Ғылым • 04 Желтоқсан, 2024

Ғарыш өндірісінің қарқыны

77 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алғашқы жасанды жер серігін ұшыру, Юрий Гагариннің сапары, АҚШ-тың Айға адам қондыруы ғарыш саласының бастауындағы ірі жетістіктер болды. Бұл тарихи оқиғалар адамзаттың ғарышқа деген қызығушылығын арттырып, зерттеу бағытын басқа арнаға бұрды. 30 жылға жуық ғарыш бағдарламалары мемлекеттік құрылымдардың қолында болды. NASA мен «Роскосмос» сияқты агенттіктер халықаралық ықпалын нығайта түсті. Алайда ХХІ ғасырда ғарыш индус­триясында жеке компаниялар келіп салаға серпін берді.

Ғарыш өндірісінің қарқыны

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Ғарышты игеру мақсатында әлем елдері мен жеке компания­лар миллиардтаған доллар жұм­­сап жатыр. Атап айтсақ, «NASA», «ESA» ұйымдарынан бө­лек, жеке секторда «SpaceX», «Amazon», «Virgin Galactic» сынды кә­сіпорындар ғарыш логистика саласын дамытуға ден қойып отыр. Мысалы, «Starlink» жобасы арқылы «SpaceX» интернет қызметтерін бүкіл әлемге таратуға мүмкіндік алды. Ал Еуропа ғарыш агенттігі мен «NASA» ғарыш миссияларын тұрақты түрде қаржыландырып отыр. Қытай да ғарыш саласында өз орнын нығайтып келеді. Бұл елде кейінгі жылдары 9200-ден астам жаңа ғарыш компаниялары тіркелген. Олардың көбі телекоммуникация, жерсеріктер өндірісіне бағытталған. Ғарышты игеру үрдісі тек экономикалық табыстар әкеліп қоймай, болашақта адамзаттың өмір сүру шекарасын кеңейтудің маңызды тетігіне айналмақ.

«PwC»-тің зерттеулеріне сүйен­сек, ғаламдық ғарыш секторының құны 2022 жылы 469 миллиард долларға жетіп, жыл сайын қар­қынды өсіп келеді. Бұл са­­ла­ға инвестициялар негізінен вен­чур­лық қорлардан, жеке капитал­дан, телекоммуникация, «IT», аэро­ғарыш салаларындағы ірі компаниялардан түседі. Жеке капитал жалпы инвестиция көлемінің 80%-ын құрап отыр. 2015 жылдан бері ғарыш секторына 600-ден астам компанияға бағытталған 47 миллиард доллардан астам инвес­тиция құйылған. Бұл көрсеткіш ғарыш технологияларының эконо­микалық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде АҚШ пен Ұлыбри­та­ния ғарыш инвестициялары бойынша алдыңғы орында тұр. Мәселен, 2015 жылы инвести­циялардың тек 56%-ы табысты жобаларға тиесілі болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 95%-ға дейін өскен. «Morgan Stanley Research» конгломератының болжамы бойынша, 2040 жылға қарай ғарыш индус­триясына құйылатын инвестиция 1 триллион доллардан асуы мүмкін.

Ғарыш саласын коммерцияландыру 2000 жылдардың басында басталды. Бұл кезеңде мемлекеттер ғарыш бағдарламаларын қаржыландыруға жеке секторды тар­туға басымдық берді. «SpaceX» сияқты компания­лар қайта пай­далануға болатын зымы­ран техно­ло­гияларын енгізу, орби­таға жүк­терді жеткізу құнын айтар­лықтай төмендетті. 1960–1980 жыл­дары орбитаға 1 кг жүкті жет­кі­зу құны инфляцияны есептеген­де 10 000-110 000 доллар аралығында болса, «SpaceX» бұл көрсеткішті 200 долларға дейін төмендетті. Мұндай жаңалық ғарыш миссия­ларын қолжетімді етіп, же­ке компаниялардың ғарыш қызметтер нарығына еркін енуіне мүмкіндік берді.

Ғарыш технологиялары саласында көп инвестиция тартатын компаниялардың ішінде «Iridium Communications Inc» ерекше орын алады. Ол 66 серіктен тұратын спутниктік желісі арқылы жаһандық мобильді байланыс қызметтерін ұсынады. 2024 жылдың үшінші тоқсанында компанияның абоненттер саны 2 миллионға жетіп, жылдық көрсет­кішпен салыстырғанда 11%-ға өскен. Олардың спутник байланысы қызметтері мен мемлекеттік келісімшарттар арқылы табыс тауып отыр. Компанияның қазіргі акция бағасы 27,9 доллар болса, бір жылдың ішінде 40,6 долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл кіріс 45,5%-ға өседі деген сөз.

Ал жоғары технологиялық жүйе­лер мен қызметтерді әзірлеуге, өн­діруге мамандандырылған аэро­ғарыш және қорғаныс компания­сы мемлекеттік келісімшарттар мен тұрақты дивидендтік төлем­дері ар­қылы инвесторларды тартып отыр. «Lockheed Martin Corporation» 2024 жылғы үшінші тоқсанда акция құнын 3,30 долларға дейін, яғни 5%-ға арттырды. Сарапшылар компанияның тұрақты үкіметтік келісімшарттар мен қорғаныс шығыстарының арқасында мықты позициясын сақтап қалады деп отыр.

«Ball Corporation» алюминий қаптама өндірумен танымал. Сондай-ақ ғарыш аппараттарын құрастыру саласында да белсенді. Оның акция бағасы 60,42 доллар болса, болжам бойынша келесі жылы 71,2 долларға жетуі мүмкін. Бұл компанияның табысын 17,8%-ға өсіреді. Ал «Globalstar Inc» ғарыш компания­сы шалғай өңірлерде спутниктік байланыс қызметтерін ұсынып, Apple компаниясымен серіктестік орнатты. Бұл келісім оның табысын екі есеге арттырған. Аталған компаниялардың әрқайсысы ғарыш технологиялары саласының түрлі сегменттерін қамтиды. Соны­мен қатар әртүрлі тәуекел деңгейі мен кіріс мүмкіндіктерін ұсынады.

Сарапшылардың сөзінше, ғарыш технологияларына инвестиция салғысы келетіндерге еркін саудаланатын қорлар қолайлы таңдау. Олардың ішінде «UFO» қоры ғарыш технологияларымен байланысты компанияларға инвестиция салады. Сондықтан қор ғарыш саласының әртүрлі сегменттеріне қол жеткізуге мүм­кін­дік береді. Ал «ARKX» иннова­цияларға бағытталған. «ARK Invest» басқаруындағы бұл қор ғарышты зерттеуге, орбиталық инфрақұрылымды, ғарыш ап­парат­тарын өндіруге және техно­логиялық дамуды қолдайтын ком­панияларға басымдық береді. Бұл екі қордың стратегиялары әр­т­үрлі. UFO тұрақты әрі әрта­рап­тандырылған тәсілмен жұмыс істейді, ал ARKX жаңа техноло­гияларға ден қояды.

2010 жылдан бастап ұзақмер­зімді коммерциялық мүмкіндік­тер­ге бағытталған жобалар қар­қын­ды дамып, олардың ішінде ғарышқа саяхаттау мүмкіндігі ерекше назар аудартты. Мұндай саяхаттың құны компания мен ұшу түріне қарай өзгеріп отырады. Мысалы, қосалқы орбиталды сапарлар 250 000–450 000 доллар аралығында болса, орбита­лық миссиялардың бағасы ондаған миллион долларға дейін жетеді. Тех­нологияның қарқынды дамуы мен бәсекелестіктің күшеюі ғарышқа саяхат бағасының төмендеуіне әсер етіп, болашақта оны көпшілікке қолжетімді ететін кезең де алыс емес. Мәселен, «Virgin Galactic Holdings Inc» ғарыш туризміне маманданған компания ретінде Delta ғарыш кемелерін әзірлеп, 2026 жылы ғарышқа ақылы саяхаттау жобаларын бастамақшы. Компанияның қазіргі акция бағасы 6,7 доллар болса, 1 жылдың ішінде 12,2 долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл компания табысын 82,2%-ға арттырады.

Ғарыш саласы жаһандық эко­но­микаға айтарлықтай үлес қосып отыр. Бүгінде Жер орбитасында шамамен 5000 белсенді серік жұмыс істейді. Олар жасыл экономикаға көшу, салалар­ды цифрландыру, азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету сияқты күрделі мәселелерді шешуге көмектеседі. «PwC» мәліметі бойынша, алдағы онжылдықта ғарышқа 100 000-ға жуық серік ұшырылады. Мұндай серіктер санының артуы байланыс, Жерді бақылау, логистика және басқа да маңызды салаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Заманауи ғарыш индустриясы мемлекеттік және ғылыми саладан бөлініп, жеке капитал басым болатын серпінді коммерциялық секторға айналды. Ғарышты коммерциландыру мен ғарышқа саяхаттау мүмкіндіктері қазіргі заман­ның технологиялық, эконо­микалық жетістігінің анық көрінісі. Жеке компаниялар енгізген инновациялар мен салған инвести­циялар ғарыш саласының жаңа мүм­кіндігін ашып, оның қолже­тімділі­гін арттырды. Қайта пайда­лануға болатын зымырандар мен жаңа технологиялар ғарышқа сая­хаттау шы­ғындарын төмендетіп, көпшілік­ке қолжетімді етті. Соны­мен қатар ғарыш туризмі табыс әкелумен қатар, ғылыми зерттеу­лер мен техникалық прогресті жедел­детуге ықпал етіп отыр. Бұған спутниктік байланыстар мен орбитадағы қоқыстарды басқа­руға дейінгі жасалып жатқан жоба­лар дәлел бола алады. Алдағы жылда­ры бұл сала одан әрі дамып, жаһандық эко­номиканың маңызды бөлігін құ­рай­тыны анық.