Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте бұралқы иттер мәселесін шешуді Үкіметке шегелеп тапсырған еді.
«Әрине, бұл президенттік деңгейдегі мәселе болмауы мүмкін, бірақ мен бұл туралы айта кетуім керек. Маған барлық облыстан қаңғыбас иттер туралы арыз-шағымдар келіп түседі. Онда жергілікті атқарушы органдардың ешқайсысы тиісті заңды алға тартып, олармен айналыспайтынын айтады. Бірақ біз бұлай кете берсек, жағдайды бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін. Ара-тұра қаңғыбас иттердің адамдар мен балаларға шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарап жатады. Иә, біз жануарларға жанашырлықпен қарауымыз керек, бірақ олардың адамдарды, әсіресе балаларды қабуына жол бермеуіміз керек. Сонымен қатар қаңғыбас иттердің шабуылынан зардап шеккендердің саны артып келеді. Бұған жол беруге болмайды», деген Мемлекет басшысы тиісті мекемелерге шара қолдануды тапсырған еді.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің басмасымен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, бүгінде аталған құжат жұмыс топтарының отырыстарында талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаттарының бастама көтеруімен әзірленген заң жобасының кем-кетігін түзеп, өзгерістер енгізуге Еділ Жаңбыршин жетекшілік етіп отыр. Сондай-ақ Самат Мұсабаев пен Нартай Сәрсенғалиев та заң жобасының авторлары ретінде ахуалды барынша зерделеп жатыр.
– Былтыр Үкіметте өткен үлкен жиында Мемлекет басшысы қаңғыбас иттер мәселесі төңірегінде дереу шара қабылдауды тапсырған. Себебі олардың шабуылынан зардап шеккендердің саны жылдан-жылға артып бара жатқаны белгілі. Жыл басынан 1 қарашаға дейінгі ақпарат бойынша елімізде қаңғыбас иттердің адамға шабуыл жасауының 15 560 фактісі тіркелген. Ал қожайынының қолындағы иттердің қауып алуының да 10 750 дерегі тіркелген. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігін де айтып өтуге болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жануарларға қамқорлық жасағанымыз дұрыс, бірақ олардың қоғамға төндірген қаупіне, балаларға шабуылына жол бермеуді заң аясында реттеуіміз керек, – дейді Е.Жаңбыршин.
Бұл ретте Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Раудың да пікіріне құлақ асып көрсек. Ол осы жылдың ақпан айында бір топ депутат Мәжіліс қабылдаған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулер енгізуге бастамашы болғанын, заң жобасы әу бастан-ақ қоғамның назарын өзіне аударғанын айтты.
– Қазақстанда халықтың 40%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Онда аталған заңның қолданыстағы нормалары іс жүзінде орындалып жатқан жоқ. Сондықтан талқылауларға қатысушыларды еліміздегі бұралқы иттердің немесе қараусыз қалған жануарлардың санын реттеу, екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жануарлар иелерінің «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның нормаларын орындау жөніндегі жауапкершілік мәселелерін мұқият саралауға шақырамын, – деді А.Рау.
Зоология институтының ғылыми қызметкері Анна Хамчукова қаңғыбас жануарлардың санын реттеудің гуманистік тәсілі ретінде жануарларды қорғау ұйымдары «аулау-стерилизация-вакцинация-босату» (АСВБ) жүйесін енгізуді жақтайтынын атап өтті. Дегенмен бұл тәсілді егжей-тегжейлі зерделесең, бір ұшы даулы мәселелерге барып тірелетінін әрі әжептәуір тәуекелдерді көрсетіп отырғанын жеткізді.
– Қысқа мерзімде қаңғыбас жануарлардың популяциясын 100% стерилизациямен қамту мүмкін болмағандықтан, ірі елді мекендерде АСВБ әдісі популяцияны біртіндеп азайта алмайды. Өйткені көбеюге қабілетті стерилизацияланбағандар олардың қатарын үнемі толықтырып отырады, – дейді А.Хамчукова.
Дегенмен ветеринар мамандар құтыру және басқа да зооноздық ауруларды қаңғыбас жануарлардан, тіпті «аулау-стерилизация-вакцинация-босату» үдерісінен өткендерінен де жұқтыру қаупі бар екені айтып жүр. Өйткені бұл жүйеде вакцина тек бір рет қолданылады және оның әсері бір жылдан аспайды. Ал әдістеменің өзі айтарлықтай ғылыми негізі және бағдарламалық құжаты да жоқ. Есесіне талап ететін қаржылық шығыны аз емес.
Осы жазда екі қаңғыбас иттің ортасында қалған қарағандылық Лейла Гойса да өз оқиғасымен бөлісті. Оқиға сол иттер жүретін тұрғын үй құрылысы нысанының маңында болған. Қыздың денесіндегі тыртық іздері сол күйі қалып кетіпті. Оның шағымы бойынша учаскелік полиция қызметкері құрылыс жүргізушімен ғана түсіндіру жұмысын жүргізген. Ал Лейланың айтуынша, ол иттер кейін оның туыстарына да әркез шабуыл жасаған.
Жуырда елордада өткен дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Арман Қалықов АСВБ жүйесі енгізілгелі нәтиже күткендегідей емес, керісінше бұралқы иттер санының арта түскенін, оның ішінде жақын «досын» көшеге тастап кететін азаматтардың да кесірінен көбейгенін ашып айтты. Осы орайда ол салалық министрліктердің өкілдеріне елді жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетіне тәрбиелеуге және иттерді серуендету кезінде заң талаптарын бұзған азаматтарға жауапкершілікті күшейтуге қатысты сұрақтар қойды.
Бірінші сұраққа жауап берген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина осы оқу жылынан бастап мектептерде жануарларға жауапкершілікпен қарау ісі қамтылған «Бірыңғай білім беру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ барлық білім беру ұйымында қауіпсіздік сабақтары қолға алынғанын жеткізді.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев серуендеу ережелерін бұзғаны үшін ит иелерінің жауапкершілігі күшейтілуі мүмкін екенін атап өтті. Бүгінде айыппұл 10 АЕК-ті құрайды. Осы жылдың 9 айында 5 610 азаматқа айыппұл салыныпты. Бұл ретте ІІМ Әкімшілік полиция комитеті табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов талаптарды бірнеше рет бұзғаны үшін мұндай азаматтарды жазалауды, сондай-ақ өзгелердің денсаулығына зиян келтірген ит-мысықтардың иелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр.
Қысқасы, Еділ Жаңбыршин биылғы 10 айдың ішінде еліміздегі бұралқы иттерден немесе қараусыз қалған және иесі бар жануарлардан зардап шеккендер саны 26 310-ға жеткенінің аз цифр емес екенін алға тартып отыр. Осылайша депутат заң жобасын әзірлеуге негіз болған бірнеше себепті атап берді.
– Расында, бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеуде қолданыстағы заң нақты нәтиже берер емес. Оның ішінде заңдағы қарама-қайшылықтар, бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеудегі кемшіліктер, жергілікті әкімдіктердің бұл бағыттағы жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыра алмауы заң жобасын әзірлеуге түрткі болды. Оған қоса қоғамдағы резонансты жағдайлар, сайлаушылардың депутаттармен кездесулерінде қолданыстағы заңды қайта қарау туралы талаптары, БАҚ беттерінде және әлеуметтік желідегі қоғамның осы мәселені жиі көтеруі де үлкен сеп болып отыр, – дейді Е.Жаңбыршин.