басшылық жа­ңара­тын болды. Қазақстан Компартия­сы Орталық комитетінің пленумына ша­қыр­ды. Мені есеп комитетінің мү­шесі, одан кейін төр­ағалығына ұсынды. Бұл жауапты міндет еді. Дауыс беру нәтижесі өте жоғары болды. Бірінші хатшылыққа Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төр­ағасы Нұрсұл­тан Назар­баев сайланды. Ұлтымыз үшін үлкен бұл жеңіс еді. Жоғарыда айтқанымдай, Кеңес Одағы тарардың алдындағы қарбалас тірлікте парасат пайымы мықтылар ғана сыннан сүрінбей өтетінін өмір көрсетті. Нұр­сұл­тан Әбішұлы білім білігімен, шебер ұйым­дастырушылық қабілетімен әркез көзге түсті. Бірінші хатшылықтан бас тар­тып, Парламент шешімімен пре­зи­дент­тік қызметке келді. Артынан ком­мунис­тік партия жұмысын мүлде тоқ­татты. Заман өзгерді, басқаша өмір сүру керек болды. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде Президент бәрін халыққа дер кезінде жеткізіп, араларынан табылып, бей-берекеттікке жол бермеді. Жауапты кезеңде Президенттің рөлін арттыру, мәртебесін көтеру үшін жалпы­халықтық сайлау өткізу керектігі күн тәртібіне шықты. Сөйтіп, Президентті Пар­ламент емес, бүкіл ел болып сайлай­тын күн туды. Бұл елдегі реформаның тез жүруіне мүмкіндік береді. Жалпы халықтың дауыс беруі арқылы Елбасын сайлау қолға алынды. Нұрсұл­тан Әбішұлы бүкіл Отанымыздың  бар­­лық аймақтарында халықпен кезде­сулер өткізді. Ең соңында біз­дің Жам­был облысына келді. Сол сәттегі елдің көңіл-күйін, ілтипатын айтып жеткізу әсте мүм­кін емес. Әуежайдан ор­талыққа жеткенге дейінгі жол бойындағы халық ұшан-теңіз. Қақ жарып келеміз. Қонақ­үйден кездесу өтетін жерге барғанша жиналған жұрт­тың әрқайсысының жүзі­нен қуаныштың лебін сезіп, ықы­ласын естідік. Жұрт қилы кезеңдерден өтіп, ел болғанымызға ерекше қуанатын тәрізді. Сақтық деген ойда да жоқ. Бір адам зиян келтіреді-ау демептік. Ондай жат қылыққа кімнің қолы баруы мүмкін дейміз. Жиылған қауымның көтеріңкі рухы, әсіресе жастардың жарқын үні ауаны қақ жарып, қырандай көкке самғайды. Біреулері қамшы ұсынса, екіншілері кітап сыйлайды, үшіншілері Құран береді. Әрқайсысы бір сөз айтып қалғысы келеді. Жол жөнекей бата беріп жатқандар да көп. Кездесу көтеріңкі кө­ңіл күйде өтті. Ел де, Елбасы да көңілді. Осы көрініс маған халық өз тағдырын Президентке мың мәрте сеніп, сізге ғана тапсырамыз дегендей әсерге бөледі. Жұрттың сол сеніміне әлі күнге дейін мысқалдай да селкеу түскен жоқ. Ертесіне бір орайлы сәтін тауып, өмір көргендігімді аңғартып, ой байлам­дарымды қозғадым. Атам заманнан келе жатқан ата-бабаларымыздың жақсы дәстүрлерін қаузап, ел басшысын сай­лаған кезде ақ киізге отырғызып көтер­генін сабақтадым. Есеміз кетіп жүргенде мұндай үрдістен айырылып қалғаны­мызды жеткіздім. Бір жарым ғасырдан кейін ұлтымыз өз бостандығын алып, Ел­басын сайлағалы отырғанын, мемле­кеті­міз жаңа қырынан көрінетінін алға тарта келіп, ілгеріден келе жатқан бір-екі рәсімді қайта жаңғыртсақ дедім. Бұл біздің билерден, не болмаса басқаша бір ел басқарудан қалған үрдіс емес, көк те бар, көктен үлгі болып түскен іс, көкке көтеру деген сөз содан қалғанын айт­тым. Әрине, бұл рәсімді өткен заманның үлгісімен емес, жаңа заманның дәстүрі­мен орындау керектігін меңзедім. Сіз мінберге келіп Ата Заңға қол қойып, ант бе­ретін кезде аяғыңыздың астында ша­шақталған ақ киіз жатса жөн болар еді. Бұл ақ жол болсын деген ата-бабалардан қалған рәсімді білдірер еді, дедім. Ант беріп болғаннан кейін киелі саналатын ақсарбас қой шалынса дегенді қостым. Бұл аса дәріптелмей, бір қағаберіс жерде құран оқылып барып орындалатынын еске салдым. Сіз келісіміңізді берсеңіз осы рәсімдерді орындасақ дегенімде, ол кісі мақұл деген кейіп танытты. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті. Елбасы сайлауынан кейін, ұлықтау рәсімінде ақ киіз үстінде тұрып ант беру, ақсарбас шалу мүлтіксіз орындалып келеді. Мені бір жолы Елбасы Жоғарғы Кеңестің төрағалығына ұсынғаны бар. Әрине, ол үлкен қызмет еді. Келісім беріп, тәуекел деуге де болар еді. Бірақ мен мына мәселелерді ойладым. Тәуел­сіздік алғаннан кейінгі жерде заман талабына сай демократиялық дамудың биігіне шыққан өркениетті елдердегідей Жо­ғарғы Кеңесті реформалап, кәсіби пар­ламентке айналуы тиіс деген бекем ой болды. Екінші жағынан Президент аты­на сөз, артық әңгіме келтірмеу басты мін­дет еді. Бізге қай кезде де сөзден іс, елдің бірлігі артық болды. Қазір де солай. “Бостандық оны кім сұраса, соған берілмейді: бостандық – құдайлардың сыйлығы емес. Ол – күрес бұрқасы­нын­да, жан төзгісіз азаптарда дүниеге келген халық перзенті, ол қанмен жуылған, онда мылтық дәрісі түтінінің иісі бар”, – деп Ф.Норрис айтқандай, ел болу, мемлекет құру үнемі рахаты мол өмір деп айта алмасақ керек. Ішкі қайшылық та болады, сырттан көре алмайтындар да табылады. Осының бәрінен сүрінбей өту оңай емес. Елдігіміздің алғашқы жыл­дарын­да құдайы көршіміз ақшасын ауыс­тырып, бізді сабан ақшаның топа­нын­да қалдырды. Ақшаға алар зат қал­мады. Бұл адамды састыратын кезең еді. Бірақ Елбасы қиыннан жол тапты. Ширақ қимылдап, ешкімге білдірмей елі­міздің төл теңгесін шетелде басты­рып, Отанымызға жеткізді. Сол қорды сақ­тайтын орын біздің Жамбыл облы­сында ғана екен. Ұшақтармен жеткізіл­ген төл теңгемізді құпия орынға жеткіздік. Содан егемендігіміздің тағы бір бел­гісін дәйектейтін төл теңгемізді қал­та­мызға салып жүру арқылы тәуелсізді­гі­міз­дің шын екеніне иландық. Өз еліміз бар, өз еліміздің төл теңгесі бар деген се­зім бойымызды билеп, ойымызға қуат берді. Бұл да бір қысқа тарихтағы жеңі­сіміз болатын. Мұндай жемісті жеңіс­теріміз аз емес еді. Екі палаталы парламентті жақтаған­дар­дың қатарынан әр кез табылуды тағдыр менің маңдайыма жазған екен. Бір палаталы парламентті елдердегі жағдай жиі шиеленісіп жатқанда екі палаталы парламенттің қажеттігі әсіресе байқалды. Мәселен, қазір төрткүл дүниені дүрліктіріп жатқан бауырлас қырғыз елі екі палатаның бірін жойған күні – Ақаев қызметінен кетті. Мен – көп жыл облыс көлемінде қызмет еткен адаммын. Жақсы кезең­дер­ді де, ауыр уақыттарды да бастан өткердім. Елбасы Сенат төрағасы бол деген ұсыныс жасады. Келістім. Сол тұстарда біз ел дамуына қажет көптеген заңдарды кеңесе отырып, келісе отырып қабылдадық. Бүгінде кейбір азаматтар сенат неге керек деген сөздерді айтып қалатыны бар. Сондай кезде АҚШ, Фран­ция, Ұлыбритания, тағы басқа мем­лекет азаматтары да бізге сенаттың керегі не деп, неге айтпайды деген ой келетіні бар. Алыстан ойласаң, халық тыныш­ты­ғын сақтауда сапалы заңның атқарар рөлі ерекше. Сол заң дайындалғаннан кейін Мәжілістің талқысынан өтіп, Сенатқа келеді. Екі палатаның сүзгісінен соң ол заңға Елбасы қол қояды. Біз осы­ны ескергеніміз жөн. Әлемдік тәжіри­беде бар істен бой тартып, өзімізше жол саламыз деуге болар. Бірақ төрт құбы­ламызды түгендеуде озықтан алғанның зияны жоқ деп білемін. Қазір Қазақ елі тәжірибесінде Сенаттың өміршеңдігін уақыт көрсетіп отыр. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы таяп қалды. Бұл мемлекет үшін қас қа­ғым сәт десек, адам өмірінде әжептәуір кезең ғой. Осынша уақыт ел басқару ісінде шаршамай, шалдықпай жүру тек қана жігері күшті, қайраты мықты адам­ға ғана тән қасиет болса керек. Менің пайымдауымша, мұндай іске маңдайы жарқыраған адам ғана лайық. Бұған Нұрсұлтан Әбішұлының өмір жолы куә болады. Қарапайым отбасынан шығып, жасынан қиындықты аз көрмей, оның бәрін жеңіп, алға ұмтылып, қиырдағы бө­тен жерге барып оқып келгеннен кейін жәй темір қорытушыдан еңбек жо­лын бастауының өзі неге тұрады? Темір қорытып тұрған бір суретінде ол кісі таққа мінгендей қуанып, дидары нұр шашып тұрғанын аңғарған сәтте еңбек етудің үлгісі осындай-ақ болар деген ойға келесің. Нұрсұлтан Әбішұлы отырған жерінде көпшіліктің гүлі, жайнатып жібереді. Домбыра тартып, ән де салады. Маған осы лайық па деп өзін өр санамай, кісі­лі­гін кішілігіне жалғастырады. Және еш­теңені ұмытпайды, бәрін бір қарағанда аңғара қояды. Сенатқа төрағалық етіп жүрген кезім, Астанаға енді-енді орны­ғып жатқанбыз. Бір кездескенде “Өмеке, жағдайыңыз қалай? Үй мәселесі шешілді ме?” – деді. Төрағаға бөлінген саяжайда тұрып жатқанымды айттым. “Неге үй сұрамайсыз?” – дейді. “Менің Сізден үй сұрап жатқаным қиын ғой”, – деймін. “Не қиындығы бар?” – дейді. “Қазақта бір сөз бар: сұрағаның – ауырғаның, берсе – жазылғаның, бермесе – өлгенің деген” дедім. “Мына сөзің ауыр екен. Бір үй тұр, соны барып көр”, – деді. Көрдім. Болатынын айттым. Жалпы, мен ашкөз адам емеспін. Елдік іс болмаса, жеке шаруамды айтуды қабыл көрмеймін. Мысалы, елордаға келгеннен кейін Астана қаласын қалай көркейтеміз, төңірегін қайтсек белдеу-белдеу етіп көгалдандырамыз деген мә­се­лелер бойынша жиі кеңесіп тұрдық. Бір атап өтерлігі, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен бірлікте жұмыс жасау өте жеңіл. Сөзіңді тыңдап, болатын жерін болады, болмайтын тұсына келіспейтінін бүк­песіз айтады. Мен де осындай қасиетті пір тұтамын. Өзім де басшылықта жүр­ген кезде жігіттерге ой-пікірлеріңді біл­діріп отырыңдар, сіздікі дұрыс деп бас шұлғи бермеңдер, дейтінмін. Тіпті, елдің қарияларымен де ортақ жұмыста сұхбат­тасуды парыз санайтынмын. Атам қазақ: “Кеңесіп пішкен тон келте болмайды” дегенді бекер айтпаса керек. Елбасының ұлы шешімдерінің бірі – Астананы Арқа төсіне көшіру. Мұның жан-жақты маңызын көп жұрт алғашқы кезде барлай алмады. Ал арыдан ойлай­тын Президенттің көрегендігі қазір кімді де болса сүйсінтіп жүргені шындық. Өзінің ішкі әлемінде пісіп жетілген байламын, яғни Астананы көшірсек деген ойы барын бір жолы суыртпақтап алға тартты. Мен Президентке елдік іс, маңызды стратегиялық жұмысты қол­дай­тынымды айттым.  “Түсінбестік ту­мас үшін халықпен кеңескеніңіз жөн болар. Алдымен мерзімдік басылым­дар­да бұл мәселені көтеріп, жұрттың тал­қы­сына салғанымыз ләзім. Дұрыс-бұрысын айтсын. Сөйтіп, әңгіме піс­кен­нен кейін шешім қабылдау оңай бола­ды”, дедім. Бүкіл Отанымыздың орта­лы­ғы қай жер болады, астанаға лайық қай қала деген әңгіме қозғалғанда Көкшетау, Қарағанды аталды. Ақыры Ақмолаға тоқтағандай болдық. Президент барып жан-жақты барлап қайт, деді. 2-3 күн Ақмоланы еркін араладым. Соңғы түйін, уақыт өткізбей көшу керекке тоқтадым. Ол кез қиын заман еді. Бірі жетсе, бірі жетпей жататын. Бірақ, шешінген судан тайынбас деп, қашанда алға қойған мақсатына жету жолында батыл қадам жасайтын Елбасы бұл жолы да сол қайсар мінезіне басты. Сан түрлі әңгімелер өрттей қаула­ған­мен, оншақты жылдың ішінде Елбасы­ның көрегендігі көрікті қаланың іргесін нық бекітіп, шаңырағын көтеріп, төрт­күл дүниеге елордадай еңселі қаланы танытып үлгерді. Әлемде дәл осындай қысқа мерзімде астана салып, абыройға бөленген мемлекеттер некен-саяқ. Кей­бір елдер дәл осындай қаласын тұрғызу­ға жүздеген жылдар арнаса, біздің Елбасымыздың ерен ерлігінің арқасында 10 жылда Есілдің екі жағына сап түзеген сәулеті мен дәулеті тең ғимараттар көркі көзіңе қуаныш ұялатып, көңіліңе медет болады. Зәулім үйлер, көк-жасыл алаң­дар, Есілдің екі жағын жалғастырып жатқан көпірлер, айбынымызды асы­рып, ажарымызды кіргізіп тұрған Ақор­да – қай-қайсысы да қазақтың мерейі екені анық. Көшбасшың кемел ойлы болса, көшің көлікті де көрікті, елің берекелі де берік болатынына көзіміз жетті. Астана көшіру – Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы ісі, ұлы шешімі. Қай заманда да екі ғасырдың тоғы­сында ел басқару оңай болмаған. Осын­дай жауапкершілікті біздің Президенті­мізге де тағдыр тәлейі жүктепті. Соны көрегендігімен, азаматтығымен мінсіз атқарып бүгінгі күнге жеткізуі – қай жағынан болса да ол кісінің ұлылығын көр­сетері сөзсіз. Алда не тұрғанын бір Алла ғана білер. Дегенмен, тәуелсіз Қазақ елінің әрбір азаматы құбыласы қы­рық құбылған заманда береке-бір­лікке ұйып, қазіргі әлемге үлгі болып отырған тірлігіміздің ұйытқысына айнала беруі тиіс. Жасыратын несі бар, біздің елге қызығушылар аз емес, жерімізге де көз салады. Оны көріп, жүрегіміз сезіп отыр. Өйтетін де жөні бар. Қазақтың жері құт-береке. Осы арада ойыма мына бір тәм­сіл оралып отыр. Бір ғұламаның түйесі осы біздің ата-бабаларымыздың ата­қо­нысына келгенде мойнын созып жатып алыпты. “Жер-Ана, осы жерді біздің хал­қымызға сыйлаңыз, беріңіз” – деген­де, Жер-Ана: “Жоқ, ғұлама, бұл жердің өз иесі бар. Мен сол халыққа қана беремін”, – депті. Ендеше, біздің ата-бабамыздан қалған бұл жер – қасиетті жер, киелі жер. Біздің жердің үстінде Тәңіртау деген аспанмен тілдесетін тау бар. Оның Хантәңірі деген қасиетті шыңы бар. Біздің жердің үстінде, Шы­ғыста Алтай тауы асқақтайды. Орталық­та ұлт бірлігінің ұйытқысы саналатын қасиетті Ұлытау тұр. Бұл жер – ұлы дала­дан тұрады. Бұл жерді жер біткеннің кіндігі санайтындар бар. Бұл жерде жердің жүрегі бар. Бұл жерде жерұйық бар. Соны көбіміз, өзіміз біле бермейміз. Ал сырттағы жұрт осыны көріп, сезіп отырғандай. Сондықтан да болар, осы жердің иесі болсақ дегендердің төбе көрсетіп жүргені. Ол үшін неше түрлі айлаға да салады. Біз кейінгі ұрпаққа осы киелі жеріміз туралы айтып оты­руы­мыз керек. Халқымыз білсін, ұрпағымыз ұқсын қасиетті жердің иесі біз екені­мізді. Мұны әрқайсымыз санамызға берік түюіміз керек. Мұндай елдік істі Елбасы ғана емес, әрбір Қазақ елінің ұла­ны ойына берік орнықтырса, тәуел­сіздігіміз бұдан да нұрлы, бұдан да берік бола бермек. Иә, қай-қайсымыз да Нұрсұлтан Әбішұлы: “Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: бір басыма керекті қай күнде де табармын. Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет”, – деп жан сырын жайып салғандай, адалдық пен азаматтықты таразы басында тең ұс­та­сақ мәртебеміз көтеріле берері сөзсіз. Тәуелсіздігімізді алған тұста Президент ер жасы елуде еді. Содан бері жиырма жылға таяды. Елбасы да бір биікке көтерілді. Ондай сәттен менің де өткенім бар. Бір кездегі елдегі екінші адам деп азаматтар өмір жолыма үңіліп, өткен еңбегімді бағалап, бізге де жақсы сөздерін айтты. “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген ғой халқымыз. Елбасы туралы да сондай жақсы сөздерді айтатын, шешіліп, ағымыздан жарылып тұрып, ақ ниетті ақтаратын кез келді. Сол кісінің арқасында мемлекет мерейі өсті, қазақ ұлт ретінде төрткүл дүниеге танылды. Төрт құбыласын түгендеді. Осы жолдағы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің іргетасын қалаушы, керегесін тұрғызып, шаңырағын көтеруші ретіндегі еңбегі тарихқа алтын әріппен жазылады. Соны дәл бүгін парасаттылықпен айтып, елдің рахметін жеткізе алсақ, нұр үстіне нұр болып, Елбасы елін құрметтеп, елі Елбасын мәртебе санай береді. Өмірбек БАЙГЕЛДИ, сенатор. ЕЛБАСЫ МЕН АСТАНА Күн жадырап шығады, Ай жарылқап туады. Астанадан тарайды, Елге бақыт шуағы. Халқымыздың тірегі, Арман, үміт, тілегі. Ел деп қана соғады, Елбасының жүрегі. Елбасы мен халық бір, Бірге қуат тауып тұр. Астанадан тарайды, Елге шуақ, жарық нұр. Астана мен Елбасы, Елімнің бақ ордасы. Осы жерден басталар, Болашаққа жол басы. Арман тұнған, нұр тұнған, Күнде өсіп, құлпырған. Ару қала – Астана, Елбасымен бір туған. Астана ел туы бұл, Айы арайлы, күні нұр. Елбасымен біртұтас, Әрі туған күні бір. Екеуін бір тойлаймыз, Бір құттықтау жолдаймыз. Астананы айтқанда, Елбасыны ойлаймыз. Астана пәк, ақ қалам, Бақыт, ырыс, бақ қалам. Елордамда мерейім, Елбасыммен мақтанам. Екеуін еш бөлмеймін, Екеуі бір, тең деймін. Елордаммен биіктеп, Елбасымен өрлеймін. Жасыл желек оранған, Жарқыраған, жаңарған. Жасандырған Елбасым, Жайнай берсін Елордам. Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. ҚЫЗЫЛОРДА.