Қымбатын жоғалтқан адам ғана бардың қадір-қасиетін бажайлай алмақ. Өткен жылдың 5 желтоқсанында Алматыдағы Жандосов және Розыбақиев көшелерінің қиылысында жаңа мешіт ашылуының салтанатты рәсімі болып өткен еді. Ол мешіт ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ықыласты бастамасымен салынып, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің ардақты есімімен аталды.
Біздің отбасы мүшелері туыс-туғандар, Б.Әшімовтің көптен-көп дос-жолдастары мен серіктері үшін бұл өте-мөте күтпеген оқиға болды. Тек біршама уақыт өткеннен кейін ғана біз болған жайдың мән-мағынасы мен маңызына тереңдеп бойлай алған сияқтымыз.
Жаңа мешіттің табалдырығында алғашқы дұғаны оқыған Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы бұл мешіттің хақ діндегілер намаз оқитын жер ғана емес, сонымен бірге рухани-ізгілікті орталық болатынын атап көрсетті. Демек, Мемлекет басшысы әрдайым еске салып отыратындай, ол жастардың ислам құндылықтарына ойша жанасуына септігін тигізбек.
«Бәйкен» мешіті ашылғаннан кейін ислам туралы, оның Қазақстан аумағында таралу тарихы туралы көбірек білуге ынта-ықыласым оянды. Мен көп ойланып, терең толғанып, арабтанушы және исламтанушы ғалымдардың еңбектерін зерделей оқыдым.
Кеңес заманында мешіттердің қиратылып немесе мәдени-ағарту мекемелеріне берілгендігі белгілі. Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда мешіт ашуға рұқсат етіліпті. 1943 жылы Ташкентте орналасқан Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасы қалпына келтірілді. Тек 1990 жылы ғана Қазақстан мұсылмандары дербес Діни басқарма құрды. 1999 жылы Алматыда сол кездегі ТМД елдері бойынша ең ірі болып табылатын Орталық мешіт ашылған еді...
Әрбір адам ерте ме, кеш пе, өмірдің мәңгілік бастаулары жайында ойланады деп тегін айтылмаса керек. Өмірдің мәні, шынайы мағынасы шынында да әрқайсымыз үшін қымбат. Қымбатын жоғалтқан адам ғана бардың қадірін біледі. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауылында сонау 1840 жылы Бұхар сәулетшілерінің жобасы бойынша Қасым ишан салдырған мешітті қайта қалпына келтіргеннен кейін ашылғанына ел-жұрттың қуанғанын көрудің өзі бір ғанибет еді. Бұл мешіт 1928 жылға дейін имандылыққа қызмет етіп тұрған екен. Бүгінде қалпына келтірілген сәулет өнерінің жауһары, облыстың Бәйдібек ауданындағы мұсылмандардың қасиетті орындары Домалақ ана және Бәйдібек би кесенелері сияқты, туристік маршрутқа қосылған. Бұларға жыл сайын мыңдаған зияратшылар келіп тәу етеді. «Бәйкен» мешіті ашылған кезде де көп адамдардың көздеріне жас алғанына куәгер болдым. Үш мың орынға орайластырылған тамаша ғимарат, сәулеттік ұстындардың байсалды бекзаттығы, мұнаралардың алтынды күмбездері, Құран сүрелерінің өрнектері, ішкі сән-салтанаты «Бәйкен» мешітінің қасиет киесін танытқандай. Осынау күні біздің бәріміздің жан-дүниеміз нұрлана түскендей күй кештік.
Қазақтың ұлан-байтақ жерінің ұлы қасиеттері тоғысқан Ұлытау төрінде толғана отырып «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев діннің қоғамдағы рөлі туралы: «Қарап отырсаң, қазақ ешқашан дінінен айырылып көрген емес. Ешқандай уақыт үзілісі болмағандай, дінімен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді. Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз», деп өте орынды айтты.
«Бәйкен» мешіті елімізде Елбасы бастамасы бойынша салынған бірінші мешіт емес. Алматы іргесіндегі Шамалған ауылында Мемлекет басшысының қаржысына 1500 келушіге арналған керемет мешіт бой көтергені белгілі. 2005 жылдың 22 наурызында Астанада біздің Президентімізге деген терең құрмет белгісі ретінде Катар мемлекетінің қаржысына тұрғызылған «Нұр-Астана» мешіті ашылды. Ал бүгінгі таңда Петропавл халқы мақтан ететін мешіт қабырғасында мынадай жазу бар: «Бұл мешіт Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Сұлтан бен Абдел Азиздің қаржысына салынды».
Түпнұсқа дерекнамалармен тыңғылықты танысқаннан кейін-ақ мешітке әкем Бәйкен Әшімовтің есімі кездейсоқ берілмегенін түсіндім. Оның өз өмірінде басшылыққа алған ізгілікті бағдарлар ислам тағылымдарымен кереметтей үйлесіп, үндестік тапқан. Сүннет дегеніміз не? Арабша мағынасы, жол, үлгі, өнеге. Сүннет хадистер түрінде келтірілген. Ол адамгершілік пен ізгілік өсиеттерінің Құраннан кейінгі құрметтелетін уағыздар жинағы. Мұхаммед (ғалайһи уәссалам) пайғамбар хадистерінің кейбіріне жүгініп көрейік. Дін туралы былай дейді: «Бірде бір адам Мұхаммедтен (ғ.с.) «Ислам дегеніміз не?» деп сұрапты. Сонда пайғамбар оған: «Бұл сөзіңнің тазалығы және көңілдің әрдайымғы риясыздығы» деп жауап беріпті. «Ал, дін дегеніміз не?» деп тағы сұрапты одан. «Дін дегеніміз сабыр және ізгілікті ғамал» деп жауап береді Алланың елшісі». Хадистерде ізгілік туралы былай айтылады: «Адамдарға қайырымды болмағандарға Алланың рақымы түспейді». «Балаларына мейірімді болмағандар, қарттарды құрметтемейтіндер, жақсылық жасауға пәрмен етпейтіндер және зұлымдыққа тыйым салмайтындар бізбен бірге емес». Хадистерде ұлтаралық қатынастар жайында да айтылады: «Сендердің қандай да бір халыққа қатыстылықтарың сендерді балағаттауға немесе тіл тигізуге құқық бермейді. Сендердің барлығың Адамның балаларысыңдар. Хақ дінге тәу етіп Аллаға иман келтіруден басқа ешкімнің өзгелерден артықшылығы жоқ». Отаншылдық туралы: «Отанды сүю – иманнан!».
Бәйкен Әшімұлы ғаделетті ғұмыр кешті. Петропавлдағы депо стансасы слесарының көмекшісінен республика Үкіметінің төрағасына дейінгі қиын да салиқалы жолдан өтті. Ол әрқашан, күнделікті өмірде болсын, жұмыста болсын, адамдармен қарым-қатынасында болсын, өзінің ар-ұятының өлшемінен жаңылған емес. Отанына адал қызмет етті. Солтүстік Қазақстанның қайыңды ормандарының түкпіріндегі Шабақбай ауылындағы балалық шағында-ақ оның бойында адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік, адамдарға деген құрмет сезімдері оянып, бірте-бірте қанаттанып, нығая берген болатын.
Ол сөздің шын мағынасындағы нағыз Тұлға, Азамат, өзін адамдардың, өз елінің мүддесіне бейімдеп бағындыра білген нағыз қоғамдық сипаттағы мемлекеттік Адам болды. Б.Әшімов Ұлы Отан соғысының майдандарында шайқасты. Екі рет жараланды. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақталған бұйрықтар мен марапат парақтарында атап көрсетілгендей, саяси бөлім нұсқаушысы капитан Б.Әшімов өзін ержүрек те батыл жауынгер ретінде көрсетіп ұрыс қимылдарының қиын сәттерінде адамдарды өзі бастап шабуылға көтерген. Бір ұрыста ол ауыр жараланған командирі – дивизия саяси бөлімінің бастығы В.Уткинді шайқас даласынан плащ-палаткаға салып алып шығады.
«Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне берген сұхбаттарының бірінде Б.Әшімов былай деген: «Соғыста қазақ солдатының атына кір келтірмедім, қаным мен жанымды аяп қалмадым деп ойлаймын. Сол үшін Сталиннің атынан екі Алғыс хат алдым, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, екі мәрте І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, Польшаның «Вертути милитари» орденімен марапатталдым. Поляк мемлекетінің осынау жоғары жауынгерлік марапатына олардың астанасы – Варшава қаласын азат етуге қатысқаным үшін лайықты деп танылдым».
Ол біздің сол кездегі мемлекетімізге асқан сабырлықпен мінсіз қызмет етті, – деп жазды Әшімов туралы өзінің «Ұстаз» атты очеркінде Олжас Сүлейменов. – Қазақстаннан басқа жерлерде де осындай адамдармен қарым-қатынас жасай жүріп мен нағыз мемлекеттік қызметші мен жалған мемлекеттік қайраткердің айырмашылығы неде екенін түсіндім. Оларды, ең алдымен, міндеттілік индексі ажыратып тұрады. Сөз бердің бе – сертте тұр. Уәде еттің бе – орында... Менің ең талапшыл және мейірбан ұстаздарымның бірі Бәйкен Әшімұлы осындай адам болатын». Оның жеке қасиеттерін сипаттағанда Олжас Сүлейменов «Бәйкен Әшімұлының байыпты даналығы» деген сөз тіркесін қолдануы да бір ғанибет.
Бәйкен Әшімұлының серіктерінің, достарының жазған пікір-пайымдарын әрдайым оқып жүремін. Олар әкеміздің жарқын ақылын ішкі бекзаттығын, табиғи дегдарлығын өз қадір-қасиетін терең сезінгендігін және риясыз адалдығын, сыпайы ізеттілігін үнемі қадап айтады. Жұртты оның сөйлесу мәнері, қарым-қатынастағы қарапайымдығы, адамдарға деген тілектестігі мен қамқоршылдығы баурап алатын.
Ол тыңдай білетін. Көзінен бір жылылық шуағы есетін. Кейде мазасыздық білінетін. Кей сәттерде ойлана, кінә таға қарайтын. Бір қарағанда оп-оңай көрінетін мәселенің астарынан күрделі, шешілуі қиын проблемаларды аңғара білетін. Өзі сол қиын міндеттердің шешілуін ешқашан кейінге қалдырмайтын. Сол сәтінде бірден-бір дұрыс шешім қабылдайтын. Қажет кезінде «жоқ» деп те айта алатын. Республика мүдделерін Орталықта қайсарлықпен қорғады. Премьер Әшімовтің құпиясы сонда, республика мен Орталықтың мүдделерін тоғыстырған кезде әрдайым Қазақстан барынша ұтып шығатын. Өйткені, әрбір цифрдың сыртында материалдық ресурстар, ақша көзі жататын. Яғни, бұл дегеніңіз, адамдардың, қазақстандықтардың игілігіне айналатын.
Б.Әшімов Қазақстанның жоғары басшылығы арасында бірінші болып 1981 жылдың 8 маусымында қой шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық кеңесінде қазақ тілінде баяндама жасады. Ол ана тілін жетік білді. Бірақ әртүрлі өңірлер диалектілерінің тілдік ерекшеліктерін, сөздердің ішкі екпін ырғақтарын, олардың дыбысталуын ескере отырып баяндама мәтінін шұқшия қарады. Абайға жүгіне отырып, қазақтың әр сөзі «Самародный сары алтын» деп отыратын. Өз халқының мәдениетіне, тарихына асқан жылылықпен қарады. Қарағандыда жұмыс істеген жеті жылда Орталық Қазақстанның барлық ежелгі көрнекті орындарын, соның ішінде Ұлытауды да жақсы біліп шықты. Әсіресе, тарихи тұрғыдағы кітаптарды көп оқитын, қазақстандық ақын-жазушылардың жаңа әдеби туындылары жайлы біліп отыратын. Олардың көбімен дос-жар еді. Халық шығармашылығына әркез қамқорлық, қолдау көрсететін.
Бәйкен Әшімұлының Министрлер кеңесінің төрағасы ретіндегі жұмыс кезеңі Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қызметінің шырқау биігіне тұспа-тұс сәйкес келді. Ол кезде бүкіл елдегі Қонаев сөзінің салмағы ерекше зор еді. Ал Премьер болса оның толық қолдауына ие болды. Осынау екі аса көрнекті басшының ынтымақты, ырғақты жұмысы өткен ғасырдың сол бір жылдарында Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қанатты қарқынмен өсіп, ұлттық сана мен абырой-беделі асқақтап, тарихқа толағай адамдармен кіруге ықпал еткені анық. Бәйкен Әшімов КСРО сияқты ұлан-байтақ елде және одан тысқары жерлерде де еңбекпен келген ерен бедел еншіледі. Оған одақтық республикалардың министрлер кеңесі төрағалары арасында бірінші болып Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Б.Әшімовті 1984 жылы Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасы етіп сайлағаннан кейін республика Үкіметін басқару тізгіні жаңа формациядағы дарынды әрі көреген жас басшы Нұрсұлтан Назарбаевқа көшуі тегін емес. Біраз уақыт кейінірек, Бәйкен Әшімовтің 90 жылдығына арналған мерекелік салтанатта Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оны айтулы датамен құттықтай отырып бұл күнді Қазақстанның өміріндегі жарқын оқиға ретінде сипаттады, одан әрі әкеміздің өмірде адал жүріп, ақ тұрып, әрқашан туған еліне аянбай қызмет еткендігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы сонау қилы кезеңдердегі қиындықтарды еске ала келе, мерейтой иесін өз заманының ар-ұяты, дархан жүректі нағыз патриот деп атады.
Зейнетке шыққаннан кейін Бәйкен Әшімұлы елді, қасиетті жерлерді көп аралады, адамдармен кездесіп, жүздесуден бір жалықпайтын. Ол өз айналасында шынайы тілектестік ауанын, рухани үндестік шаттығын ерекше баурап тұратын жайдары ахуал, терең мағыналы ұлттық өріс қалыптастырды. Жұрт оның жасы ұлғайған шағындағы ақыл-ойының айқындығына, пікір-пайымының қисындылығына, республикада болып жататын оқиғалардың барлығынан хабардарлығына және соларға соншалықты ынта-ықылас қоятындығына таң қалатын. Сонымен бірге ол өзінің ұзақ өмірінің де барлық оқиғаларын, айтулы күндері мен істерін ұмытпай айтып отыратын. Ол көп сөйлемейтін. Әрбір сөзі салмақты, салиқалы, терең мағыналы болатын.
Ол тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына шексіз сенді, ел экономикасын, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту орайындағы барлық ізгілікті бағыттарында Президентті әрқашан қолдап отырды. Бәйкен Әшімов өз өмірінің түйінді белесінде: «Көңілім жай, жаным тыныш, қолдан келгеннің бәрін істедім...» деп айтуға құқылы болатын.
64 жыл бойы біздің анамыз Бақыт Әсетқызы әкеміздің жан серігі, адал жары және үлкен жүректі сенімді досы болып қиындықта да, қуанышта да қатар түзеп бірге жүрді. Анамыз Бәйкен Әшімұлының Бақыты, оның Тағдыры еді. 92 жасында берген бір сұхбатында өмір бойы отасқан жар қосағы туралы ол былай дейді: «Бір-бірімізді сүйіп қосылғаннан бері мен «Бақыт – менің бақытым!» деп талмай қайталап келемін. Ол – менің өмірімнің басты байлығы, менің сенімді тірегім және желеп-жебеушім. Оның қасымда жүруі мені үнемі қанаттандырып, биікке самғата түседі. Ер-азамат үшін бұдан асқан бақыт жоқ». Әкеміздің Бақыт Әсетқызына деген әрдайымғы жүрек елжіретерлік мейір махаббаты, ілтипаты айналасындағы адамдарға әркез ерекше әсер етуші еді. Ол өмірінің соңына дейін жан жарының адал досы болып қалды. Қай кезде болсын әзілдеп, қалжыңдап, жастық шақтарын еске алып ата-анамыз жайдары қалыпта шаттана шүйіркелесіп отырушы еді. Анамыздың арқасында үйімізде ерекше бір меймандос жайлылық орнап, көптеген туыстарымыз бен достарымыз біздің отбасының көңіл шуағына жылынатын.
Өзі қайтыс болардан үш апта бұрын отбасының досы Мақтай Сағдиев журналист Қорғанбек Аманжолға Әшімовтің 95 жылдығына орай өз естеліктерін былайша айтып тарқатқан болатын: «Бақыт Әсетқызы әрдайым осынау қастерлі отбасының, исі қазақтың қадірлі үлкен қара шаңырағының қыдыры, аналардың анасы, немере-шөберелердің әз-әжесі, сыйластықтың жібек жібі болып, айналасын жайдары да жадыра көңілінің, мөлдіреген таза жүрегінің күн шуағымен аялаудан тынбай өтті. Тіршілік түйткілдерінің бәрін орын-орнына келтіріп, қабақ шытыс пен кірбіңге ешқашан ешбір саңылау қалдырмай, жұрттың барлығын бауырластырып, азаматтарды бауырға тартып, ағаның жолдастарын бірге туғаннан артық сыйлап, ағайын мен туыстың арасында сыйластықтың дәрежесін арттырып, дәнекері болып, біреудің қуанышын, енді біреудің ренішін бөлісіп, тілекші әзиз ана болып жүретін де осы біздің асыл, аяулы жеңгеміз Бақыт Әсетқызы еді. Содан да болар, Бәйкен аға екеуінің осы берекелі бейіл, ақ ниет, кең мінездеріне Құдайдың бергені де рас. Осы ырыс-бақ енді кейінгі ұрпағына жұғысты болсын дейміз». Лайым, асыл аға Мақтай Рамазанұлының айтқаны келсін.
Әкеміз асқақ та әсем өмір кешті. Өмірден кетуінің өзі бір ғибрат. Оның өмірі басқаларға үлгі-өнеге боларлық, аса тағылымды, бай да байтақ өмір еді. Өзінің туа бітті алғырлық және адамдық қасиеттерінің арқасында ол саясат пен биліктің ең биік шыңына көтерілді. Солай бола тұра кішіпейілділігін, қарапайымдығын және адамдарға деген мейірлі тілектестігін сақтап қалды. Оның өмірі мақсаткерліктің, толағай ерік-жігердің, табандылық пен қайсарлықтың үлгісі дер едім. Оның іс-әрекетінде, өмірінің үлгісінде, адамдарға деген қарым-қатынасында әрқашан бір қисынды заңдылық жататын. Отанына адалдық қанына біткен қасиет еді. Туған жерін қорғап оның гүлденуі жолында еңбек етті. Өмірінің серігі, сүйікті жары Бақыт Әсетқызына әрқашан адал болып өтті. Ұлылардың бірі әйел жайында: «Әйел бізге әуелі өмір сыйлайды, одан кейін оны мән-мағынаға толтырады» деп айтқан екен. Мамамыз қайтқаннан кейін ол үшін де өмірдің мәні жоғалды. Сүйіктісін мәңгілік мекеніне жайғастырып, соңғы сапарға аттандырғаннан кейін 19 күн өткенде ол фәни дүниені тәрк етіп, өзінің Бақытының соңынан аттанды. Өмірден өтерінде де ол нағыз кемеңгерлерге тән кемел ақылын, нұрлы дидарын, сабырлы қалпын сақтай білді...
Бір жерден естіп көкейімде түйіп қалып едім. Жаратушы біздің әрқайсымыздың пешенемізге қуаныш пен бақытты, күйініш пен қайғыны үлестіріп қана қоймай, сонымен бірге адамды о дүниеге барғаннан кейін де өмірдегі ізгілікті ғамалдарына қарай асқақтатып көтереді екен. Бәйкен Әшімұлының да мәңгілік өмірі осындай нұрлы шапағатқа бөленгеніне күмәнданбайтын сияқтымын.
Елбасы осынау ірі тұлғаның өткендегі өнегесіне, ізгілікті адами және имани мұраттарына ден қоя отырып мешітке Бәйкен Әшімов атын беру туралы батыл да дана шешім қабылдау арқылы Әшімовке ғана емес, сонымен қатар, халқымыздың тарихы мен қиын кешулі жолына деген құрметін білдіріп отырғаны анық. Олай болса, Бәйкен мешіті халқымызға, хақ мұсылман үмбетіне қызмет етері сөзсіз.
АЛМАТЫ.