Өңірлер арасында 4,06 трлн теңге (+ 23,03%) несиесі бар Алматы тұрғындары ең көп қарыз алғандар қатарында. Одан кейінгі орындағы Астана тұрғындарының несиесі 1,37 трлн теңгені (+ 30,5%), Шымкент халқы несиесі 1,04 трлн теңгені (+ 25,4%) құраған.
Сондай-ақ тұтынушылық несиелер Қарағанды облысында – 754,5 млрд теңге (+ 23,1%), Ақтөбе облысында – 554,3 млрд теңге (+ 28,9%), Маңғыстау облысында – 522 млрд теңге (+ 26,2%) салыстырмалы түрде рәсімделген. Ал ең аз несиені Солтүстік Қазақстан (173,6 млрд теңге) және Ұлытау облыстары 124,8 млрд теңге) алған.
Елімізде жыл сайын халыққа қарыз беру шарты қатаңдатылып, ал мақұлдау талабы күшейгенмен, кепілсіз тұтыну несиелер саны ұлғайып кеткен. Мәселен, екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арқылы осы жылдың үшінші тоқсанында мақұлданған несиелер арасында, ірі кәсіпкерлік субъектілер – 51%, ипотека бойынша – 44,5%, орта кәсіпкерлік субъектілер – 41,5%, шағын кәсіпкерлік субъектілер – 35,3%, кепілге салынған тұтынушылық – 30,6% , кепілсіз тұтыну – 28,7% және автонесиелеу – 17,2%-ды құраған.
Осылайша, кепiлсiз тұтыну несиелерін мақұлдау деңгейi қарыздардың басқа түрлерiмен салыстырғанда ең төменгi шегінде тұр.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) үй шаруашылығының қарыздары мен несиелері ІЖӨ-ге қатынасы секілді көрсеткіші өзге елдермен салыстырғанда 13,6% -ды құраған. Мәселен, көрші Ресейде көрсеткіш 21%-дан жоғары. Ал Қытайда қарыз жүктемесінің деңгейі тіпті 64,5%. Мамандардың айтуынша, еліміздегі қарыз жүктемесі соншалықты көп емес. Өзге мемлекеттерге қарағанда, бірнеше есе төмен.
Мемлекеттік кредит бюросының (МКБ) соңғы айдағы мәліметіне сүйенсек, МҚҰ, коллекторлық және басқа компанияларда 8,6 млн-нан астам қарыз алушы тіркелген.
Қаржыгер Айдархан Құсайыновтың айтуынша, біздегі тауарларды бөліп төлеуге алынған несиелер халық үшін ыңғайлы. Бірақ статистикада бұл несие ретінде ескеріледі.
«Халық депозиттерінің және халыққа кәсіпкерлік емес несиелердің динамикасын қарадым. Адамдардың «таза жинақтары» тұтастай алғанда тұрақты. Халықты несиелендірудің негізгі өсімі көбіне «кедейленуден және қорқынышты қарыз алудан» емес, әдеттегідей өмір сүретін адамдардың төрелік есебінен болады. Түрлі жеңілдікті ипотекалар мен тіпті сыйлықақылы автомобильдерге пайызсыз бөліп төлеулер болса, қандай да бір люкс телефондар, теледидарлар, т.б. туралы айтпағанда, депозиттен ақша алудың қажеті жоқ», дейді А.Құсайынов.
Ал қаржыгер Әнуар Бақытхановтың айтуынша, көптеген қарыз алушының өз қарызын өтейтін табысы жоқ болса, бұл қаржылық тұрақтылық үшін елеулі тәуекел болуы мүмкін. Сонымен қатар сарапшы жағдайды тұрақтандыру үшін халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалауды жақсарту керектігін атап өтті.
«Қайтаруға шамасы жетпесе де несие алу үйреншікті құбылысқа айналды. Сонымен қатар біраз азамат өздерiнiң базалық қажеттiлiктерiн қанағаттандыру және қаржылық тұрақсыздық жағдайында күнделікті тіршілік үшiн кредиттерге жүгiнуге мәжбүр екенiн көрсетедi. Ең алдымен, қаржылық мүмкіндіктеріңізді тиянақты бағалап, «көтере алмайтын шоқпарды белге байлаудан» аулақ болу керек. Екіншіден, қаржылық сауатыңызды арттыруға ұмтылу қажет. Бюджетті мұқият жоспарлау, кірістерді ұлғайту және қажетсіз шығыстарды қысқарту жолдарын іздестіру шарт. Үшіншіден, борыштық міндеттемелерді өтеу проблемалары туындаған жағдайда оларды қайта құрылымдау үшін қаржы мамандарынан немесе банктерден кеңес алу керек. Сондай-ақ қаржылық жағдайды айтарлықтай қиындататын алаяқтық схемаларынан сақтану керек», дейді Ә.Бақытханов.